• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Сәуір, 2023

Пранк және қазақы қалжың

«Ақ желкен» журналының 2021 жылғы сандарының бірінде (№6) «Пранк: әзіл ме, әзілден ары ма?» атты мақаламыз жарық көрген еді. Сонда «пранк – телефонмен немесе кез келген орында адамды қиын һәм қисынсыз ситуацияға тап келтіріп, оның эмоциясын бақылау әрекеті» деген сипаттама бердік.

Сонымен бірге бұл әрекеттің қазаққа жат емес екенін де айтып өттік. Өйткені қазақта жеңгемен, жездемен ойнаудың озық үлгілері болған. Жалпы қазақы қалжыңның колориті бөлек, өз танымы мен тамырына сай еді. Оның өзінің жолы мен жөні болатын. Ол әлі күнге сақталды десек те, түгесіліп келе жатқанын да айта кеткеніміз абзал. Оның орнын жалпыға ортақ «пранк» басты. Пранк сөзі шеттен енуімен бірге, қалжыңның өзге мазмұнын да жасаған сыңайлы. Десек те адамдардың пранкке көрсеткен реакциялары риясыз болуы оның дүниетанымы мен тамырынан қылаң байқатады. Неге біз ойын-сауық құралы саналатын дүние астарынан ой немесе таным іздеп отырмыз? Психологтардың айтуынша, оқыстан шыққан эмоция мен әрекет адамның шын келбетін көрсетеді. Осыған сенсек, пранк біздің қоғамның бейнесін ашық көрсете алуға тиіс. Осы миссияны қазақы пранк қаншалықты орындап жатыр?

Пранк жасаудағы мотивтердің де бірнеше түрі бар.

Тапсырыспен;

Хайп (like пен көрілім жинау) үшін;

Протесттік;

Эксперименттік.

Біздің қоғамда осының алғашқы екеуі қарқынды дамыды. Соңғы екеуінің жай-күйі нашар. Пранк арқылы қоғам келбетінің өзгерісін қалай анықтауға болады? Ол үшін біз пранк жасалған адамдарды әлеуметтік статусы мен жас ерекшеліктеріне қарай екшеп алдық.

Instagram желісінде бір видеоға көзіміз түсті. Онда жүргізуші ішінде адамдар отырған көлікті итеруге көмек сұрайды. Көмек көрсетуге келіскендер мықшыңдап, көлікті діттеген жеріне дейін итеріп апарысымен көлік ішіндегі жігіттер шығып, оларға рақмет айтады. Сонда әртүрлі жастағы адамдардың реакциясы бір-біріне ұқсамайтынын байқаймыз. Жастар жағы күліп, қалжың екенін түсініп, кете барса, үлкен кісілердің көзінен реніш, түсінбестік, тіпті кейбірінің ашуын байқай аламыз. Бір жағынан жастардың қылжағына төзе алмаған десек, үлкен кісілердің жанарындағы түсінбестіктен алдыңғы буындағы көнбістікті көргендей боламыз. Халық басынан өткен небір қиыншылықтар ол кісілерді өмірге көнбіс етіп және сол көнбістігіне өкініш танытар деңгейге жеткізген еді. Екінші жағынан көнбістік жас ұлғайған сайын болатын құбылыс сияқты көрінеді. Өйткені есейген сайын қиындықтарға, өмірге, қаталдыққа көнбеске адамның шарасы қалмайды. Осы тұста біздің эксперимент тығырыққа тірелгендей. Өйткені алдыңғы буынның көргені мен жас ұрпақтың көргенін салыстыру мүмкін емес. Сондықтан «көнбістік» турасында тыныш қоғамдағы екі буынды салыстырған абзалырақ болар. Бірақ эксперимент үшін мұндай буындар әлі қалыптасқан жоқ.

2010 жылдары «Мәссаған» атты телебағдарлама болды. Сонда «Мен алдандым» атты айдар болушы еді. Танымал тұлғаларды алдап, небір қиын ситуацияларға салады. Жастар арасында Дарқан Иманов атты пранкер бар. Өзімен қатар, бүгінгі жастар тобына жататын танымал адамдарды пранк қақпанына түсіреді. Екі кезеңде туған, екі буындағы әртістердің пранкке реакциялары әртүрлі. Мысалы, «Мәссаған» бағдарламасында жасалған алдау операцияларында танымал кісілер көбіне сабыр сақтайтын. Өздерін халық алдында тұрғандай сезініп, артық қылықтарға аса бара бермейтін. Ал Дарқан Иманов жасап жүрген пранктерде жас жұлдыздар шын келбетін көрсетіп, ерегісе кетуден, тіпті ғайбат сөйлеуден де тартынбайды. Мұны заманның ауысуымен бір түсіндірсек, ауысқан заман басқа жұлдыздарды тәрбиелеп шыққанына тағы көзіміз жетеді. Десек те Дарқанға бір көңілтолмастық бар. Оның пранктерінің көбі бірізді болып келеді. Яғни жігіттерше ерегіс, соңы төбелеске айналар жағаласу... Жас пранкерге жасампаздық жетіспейтін сияқты.

Қазақ медиасында аса танымал бір пранк болды. Адам көп жиылатын орындарда маскалық режимнің қатаң сақталуы керек кезінде күзетші жігіттер арнайы дайындалған актерді маска тақпағаны үшін жұрт көзінше сабап жатады. Сабап алып, өзге маскасыздардан «Маскаңыз қайда?» деп сұрап жүреді. Сонда жастар жағы күле қарап, қалтасынан алып тағып немесе дәріханаға бара жатырмын деп жеңіл өтсе, үлкен кісілер тосылып қалып жатты. Бұл жерде де адамның жасы ұлғайған сайын тәртіпке бағынуды үйренетінін, тәртіп бұзғаны үшін жазаланатынына қорқынышпен қарайтынын байқаймыз. Сонымен қатар үлкен буын өзінің құқықтары жөнінде біле бермейді. Қандай жағдай болса да қоғамдық жерде адамды сабауға ешкімнің құқы жоқ қой. Тіпті ол күзетші, мейлі, полиция қызметкері болса да. Жастар мұны жақсы біледі.

Ал үлкендердің көзіндегі күзетшінің, құқық қорғау қызметкерлерінің жағымсыз бейнесіне кім және не кінәлі деген сауал туады. Біздіңше, олардың әке-шешелері көріп, өздеріне сіңірілген тәрбие кінәлі. Шолақ белсенділер мен репрессия кезеңін есіңізге түсіріңізші. Бұл езгінің бәрі дерлік погонды кісілердің қолымен істелген. Сол қорқыныш сақталған деуге болатын шығар. Сонымен бірге аумалы-төкпелі 90-жылдарды көрген ұрпақтың бойында сенім жоғалып кеткендей. Әсіресе құқық қорғау қызметкерлеріне. Өйткені ол кездің қызметкерлері халық көзіне жақсы көрінген жоқ.

Отбасындағы әке-шешесіне пранк жасайтындар да көбейді қазір. Әсіресе ТикТок желісінде: «Мама, келіңіз. Видео түсірейік. Қазір шашымды жөндеп келемін», – деп телефон алдында шешесін жалғыз тастап кетеді. Ал қызға әртүрлі мәтіндегі хабарламалар келіп жатыр. «Мамаң сені алып қашайын деп жатқанымды біле ме?», «Аяғың ауыр екенін айттың ба?», «Сырға салуға қашан барайық?» деген сынды ана жүрегіне ауыр соғатын хабарламалар еді бұл.

Сондағы аналардың реакциялары бейжай қалдырмайды. Өйткені олар шын сеніп, жүрегінен өткізіп тұр емес пе? Ал жоғарыдағы хабарламалардай хабарды ешқандай шеше өз қызына тілемес. Бірі ұрысып, басынан нұқып жатса, кейбір аналар сыбырлап сөйлеп, қыздарын қасына шақырып алып жатады. Бұл тұста қызына ұрыса кететін аналар бойынан сенімсіздік байқалатын сияқты. Өйткені олар өз тәрбиесіне, қызына сенімсіз секілді. Ал сыбырлап сөйлесетін, қасына шақырып алып сұрайтын аналардың көздерінен «мүмкін емес» деген абыржуды көреміз. Сонымен бірге мұндай отбасыларда әке сөзінің салмағы да байқалатындай. Жария етпей, жүрегі қанша шымырласа да өзім білейін дегені болар.

Бір қарағанда әзіл сияқты. Тек жүректің ауырып қалатыны болмаса. Мұндай әзілдерге адамдар танытқан реакциялар шынында да қоғам бейнесі жөнінде көп хабар береді. Алдыңғы мақаламызда айтқанымыздай, еуропалық пранкке адамдар көбіне күле қарап кетіп бара жатса, еліміздегі пранктердің соңы ренішпен, ашумен аяқталып жатады. Бұл сенімсіздік белгісіндей. Сол сенімсіздік біздің бойымызда агрессияны оятады.

Пранктің де өз трендтері бар. Мысалы, соңғы бір-екі жылдықта «Бүлікші күні» деп аталатын пранк пайда болған. Оның желісі бойынша қыз бала өте сұлу, жасанып киініп (тойға бара жатқандай) қоғамдық орындарда жүреді. Ал камера оған қараған адамдардың жүздерін, реакцияларын түсіріп жүреді байқатпай.

Осы пранкте де көбіне үлкен адамдар назар аударып, бірі таңғала, бірі тосырқай қарайды. Кейбірінің іштей «жын ұрған ба?» деп айтып бара жатқаны да байқалатын. Бірақ тағы да мұндай образдағы қызға жастар жағының назары кемдеу. Ал қарай қалғанының өзі қызыға қарайды. Бұл да жастардың бойындағы еркіндіктің көрінісі іспетті. Қызыға қарайтыны сол, өздері де жасап көргісі келеді. Бұл тренд пранк болғанымен, адамның өзіне сенімділігін күшейтіп, бойындағы комплекстерімен күресудің бір жолы саналады. «Бүлікші күні» деп аты айтып тұрғандай, әдемі көйлекті адамдар неге белгілі бір даталарда немесе тойға ғана киюі керек? Күнделікті өмірде киіп жарқырап жүруге болмай ма? Үлкен кісілердің бұл пранкке тосырқай қарайтыны – бар жақсысын ертеңіне сақтайтын сіңісті психологиядан сияқты. Жалпы үлкендер солай қарайды деуіңіз ықтимал, бірақ мұндай пранкпен Италия немесе Париж көшелерінде ешкімді таңғалдыра алмас едіңіз. Өйткені ол жақта бар жақсысын киіп, көшеде серуендеп жүретін жандар жетерлік.

Пранктердің көбі халыққа ауыр болып көрінеді. Қабылдай алмай жатады біздің халық. Сөйте тұра өздерінің жезделерімен, жеңгелерімен ойнағанын разы қалыпта еске алатынын қайтесіз. Біздің ауылға автодүкен жүргізетін жездеміз болған екен. Ол келген сайын елдегі балдыздары қонақ етіп күтіп, етін асып, шарапқа мас етіп, ұйықтап қалғанында ауыл шетіндегі бағанаға апарып байлап кетеді. Кейде сандыққа салып, есігін шегелеп тастаған кездері де болған деседі. Бұл пранктің жанында бүгінгі көше пранктері түкке тұрмай қалады ғой.

Бұл оқиғаның жалғасы бар-ды. Әлгі автодүкеннің шопырын шығарып алып, ауыл үлкендері қайта күтіп, жастар үшін ат-шапан айыбын өтеп шығарып салады екен. Яғни қазақ қалжыңының ауырлығы мен жеңілдігіне қарай айыбын да жуып отырған халық. Осы жағынан келгенде бүгінгі пранктерге формасы ұқсағанымен, мазмұны сәйкес келмейді. Жастарға орынды көрінсе де, үлкен кісілер әбден тосылып қалады кейбір қалжыңдарда. Жаңа түскен келінінің атасына фокус көрсетіп жатқан видеосы тарап еді. Жастар жағы күліп жатыр. Ал төрде отырған қария не істерін білмей, алақ-жұлақ етеді. Бұрын келіндері фокус көрсетпек түгілі, жүзіне тіке қарамаған ақсақалдың осылай көңілі жарым қалғандай болады. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» десек те, әр нәрсенің жөні, жолы, жосығы болатынын да ескерген абзал.

* * *

Расында пранк ойын-сауық үшін жасалғанымен, оның астарынан сол халық туралы көп сырды ұғуға болады. Бұл әзіл араласқан әлеуметтік эксперимент сияқты. Ал әлеуметтік эксперименттер қоғамтану ғылымында өте маңызды рөл ойнайтынын айта кету керек. Яки оқыс әрекетіміз арқылы осыған дейінгі тереңімізді танытамыз.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2023

145 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы