• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Қаңтар, 2023

Әдеби байқаудың әдемі миссиясы

Жуырда балалар әдебиетінің өкілдері үшін «Айтұмар» атты байқау ұйымдастырылды. Бірақ байқау шарты бойынша 35 жасқа дейінгі қаламгерлер бәйгеге қосылды. Байқауға «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бас демеуші болып, Қазақстан Жазушылар одағы бүкіл шаруасын реттеді. Жүлде қоры 12 300 000 теңгелік байқау балалар поэзиясы, балалар прозасы, балалар драматургиясы жанрларындағы шығармаларды қабылдады.

Ал біз осындай байқаулар миссиясын қаншалықты орындады деген сауалға жауап іздедік. Бұл байқаудың тағы бір ерекшелігі – бұрын жарияланбаған, жаңа шығармалар ұсыну. Үш жанрдың ішінде прозалық шығармалар өте көп түсіпті.

Ділдар МАМЫРБАЕВА, жазушы:

Шығармаларды сараптап көрсек...

– 2022 жылдың Балалар жылы деп аталуы, осы аралықта түрлі әдеби-мәдени байқаулардың өткізілуі қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға деген талпыныстың бар екенін аңғартады. Осы орайда заманауи тақырыпта жазатын жастар үлкендер «тізесі шыққан» тақырыпты қаузай береді деп беттерін ары бұрып әкетсе, дәстүр үзіліп қалмасын дейтін аға буын «технология деген суық, онда білім болғанымен, адамгершілік, мейірім болмайды» деп таласа кетуге әзір. Бір-бірін қабылдамай жатқан күннің өзінде, әрқайсысы оқудағы, тәрбие ісіндегі бос кеңістікті толтырып жатыр.

Балалар әдебиеті бойынша өткізілген байқаулардың ұстанымы да осы болса керек. Жақында «Айтұмар» байқауы өтті. Проза бойынша 106 шығарма түсті. Берілетін жүлде саны – 6. Әр 18 шығарма ілікпейді. Жүрегің ауырады, дегенмен әр автор бір жақсы шығарманы дүниеге әкеледі. Маған «Сары емшінің баласы» деген повесть қатты ұнады, орын алып тұрған жерінен «Алтын тобылғыға» да ұсынып жүлделі болып жатқанын естіп, жеңімпаздар қатарынан алып тастадық. Бізге авторларын көрсетпей бергендіктен, авторының кім екенін білмейміз. 

«Қабылдау стадиясы». Жасөспірімдерге арналған ғылыми-фантастикалық әңгіме. Идеясы ұнады, алғашында шетел басылымдарынан алынған ба деп ойлап қалып, антиплагиат бағдарламасымен тексеріп көрдім. «2052 жыл. Марсқа талас» әңгімесі адамдар мен роботтар арасындағы тайталасты шынайы берген. «Мен көрген Нибиру». Ананың көз жасы әлемдегі соғысты тоқтатады деген идеяны тамаша жеткізген әңгіме. «Ақ шашты бала». Жетім баланың, мүгедек баланың тағдыры. Бұлар адам кейпінде туған періштелер шығар деген ой келеді. Қатыгездік мейірім алдында жеңіледі. Оқып отырып қуанасың. «Қаз бен қыз». Балаларға арналған қиял-ғажайып ертегі. Адамдардың ауруына ем іздейді. «ХХІ ғасыр қонақтары». Ертөстік 8 ағасын ХХІ ғасырға іздеп келіп, өрт болып жатқан аймақта Көлтауысардың өртті өшіруі, қоғамның жаман жақтарын көріп, өз әлемдеріне кетіп қалуы шынайы суреттелген. «Ақ раушан және тас үңгір». Ойлы ертегі. «Мия мен періштелер». Өмір қиындықтарынан өту сабақтарының тренингі секілді. Идеясы жақсы. Осы әңгіменің авторы сөйлемдеріне салдыр-салақ қараған. Оқығанда кібіртіктеп қаласың, идеясы үшін оқисың. Бұлар енді орын тимегенімен, оқырмандарды қуантатын шығармалар. Авторларын құттықтаймын.

«Алтын тобылғы», «Айбоз», «Алтын сақа», «Айтұмар» байқауына демеушілік жасаған компанияларға, азаматтарға рақмет айта отырып, балалар әдебиетінің байқауында кіл жасөспірімдерге арналған шығармалар келіп түсетінін айтқым келеді. Байқау ережесіне жас ерекшеліктеріне орай жазылған, мәселенки, 3-5 жасқа арналған, 5-10 жас, содан кейін 10+ жас аралығына арналған шығармалар енгізілсе. Содан кейін жаңылтпаштар, жұмбақтар, «р» әрпі көп тақпақтар бойынша аталым тағайындалса деп ойлаймын.

Бауыржан ЖАҚЫП, ақын, қазылар алқасының төрағасы:

«Айтұмар» дәстүрлі байқауға айналады

– Байқау авторларды нөмірлеп барып, есім-сойын білмей, тек шығармаларды сынға салды. Сондықтан лайықты шығармалар жүлде алды деуге болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен шығармалар келген екен. Өзім поэзияны оқыдым. Тақырып сан алуан. Жұмбақтар да, жаңылтпаштар да болды. «Самұрық-Қазына» компаниясының бас  менеджері Алдаберген Кемпірбаев байқау қорытындысына келіп, жиынға қатысты. Байқау келер жылдары да жалғасып, дәстүрлі түрде өткізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар әдебиетін қолдау жылы» деген тапсырмасына сәйкес, бұл Қазақстан Жазушылар одағының «Самұрық-Қазынамен» бірлескен лайықты жұмысы болды. Жүлде алған шығармалар жинақ боп шығады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Қазақстан Жазушылар одағының қызметкері, «Айтұмар» байқауының үйлестірушісі:

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шығармалар көп

– Байқау қорытындыланды, бірақ ол миссиясын толықтай атқарып болған жоқ. Себебі, жүлделі шығармаларды оқырманға жеткізуіміз керек. Шығармалардың көбі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып жазылды. Сондықтан ол кітап боп шығып, балалар үйіне, инклюзивті орталықтарға таратылуы керек. Негізгі мақсаты сол. Кітаппен бірге шығармалардың аудионұсқасы да дайындалады. 

Мінеки, байқауға түскен шығармалардың сапасы мен қорытындысы осындай. Кез келген әдеби байқаудың басты миссиясы – оқырманға қажет шығарма ұсыну. Балаларға арналған үздік проза номинациясы бойынша 1-орын алған шығарманы қолыңыздағы журналдың «Дүбір» айдарынан оқисыз. Басқа да жүлделі шығармалар алдағы нөмірімізге жарияланады.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы