• Маман кеңесі
  • 27 Сәуір, 2023

Ренішті айта білу керек

Қазіргі кезде қандай мәселемен бетпе-бет келіп жүрсің? Сабағың қиын ба? Бәлкім, ортаңа өзіңді мінез-құлықпен, біліммен мойындатқың келетін шығар?.. Қалай десек те, көңіліңе қаяу салған, ренжіткен, жылатқан жағдайлар болмай қалды десек, өтірік болар. Ренішті қалай жоюға болады? Психолог Сәлима Сатылғанқызы «Ақ желкеннің» ұйымдастыруымен оқушыларға реніш туралы топтық терапия өткізді. Ол үш бөлімнен тұрды. Біріншісі – есінде қалған ренішті айту, екіншісі – бір-бірін бағалау, үшіншісі – психологиялық жаттығу. Терапияға 11 оқушы қатысты. Бәрі да батыл екен. Еш қысылмастан реніштерін ортаға салып, психологтан кеңес алды.

1-оқушы: Мен алғаш мектебіме ауысып келгенде, жүрісімді ешкім ұнатпай, мазақтайтын.

Психолог: Қазір жүрісіңіз өзгерді ме?

Оқушы: Иә, содан кейін жүрісімді өзгерттім.

Психолог: Жүрісіңізді қалай түзедіңіз? Спортпен айналыстыңыз ба?

Оқушы: Дұрыстап жүруге тырыстым.

Психолог: Орныңыздан тұрыңызшы. Қараңыздаршы, Асылхан нағыз модель екен. Стилі қандай жақсы!

Оқушы: Айналайын ба?

Психолог: Әрине...

«Сенің жүрісің жаман» деген бір-ақ ауыз сөзге бола, кейбіреулер бұғып қалады. Ал Асылжан, керісінше, бұқпай, жүрісін түзеуге тырысты. Өмірімізде болып жатқан келеңсіз оқиғалар өсуімізге, өзгеруімізге кедергі жасайды. Сондықтан өзгергің келсе, біреудің сөзіне бола өзіңді төмен санамауға тырыс.

2-оқушы: Осы мектепке келген кезде, эмоциямды ұстай алмай қалатынмын. Әр нәрсені көңіліме алып, көз жасыма ие бола алмай жүретінмін...

Психолог: Үйде нешінші баласыз?

Оқушы: Ортаншы.

Психолог: Көз жасың әңгіме айтса, нені айтар еді?

Оқушы: ...

Психолог: Жақсы. Ең бастысы, қазір ол эмоцияны жеңдің деп ойлаймын.

3-оқушы: Мен көп реніш ұстамаймын. Реніш болып жатса, жүрегімнен тез шығара саламын.

Психолог: Жүрегіңнен тез шығарамын деп қиналған кезің есіңде ме?

Оқушы: Мендегі жағдай да жанымдағы жігіттердікіне ұқсас. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке алғаш келгенде зейінім шашырап, күнде ұрыс естіп, «3» алғаным жаныма батты. Намысыма тиді.

Психолог: Ал қазір қандай баға алып жүрсің?

Оқушы: «5» алып жүрмін. Бірінші тоқсанды ойымдағыдай аяқтай алмадым. Екінші тоқсанда өзіме күш жинап, мақсат қойып, бағамды көтеремін дедім.

Психолог: Жаттаған қандай өлеңің бар? Соны айтып берші...

Оқушы ортаға шығып, М.Мақатаевтың «Өкінбеймін» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

4-оқушы. Менің ренішім құпия болып тұр. Айта алмаймын.

5-оқушы: Менікі де құпия...

Психолог: Балалар, егер реніштеріңді айтқыларың келмесе, сюжетін ауыстырып айтуға да болады. Қалай болғанда да, ренішті шығармаса, жүрегімізде, миымызда тұманданып тұрады. Алға қарай жүруге мүмкіндік бермейді. Бүгінгі кездесуіміз аз уақыт қана болады, осыны пайдаланып, жаныңызға батқан «тікенді» алып тастауға тырысыңыз. Дайынсыз ба?

Оқушы: Тез ренжимін, сезімталмын. Сосын райымнан тез қайтып, сөйлесіп кете аламын.

Психолог: Шамамен, неше құрбыңызға ренжідіңіз?

Оқушы: Көп шығар...

Психолог: Сол реніштің ішінде біреуі сізге кедергі келтіріп тұр. Сізді ренжіткен адам дәл қасыңызға келді делік. Оған не айтқыңыз келіп тұр?

Оқушы: Ештеңе айта алмаймын.

Психолог: Жақсы. «Мен саған ештеңе айта алмаймын, өйткені мен сені кешірдім...» Солай ма?

Оқушы: Жоқ, кешіре алмаймын.

Психолог: Жақсы, «мен сені кешіре алмаймын, себебі...»

Оқушы: ...

Психолог: Себебі, сен мен туралы жаман сөз айттың, маған берген уәдеңде тұрмадың...

Оқушы: Содан бері араласпаймын және ол басқа орта тауып кетті.

Психолог: Осы сөздерді айтқан кезде, жеңілдеп қаласың. Ренішті айта білу керек. Іштен шығарып, жеңілдеу арқылы ғана жүрекке түскен салмақтан арыласыңдар.

6-оқушы: Ата-анама аздап ренжимін, өйткені отырыста алкогольді ішімдіктер ішеді (жылап қалды).

Психолог: «Өскен кезде мен алкогольді ішімдіктер ішпеймін. Маған бұл ұнамайды» деп айта аласың ба?

Оқушы: Ертеңгі ақырет күнінде олар қалай жауап беретінін білмеймін...

Психолог: «Ол үшін мен жауапты емеспін». Осы сөзді өзіңе айта ғой. Ата-ананың кемшігіне біз жауап бермейміз, өйткені олар жауапкершілікті өздері сезінуі керек. Біз немен жауап береміз? Білім алу, жақсы маман болу, айналамыздағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас құру арқылы ғана жауап береміз.

7-оқушы: Әкем екеуіміз бірге жұмыс істеп жатып, бір нәрсені дұрыс істемей қалсам, ұрсып беретін. Соған ренжіп қалатынмын...

Психолог: Қазір әкеңіз бір баласын ренжіткенін сезіп отыр. Әкеңізге: «Әке, ешкім оқып тумайды. Егер осы жолы сындырып қойсам, келесі жолы сақтанып жүремін. Мен әлі жасөспіріммін ғой... Маған сыйластықпен қарауыңызды сұраймын», – деп айта аласың ба?

Оқушы: Айта аламын (айтып берді).

Психолог: Бұл жердегі құпия – өзіңді ренжіткен адамға ренішті айту. Бірақ «сен оңбағансың, топассың, адамгершілігің жоқ» деген сөздер арқылы жеке шекарасына кірмейміз. «Мен ренжідім, ашуым келді, себебі, сен елдің көзінше саусағыңды шығарып, күлдің. Сол үшін ренжідім» деп көңіліңізге тиген нәрсені айтасыз. Реніш сезіміңізді жеткізіп үйреніңіз.

8-оқушы: Адамдарға көп ренжімеймін. Себебі, әкем маған: «Ер жігітке ұзақ уақытқа ренжу жараспайды», – дейтін. Сондықтан мен ұнамаған нәрсені бірден айтамын. Реніш те жинамаймын деп ойлаймын.

Психолог: Міне, дәл сол сәтте, сол кезде ренішті айту керек. Сіз 2027 жылы мектеп бітіреді екенсіз. Өзіңізді қай оқу орнының студентімін деп санап отырсыз?

Оқушы: Маған жаратылыстану бағытындағы пәндер оңай. Сондықтан биология, химия саласына барғым келеді. Алайда қазақ тілі мен әдебиетін де тастағым келмейді. Өйткені ана тіліміздің дамуына үлес қоссам деймін.

Психолог: Тамаша! Қол соғып қойыңыздар.

9-оқушы: Мен де мектепке жаңадан келіп, батыс жақтың диалектісімен сөйлеген кезде, балалар күлетін. Бұл жайт мені аздап ренжітті.

Психолог: Ал қай пәнді жақсы көріп оқисыз?

Оқушы: Тіл-әдебиетке жақынмын.

Психолог: Бізге ертегі немесе шағын әңгіме айтып бере аласың ба?

Оқушы: «Жабайы алма» шығармасынан үзінді оқып берейін...

Психолог: Неге бұл шығарманы таңдап алдың?

Оқушы: Өйткені ондағы өмір менің ата-бабамның да басынан өткен шығар деп ойлаймын. Сол шығарма есіме түссе, көңілім түседі.

Психолог: Ата-бабамыздың басында болған оқиғаларға түсіністікпен қарап, өз ортамызда көңілді жүруімізге әбден болады. Жарайсың!

10-оқушы: Мен интровертпін. Бұл менің әлеуметтенуіме кедергі жасайды.

Психолог: Ашық-жарқын болып жүруіңізге не кедергі болып тұр?

Оқушы: Ішімнен бір нәрсе жібермейді.

Психолог: Сол ішіңде бөгет болып тұрған нәрсеге сұрақ қойсаңыз, қандай сұрақ қояр едіңіз?

Оқушы: Білмеймін...

Психолог: Томирис, ішіңізде антитомирис отыр. Сіз соған сұрақ қою арқылы, оған не қажет екенін біле аласыз. Өйткені сіз интроверт екеніңізді мойындап, жан-жағыңызбен араласып, емен-жарқын сөйлескіңіз келетінін айтып отырсыз ғой. «Томирис, бұдан былай екеуіміз көңілді жүрейік. Сен мені қолдайсың ба?» деп сұраңызшы. «Иә» деп жауап берді ме?

Оқушы: Иә...

Психолог: Бәрекелді! Біз өзімізге не қажет екенін ашық айтпасақ, тұйық болып қала береміз.

11-оқушы: Кішкентай кезімде орыс тілін дұрыс білмей, акцентпен сөйлегенім үшін буллингке ұшырадым. Ауладағы орыс қыздар «сен қазақсың, орысша білмейсің, сондықтан сенімен ойнамаймыз» дейтін. Бірақ мен олармен қатты ойнағым келіп: «Мені де ойындарыңа қосыңдаршы», – деп жалынышты болып жүретінмін. «Неге мен орыс емеспін? Неге қазақ болып тудым?» деп ойлап, өзіме ренжідім. Осыдан кейін адамдармен тіл табысуым қиындау болды. Өзімді артық санап, ойымды дұрыс жеткізе алмайтын болдым. «Неге біреудің ығына жығыла беремін?» деп ойладым...

Психолог: Ал қазір өзіңізді не үшін мақтағыңыз келеді? Қазақ болып туғаныңызға мақтанасыз ба?

Оқушы: Ұлтқа бөлінгім келмейді. Себебі, бала кезімдегі жағдай көңіліме тиген...

Психолог: Сол кезде өкінішіңіз болған, қазір өзіңізді немен мақтайсыз?

Оқушы: Жалпы мен жақсы адаммын (күлді).

Психолог: Әрине! Қазір орысшаңыз да, ағылшыншаңыз да жақсы шығар...

Оқушы: Иә...

Топтық терапияның бірінші бөлімі осылай аяқталды. Келесі кезеңде балалар бір-біріне баға берді. Өйткені олар реніш туралы айтып отырғанда бір-бірін мұқият тыңдап, іштей ой түйіп отырған еді. Бірі екіншісіне «мықтысың» деді, еңбекқор, батыл, нәзік, жауапкершілігі мол, шыншыл деген секілді сөздермен бір-бірін сипаттап шықты. Бір-біріне теріс баға бергендер болған жоқ. Одан кейінгі кезең психологиялық жаттығуға арналды.

Психолог: Баяғыда бір дана ақсақалға бір тайпаның басшысы келіп: «Айтыңызшы, ертең кім жеңеді?» деп сұрайды. Дана қарт басын шайқап: «Бара бер», – дейді. Екінші тайпаның басшысы келіп: «Айтыңызшы, ертең кім жеңіледі?» – дейді. Дана қарт оған да басын шайқап жауап береді. Сіздердің ойыңызша кім жеңеді?

Әр оқушы өз нұсқасын айтып шықты. Көбі дұрыс нұсқаны таңдады. Жеңетінін білген адам «кім жеңеді?» деп сұрады, ал жеңілетінін білген адам «кім жеңіледі?» деп сұрады.

Менің бір сағатым 45 минуттан тұрады. Бір адамдарға «45 минутым 30 мың теңге тұрады» деймін, екіншілеріне «45 минутым 15 мың тұрады» деп айтамын. Маған біреу келіп: «Апай, мені ауруымнан құтқарыңызшы», – дейді, екіншісі: «Менің денімнің сау болуына көмектесіңізші», – дейді. Мен кімге 15 мың деймін, кімге 30 мың деймін?

Әр оқушы жеке жауап берді. Бұл жұмбақтың шешімін оқушылар дәл тапты. Психолог: «Менің денсаулығымды нығайт» деген адамға 15 мың теңге бер деп неге айттым? Өйткені оның түпкі санасында «денсаулығым жақсы» деген сенім тұр. «Ал ауруымнан құтқар» деген адамға 30 мың теңге сұраған себебім, ол «мен ауырамын, ештеңеге жарамаймын» деген ойдың жетегінде кетті. Өзімізді позитив ойға жетелесек, жақсылыққа қарай жүреміз. Сіздер әлі талшыбық күйдесіздер. Сіздерге нәрлі топырақ керек.

Психологияда «үстелден сәл де болса тоймай тұрған дұрыс» деген ұғым бар. Сіздерге айтып жатқан әңгіменің арғы түбін қазып, егжей-тегжейлі түсіндіру шарт емес. Әр адам ойдың аяқталмай қалғанын сезімімен, жанымен түсінуге дайын болуы керек. Психоанализ деген сол. Өзіңізге неге көңілің толмай жатыр? Өмірің мақсатыңа неге сай емес? Бұл сұраққа жауап іздеу – талпыныс, ізденіс болып есептеледі. Өзіңізге сұрақ қойғанда кемсітесіз бе, әлде көңіліңіз толып сұрақ қоясыз ба? Аяқталмаған ойды, айтылмаған сезімдерді қалай жеткізгіңіз келеді? Іштей өздеріңіз талдап көріңіздер. Сіздермен сөйлесіп, кездескеніме қуаныштымын. Рақмет!

Әр баланың реніші бір-бірінікіне ұқсамайтынын байқаған боларсыздар. «Соған да ренжи ме екен? Түкке тұрмайды ғой» деуіңіз мүмкін. Ал ренішті сезінген, басынан өткізген адамның сезімімен, намысымен ойнауға болмайды. Осы мақаланы оқып отырғанда қандай ренішің есіңе түсті немесе кімге, неге ренжіп жүрсің? Хат жазып, хабарлас. Көмектесуге дайынбыз.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2023

430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы