• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Мамыр, 2023

Өмірдің мәні неде?

Біз осы сұрақ жайлы ойланамыз ба? Расында, ойланбаймыз. Балалық шақты ойынмен өткіземіз. Жастық шақты «екінші рет қайтып келмейді» деп қызық қуып өткіземіз. Есейе келе жұмысқа араласып, тіршіліктің соңынан кетеміз. Сонда бұл сұрақты адамдар өзіне қартайып, зейнетке шыққанда қоятын сияқты. Сол үшін қарттардың өкініші көп шығар. Сол өкініштің бәрі дерлік – осы қарапайым сауалға жауап бере алмағанынан немесе тіпті жауабын іздемегенінде.

Расында, өмірдің мәні неде?

Негізі қатты қиналмай, дайын нұсқаларды таңдауға болады. Ол көбіне үш парадигма айналасына топтасады. Құдайға қызмет ету, халыққа қызмет ету немесе «42». Иә, жазушы Дуглас Адамс «Галактикаға жолшыбай саяхат» («Автостопом по галактике)» атты романдағы суперкомпьютер өмірдің мәні және өмірдің басты сұрағына «42» деп жауап береді. Оның не екенін ешкім түсінбейтін сияқты. Бірақ біз түсіндіріп көреміз. Мен тіршілікке алданған ересек адамдар тобына жатамын. Сондықтан бірнеше жұмыс пен жас отбасымның арасында қарбаласып жүріп, өмірдің мәні туралы ойлап көрмеппін. Бұл сауалға мені студенттерім итермеледі. Кезекті дәріс үстінде әлдебір қазақ жазушысының шығармашылығына студенттерімнің қызығушылығын арттыру үшін үйреншікті әдісімді қолдандым. Ол – жазушының махаббат хикаялары. Бұған дейінгі І курс студенттері менің әңгімемді көздері жанып, өздері ғашық болғандай тыңдаушы еді. Сонымен, олардың мәтінмен танысуға қызығушылығы ашылатын. Бірақ алғашқы сөйлемдерімнен-ақ аудиторияның энергиялық қарсылығын сезгендей болғам. Елемей жалғастыра бердім. Сөзімді тамамдағанда студенттердің бәрі үнсіз қалды да, бір пысықтау қыз: «Ағай, әлгі жазушы сонша жаман адам болған ба?» – деді. Мен қайталап сұрадым: «Сонша қызды жылатып, өзі жазуын жазып жүре бергені қалай?» – деді екінші қыз. Мен осылай сынның астында қалдым. «Егер жазушы өмірінде мұнша қасірет пен махаббат болмағанында, бізге бүгінгідей терең шығармалар қалдырмас еді», – деп едім. «Олай жазудың не қажеті бар? Әйелдер жылап қалды ғой», – деген жауап алдым.

– Сонда мыңдаған әйелді жұбату үшін, бір әйелді жылатуға болмай ма?

– Жоқ, ағай! Сіз жұбанған мыңды емес, жылаған бірге қараңызшы, – дегенінде мен тоқтадым. Өзімді жаңа заман адамы ретінде қарайтынмын. Жаңа көзқарастағы... заманауи ойланатын... Жоқ, мен ескі заманның адамы екенмін. ХХ ғасыр, идеялар ғасыры, модерннің ұрпағы екенмін. Ал бүгін – постмодерн. Алдағы уақытта метамодернге жол ашылмақ. Жә, басынан бастайық.

ПРЕМОДЕРН

Адамзат тарихының соңғы алты ғасырынан өзге уақытының бәрін осы кезең алып жатыр. «Премодерн» деген модерннен алдыңғы деген мағына береді. Яғни бұл XV ғасырға дейін жалғасқан. Арғы шегіне біздің көзіміз жетпейді. Бәлкім, Адам ата түскен кезеңнен, мүмкін Ява аралдарындағы алғашқы адамнан басталады. Сізге қайсысы жақын?

Премодерн кезеңі – адамдардың феодалдық кезеңі. Ол кездерде 4-5 қана кәсіп түрі болды. Мал, егін, ұсталық, сауда және жауынгерлік. Осы бес кәсіппен адамдар жанын бақты. Сонымен бірге, бұл кезеңде адамдар таптарға бөлінетін. Олар негізінен төрт тап: ақсүйектер, қызметшілер, құлдар және қарапайым халық. Соңғы үш топтың ақсүйектерге жақындауға, олармен дастарқандас болуға құқы жоқ. Және оған арланып, «мен біреуден қалып қойдым, неге ақсүйек бола алмаймын» деп ойланып жатқандар аз болды. Өйткені адамның бәрі дінге барынша сенетін. 

Ақсүйектерді құдай-дың сүйген құлдары етіп көрсетіп, оларға Тәңірдің көзі мен нұры түскен адамдар ретінде дәріптейді. «Ал сенің құл немесе қызметші болуыңа ақсүйектер, билік адамдары емес – құдай кінәлі. Ол саған қаһарын төгіп тұр. Яғни сенің күнәң көп. Сол күнәларыңды осы өмірде жуып-шайып, арғы дүниеде бақытты өмір сүресің. Жұмаққа кіресің», – деп дін қызметкерлері сендірді. Халық соған сенді. Сол сеніммен соғысқа аттанды. Өйткені қарапайым халыққа «құдай мына халықты жазаласын деп ақсүйектерге хабар түсті» десе, олар қолына қаруын алып атқа қонатын. Бірақ оның астарында байлық жатыр. Өйткені ешбір қазба байлық өндірілмейтін кезеңдегі басты байлық – жер. Жерің көп болса, егінің көп, малың көп. Ол кезеңде бәрі Тәңірмен байланысты түсіндірілетін. Найзағай мен күннің күркіреуін құдайдың қаһары дейтін. Кез келген нәубетті «құдайдың жазасы» деп, кез келген қуанышты «Тәңірдің сыйы» деп қабылдайтын. Сол үшін жауын жаудыру мақсатында тасаттық жасап, құрбан шалу өте көп болған.

Былайша айтқанда, премодерн заманының адамы мына дүниені өткінші, аралық кезең деп таныды. Келеміз, сыналамыз, күнәларымызды жуамыз, сосын мәңгі жұмаққа аттанамыз. Шексіздікке сіңетін адам ғұмырының бұл өмір «бір аялдамасы ғана». Сондықтан барыңды құдай жолына сарп ету керек. Неге ескі замандардан бізге жеткен тарихи ғимараттардың көбі – шіркеулер, мешіттер және ғибадатханалар? Өйткені ол заманда өзің емес, құдайға құлшылық ететін жерді көркем етуге адамдар барын салатын.

Премодернде адам тұйық шеңберде өмір сүрді. Малын бағады, оның етін жейді. Көктемде егін егіп, күзде орып, қысқа дайындалады. Көбі әріп танымаған, құдайды дін қызметкерлерінің айтуымен біліп, қасиетті кітаптарды оқымақ түгілі, қолдарына ұстап көрмегентін. Ал өнер діни тексттерді түсіндіру үшін жұмыс істеді.

МОДЕРН

XV ғасырда Еуропада ғылым дами бастады. Халықтың біразы сауат ашып, баспаханалар ашылды. Кітаптар көбейіп, халық діни мәтіндерден өзге де мәтіндер бар екенін, саяхатшылардың күнделіктерін оқи отырып өзге де мәдениеттердің, тіпті өзге де діндер мен құдайлардың бар екенін білді. Ғылым дамып, адамзат санасында төңкерістер жасалып жатты. Енді найзағай деген құдайдың қаһары емес, ток екенін, күннің күркіреуі табиғи құбылыс екенін біле бастады. Сонымен бірге ақсүйектердің өздері сияқты адам екенін, олардың Тәңірге қатысы жоғына да көздері жеткен.

Премодерндегі діннің орнын осылай ғылым басты. Бұрын халық діни қызметкерлерге сенсе, енді ғалымдардың даңқы артқан заман туды. Ал ғылымды кез келген адам үйрене алады. Тіпті оның культке айналғаны сонша, адамдар құдайға шек келтіре бастаған еді. Бұл ғылым мен дін арасындағы ежелгі соғыс салдарынан болатын. Ғасырлар бойы шіркеу ғалымдарды сиқырмен айналысады деп дарға асып, халық алдында жұлынын үзіп отырған. Тіпті біздің далада да әкесін діннен кетіп, сиқырға сенді деп жазғырып, Абдулатиф әкесі Ұлықбекті өлтірді.

Енді заман өзгерді. ХХ ғасыр басында тұтас әлем модернге көшті десек те болады. Әлемнің әр бұрышында не түрлі идеялар шыға бастады. Олардың әрқайсысының өз концепциясы бар-тын және әрқайсысы мемлекеттің, өнердің һәм өмірдің моделін жасап шығарды. Америка демократияға ден қойды. Германияның қанында нацизм тулады. Ал тұтас Кеңес өкіметі социализм үшін күресіп жатты. Олардың әрқайсысы мінсіз қоғам құруды ойлаған.

Демократия еркіндіктен бастау алады. Ол адамдардың еркіндікке мұқтаждығын желеу етеді. Нацизм дарвиндік теорияға негізделген. Күшті түр әлсізді жеңіп, оны тіршіліктен ысырып шығаруға тиіс. Социализм өзінше жұмақ орнатуды ойлады. Олар адамның тұтас өмірін формулаға бағындырып, адамды адам емес, механизмнің бөлшегі ретінде қараған-ды. Жалпы ХХ ғасыр осылай болды.

Сонымен, премодерндегі дін орнын ғылым басты. Ғалымдар тұтас табиғат құбылыстарының сырын ашып, формуласын біле бастаған. Ал формуласы айқындалған дүниені басқаруға болады. Сол үшін модерн ғасыры табиғатқа қарсы соғыс ашқандай. Өзендерді теріс ағызып, көлдерді құрғатып, теңіздер арасын жалғап жатты. Бірақ ХХ ғасырдағы ешбір идея адамзатты мінсіз қоғамға жеткізе алмағанына көзіміз жетті. Екі дүниежүзілік соғыс та идея үшін болған. Яғни премодерндегі «құдай үшін, дін үшін» деген соғыстар «идея үшін», «адамның жарқын болашағы үшін» деген желеуге ұласты.

Премодернде адамдар Құдайлы қоғамның бөлшегі болса, модерн үлкен механизм жасады. Енді адамдар алып идеяның, мемлекеттің бөлшегіне айналған. «Құдай қалауы үшін» деп адамдарын премодерн жұмсаса, енді мемлекет, әлдебір изм-нің игілігі үшін модерн жұмсады. Модерн өнері жаңа идеялар жасаушы болды. Ол формалық, мазмұндық жағынан жаңа концепциялар ұсынып, идеясыз өнердің тұл екенін алға тартты. Бұл кезең өнерінде адам құдай деңгейіне көтерілді. Ол өзін жаратқан Тәңір секілді, жаратушылық қабілетін ашқандай. Қорыта келгенде модерн адамы үшін:

ПОСТМОДЕРН

Адамзат Құдайға шексіз сенді. Дінді берік ұстанды. Бірақ ол догма, қатып қалған қағидалы түнек ғасырға бастады. Бұл жерде басты мәселе, Тәңір мен дінді кінәлаудан аулақ болу керек. Мұнда басты проблема дін қызметкерлерінде. Олар дінді халыққа жеткізуде жаңа ізденістер жасап, заманауи парадигмалар тудыра алған жоқ. Адамзат алып идеяларға сенді. Бірақ олар Екі дүниежүзілік соғысты бастады. Бірінші Дүниежүзілік соғыста 10 млн-нан астам жауынгер, 12 млн-ға тарта қарапайым халық қаза тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс 25 млн-нан астам жауынгер мен 47 млн-ға жуық қарапайым халықтың өмірін үзді. Бұл ғасырдағы басқа соғыстар мен аштық, репрессияны қоспағанда, екі соғыс 100 млн-ға тарта адамның жанын алды.

Осылай адамзат күмәнінен постмодернизм дүниеге келді. Дүниеге күмәнмен қараушылар ғасыры. Яғни бұл кезең ештеңеге сенбеуді үйреткен. Идеяға да, дінге де... адам тек өзіне сену керек. Осылай постмодерн адам деген құндылықты алып шықты. Оның ұстанымына, дініне, сеніміне, азаматтығына қарамастан, адам және оның жеке сезімдері – басты құндылық. Ол сенімнен, белгілі бір мемлекеттің азаматтығынан тыс та – адам. Яки ол ешқандай үлкен ұйымдасқан ұғымның, сенімнің мүшелігіне кірмейді. Осылай постмодернизм адамның өзіне сенімділігін күшейтіп, нарцистік көңіл күй сыйлады адамдарға. Мысалы, өзіңді ұмытып, біреуге көмектесу жақсылық болып есептелетін. Енді ол өзіңді «құрбандыққа» шалу деп атала бастады. «Балаң бақытты болу үшін өзің бақытты өмір кеш», «өзіңді сүй, өзін сүйе алмаған адам басқа ешкімді сүйе алмайды» деген сияқты ұстанымдар қалыптастырды. 
Постмодернизм өнері жаңа идеялар ұсынбайды. Ол тек ескі идеяларға интерпретация жасаушы, оларды түсіндіріп беруші болып қалды. Сонымен бірге, бұл кезең өнеріне дәл қазіргі қоғамды көрсету парыз. Ал бұл парызды орындауда «мем-нің» орны ерекше еді. Иә, постмодернизм қоғамының басты өнері мем болды.

Адамның құқы барынша қорғалады, оның кез келген заң шеңберіндегі таңдауы құрметке ие. Осыдан болса керек, адамдардың жерді домалақ емес, тегіс деп сенушілер ұйымдары бар. Тағы сол сияқты ғылым әлдеқашан дәлелдеп қойған теорияларға қарсы шығушылар топтарына да құрметпен қарайды бұл қоғам. Мені сынаған студенттерім – осы заманның адамдары. Оларға үлкен идеялар үшін құрбан болғаннан гөрі, адамның өзі үшін өмір сүруі биік тұрады. Олар үшін соғыстан қашып кету, біреуге сатқындық жасау сияқты дүниелер маңызды еместей көрінеді кейде. Өйткені барлық «бейқасиет әрекетті» ақтап алуға болады. Ең болмады дегенде, ол өз өмірін қорғау үшін істеді дегеннің өзі жетіп жатыр.

Осы тұста парадокс туындайды. Ешкімге, ешнәрсеге сенбей қалай өмір сүруге болады? Бұл 90-жылдардағы адамзат бойкүйездігіне алып келген еді. Қорыта келгенде, постмодернизм – мәтін. Адамдар мәтіннің жемісі һәм әр мәтіннің өз үмбеті бар. Жалпылама, әмбебап мәтін болмайды және болуы қажет емес. Сонымен постмодернизм адамы үшін:

МЕТАМОДЕРН

Бәріне күмән келтіріп, бәрін жоққа шығару постмодернизмнің басты құндылығы болды. Яғни өмірдің мақсаты жоқ, сәйкесінше, мәні де жоқ. Адамдар барлық нәрсені иронияға айналдырып, меммен астастырып жіберді. Тіпті ғасырлар бойы қасиетті саналған мәтіндердің өзі мемдік контентке айналып бара жатыр. Мұның соңы апатқа апаратыны түсінікті. Сондықтан философтар жаңа парадигма ұсынды. Ол – метамодерн. 

Метамодерн өзіне алдыңғы үш парадигманың да жақсы жақтарын жинайды. Әсіресе, постмодерннің. Басты құндылық – адам. Адамның ұмтылысы – еркіндік. Бірақ бұл еркіндік заңнан бөлек, енді белгілі бір мән аясында болуы керек. Философтар мұндай парадигманы өздері ойлап тапқан жоқ, адамдардың әрекетінен байқады. Яғни адам бір нәрсеге сенбей, бір идеяға жалпылама топтаспай, белгілі бір нәрсе үшін ұмтылыс жасамай өмір сүре алмайды екен. Бірақ метамодерннің басты шарты бар: «Сен ешкімге кедергі келтірме және ешкімге зияның тимесін». 

Өмірдің мәні – 42 дедік қой. Бұл Жазушының әзілі болатын. Ол ойына келген санды жаза салды. Одан ешқандай философия өрбіте алмайсың. Бірақ жазушы өмір мәнін осылай суреттеді екен, адам да өз өмірінің мәнін өзі қалыптастыра алады ғой. Ол премодерннен – дінді, модерннен – ғылымды, постмодерннен күмәнді алып, өзінше өмір мәнін қалыптастыра алады. Бұл метамодерн болмақ. Адамзат алдындағы жаңа парадигма, бәлкім, жаңа адам – осы.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2023

258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы