• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Мамыр, 2023

Мұның аты – тәрбие

Даладан жаурап кеп, пеш түбіне тығылдық. Әлгінде қонаққа кетерде тезектің бір шелегін салып кеткен ошақ үй ішіне жұмсақ жылу шашып тұр. Алайда пештің түбі айрықша жылы. Оттағы үйіліп тұрған күбірді көсеумен қозғап жіберіп ем, қызуы бетке ұрды. Қазір жатарда тағы бір шелегін көміп жіберсек, таңға дейін жауратпайды. Әйтпесе дала азынап тұр.
– Қорадан бір шелек күбір әкеп қойыңдар, – деді ойымды оқығандай шешем. 
– Иә, қазір, кішкене жылынып алайық, – дедім сырт киімімді шеше беріп. Сол-ақ екен, күртеммен бірге қалтамнан әлдебір зат жерге түсті. Әкем жалт бұрылды. Ұрлық үстінде ұсталғандай, демде жиырылып қалдым. Бұл қайдан жүр?!
– Анау не? – деді әкем. Інім де бұрылды.
– Шахматтың тасы ма? – деймін кері сұрақ қойып.
– Неге аласың? – деді қабағын түйе беріп.
– Мен алған жоқпын. Бағана ойнап жүргенде қалтамда кетіп қалған ғой, – дедім шешкен киімімді бүктей беріп.
– Жаныңның барында апарып таста, – деді. 
– Ертең-ақ апарар. Түннің бір уағында ерікпеші. Боранда адасып кетер, – деді шешем селқос.
– Апар деген соң, апар. Сен бала, киін, бірге бар, – деді ініме қарап.
Көзіме жас үйіріліп, далаға шықтық. Шынында, оны мен алған жоқпын. Қалтама қалай сүңгіп кеткеніне таңмын. Көрші үй болса бірсәрі, көрші ауылмен теңдей жер. Көлді айналып жүрмесе, жарқабақтағы күртік қар адам бойынан асады. Жол бойы жылт еткен бір жарық болсашы. Қасқыр жүрсе қайттік? Соны ойлағанда тұла бойым онан әрмен жаурағандай болды. Үйге қайтып баруға да дәтіміз жоқ. 
– Өлең айтып барсақ, қорықпаймыз, – деді інім. 
Даланы басымызға көтеріп ән айтып бардық. Әлгінде қонаққа келген үйіміз жатып қапты. Есігін әрең ашты.
– Өй, сенің әкең де… – деді есікті еріне ашқан көке. – Қорықпаңдар енді, аман жетіп алыңдар.
Қайтардағы әніміз әлгіндегіден зор болды ма деймін, қорқынышымыз да сейіле түскендей. 
…Содан кейін ешкімнің затын рұқсатсыз алмайтын болдым.

Ерлан ӘШІМ, кәсіпкер:

Естен кетпейтін екі әңгіме

– Шешей өте мінезді адам болды. Өзі он бала тапқан. Қазір біз айтып жүрген «менеджмент» дейтін қызметті шешем бір өзі атқаратын. Байқауымша, сол білік қазір көп кәсіпкерде, бизнесте жоқ. Басқару жүйесі, жүйе құру, кім нені қалай істейді – соның бәрін шешем басқаратын. Сүт тарту, бұзауға бару, ыдыс жуу, үй жинау сияқты жұмыстарды бөліп-бөліп алғанбыз. Он жерден ойын баласы болсақ та, өз қызметімізге үлгеретінбіз. Ол жұмысты балалықпен ұмытып кету, істемей қалу деген мүмкін емес болатын. Ешқашан қол көтермейтін, сөйте тұра, ісімізден жаңылмайтынбыз. 

15 жасымда үйдегілер мені Қарағандыға оқуға жіберді. Біздің үйде қалыптасқан, шешем бастап, әкем қолдаған үрдіс – бәрімізді 15 жасымызда қалаға оқуға жіберу. Білімді болсын деп болашағымызды ойлағаны ғой. Үйде төрт түлік мал болса да, бізді малшы болсын немесе тракторшы болсын деген жоқ. «Оқыңдар, білім алыңдар» деді. Шешемнің төрт-ақ сыныптық білімі болса да, есейе келе қолынан кітап түспеген. Небір журнал, кітап оқып отыратын. Оны көрген біз де кітап оқып өстік. Әлі күнге дейін ешқайсымыз қолымыздан кітап тастамаймыз. 

15 жасымда мені таңғалдырған бір жағдай болды. Қыркүйекте оқуға қалаға кетіп, желтоқсанның аяғында ауылға демалысқа келдім. Ол кезде қазіргідей емес, көп нәрсе тапшы. Мысалы, қазір үйде кез келген уақытта ет асып жей алатын болсақ, о заманда бәрі өлшеулі болатын. Сойылған соғымның көктемге дейін кімді шақырамыз, кімге не береміз, неше табақ тартамыз дегендейін есебі болатын. Солайша қонаққа арналып қана қазанға ет салынатын. Сөйтіп, ауылға келдім. Үйде әке-шешем, інім мен қарындасым бар. Қалған үлкендер қалада оқуда. Шешем ол кезде 55 жаста. Содан кешкі асқа алдымызға ет келді. Кішігірім табақ болса да, үйме ет. Жан-жағыма қараймын. Қонақ келе ме деген ой. Себебі, бала кезден соған үйренгенбіз. Шешем: «Ерлантай, еттен ал», – деді. Басқалай өбектеу жоқ. Оны өмірі көрмегенбіз. Қонақ күтіп отырғандай, бірқалыпты. Сонда менің миыма бір түсінік жетті. «Мынау маған берілген сигнал ғой. Алыстан үйге келдім, бірінші күн қонақпын. Мені есейді деп отыр ғой» деп ойладым. Кейін отыздан асқан кезде шешейден бір әңгіме естідім. Кешірім сұрағандай болғаны ма, әйтеуір былай деді: «Қайдан білейін, сендерге қатал болған шығармын. Бірақ қазақтың «балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген сөзі бар ғой», – деді. Соны айтқанда 70 жастан асқан кезі. Осы сөзді айтып отырғанда әлгі табақ ет есіме түсті. Бұл – бірінші сигнал.

Екінші бір әңгіме. 1998 жылы әке-шешемді Қарағандыға көшіріп алдым. Мен онда отыздамын, әпкем қырыққа кеп қалған. Екеуміз қызметтік көлікпен әке-шешем тұрған үйге келдік. Рөлде шопырымыз, бізден жастау. Содан шопыр көлікте қалды да, әпкем екеуміз ішке кіріп кеттік. Едел-жедел кіріп шығамыз деп ойлағанбыз. Бірақ ондайда шешем жібере ме?! «Ыстық тамақ дайын тұр, әкелеріңмен бірге ішіп алыңдар» деді. Сөйтіп жүргенде терезе жаққа көзі түсіп кетті де, көлікті, оның ішіндегі шопырды көрді. «Ойбай, бұ кім?» деді. «Жаңадан келген шопыр, Мырзабек қой» дедім. Әпкем жағдайды түсінді де: «Оған солай ыңғайлы. Қазір жұмысқа барып тамақтанады ғой», – деді. «Ол қалай, солай да бола ма?» деп шешемнің қабағы түйіліп, есікке қарай жүрді. Әпкем екеуміз ұшып тұрып, шешейден бұрын Мырзабекке жетіп барып, оны үйге сүйредік. Міне, шешем осылайша кісіге құрметті көрсетті.

Бейбіт САРЫБАЙ, жазушы:

Екілік баға және төрт тауық

– Шешем менің өмірбақи адвокатым болып өтті. Оның тарапынан ешқандай қатігездік, жазалау деген нәрсені көрген емеспін. Ол кісі мені мейірімділікке, қамқорлыққа тәрбиелепті. «Ұрлық қылма, жақсылық жаса, адал бол, кісі ақысын жеме» деген нәрселерді айтып отыратын. Ал әкем қаталдау. 

6-сыныпта оқитын кезім болса керек, бір күні әкем: «Күнделігіңді әкел», – деді. Тура сол күні бір «2», бір «3» алған едім. Бұдан бір күн бұрын үй тапсырмасын орындай алмайтындай жағдай боп қалды. Тауға шығып, әбден сырғанақ тепкенбіз ғой. Содан сабаққа дайындықсыз барғам. Түскі астың кезі еді, күнделігімді әкемнің қолына ұстатып, дастарқанға бас қоя бердім. Келесі бір кесені сіміре бергенім сол еді, бетіме тиген шапалақтан есеңгіреп қалдым. Кесе ұшып кетті. «Мынау не сұмдық?!» деді. Сондағы айтқан сөзі әлі есімнен кетпейді. «Адам әншейін тірі жүргені үшін ас ішпеу керек. Тірі жүру үшін ас ішу керек. Демек, сен тамақ ішкен кезде соныңды ақтауың керек. Сен қазір қызмет істейтін, ақша табатын жаста емессің. Сенің қызметің – сабақ оқу. Сен кеше мектепке сабағыңды оқымай бардың ба, онда кешегі ішкен асың – арам. Бұлай болмайды. Ештеңе тындырмай, «2» алып келіп, қалай тамақ ішіп отырсың?», – деді. Содан соң: «Бүгін түс қайта үй тапсырмасын орындамасаң, кешкі тамақты ішпе. Сабаққа дайындалған соң ғана ішесің», – деді. 

Екінші бір оқиға. Қабаған итіміз болды. Тауыққа тыным бермейтін еді. Тауықты қамап барып қана ол итті байлаудан босататынбыз. Ал тауықты шығарарда итті байлау керек. Бір күні ертеңгісін ит байланбай қап, төрт тауығымызды бірдей жеп қойыпты. Жегенде қалай, тамақтан алып тастай берген ғой. Ерлік деген арамызда үй жоқ көршім әрі досым болған, сол: «Төрт тауықты орнына қояйық», – деді. «Қалай?» деймін. «Ауылда не көп, тауық көп қой. Көшеден ұрлап әкелейік» деді. Содан көшеде тауық қуалап жүргенімізде әкем бізді байқап қалды. «Не істеп жүрсіңдер?» деді. Ерлік «тауықты орнына қояйық деп едік» деп айтып қойды. Сонда әкем: «Бір қылмысты бір қылмыспен жабушы болма. Бірдеңе бүлдірдің бе, оның жазасын алып тыныштал. Ал бір қылмысты бір қылмыспен жабам десең, батпаққа батасың. Ал батпаққа батсаң, шығуға талпын. Бір батпақты бір батпақпен жабам десең, одан шыға алмайсың, бата бересің», – деді.

Азамат Әбілқайыр, тележүргізуші:

Ішкі мәдениеті жоғары адам ластамайды

– Әкем аңшылықты кәсіп қылған адам. Атам да сонау аштық жылдары да аң-құсты талғажау етіпті. Қажеттіліктен. Бала кезім. Бір күні әдеттегідей табиғат аясына шықтық. Суға түстік, балық ауладық, инелік қуып ойнадық. Кешкілік діңкеміз құрып, әбден шаршадық. Қайтар кезде қоқысты жинауды қаперімізге де алмаппыз. Әкем бас болып қапқа салдық. Тазаладық. Тіпті бізге шейін шашылған құты, қағаздарды да ала кеттік. 
– Қоқысты жинайтын адамдар бар ғой, неге жинадық біз? Міндеттері емес пе, жинасын. Бізге дейін де басқалар шашып кеткен. Өзге адамдар істеп жатыр. Полиция ұстап жатқан жоқ, – дедім көлік ішінде.
Әкем бетіме үңіліп қарады да: 
– Менің не анаңның қоқыс шашқанын көрдің бе? – деді.
– Жоқ. 
– Үйдегі сары мысығыңның үйді шашқанын, жатқан жерін ластағанын көрдің бе?
– Жоқ. Үнемі пыр-пыр етіп жаланып отырады ғой. 
– Құттыаяғыңның үйшігін ластағанын, әр жерді бір бүлдіргенін көрдің бе? 
– Жоқ.
– Адамдар көбіне тірі жанды, мақұлықты өлтіруге болмайды, обалы бар деп жиі айтады, – деп әңгімесін жалғастырды. – Бірақ шөптің де, талдың да, тіпті судың да жаны бар. Иә, «Табиғатқа қоқысты шашпаңдар» дегенді тыңдай қоймас. Осы 70 жас ғұмырымда түйгенім осы. Алайда Жаратушы олардың да ақысын берген. Адам бәріне әлім келеді екен деп басынбауға тиіс. Себепсіз жұлуға, таптауға, сындыруға, төгуге болмайды. Егер сен солай істесең, бұлардың өкпесін, ренішін Құдай алып береді. Өйткені ол өзі жаратқан әлемін бүлдіргенін қаламайды. Өткенде сенің жейдеңді апаң бүлдіріп алғанда қалай ренжідің, есіңде ме? Табиғат та солай.  Менің анау-мынау ауруға берік болғаным осы табиғаттың арқасы. Қоршаған ортаның қадірін білсең жаман болмайсың. Ішкі мәдениеті жоғары адамдар ғана табиғатты бағалайды, – деп әкем сөзін түйіндеді. 
Содан бері табиғатта, тіпті қала ішінде де көшеге қоқыс тастамаппын.

Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ, актер:

Біздің «гугл» әкем еді

– Біз әкемізден көбінесе кітап оқуды үйрендік. Қазіргі балаларда «гугл» болса, біздің «гуглымыз» әкеміз болатын. Бір күні досымыз екеуміз география пәнінен олимпиадаға дайындалып отыр едік, «әй, немене, кітап оқып қапсыңдар ғой» деді әкем. Жайымызды айтып едік, «географиядан олимпиадаға бару үшін жердің көлемін білу керек шығар» деді. Шыны керек, жоғары сыныпта жердің көлемін ұмытып қаппыз. Не айтарымызды білмей қалдық. «510 миллион шаршы шақырым» деді сосын. Інілердің бірінің кітабын алып қарасақ, шынында да сондай екен. 

Әкемнен өнеге болатындай көп оқиға болды. Ең негізгісі – қандай жағдай болса да көршімен тату болуды көрсетіп кетті. Әкем басшылық қызметте болғаннан кейін көшіп-қонып жүруіміз көп болды. Сол жердің бәрінде бірде-бір көршімен кикілжіңге келіп, бет көріспей кеткен кезіміз болмады. Бірде ауылдағы үйге ұзын темір құбыр керек болды. Ол қат еді, жақын жерден табылмайтын. Соны Алматыға тапсырыс беріп, бір туысымыз арқылы алдырттық. Кейін соны бір көршіміз ұрлап, бір іске жаратып, оны екінші бір көршімізге сатып жіберіпті. Соны әкем көріп-біліп тұрып үндемеді. Балалығымыз ғой, «әке, анау біздікі ғой, өзімізге керек қой, алмаймыз ба?» дедік. Сонда әкем: «Тыныш, қайыры болар. Бір кесек темір үшін адамдықтан аттап кетпейік», – деді. Кейін көршіміз соны түсініп, көпке дейін ыңғайсызданып жүргенін байқадық.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2023

170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы