• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қаңтар, 2023

Шын әлемдегі виртуал өмір

Әдетте қала баласы мен ауыл баласын жиі салыстырып жатамыз. Мұндай салыстыру әлі де жалғасып келеді. Неге олай? Көзге ұрып тұрған айырмашылық байқалғасын да шығар. Бұл бірі жақсы, бірі жаман деген сөз емес. Екеуінің де артық-кем тұстары бар. Урбанизация процессі басталғанда ауылда тұратындар жаппай қалаға ағыла бастады. Қалаға көшу, ондағы қамсыз тірлікке араласу – жақсы өмір сүруге ұмтылу шығар, сірә. Дегенмен екеуінің (қала баласы мен ауыл баласының) ортақ тұсы – интернет десек, қателеспейтін шығармыз. Себебі, қазір ауыл балалары да өркениеттен алыс емес. Олардың да «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» интернетке қолы жетті. Цифрландыру ересектердің өміріне ғана емес, балалар мен жасөспірімдердің де өміріне айтарлықтай әсер етті. Оқушылар көп уақытын виртуал әлемде өткізеді. Мұны ата-аналар да амалсыз мойындайды. Балалары бос уақытын интернетте өткізетініне қынжылатын  ата-аналардың дабыл қағуы жайдан жай емес. Технология дәуірінде өмір сүріп жатқан қазіргі балалар мен жасөспірімдерді «цифрлық ұрпақ» деп те атауға болады. Өйткені олар мектепке дейінгі жаста-ақ гаджеттермен танысып үлгереді. Қазіргі жасөспірімдер виртуал әлемде өзін судағы балықтай еркін сезінеді. Олар интернетте әртүрлі нәрсені сатып алады, ойын ойнайды, өзіне керек ақпараттарды іздейді, достарымен сөйлеседі. Алайда мұның кері әсер ететін тұстары да бар. Атап айтсақ:
– алдану қаупі: жалған ақпараттардың тарауы мен деректердің бұрмалануы; 
– виктимизация қаупі: өзге қолданушылар жеке деректерді адамның өзіне қарсы қолдануы;
– оқшаулану қаупі: онлайн байланыс жанды қарым-қатынасты азайтады, шынайы өмірден алшақтатады;
– сендіру қаупі: шын өмірде айта алмаған нәрсені онлайнда айта салу жеңілірек, эмоциялық байланыс болмайды;
– үйренісу қаупі: ұзақ уақыт отыру, жиі пайдалану тәуелділікке апаруы мүмкін.

Интернет тәуелділік пе?

Педагогика саласындағы орыс ғалымы А.В.Мудрик ғаламдық интернет желісін адамның әлеуметтенуінің мезофакторларының бірі ретінде қабылдау қажет екенін айтады. Әлеуметтенудің мұндай факторының екіжақты сипаты бар. Бірінші жағымды жағы – жоғары деңгейдегі еркіндік, білім алуға, өзін-өзі дамытуға деген қолжетімділік. Сондай-ақ теріс жағы да айтарлықтай үлкен: киберкеңістік тәуелділікті арттырып, адамның шындықты қабылдауына теріс әсер етуі мүмкін. Осылайша, коммуникативті дағдының төмендеуі, әлеуметтік жанды байланыстың азаю қаупі бар. Ғалым жас интернет пайдаланушылардың интернеттегі жетістіктер мен сәтсіздіктерді маңызды көріп, өзін виртуал кейіпкерлермен сәйкестендіретінін, соған сәйкес құндылық бағдары да өзгеріп, шындықты қабылдауы қиынға соғатынын айтады.

Алғаш рет «интернет-тәуелділік» терминін америкалық психиатр А.Голдберг ұсынған. Ол бұған адамның тұрмысына, біліміне, жұмысына, отбасына, психологиясына зиянды әсер ететін интернет пен компьютерді пайдалану нәтижесінде пайда болатын мінез-құлық бұзылысы деп анықтама берген екен. Ал америкалық психиатр Кимберли Янг 1994 жылы интернетке тәуелділікке арналған сауалнама жүргізген. Зерттеу барысында ол тәуелділіктің бес негізгі түрін анықтады. Олар:
1) Киберсексуалды тәуел-ділік – порно сайттарға және киберсекске деген аса қызығушылық;
2) Виртуал танысу мен қарым-қатынасқа тәуелділік;
3) Интернетке деген мұқтаждық (зат, курс алуға аса көп, ретсіз ақша жұмсайды, аукциондарға қатысады және құмар ойындар ойнайды);
4) Ақпараттың шамадан тыс көптігі (уеб-серфиң) – интернеттегі шексіз серфиң;
5) Компьютерлік ойындарға деген аса қатты тәуелділік.

Өкінішке қарай, тәуелділікке түскен балалардың нақты санын білу мүмкін емес. Интернетке тәуелділік қазіргі заманғы аурулар классификаторына кірмейді, сондықтан бұл туралы ресми статистика жүргізілмейді.

Айнұр ТҰРМҰХАШЕВА, ата-ана:

– Мойындауымыз керек, бүгінгі балалардың уақытының көп бөлігі интернетте өтіп жатыр. Қай үйге барсаңыз да осы жағдай. Интернетсіз өмірімізді елестету қиын боп кеткені рас. Балам үйде отырғанда телефонда ойын ойнап, тикток қарайды. Кейін мұның салдары болатынын жоққа шығармаймын. Белгілі бір уақыттан соң телефон қаратпауға тырысамын. Мүмкіндігінше телефонның зиян екенін ескертіп айтып отырамын. Балаға бақылау болмаса, білгенін істеп кетеді. Тіпті күні бойы телефон құшақтап жатуға бар. Оған ата-ана үнемі түсіндіріп, тыйып отырмаса, қиын. Өлшемді әр ата-ана өзі қояды. Ол біреу үшін бір сағат, біреу үшін бес сағат болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана әрдайым қырағы болып, қадағалап отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Ата-ана ретінде өзім де солай істеймін.

Гүлзат СЕНІМҚЫЗЫ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Мектеп оқушылары интернетке толығымен тәуелді. Күнделікті сабаққа қажет мәліметтің өзін, сабақ үстінде керек фото-видеоларды, тіпті кейбір тыңдалым мәтіндерін де оқулықтың артындағы QR-ды суретке түсіру арқылы сайттан тыңдайды. Мұның бәрі жасөспірімнің бір күні интернетсіз өтпейтінін көрсетеді. Қазір оқушылардың ғаламторды қолдануда көзі ашық:
1. Сайттардағы ақпаратты саралай алады;
2. Өзіне керек мәліметті жылдам таба алады;
3. Онлайн сабақтарға қатыса алады.
Олардың виртуал әлемі мен шынайы өмірінде аса бір қатты айырмашылық жоқ. Себебі біреу-ақ: ғаламтор – біз сүріп жатқан өмірдің көрсеткіші, біз оған тәуелдіміз.

Жасөспірімдік шақ психологияда да, педагогикада да шамамен 11-15 жас аралығын қамтиды. Бұл жасты өтпелі кезең деп те атайды. Яғни қалыптасу кезеңінде жасөспірім әртүрлі қиындықты, кедергіні бастан өткереді. Осы кезеңде достыққа, қарым-қатынасқа деген қажеттілік артады. Жасөспірімнің өмір сапасы достарымен, сыныптастарымен қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Егер олармен қарым-қатынасы жақсы болса, ол өзін жақсы сезінеді. Қарым-қатынастың дұрыс болмауы оның көңіл күйіне, эмоциясына әсер етеді, өзін жалғыз әрі керексіз сезінеді. Сәйкесінше, ол шынайы әлемнен алыстап, виртуал әлемге бет бұруы мүмкін. Бұған қатысты ата-ана мен мұғалімнің пікірін сұрап көрдік. 4-сыныпта оқитын баласы бар ата-ана Айнұр Тұрмұхашева түптің түбінде мұның салдары болатынын айтса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Сенімқызы қазіргі оқушылардың виртуал әлемі мен шынайы өмірінде аса бір айырмашылық жоқ екенін айтады. Яғни белгілі бір деңгейде бұл процесске көндігу мен мойындау бар екенін байқауға болады. Үлкендер интернет жастарға кері әсерін тигізіп жатыр деп алаңдайды. Бұл алаңдаушылық ішінара орынды, екінші жағынан бүгінгі технологиялық заманның жетістігінен бас тарта алмайтынымыз анық. Интернет бізге көп мүмкіндік сыйлап қана қоймай, көп уақытымызды да алып жатқанын амалсыз мойындайсыз. Қайткен күнде де адам осы екеуінің алтын ортасын таба ала ма, мәселе сонда. Бірден тыйым салу пайдасыз, ол көбіне қарсылықты ғана тудырады. Бірақ сіз оған бірнеше сағат бойы мониторда отыруға мүмкіндік бере алмайсыз.

Психологтар көп жағдайда баланың гаджеттер мен интернетке тәуелділігінің артында ата-ана назарының жетіспеушілігі жататынын айтады. Әр ата-ана баласының не нәрсеге қабілетті екенін, нені армандап, нені ұнататынын жақсы білуге тиіс. Соған сәйкес баланы түрлі үйірмелерге апарып, мүмкін болса, бірге ойнап, уақыт өткізіп, оның қажеттілігін қанағаттандыруы қажет деп санайды.

P.S. Коронавирус пандемиясы онлайн байланысты одан сайын тереңдетіп қана қоймай, виртуал кеңістікке бойымызды үйретіп те жіберген сыңайлы. Интернет – қазіргі өміріміздің ажырамас бір бөлігі. Алайда оның мөлшерін біліп, орнымен қолдануға үлкен ерік-жігер керек. Олай болса, технология ғасырында, цифрлық әлемде «өмір сүру» дағдысын шебер меңгеру мен уақыт шеңберін белгілеу әрбіріміздің міндетіміз.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2023

175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы