• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қаңтар, 2023

Қыз бала әкесінен не күтеді?

Үндістанның ірі тарихи тұлғаларының бірі Махатма Ганди түрмеде жатып, он жастағы қызы Индираға хат жазады. Ол кезде Индира жасөспірімдік кезеңге аяқ басқан еді. Мұндай кезде әкесінің қолдауы, ақыл-кеңесі ауадай қажет. Ақыл-кеңес дегенде, «сабағыңды жақсы оқы, ақылды бол» деп емес, керісінше, Ганди әлем тарихын хатқа түсіріп жолдап отырады. Осылайша, ол Үндістанның болашақ саяси қайраткерін дайындайды. Кейін Индира Ганди Үндістан тарихындағы бірінші әйел премьер-министр болды.    

«Темір ханым» деген атпен тарихта қалған Ұлыбританияның тұңғыш әйел премьер-министрі Маргарет Тэтчер қызметке кіріскендегі бірінші сұқбатында: «Барлығы үшін әкеме қарыздармын», – деген екен. Оның бұл сөзінен өмірлік мақсат-мұратын дұрыс таңдауына, тұлға ретінде қалыптасуына әкесінің ықпалы зор болғанын аңғарамыз. Әкенің рөлі қыздың да, ұлдың да өмірінде ерекше орын алатынына ешкімнің дауы жоқ, әрине.

Қазақ қоғамында әке мен ұлдың арақатынасы туралы жиі айтылады. Тіпті әдебиетте де әке мен ұлдың ара-қатынасы туралы суреттелетін бірнеше шығарма бар. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін идеал үшін әкесіне қарсы шыққан «батыр бала» Болатбек насихатталды... Соғыс кезінде Отан қорғау идеясы алға шықты. Баласын соғысқа жіберіп, немересін бағып қалған аталар туралы шығармалар бар.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін идеалдар ауысты, соған байланысты отбасылық құндылықтар да өзгерді. Әке мен баланың арасындағы күрделі жағдайлар көтеріле бастады. Бірақ қазақ әдебиеті бұл мәселеге қаншалықты тереңдеп бара алды? Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Айғыркісі» шығармасында әкесінің қылығынан рухани соққы алған бала өліп тынады. Сондай-ақ жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің әке мен ұлдың арасындағы қарым-қатынасты тереңірек көрсететін «Көкжалдар» романын жазды. Әдебиеттанушы Айнұр Ахметова қыз бен әкенің арасындағы көзқарас туралы шығармалар ХХ ғасырдың басындағы шығармаларда кездесетінін айтады. «Спандияр Көбеевтің «Қалың малын», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалын», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуын» алып қарайтын болсақ, қыздардың қалың малға сатылғандығында әкесі үлкен рөл ойнайды. Осы шығармалардан әке мен қыздың ара қатынасы туралы көруге болады. Бұдан басқа да шығармаларға үңіліп, іздеу керек. Бірақ қыз бен әкенің ара қатынасы туралы жиі айтылмағандықтан, оған көбіміз мән бермей жатамыз», – дейді ғалым. Қазақ әдебиетінде бұл мәселе көрініс таппаса, бұл ұлттық ұяңдығымыз шығар...

Қазір қоғамда күйіп тұрған шетін мәселенің бірі – әке мен қыз баланың арасындағы жағдай. Қыздың тәрбиесіне көбіне шешесі ғана жауапты деп жатады. Өйткені қызға қалай киінуді, үй жинауды, тамақ жасауды анасы үйретіп, ана болуға дайындайды. Ал әкенің қыз бала үшін маңызы айтылмай жатады.

Оқырмандарымыздың арасына «Әкеңмен қарым-қатынасың қандай? Қыз бала әкесінен не күтеді?» деген сауал тастадық. Көбі әкесімен қарым-қатынасы «орташа» деп жауап беріпті. Яғни жақсы да емес, жаман да емес деп түсіндік. Шын мәнісінде, әке ұл баланың өмірінде орны қандай болса, қыздың да өмірінде де орны сондай болмақ. Әдетте қызы бойжетіп келе жатқанда, әкелер қыздарынан алыстап, қатал қарауға тырысады. «Жұмсақ болсам, қызым тыңдамай кетеді?» деген сұрақ мазалайды. «Одан да қатал болып, жөнге салып отырғаным жөн» деген позицияны таңдайды. Тіпті әкелер қызының әдемілігінен де қорқады екен. Осы сезімін жасыру үшін қызымен ұрсысып, өзінен алыстатуға тырысады. Алайда бұл табиғи инстинкт қорқатын нәрсе емес, керісінше, қызының әдемі екенін мойындап, оны өзіне айтып отырса, қызы басқа жақтан ықылас күтуге мәжбүр болмайды. Әкесінің «шашың қандай әдемі, күлкің өзіңе жарасады, көздерің ботадай» дегені қыздың өзіне деген сенімін нықтай түседі. Алайда қазақтың ұяң менталитеті әрі отбасындағы қатаң иерархия әке қызына комплимент айтуға мүміндік бере ме екен?

Осы жерде ер адамдардың қыздың әкесі болуға дайындығы қандай деген сұрақ туады. Үйленудің арғы жағында әке болу, балалар тәрбиелеу, оларды ұяға қондыру, қияға қондыру деген қаншама жауапкершілік жатыр. Қыз бен ұлдың мінезіндегі, психологиядағы айырмашылығын, тіпті анатомиясындағы ерекшелікті тек баласы дүниеге келіп, өсіп келе жатқан кезде ғана байқай бастайды. Егер әкелер осындай құбылыстарға дайын болмаса, ішкі жан дүниесінде қарама-қайшылықтар пайда болатыны тағы бар.

Оның үстіне қоғамның салт-санасының өзгеруіне байланысты балалардың да психологиясында өзгеріс көп екенін ескерген абзал. «Еркек – түздің, әйел үйдің адамы» деген ұстаным да ескіріп, отбасы институтында әкенің рөлін қайта қарау мәселесі де көтеріліп жатыр. ЮНИСЕФ-тің 2019 жылғы мәліметінше, Қазақстандағы еркектердің 6,6 пайызы ғана бала тәрбиесімен белсенді айналысады екен. Бұл әрбір оныншы бала әкесінің қамқорлығынсыз өсіп жатыр деген сөз. Одан бері қанша уақыт өтсе де, әке мен қыздың арасында қордаланып қалған қаншама мәселе бар?

Қыздың өз ортасында өзін бағалауы төмен болса, әкесінің ықылас-ниетіне зәру болса, сөз салған жігіті басынса, күйеуі қол көтерсе, қыз баланың өміріндегі әкенің рөліне үңілген жөн. Біз бұл нәрсенің бәрін аспаннан алып отырған жоқпыз. Осы уақытқа дейін психолог-аналитиктер айтудай-ақ айтып келе жатқан мәселені тағы да нақтылай түскіміз келіп отыр. Әке мен қыздың ара-қатынасы туралы мәселеден бөлек, өгей әке мен асыранды қыздың қарым-қатынасы мүлде айтылмайды. Әкелер өзінің бел баласымен тіл табысуы үлкен проблемаға айналғанда, өгей әкенің бала-шағамен қарым-қатынасы қандай болады? Өкінішке қарай, өгей әке мен асыранды қыздың арасы ушығып тұр. Бұған түрлі статистика куә. Бала кезінде әкесінен таяқ жеген қыздың тағдырында теперіш болмайды деп кім айтар? «Ондай қыздар өскенде де ұрып-соғатын ер адамға тұрмысқа шығады, бейсаналы түрде, әрине. Көбінде мазохист әйелдер үнемі психологиялық және физикалық жәбір көріп жүреді. «Әке-шешем ұрса, мені жақсы көргеннен ұрды» деген түсінік қалыптастырып алады, бұл – әрекетті ақтап алу үшін алынған сылтау. Сосын ертеңгі күні сондай ер-азаматты таңдайды», – дейді психоаналитик Жұлдыз Төлеу.

Жұлдыз Төлеу, психо-аналитик:

Әке – қыз баланың бірінші махаббаты

– Әке – қызы үшін алдымен қорған, тірек. Оның болашақта өмірінде қандай да бір келелі іске тәуекел жасауына, қандай да бір шешім қабылдауына әкесінің тірек бола алуы себепші болады. Жалпы бала өзіндегі бар мінезін, бойындағы ерекшеліктерін әкесі мен анасынан алады және өсіп-өнген ортадағы ересектерден де алады. Әкенің екінші басты міндеті – бала психикасы дұрыс қалыптасу үшін ана мен баланы ажырату, бөлу. Ана әрдайым баласын қауіп-қатерден сақтағысы келеді. Оны бүркеп, қорғап, өмірдің көлеңкелі тұстарын көрсетпей өсіргісі келеді. Егер қолында болса, тіптен баласын әлемнен бөліп әкетуге бар. Осы кезде әкенің міндеті – екеуін ажыратып, баланы бөлек тұлға ретінде қалыптастыруға көмектесу. Қыз баланың өзіне сенімді, еркін болып қалыптасуына да әкенің мейірімі зор рөл атқарады. Кішкентай кезінде әке махаббатын жеткілікті көріп өскен қыз бала өсе келе ашық, айналасына да мейіріммен қарайтын болады. 

Осы жерде «егер ана қызын жалғыз тәрбиелеп отырған болса қалай болады?» деген сұрақ туады. Бұл кезде әке образын анасы жасайды. Әкеге бала анасының көзімен қарайды. Қазір қоғамда баласын жалғыз өсіріп жатқан аналар көп. Бірі ажырасқан, бірінің күйеуі қайтыс болған, енді бірі зорлықтан дүниеге бала әкелді. Мұндай кезде анасы ер адамды дүниедегі ең нашар адам ретінде көрсетудің қажеті жоқ. Ажырасқан күннің өзінде баласына әкесі жайлы жаман сөз айту дұрыс емес. Баланың көзі бар, өзінің түсінігі бар, айналасындағы шындықты көріп өседі. 

Осы жерде мысал келтіретін болсам, терапияға жас қыздар келеді. Әкесіне өкпелі, реніші көп. Терапия барысында әкесіне деген көзқарасы өзгереді. «Мен әкеме анамның көзімен қарап келіппін. Әкемнің жақсы қасиеттері көп екен ғой. Бала кезде мені ерекше жақсы көрген екен ғой» деп әкесінің басқа да қырларын тани бастайды. Әкенің тағы бір маңызды функциясы – баланың сөйлеу жүйесіне әсері. Дүниетанымы әкесі арқылы беріледі. 

Жалпы, әке – қыз баланың бірінші махаббаты. Ол – қызы үшін болашақ ер адамдармен қарым-қатынасының ядросы. Болашақ махаббатының прототипі, болашақ жарының моделі. Жасөспірім кезде баланың мінезі өзгере бастайды ғой. Агрессиясы көп болады. Бұл осылай болуға тиіс табиғи процесс. Жасөспірім кезде әдетте әке көбірек керек балаға. Агрессиясын өзіне алу үшін... Әдетте бала агрессиясы анаға ауыр тиеді. Ал мұндай кезде баласымен бірге эмоциясын шығаратын спортқа, түрлі ойындарға алып барып, агрессияны шығаруға әкесі көмектесуі керек. 

Әке-шешенің мақсаты – баланы өсіріп, тәрбиелеп, ұясынан ұшырып, өзі сахнадан кету. Бұл жерде баланың өміріне өз жолын табуы үшін еркіндік беруге тиіс дегенді меңзеп отырмын. Олар тек өмірдің матрицасын береді. Әке – сонымен бірге қыз бала өмірінің символикалық әлемі. Біз материалдық әлемде өмір сүреміз. Біз өмір сүріп жатқан Жер ғаламшарын анамен салыстырамыз. Жер-Ана дейміз. Ал әке символикасы – рухани өлшем. Жан дүниенің рухани биік болуында әке рөлі маңызды.

Түйін: Әкелер Индира Ганди секілді қайраткерлерді тәрбиелемесе де, бақытты қыз тәрбиелеуге әбден болады. Алайда идеалынан айырылған, көз алдында ер-азамат үлгісі жоғалған қыз баланың тағдыры алаңдатады...

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы