• Ата-ана бұрышы
  • 19 Маусым, 2023

Әсел ЖАРАСҚАЛИҚЫЗЫ, каржыгер: Бала 18-ге толғанша, қаржылық сауаты қалыптасу керек

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар айында Қазақстанда 6 миллион адамның несиесі бар болған. 6 миллион оңай цифр емес. Несие алуға түрлі себеп бар. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 29,4% өсіп, 13,9 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде тұтыну несиелерінің көлемі 24,1% өсіп, 7,6 трлн теңге болған. Микроқаржы ұйымдары берген шағын несиелер көлемі 42,7% өсіп, 979 млрд теңгеге жеткен. 

Байқасақ, тек қарыз алу өсіп отырған. Аса мұқтаж болып, несие алғаннан бөлек, банктерге бейберекет қарыз бола беретіндер де бар. Мәселенің бір ұшы қаржылық сауаттылыққа келіп тірелетіні анық. «Егер қаржылық сауатты болса, несиеге жоламас еді» дейді Қаржылық сауаттылық бойынша кеңесші Әсел Жарасқалиқызы. Қарыз болмас үшін не істеу керек және балаларға қаржылық сауаттылық тәрбиесін қалай үйреткен жөн? Маманға сұрақтарымызды жолдадық.

– Бүгінде несиесі жоқ адам кемде-кем. Несие алуға түрлі себеп те жоқ емес. Алайда, бұл жерде қаржылық сауаттылық та рөл ойнайды. Несие алатын адамның қаржылық сауаты қаншалықты?

– Қаржылық сауаттылықты әр адамның жас ерекшелігіне қатысты түсіндіруге тырысамын. Егер біз балаларға жалпы қаржылық сауаттылықтың не екенін түсіндіргіміз келсе, мектептен оқытуымыз керек. Кеше түске дейін Алматыдағы Экономика колледжінің қазақ тобына, түстен кейін орыс тобына сабақ өткіздім. Бір аудиторияда 15-17 жас арасындағы балалар отырды. Жалпы кез келген колледждің студенттері қаржы, несие, маркетинг, бухгалтер және аудит деген сабақтар өтеді, бірақ қаржылық сауаттылық туралы нақты айтылмайды. Бұл қаржылық сауаттылық туралы білімнің жүйесі жоқ екенін білдіріп тұрғандай... Қаржылық сауаттылық дегеніміз қолға түскен ақшаны дұрыс басқару. Егер қарызың көп болса, несие жабудан баста деп үлкендерге кеңес берер едім. Ал егер жасөспірімдерге қаржылық сауаттылық туралы кеңесімді отбасылық бюджеттен бастаймын. 

Несиенің ақылды және ақылсыз деген түрлері бар. Ақылсыз несиеде ой-өрісіміз бен қалтамыз жетпеген дүниелерді аламыз. Бұл болашақтағы табысымызға қол сұғу. Өйткені, ол ақшаны әлі тапқан жоқсың. Несие алар кезде қарызға алып жатырмын деп ойламау керек, болашақта табатын табысыма қол сұғып отырмын деп ойлау керек. Неге десеңіздер, кез келген несиенің қайтарымы бар. Ересек адамдарға қаржылық сауаттылық кеңес берген кезде несиесі бар болса, ақшаның басы құралмайтынын айтамын. Халықтың тоқсан пайызы айлықтан айлыққа өмір сүретіні жасырын емес. Тіпті 80 пайызында үш немесе одан да көп несиесі бар деуге болады. Кеше кешкілікте бизнесмен кеңес алуға келді. Басында он несиесі бар екен. «Не істесем болады?» дейді. Сонда отырып барлық несиесін талдадық. Егер адам үй аламын деп банкке үйдің ақшасының жартысын жинап, қалғанын аз пайызбен несиеге алатын болса, мұны ақылды несие деп есептеймін. Ал егер үйге құямын деп бастапқы 10-15 пайызын (алғашқы жарна)  тұтынушылық қымбат несиеге алатын болса, бұл ақылсыз несие дер едім. Несиенің тағы бір түрі – бөліп төлеу. Біздің халықта несие төлеу мәдениеті бар, бірақ ақша жинау мәдениеті жоқ. Ақша жинау мәдениеті дегеніміз – өзіңе ақша төлеу деген сөз. Қалталы адамның негізгі қасиетінің бірі өзіне-өзі ақша төлеу. Өзінің еңбегін бағалай отырып, ертеңгі күнге ақша қалдыру, жинау, сақтау, көбейту. 

– Отбасылық бюджет туралы балаларға қалай түсіндіресіз?

– Отбасылық бюджет туралы балалар бәрін білгені абзал. Үйге қанша табыс келіп жатыр, оның қаншасы шығынға кетті? Осы сұраққа әрқайсысы жауап іздеуі керек. Кез келген отбасы – модель. Әкесі мен шешесі үнемі қарызға батып, несиесін төлей алмай жүрсе, болашақта бұл жағдай баласының басында қайталануы мүмкін. Бұл балаға «темекі шекпе» деп айтып алып, өзі темекі шеккенмен бірдей. Ата-ана қаржылық сауат туралы баласына айту үшін ең алдымен өзі сауатты болғаны жөн. Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміз отбасылық бюджеттен басталады.  Отбасылық бюджет дегеніміз – қаржылық ортақ мақсат құра білу. Бүгін қайдамыз, ертең қайда барамыз? Алдағы 3 жылда өмірімізде не болады? Бұл мақсатқа отбасындағы барлық адам қатысу керек. Осылай дегенімізбен, ақшаға баланың қатысы жоқ сияқты, ештеңеге араластырмайтынымыз тағы бар. Өйткені «мен көрген қиындықты балам көрмесін» деген қағидамыз бар. Бала үйде қандай проблема болып жатқанын білмейді. Ақша жетпей, есеп шоттар жабылып, ата-анасы бір-бірімен ұрысқан кезде бала түсінбей, басы қатады. Оның үстіне қазіргі балалар бұрынғы бізге қарағанда әлдеқайда саналы. Олардың ақпаратты қабылдау қабілеті жоғары. Сондықтан мектепке барғаннан бастап, ақша туралы айту керек. Егер 500 теңге берген болсаңыз, оны қайда жұмсағанын сұраңыз. Арасында ақшасын жинап, бір нәрсе сатып алуды үйрену керек екенін айтыңыз.

Бала 18 жасқа толған соң, банктен хат келеді. Мысалы, «Айнұр, туған күнің құтты болсын! Банк саған 150 мың теңге несие беруге шешім қабылдады» деген мәтінмен... Бұл 18 жасқа толған күннен бастап несие алуға үйрету. Ең дұрысы бала 18 жасқа толғанша қаржылық сауатын қалыптастыру. Отбасылық бюджеті жоқ, қаржылық сауаты да жоқ адам бірден несиеге ұрынады. Отбасындағы жанжал осы жерден басталады... Қаржылық сауаттылық дегеніміз күнделікті қаржыға байланысты қабылдайтын шешіміміз. Осыны естен шығармайық. 

– Баламыз біздің қанша айлық алатынымызды сұрайды. Менің айтқым келмей, жасырамын. Дүкенге барған кезде «мама, қалтаңда қанша ақша тұр?» деп сұрайды. Сонда «кімнің қалтасында қанша ақша тұрғаны сені неге қызықтырады?» деймін. Бұлай істегеніміз қаншалықты дұрыс? 

– Балаңыздың бұл сұрағына қуануыңыз керек. Менің 3 ұлым бар. Олар да менің қанша табыс табатынымды, қанша несие төлейтінімді сұрайды. Шамалап айтамын. Егер өтірік айтсам, баланың есебі шықпай қалады. Мысалы, «мамам 100 мың теңге алса, оның 50 мыңын несие жабады, 30 мыңына тамақ алса, 20 мыңына жанұямызға бірдеңе алуымыз болады екен ғой» деп ойлайды. Бала осылайша ақшаны есептеп үйренеді. Әрине, табысыңыз туралы айтқан кезде, оны ешкімге айтпай, құпия ұстау керек екенін ескертіңіз. «Отбасылық құпиямыз» деп қойсаңыз, олар бірден түсінеді. Отбасылық бюджетті жоспарламау – ескексіз қайықпен бірдей. 

– Арамызда қаржылық пирамиданың торына түсіп қалып жатқандар да бар. Қолындағы ақшасын көбейтемін деп, пирамидаға салу қаржылық сауаттылыққа жата ма? 

– Жасөспірімдер қаржылық пирамида құрғандардың мақсатты аудиториясына кірмейді. Ересек адамдардың пирамидаға кіруінің бірден-бір себебі – қарыз. Тезірек ақша тапсам деген ойы. Кейбір адамдар ішімдік ішпейді, шылым шекпейді, ақыл-есі сау, алайда қаржылық пирамиданың құрбаны болып қалады. Енді біреулер – тоғышар, біреудің арқасында көп ақша тапқысы келеді. «Жүз мың теңге салсам, келесі айда екі жүз мың теңге қайтарып аламын, жүз долларды екі айдан кейін бес жүз доллар етіп қайтарамын» дегені адамның қаржылық сауаты жоқ екенін білдіреді әрине. Еңбектенбей ақшаны көбейту әсте мүмкін емес.

– Сіздің тәжірибеңізде қаржылық сауатқа байланысты ерекше оқиға болды ма?  

– Осыдан біраз жыл бұрын банкте істеп жүрген кезімде, біреуі  аула сыпыратын, әйелі еден жуатын отбасы үй алу үшін банкке келді. Айлықтары өте аз екен. Ол кезде қазіргідей скоринг жүйесі жетілмеген еді, мен оларды несие комитетіне  шығардым. Сол кезде маған: «Егер бұл тұтынушылар ертең несиесін төлей алмай, мерзімінен кешіктірсе қайтесің?» деп сұрады. Олардың несиені кешіктірмей төлейтінін сенімді түрде айттым. Таза еңбекпен жүрген адамдар ары қарай да сол жолды жалғастыра береді. Жаңағы отбасы несиені 4-5 жылда жауып, одан кейін де үй сатып алды. Ағамыз 3-4 жерде аула сыпырды, тәтеміз де бірнеше жерде еден жуды. Таңғы бестен бастап жұмыстарына кіріседі, кешке үйін әрең табатын. 

Осыған қарама-қарсы бір жағдай болды. Үй-жайы бар әйел адам айлығын пирамидаға салып жүрген, сосын үйін сатып, тағы ақшасын салады.  Соңында күйзеліске түсіп, жұмысынан айырылды. Сөйтіп жертөледе қонып жүріпті. Бір күні аула сыпыруға шығады, екінші ауланы сыпырады, үшінші ауланы да сыпырады, әр тапқан табысын банкке салып жүріп, үй алуға алғашқы жарна жинап, үй сатып алды. 20 жылдың ішінде әке-шешесінің, бауырының үйін кепілдікке қойып, барлығын үйлерінен айырған адамдарды да, қалталылардың бір күнде кедейге айналып, ауқаты аз болса да ақшаларын ұқыпты қолданып қаржылық биікке көтерілгенін де көрдім. Бизнес үшін несие алып, оны дамытып, бүгінде үлкен фабрикаға айналдырған адамдар бар. Өздері пәтерде жүріп, балалармен бірге манты, пельмен түйіп, арбаға салып жүріп сатқан адамдардың қазір фабрикасы бар. Сондықтан өмір адамдардың қабылдаған шешіміне байланысты екенін осыдан-ақ байқауға болады. Негізгі мәселе қанша ақша табуда емес, тапқан ақшаны дұрыс жұмсауда.

– «Өзіңнен аяма, кедей секілді ойлама» деп бай болудың жолын көрсететіндер бар. Сіздіңше бұл қаншалықты дұрыс? 

– Бұл сұрақ маған көп қойылады. Шынымды айтсам, психологиялық жолдарды  мойындамаймын. 22 жылдық тәжірибесі бар, қаржыгер маман ретінде, көп адамның көз жасын көрген адам ретінде ондай нәрселерді қабылдамаймын. «Жұрттан қалма, кімнен кемсің?» деген сөзді естіген кезде, бірден аулақ кетуге тырысу керек. Себебі, біздің қаржылық өміріміз жыртық қалта сияқты. Алдымен қалтаны бітеген абзал, сосын барып жұмса. Сол психологтардың айтқанынан кейін қаржылық сауаты артып кеткендерді, өкінішке қарай,  көрмедім. Адамда тәртіп пен қаржылық жоспар болмаған кезде несиеге жүгінеді. Тұтынушылық несие бүгінге ең үлкен сұраныста, өйткені ақшасыз адамдар үйге керек заттың бәрін  бөліп төлеуге алады. Несие біте келе сол төлеген айдың сомасына қайта несиеге жүгінеді, тағы бір затты бөліп төлеуге алғысы келіп тұрады. Ата-анасы жыртық аяқ киіммен жүріп, баласына айфон алып беретін болса, бұл қаржылық сауаттылықтың ешбір түріне жатпайтынын айтқым келеді. 

Қаржыға келген кезде шешімді эмоциямен қабылдауға болмайды. Егер эмоцияға берік болмаса, маркетингтің құлы болып кете барады. Ең абзалы қаржы жинау. Яғни қаржылық қор жинау керек. Алда-жалда ақша тауып отырған адам ауырып немесе бір жағдайға ұшырап, уақытша жұмысқа жарамсыз болып қалса, жинаған ақшасы көмек болады. Қордың жоқтығынан адам ауырса да жұмысқа шығуға мәжбүр. Мұның зардабын пандемия кезінде локдаунға кеткен кезде көрдік емес пе? Бұл бізге сабақ болуы тиіс. Бұл қаржылық сауаттың негізгі элементінің бірі. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2023

659 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы