• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Мамыр, 2023

Қазаққа қара жердің қазынасын сыйлаған

Журналымыздың сәуір айындағы нөмірінде «Бетпақдала бақ далаға айнала ма?» атты мақала жарық көрді. Мен осы мақалада Бетпақдалаға қатысы бар бір есімді бүгіп қалдым. Себебі, оны айтар болсам, әңгіме ұзаққа кетер еді. Сол ұзақ әңгімені бүгін айтпақпын. Кейіпкерімнің есімі – Дубек Дүйсенбеков.

Бұл кісі Бетпақдаланы 35 жыл кезіпті. Бетпақдаланың көлемі өте үлкен, соны ары да бері кезгенін көз алдыңызға елестете алсаңыз, оның еңбегін де шамалай алғаныңыз. Дубек ақсақал 35 жыл ішінде бір Бетпақтың өзінен 100-ге жуық кен орнын анықтаған. Оның бәрінде де алтын бар деп көрсеткен. Алғаш тапқаны және бүгінге дейін алтын өндіріп жатқаны – Ақбақай кен орны. Ақбақай бүгінде «Алтыналмас» акционерлік қоғамына қарайды. Ашылғанына биыл 55 жыл болатын кен орны әлі де қазынасын беріп келеді. Компанияның биылғы есебінде жылына 1308 келі алтын өндіреді деп көрсеткен. Бұл – Дубек Дүйсенбеков тапқан 100 кеніштің бірі ғана. Дубек ақсақал 2012 жылы өмірден өтті. 60 жыл отасқан өмірлік жары Қантай апай қазір 88 жаста. Апайдың үйіне барып, ұзақ әңгімелестік. 90-ды алқымдап қалса да, әжейдің жады мықты, сөзі мығым.

Қантай әже, Дубек Дүйсенбековтің жары:

Кеңес өкіметі Дүкеңнің есімін құпия ұстады

– Геологияның геолог-барлаушы деген саласы бар. Геологияның қара жұмысы. Атаң – соны істеп жүріп, басшылыққа ұмтылмаған, ешкімнің артынан жүгірмеген адам. 35 жыл бойы Бетпақдаланы шарлады, сол жерден кеткісі келмеді, соның фанаты болды. Бүкіл махаббатын соған арнады деуге болады. Кезінде бірге оқыған жігіттері «жоғары жақта бос орын бар, соған тырысып көрейік» дегенде, бұл кісі: «Мен байлаулы бұзау болғым келмейді», – деген еді. Барлау жұмысын ғана қалады. Алтыбай деген шопыры болды. Кейін сол жігіт біраз әңгіме айтып берді. «Ағаның жұмысы маған рақат болды. Бірақ бір жаманы – ол кісі таңғы бесте оянады. Шайын ішкен соң 6.00-де баратын жерге апаруына міндетті болдым» дейтін.

Барлаушының жұмысы өте қиын еді. Бір шаршы метр жерді бәленбай күн зерттейтін. Бұл кісінің өзі де асықпайтын. Бір қарап кеткен жерін қайта барып қарайтын. Көп сөйлемейтін. Мен сияқты көп сөйлейтін адамды жақтырмайтын. Арқасында ауыр компасы, қолында геологиялық планшеті, жарты литрлік темір құтысы, сосын қарындашы мен қағазы жүретін. Ол заттарының бәрі Мойынқұмда мұражайда тұр. 

«Ақбақай», «Кенжем», «Ақсақал, «Бескемпір», «Думан-Шуақ» кен орындарынан алтын өндіріліп жатыр. «Ақбақай» секілді бірегей кеніш дүниежүзінде екеу-ақ екен. Бірі «Ақбақай» болса, екіншісі – Оңтүстік Африкада. Витватерсранд деген кен орнын ағылшындар үш жүз жыл бұрын ашып, әлі күнге дейін үңгіп жатыр. «Алтыналмас» компаниясы қызметкерлерін бұдан 2-3 жыл бұрын соған апарып, тәжірибе алмасыпты. «Ақбақайға» барғанымда, соған барып келген жігіттер әңгімесін айтып берді. 5000 метр тереңдікте шахтерлер жұмыс істейді, 2 сағаттан артық шыдай алмайды екен. Себебі, 50 градус шамасында ыстық дейді. Міне, соған қарамастан алтын өндіріп жатыр. Дүкең «Ақбақайда қазаққа 5-6 ғасырға жететін алтын бар. Бетпақдаланың асты – тұнып тұрған алтын. Мен соның бір пайызын ғана ашқан шығармын. Қалғаны болашақ геологтардың үлесінде» дейтін. 

Серік Көбеев деген Дүкеңнің көзін көрген маман бар. Сол екеуміз «Дүкеңнің барлау тәсілін, жұмыс әдісін бүгінгі жас мамандарға жеткізейік» деп, Тау-кен институтының Геология факультетінің деканына хат жазғанбыз. «Дүкеңнің көзін көрген азаматтар бар. Солар Дүкеңнің жұмыс тәсілі жөнінде студенттерге дәріс оқысын. Оның бәрі болашақ геологтарға керек» деп едік, бірақ факультеттен ешқандай дыбыс шықпады. Баяғыда жастау кезде Дүкеңмен бірге Ақбақайға баратынмын. Сонда аспиранттар Дүкеңнің жұмысына қатысты зерттеу жүргізетін. Ал қазір Дүкеңнің көзін көрген, жұмыс тәсілін білетін Аңсар Дурсунов секілді бірен-саран адам ғана қалды.

Жүзге тарта кен орнын тапқан геолог жер жүзінде жоқ екен. Оның 10-ы – үлкен кен орны. Алтыны бар жер адамның тамыры секілді тамырланып жатады екен. «Ақбақайдың ерекшелігі – жер астына түссең алтыны жалтырап көзге көрінеді. Ал басқа орындарда көрінбейді» дейтін Дүкең. Кеңес өкіметі Ақбақайдың атын атамады. Дүкеңнің де есімін құпия ұстады. Оның соңында қайда барса КГБ жүрді. Геологтар «керемет кен орынымыз бар» деп өзара мақтанып жүрді. Ал Ақбақайдың ашылғанын «Америка дауысы» радиосы дүниежүзіне хабарлап жіберді. Дүкеңнің Ақбақайды тапқандағы есебі «Южказгеологияның» бірінші бөлімшесінде сақтаулы болатын. Бірақ ол уақытта бөлімше аса құпия болатын, ешкімнің қолы жете бермейтін. Ақбақайдың бірінші есебін ұрлап алған адамның аты-жөнін білемін. Оның бәрін Дүкеңнен естідім. Сол есепті сөзбе-сөз көшіріп, өз атынан жариялап, докторлық диссертация қорғамақ болған. Себебі, ондай қорғау құпия түрде жүретін. Міне, осындай да адамдар болды. «Ақбақайға» көп адам автор болғысы келді.

Еңбегінің бәрі жердің астында. Сондықтан да еленбей кетті. Таудай еңбегін тарыдай болса да бағалаған жоқ. Ақбақайды ашқан соң «қалтама 15 грам алтын салсам, 15 жылға сотталайын» деп келісім беріп, қолхат жазған. Классик ақын Олжас Сүлейменовтің «Айқын» газетіне берген сұқбатында мынадай сөз бар: «Австралиялық инвесторлар кезінде Ақбақайда ашқан зауыттарына Дубек деген ат беріп, «Зауыт Ақбақай алтын кенішін ашқан Дубек Дүйсенбековтің құрметіне аталды» деген қола тақтайшаны іліп қойды. Біз, геологтар клубының мүшелері, әріптесіміз Дубек Дүйсенбековтің есімін мәңгілік есте қалдырудың австралиялықтардан кем түспейтіндей формасын тауып, жүзеге асыруды ұсынамыз» деген болатын. Бірақ Дүкеңнің атына әлі бірде-бір көше, мектептің аты берілмей келеді.

Міне, Қантай апайдың өкініші осы. Шетелдіктер бағалағанды өзіміз керек қылмай отырмыз дейді. 60 жыл бірге ғұмыр кешкен ерінің еңбегін күйіне отырып баяндап берді. Әңгіменің бастауында ентігіп, шаршап қалып отырған әжеміз шамалыдан соң шабытқа мінгендей, қыза әңгімелеп кетті. «Шалым туралы айтқанда өстемін. Еңбегі бағаланбай жатса, қалай тыныш отырайын?» деді әңгіме соңында. Ал Дубек Дүйсенбеков туралы БАҚ-та жиі қалам тербеген журналист – Алма Мұхамеджанова. «Ашылмай кеткен аралды» елге таныту үшін бірнеше мақала жазған. Алма апай да бүгінде зейнетте. Дубек ақсақалмен көзі тірісінде үш рет жолығып, әңгімелескен екен.

Алма МҰХАМЕДЖАНОВА, журналист:

«Алтынның иісін біледі»

– Дубек ағаны 1998-99 жылдардан бастап білемін. Мен онда «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтінмін, атамыз бір күні редакцияға келді. Түрі сұсты, қасы қалың, көп сөйлемейтін адам екен. Бірақ сонда іштегі біраз сырын айтқысы келгенін байқадым. Себебі, оған дейін көрмеген құқайы жоқ екен. Мемлекеттік сыйлық иегері бола тұра көп тосқауыл көрген. Сонда «Ақбақайды» қалай тапқаны жөнінде айтып берді. 45 жыл ғұмырын геология саласына арнаса, соның 35 жылын Бетпақдаланы зерттеуге жұмсапты. Барып көргенмін, Бетпақдала – әбден қураған, жазды күні ұшқан құстың қанаты күйетіндей, қыста қақаған аязды жер. 1960 жылдары Мәскеуден барлаушылар үш рет келіп, бірақ түк таппай, «эрозияға ұшыраған жер, астында түк жоқ» деп кері қайтып кеткен. Алайда Дубек аға қасына 5-6 адам алып, ары қарай зерттей берген. Солайша кеніштерді бірінен кейін бірін тапқан. Онымен жұмыс істеген әріптестері «бұл кісі алтынның иісін біледі» дейді екен. Алтын бар жерде қандай өсімдік, қандай аң болатынын білген. Тапқан кен орындарының бәріне халық әндерінің атын қойған. «Ақбақай», «Бурылтай», «Қаракесек», «Қараторғайым», «Ақмаңдайлым» деп картаға түсірген. Өзі де әнді керемет айтатын болған.

Бұл кісінің аты неге шықпады, неге насихатталмады дегенде, алтын шыққан жердің бәрін ол кезде құпия ұстаған. КГБ ғана білген. Ақбақайды тапқан соң Мәскеуге барып бекітер кезде, бұрын түк таппай қайтып кеткен геологтар бұл кісіге жабыла кетіпті. «Біз де зерттедік. Біздің де атымызды қосасың» деген. Содан Дубек ағаның есімі тізімде алтыншы боп жазылып кеткен. 1995 жылы австралиялықтар Ақбақайдан зауыт ашты. Солар осы жердің тарихын білген соң, зауытқа Дубек ағаның есімін берген. Кейін жергілікті байшыкештер оны тартып алды. 2015 жылы Қантай апаймен бірге Мойынқұмға бардық. Сонда австралиялықтар ашқан зауыттың қирап жатқанын көрдік. Ал «Дубек Дүйсенбеков атындағы зауыт» деген тақтайдың жерде жатқанын көрдік. Керек қылмай лақтырып тастапты. Осындай әділетсіздіктер көп. 

Аға геология саласынан диссертация қорғаймын дегенде, Қаныш Сәтбаев: «Сен жердің астындағыны жақсы білесің. Экспедициямен айналыс», – деген екен. Дубек ағамен әңгімелескенімде, ол кісі сол кезеңді былай деп еске алды: «Институтты бітірген соң геологиялық партияда жұмыс істеп жүріп, 1956 жылы өмірімдегі бірінші ашқан кенішім – бетонитті саз болды. Саздың кішкене бөлігін Алматыға алып келіп, ұстазым академик Иван Бокқа көрсеттім. Ол кісі оны ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевқа көрсетіпті. Ол кісіге саздың үлгісі ұнағаны соншалық, соны тапқан белгісіз геологпен кездескісі келетінін айтқан. Мен барғанымда, академиктің кабинетінде көптеген белгілі ғалымдар отырды. Қаныш аға екеуміз бір сағаттай әңгімелестік. Андреев бетонитті саз кеніші осылай ашылды». Кейін жаңағы партия жабылған соң, Қаныш аға бұл кісіге «ұстаз болма, дала кез» деп Бетпақдалаға жіберген екен.

Қантай әже айтқандай, Дубек ақсақалдың көзін көрген, жұмыс тәсілі туралы айтатын кісілердің көбі өмірден өтіп кеткен. Қолда бар негізгі құнды мәлімет – ақсақал қалдырған карталар. Дубек асқақалдың мұрагері Ақжан қазір атасы ашқан кен орнында жұмыс істейді. Бүгінде алтын шыққан жерді бес жүз метр тереңдікте қазып тастаған компанияның Дубек Дүйсенбеков есімін қаншалықты насихаттайтынын сұрадық.

Ақжан ДҮЙСЕНБЕКОВ, Дубек Дүйсенбековтің немересі:

Өмір бойы карта сызумен өтті

– Мойынқұм ауданының мұражайында атама арналған бұрыш бар. Атам туралы ақпараттар, қолданған заттары қойылған. Ақбақай кенішінде Ақбақай ауылының азаматтары жұмыс істейді. Ақбақай ашылғалы екінші, үшінші буын өкілдері істеп жатыр. Атамды ол жақта көп адам біледі екен. Әсіресе үлкендер жақсы біледі. Тіпті атам туралы небір аңыздар бар екен. Мен компанияда бөлім басшысы болып жұмыс істеймін. Бірақ жұмыстағылардың көбі атаның немересі екенімді біле бермейді. Өзім де айта бермеймін. Компания тарапынан атамның аты мен еңбегін насихаттауға қатысты істеген шараларын байқамадым. Компания мемлекеттің қарауында емес, жекеменшік. 

Атам жасап кеткен карталар бар. Бірақ ол кісі оны жалпылама жасаған. Ол карталар мұражайда да бар. Өмірінің соңына дейін карта сызумен өтті. Үйге қонаққа атаммен істес болған әріптестері, геологтар жиі келетін. Ұзақ-ұзақ әңгімелесетін. Ол кісілер кеткен соң атам қайтадан картасына шұқшиятын. Жаңағы кісілердің әңгімесін сүзгіден өткізіп отыратын. Атамды мақтан тұтамын. Атам қайтқанда мен бозбала едім, көп дүниеге баса мән бермейтінмін. Ал қазір атамның көзі тірі болса, басқаша әңгімелесер едім. Себебі, қазір менде білім бар, тәжірибе бар. Атамнан көп нәрсе үйренер едім.

Дубек Дүйсенбековтің көзін көрген геолог Сәкен Көбеевке хабарласқанымда, ол кісі: «Дубек Дүйсенбеков – ұлы геолог. Басқа не айтуға болады?! Мен ол кісімен бірге қызмет істемедім, жұмыс тәсілін біле бермеймін. Бірақ оның есімі ұлықталуға тиіс» деді. Бір Ақбақайдың қоры бес жүз жылға жетсе, қалған 99 кен орнының байлығын есептей беріңіз. Осының бәрін тапқан тұлғаның есімін ардақтауға енді не кедергі?

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2023

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы