• Ата-ана бұрышы
  • 11 Маусым, 2023

Балаңыз үлгілі ме, «ыңғайлы» ма?

Кез келген сыныптың беделді оқушысы бар. Өзі білімді, өзі өнерлі, өзі бүкіл сыныпқа сыйлы. Ол не айтса да – заң. Айтқанын бұлжытпай орындауға тырысамыз. Себебі, ол мұғалімдерге де сыйлы. Тіпті кейбіріміз сол сияқты болуға тырысамыз, өзімізге үлгі қыламыз. Үйде де, мектепте де бітіп болмайтын шаруа мен сабаққа қалайша бірдей үлгеріп, тиянақты қылатынына таңбыз. Біз де сол сияқты болғымыз келеді. Ал ондай бала қайдан шығады?!

Ең үлкен рөл – отбасындағы қарым-қатынас

Осы тақырыпты ортаға салып, психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарманмен аз-кем әңгімелестік.

– Баланы өз замандастарына үлгілі ғып өсірудің қалыптасқан ережесі бар ма?

– Баланы үлгілі етіп тәрбиелеудің жолы көп, соның бірі – балаңызға өз әрекеттеріңіз арқылы үлгі болу. Мысалы, темекі шегетін әке баласына темекі шегуге болмайтыны туралы қанша айтса да пайда жоқ. Сондайақ балаға ұялы телефонды ұстауға рұқсат етпейтін ата-ананың қолынан күні-түні ұялы телефон түспесе – оның баласына несі үлгі? Екіншіден, балаңыздың дұрыс шешімі, дұрыс әрекеті үшін қолдап-қолпаштап қойыңыз. Мысалы, ойыншығын өз орнына жинап қойса, «ойыншығыңды орнына жинап қойғаныңа қатты қуанып қалдым» деп сезіміңізді сөзбен жеткізіңіз немесе қонаққа барғанда, қонақ келгенде балаңыз сізге қалай қолғанат болғанын айтып мақтап қойыңыз. Үшіншіден, үлгілі бала мен ыңғайлы бала етіп тәрбиелеуді шатастырып алмаңыз. Балаңызға үнемі таңдау мүмкіндігін беріңіз. Қарапайым мысал, таңертең тұрғанда: «Ұлым/қызым, жұмыртқа пісіріп берейін бе, әлде ботқа жегің келе ме?» – деп сұрап, балаңыздың қалаған тағамын пісіріп беріңіз. Бұл болашақта балаңыз таңдау мүмкіндігін дұрыс пайдалануға үйретеді. Жалпы, баласын неше түрлі үйірмелерге апарып, бос уақыт қалдырмайтын ата-аналар болады. Бала бала болып ойнауы керек. Оның әр күнін қатаң жоспарлап, қалыпқа салып қойғаннан гөрі, онымен эмоциялық байланыс орнатып, әртүрлі жағдайда қандай сезімде екенін сұрауыңыз керек. Себебі, жан мен сезім тығыз байланысты, сезімдерін ажырата алған бала ересек өмірінде соның негізінде дұрыс шешім қабылдай алады. Мысалы, «мына досымның жанында мен өзімді кем санаймын, ол мені көп келеке етеді. Оның қасында мен көңілсіз сезімге бөленем. Ал мына досым мен сияқты армандайды, алдына мақсат қояды. Оның қасында бойымды шабыт билейді. Демек мен екінші досыммен жақынырақ араласуым керек» деген сияқты бойын билеген сезімге қарай шешім қабылдайды.

Қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан балалардың басым бөлігінде бәрі бар: үй де, киім де, тамақ та, ақша да, бірақ ата-аналары жұмысбасты, сол себепті араларында эмоциялық байланыс жоқ. Сондықтан бала күйзеліске түсіп кетеді. Оның алдын алу үшін қанша жұмысбасты болсаңыз да, балаға күніне жарты сағат болсын сапалы уақыт бөліп, әңгімелесіп, сезімдерін сұрап отыру керек.

– Көпшілікке құрмет көрсете алатын, үлгілі боп өсуге әке-шешенің тәрбиесінен бөлек қандай факторлар (өнер, спорт, тағы басқа) әсер етеді?

– Баланың қандай адам болып өсуіне әсер ететін факторлар көп: отбасы, қоршаған ортасы, айналысатын сүйікті ісі деп жалғасып кете береді. Осының ішінде ең үлкен рөл ойнайтыны – отбасындағы қарым-қатынас. «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Арманы, мақсаты айқын, эмоциялық жағдайы тұрақты ата-ана баласы оқитын мектепті де дұрыс таңдайды. Ол жердегі ортасы, достары дұрыс бағыттағы бала өзі де дұрыс жолда болады. Әр ата-ана баласын дұрыс ортада өсуіне ықпал етуге міндетті. Дегенмен балалық шағы бақытсыз, қайғылы оқиғаларға толы болса да ересек өмірінде қиындықтарды жеңіп, бақытты ғұмыр кешетін адамдар бар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ондай балалардың балалық шағы қандай бақытсыз болса да, айналасында арқа сүйейтін, іштегі сырын жасырмай айта алатын бір адам болған екен. Қандай жағдайда да балаңызға демеу бола алатын адам өзіңіз болуға тырысыңыз.

– Тәрбие мәселесінде «өзіңдей жұрттың баласын қарашы» дегенді жиі естиміз ғой. Өз балаңды «жұрттың баласымен» салыстыру дұрыс па?

– Өзін жұрттың баласымен салыстырып өскен бала ересек өмірінде өзіне көңіл толмаушылық сезіммен жүретін адамға айналады. Өмірде мінсіз дүние, мінсіз адам болмайды, ал өзін өзгемен салыстырып өскен бала сол мінсіздікке ұмтылып, ешбір ісіне көңілі толмай жүреді. Әр баланың өз ерекшелігі бар, әр бала дарынды, сол қасиетке баса назар аударып, артықшылығын айтып, қолдау керек.

Тәртіпке салудың да жөні бар

Маман пікірі осындай. «Қазақтың әр мақалы психоанализ ғой. Әлемге үлгі деп жапон халқын айтып жатамыз. Ал олардың ұстанымы біздің ұлтпен сәйкес. Жапондар баланы бес жасқа дейін бетінен қақпай өсіреді екен. «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт» деген бізде де бар» дейді Зарина ханым. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» дегендей, баланы түзу жолда ұстаудың алғышарттарының бірі – тәртіп. Алайда оның да реті бар екен.

Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесі жөнінде бірнеше кітап жазған америкалық Гәри Чәмпән мен Росс Кемпбелдің бірлесе жазған «Бала тілін табудың 5 тәсілі» атты кітабы бар. Әлемге 1,5 миллион данасы таралған кітап былтыр қазақшаға аударылып, оқырманға жол тартты. Сол кітапта баланы тәртіпке үйретудің қыр-сырын айта келіп, мынадай пікірді ұсынады:

– Жақсы көру сезімі сияқты, тәртіп те басқалардың мүддесіне бағытталған. Демек, тәртіп – жақсы көру тәсілдерінің бірі. Бала ата-анасының өзін жақсы көретінін қаншалықты сезсе, оны жөнге салу да соншалықты жеңіл болмақ. Себебі, бала тапсырманы ренжімей, қасарыспай, обструктивті және пассивті-агрессивті мінезқұлық көрсетпей қабылдауы үшін ол ата-анасына ұқсауға тырысуы керек. Яғни баланы тәртіпке шақырмас бұрын біз оның махаббат сандығын толтырып алуға тиіспіз. Әйтпеген жағдайда ол ата-анасының әр өтінішін немесе тапсырмасын мәжбүрлеу деп қабылдап, оларға қарсы шыға бастайды. Соңында бала ата-анасының өтінішін ренішпен қабылдайтыны соншалық – нәтижесінде ол ата-анасының жалпы талап-тілегін мүлде басқаша орындайтын болады.

Балаға қатысты кез келген мәселе ата-анаға барып тіреледі. Оны мойындағысы келмейтін ата-ана көп болса да, айта беруге мәжбүрміз. Енді балаңызға тағы бір назар аударып қойыңызшы, қалай өсіп келе жатыр?

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2023

186 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы