• Ержеттім, бойжеттім
  • 23 Наурыз, 2023

«Өзімнен үлкен қызды ұнатамын...»

Мектепке барғанымызда, жоғары сыныптың қыздары шағым айтты. Сыныптас ұлдары мектепке жаңадан келген жас мұғалім апайларымен ерекше жылы сөйлеседі екен. Тіпті ұлдар өзара жас апайлары үшін бір-бірімен келіспей де қалатын көрінеді. Мәселенің бәрі өзінен жасы үлкен қызды ұнатуда жатыр. Өмірде өзінен жасы үлкен қызды немесе жігітті ұнатудың түрлі себебі бар. «Өзінен үлкен адамды ұнатқанда тұрған не бар, егер арасында махаббат болса?» дерсіз. Бұл сұрақ ересектер үшін өз-өзінен түсінікті болуы мүмкін, алайда жасөспірімдер үшін шешуі жоқ жұмбақтай көрінетіні рас.

«Ұл балалардың мектепке келген мұғалімді ұнату себебі – жас апай өзіне сенімді, еркін, тартымды екенін ұлдар сезіп тұрады. Ал өз сыныптастары әлі кішкентай, ұяң. Сондықтан ұлдар жасөспірім шақта өзінен үлкен қыздарды таңдап жатады, – дейді психоаналитик Арай Әбілқасымова. – Бұл сұраққа әлеуметтік, саясиэкономикалық, психологиялық факторларды ескере отырып жауап беруге де болады. Дегенмен біз психологиялық факторды ескереміз. Психоанализ бойынша, ер адам өзінен үлкен әйел адамды анасының моделі жеткіліксіз болғанда немесе мүлде жоқ болғанда іздейді. Сондай-ақ «Эдип комплексі» болуы да мүмкін. Ұл бала анасы өзінің әйелі емес екенін түсініп, әкесімен бәсекеге түспеу керек екенін түсінгенде әкесінен жеңіледі және қыз бала әкесінің әйелі бар екенін түсініп, шешесінен жеңіледі. Егер мұндай түсінік қалыптаспаса, ер адам өзінен жасы үлкен қыздарды іздейді, онда да анасына ұқсайтын әйелді іздеуі мүмкін».

«Балам балабақшаға барғалы бері «кейін өскенде тәрбиеші апайды аламын» дейтін болды. «Мен кейін Майра тәтені аламын. Ол маған ұнайды, сұлу» дейді балам». Мұны әріптесіміздің айтып жүргеніне біраз болды. Баланың тілін қызықтап күлгенімізбен, анасындай әйелді ұнатуы, «аламын» деуі қалыпты жағдай ма? Жалпы бала кезде тәрбиешісін ұнату, орта сыныпта жоғары сыныптағы қыздарды ұнату, жоғары сыныпта жас апайларға ғашық болу қалыпты жағдай ма? Бұл сұрақтарға балалар мен жасөспірімдер психологы Гүлжан Амангелдиева жауап берді.

Егер баланың дамуында бәрі дұрыс болса, бұл қалыпты құбылыс, – дейді психолог. – Бала үшін модель – әке мен шеше. Кейде кішкентай балалар: «Мама, өскенде саған үйленемін, сенің күйеуің боламын», – деген сөздер айтуы мүмкін. Өйткені 3-7 жас арасында бала «мен кіммін, ұлмын ба, қызбын ба?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Бұл – баланың ішкі ізденісі. «Жоқ, балам, кейін өскенде өзіңе келіншек іздейсің. Менің жолдасым – сенің әкең» деп дұрыстап түсіндіргені жөн. Бала осы кезде шешесімен бірге бола алмайтынын бейсаналы түрде түсінеді, бірақ көз алдындағы модель анасы болғандықтан, анасына ұқсаған адамды іздейді. 3-7 жас аралығындағы даму барысында әке мен шешенің рөлі зор. Кейбір жігіттер өзінен 10-15 жас, тіпті одан да көп жас үлкен әйел адамдарды іздейді, соларды жақсы көреді. Бәлкім, кезінде анасы қаттылау болып, эмоциясын дұрыс білдірмеген шығар. Немесе «мен саған үйленемін» десе, «иә, сен маған үйленесің, қасыма жата ғой, әкең басқа бөлмеге жатсын» десе, баланың психикасының дамуына кері әсер етеді. Әр нәрсенің өз шекарасы болатынын анасы да білгені абзал.

Сонымен, жігіттердің өзінен үлкен қыздарды ұнатуы еш әбестік емес. Егер бұл тұрақты сезімге айналса, онда ойлану керек екенін түсіндік. Өзінен 10 жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан Зәуре (есімі өзгертілді) «біз үйленген кезде өзінен он жас үлкен қызға үйлену қоғамда сенсация секілді көрінетін. Бірақ, бір қызығы, туыстарымыз үйленуімізге өре түрегеліп қарсылық көрсетпеді. Өйткені біздің өмірге, құндылықтарға деген көзқарасымыз бір екенін екі жақ та түсінді. Бәрі қалыпты жағдай ретінде қарады. Қазір мұндай жағдайға қоғамның көзі де, құлағы да үйреніп кетті. Дегенмен «онда тұрған не бар» деп өзінен үлкен қызға үйлену немесе өзінен үлкен ер адамға тұрмысқа шығу үрдіске айналмауға тиіс деп санаймын. Өйткені адамның жасына байланысты ағзада болатын табиғи өзгерістерді ескеру қажет. Адамның «ішкі сағаты» жаңылмайды. Балашағасын бағу үшін де адамға күш керек... – дейді Зәуре.

«Өзінен тым үлкен әйелге үйленіп немесе үлкен ер адамға тұрмысқа шығып жатқандарды психиатрлар ауру санауы мүмкін. Бірақ, менің ойымша, бұл адамның ішкі күйзелістеріне байланысты сияқты, – дейді Гүлжан Амангелдиева. – Әке-шеше-бала арасындағы шешілмеген мәселелер үлкейген кезде алдымыздан шығып жатады. Мысалы, кішкентай бала мектептегі апайына ғашық екенін айтса, байбалам салмай, баламен әңгімелесу керек. «Бұл кішкентай, әлі санасы өскен жоқ, өресі жетпейді» деп мән бермей қойғаннан гөрі құбылыстарды өз түсінігіне сай түсіндіре білу керек. Егер әкесі мен шешесі сезімдер мен эмоция жағынан дұрыс түсінік берсе, онда бала өтпелі кезеңнен өтіп кете алады. Егер 3-7 жас арасындағы өмірі қиыншылыққа толы болса, өмірге көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Әкенің тарапынан жақсы көру, еркелету, қорғаныш сезімін беру секілді сезімдер жеткіліксіз болғанда, бала өсе келе оны сырттан іздейді. Бірақ тағы да қайталап айтамыз, жасөспірімдер үшін өзінен үлкендерді ұнату – қалыпты жағдай. Егер 20-25 жастарында қыз бен жігіт өздерінен үлкен адамдармен қарым-қатынас құрып жатса, оларға психологтың көмегі керек».

Жақында отбасын құрған әншілер Ерке мен Райымды қоғам қатты талқылады. Себебі, Ерке Райымнан біршама жас үлкен. Қоғамның жас айырмашылығы бар жұптарды қабылдай алмауының сыры неде? Мақаламызда бұл сұраққа да жауап іздедік. «Үлкен ер адам мен жас қыз арасындағы махаббатты дұрыс қабылдаймыз, ал үлкен әйел мен жас жігіттің арасындағы махаббатты қабылдай алмай, сөгеміз. Мұндай оқиғалар – белгісіздік, қорқыныш тудырады. Оны іштей талқылаудың орнына, сөгеміз, талқылаймыз, сынаймыз. Бұл – қоғамдағы стереотипті ойлаудың көрінісі. Егер үлкен әйел мен жас жігіттің арасында үлкен махаббат болып, өзара түсінісіп, келісіп жатса, неге үйленбеске? Әрине, қандай да бір шешім қабылдар алдында «неге мен осы адамды таңдап жатырмын?» деген сұрақтарға жауап іздеу керек. Өйткені әйел адам махаббатын баласына бере алмаған болса, сол үшін де өзінен жастау жігіттерді іздеуі мүмкін. Тағы бір айта кететін нәрсе, өз жасын қабылдамау. Өзінің есейіп, қартайып келе жатқанын қабылдамаса, өзінен жасы алшақ адамдарға көңілі ауады», – дейді балалар мен жасөспірімдер психологы Гүлжан ханым.

Білуімізше, өзіңнен үлкен қыздарға ғашық болмау керек деген ешқандай заң жоқ. Дегенмен жазылмаған заңдарға да бағынатынымыз тағы бар...

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2023

302 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы