- АҚ ЖЕЛКЕН
- 25 Шілде, 2023
Құрдым жолы
Алматы. Қалқаманға апарар жол
Университетте мұғалімдері ай сайын өзі қызмет ететін факультеттің жатақханасына кезекшілікке барады. Сол жерде студенттермен кездесіп, әртүрлі әңгіме айтып, кейде кішігірім кеш ұйымдастыратын. Былтырғы жылдың мамыр айының 18 күні кезекті кезекшілігім өтті. Жатақхананың әр қабатын аралап, тиесілі істерімді орындап, студенттермен фойеде біршама уақытқа дейін әңгіме айттық. Студенттер үйі жабылатын уақытта кезекшілік журналына қол қойып, сыртқа шықтым. Есік алдындағы орындықтардың бірінде жан-жағына алаңдай қарап бір қыз отыр екен.
– Кешіріңіз, жатақхана жабылғалы жатыр. Кіріңіз, – деп едім:
– Мен бұл жатақханада тұрмаймын, ағай, – деді.
– Өз жатақханаңызға да үлгермей қаласыз ғой, – дегеніме:
– Ағай, мен мүлде бұл университетте оқымаймын, – деп қысқа жауап берген. Осы қысқа жауаптың өзі-нен-ақ оның көңіліндегі алаң, уайым сезіліп тұрды маған. Үнсіз көлігіме аяңдай бердім. Жатақхана артындағы көлігімнің есігін ашып жатқанымда, артымнан «ағай» деген абыржыңқы дауыс естілді. Әлгі қыз екенін сездім.
– Телефоныңыздан біреуге хабарласып алсам бола ма?
– Әрине. Мінекей...
Қолдары дір-дір етіп нөмірді терді де, телефонын құлағына тақады. «Нұртас, алып кетемін деп едің ғой. Қайда жүрсің? Мені түнде қайда әкеліп тастағансыңдар? Ауырып тұрмын. Қайда? «Қалқаманға» барайын ба? Міндетті түрде күтіп аласың ғой? Ақшам да жоқ. Жақсы. Бар ғой, иә? Болмаса дайындап қойшы, таңнан бері ауырып жатырмын».
Олардың әңгімесі осылай бітті. Ішкі қызығушылығым маза бермей, «Қалқаманға» тегін апарып салайын деп ұсыныс айттым. Қыз да келісе кетті. «Заттарымды алайын» деп жатақханаға беттеп барады. Артқы есіктерінің бірін ашты да, сөмкесін жинай бастады. Мен де соңынан кіріп, аңтарылып тұрмын. 4 жыл тұрған «үйімнің» артында мұндай кішкентай бөлме барын білмеппін. «Бұл кімнің үйі?» деп едім, «білмеймін, аға» деп сыртқа беттеді. Бір адамдық төсек пен қабырғаға ебедейсіз ілінген жарық тұр. Бір аяғы сынған орындық қабырғаға сүйеліп, оның үстінде бес литрлік баклажкада су тұр. Қабырғадағы шегеге жұмыс киімі ілініпті. Бөлмедегі зәк иісі қолқаны қабады.
Қыз екеуіміз көлікте келе жатырмыз. Екі қолы алдына сыймай, біресе қусырып, біресе бір-біріне ысып, шашын қайта-қайта тарағыштап... жалпы қобалжып отырғандай. Бірақ жай қобалжу емес екені түсінікті. Мен мұндай әдетті ішімдік өтіп кеткен адамдардан байқайтын едім. Бірақ мына қыз ішпеген сияқты.
– Қорқып отырсың ба?
– Жоқ...
– Ішімдік алып берейін, ауырып отырсаң...
– Жоқ. Ішімдік ауруы емес, аға.
– Ішімдіктен өзге дүние осылай ауырта ма?
– Иә... Мефтің отходнягі ғой.
– Меф?
– Иә. Синтетика ғой.
– Синтетика деген не? Мен киімнің ғана сапасызы синтетика болатынын білемін.
– Бұл да сол сияқты негізі. Есірткінің ішіндегі ең сапасызы.
– Оның сапалысы болушы ма еді?
– Иә. Қымбаттары, таза есірткілер мұншалық ауыртпайтын.
– Алкогольден кейінгі ауруға ұқсай ма?
– Сол ауруды 15-20 есе ұлғайтып елестете аласыз ба? Және алкогольден ағза, асқазан, бас ауырады емес пе? Ал синтетикалық есірткіден психикалық ауруға ұшырайсың. Қорқыныш, үрей, өлім қаупі төніп тұрған сияқты. Кез келген оқыс қимыл, оқыс дауыс шошытып, жүрегіңді атқақтатып жібереді.
– Онда неге?
– Сұрамаңызшы, аға.
Біз үнсіз келеміз. Оның қолдары сәл тынышталған сияқты. Көліктің алдыңғы панелінде тұрған шылымды рұқсатсыз алып тұтатты да, тағы біраз үнсіз отырды. Кезекті бағдаршамның жасыл түсінен қозғалғанда:
– Алматы технологиялық университетінде оқимын, – деп бастады әңгімесін ол. – Биыл үшінші курсты бітіретін шығармын... Курстас қыздармен қыдырғанды ұнатамыз. Бірақ қымбат жерлерді қалтамыз аса көтере бермейді. Сондықтан қаланың төмендеу жағындағы клубтарда көңіл көтереміз ғой. Жалпы Алматыда 4 деңгейдегі түнгі клубтар бар. Оқыған, ақылды әңгіме айтқысы келетін жастар Назарбаев көшесі бойындағы түнгі клубтарда жүреді. Ол жерде адамдар бір-бірімен ерегіспейді. Әркім өзімен-өзі. Одан төменірек клубтар бар. Оларда вип-қазақтар жүреді. Астарында көлік, үстерінде бренд киімдер... Бірақ барлығы мақтан үшін. Бұл жерде ерегіс көп болып, төбелеспен емес, көбіне таныс-тамырмен шешіледі. Одан төменгі деңгейлі клубтарда төбелессіз күн жоқ. Бұл жерлерде ауылдан келген, колледж студенттері және қаладағы ауыр жұмыс істейтіндер жүреді. Одан төменгілерге барып көрмедім. Біз көбіне вип-қазақтар жүретін жерлерде жүрдік. Жақсы жігіттердің көзі түссе, есебің төленіп, үйіңе тегін жетесің. Бірде сондай жігіттердің бірі кинодағыдай ұнтақ көрсетті. Ақшаны дөңгелектеп орап, пластик картамен кішігірім сызық етіп қойып, мұрыныңа тартады екенсің. Өмірім гүлдеп сала берді, сенсеңіз. Сол ләззаттың соңында бәрін берерімді білдім бе бірақ... Олар алғашында тегін беріп жарылқайды екен. Қыздар жылдам әуестеніп, тәуелді болып қалады екен. Кейіннен сатып алып тарта бастадым. Үйден оқуға төлеуге салған ақшамды да сол ақ ұнтақ жолына жұмсадым. Telegram желісі арқылы тапсырыс беріп алатынбыз. Жалпы, заңсыз нәрсенің бәрі сол желіде ғой. Арада біраз уақыт өтті. Оқуымның ақшасын жабуым үшін жұмысқа орналасып көргем. Бірақ қолым бармайды еш тірлікке. Сонымен, баяғы әуестендіргендерге тағы бардым. Ұсыныс жасады: үй, ас-ауқат, ақша – бәрі болады. Ал жұмыс тіпті оңай. Компьютер алдында отырып, ұятсыз нәрселер жасап отырсаң болғаны. Көрермендерден криптовалютамен ақша түсе береді. Оны Вебкам деп атайды. Жастар арасында ол аса жеңіл жүріс саналмайды. Ол жұмысқа кірдім. Алғашқы айларда бәрі жақсы болды ғой. Тек кейіннен рейтингім түсе бастады. Әкімшілерге тиімсіз бола бастадым. Сосын менің видеоларымды ашық желілерге таратамыз, ата-анаңа жібереміз деп шантаж жасай бастады. Ақша талап етті. Болмаса массаж жасаушы немесе тіпті жеңіл жүрісті қызға айналуымды ұсынды. Мен қаштым. Телефонымды, инстаграм парақшамды – бәрін бұғаттап, нөмірімді лақтырып жібердім. Қазір сондай қашқынмын енді. Бірақ ақ ұнтақ тауып беретін достарым бар. Олардың да болашақта менен не талап етерін кім білсін? Бірақ маған енді бәрібір сияқты... Әне, анау тұрған жігіттердің жанына тоқтаңызшы...
Жарқ еткен дауысынан шошып қалып, әлгі жігіттердің жанына тоқтадым. Ол көліктен асығыс, тіпті алғыс айтуды да ұмытып түсіп кетті. Жігіттер мұны көрді де, қарқылдап күліп жіберді. Арғы сөздерін естімедім. Кете бардым. Естімеген елде көп. Ел емес, тіпті қасымызда жүрген нәрсе екен ғой. Бұл тақырыпты зерттеп көргім келді. Республикалық наркология орталығына хабарласып көрдік. Бірақ бір-біріне сілтеп, ешбірінен нақты жауап аламадым.
Алматы. Ақиқатқа апарар жол
Наркологияға кофеханада отырып хабарласқан едім. Көрші үстелде отырған жігіт артына бұрылып қарады. Такси болып жұмыс істейді екен.
– Бауырым, саған ешкім шын статистиканы айтпайды ғой, – дейді. – Такси болып жүріп ондай жастарды, әсіресе қыздарды көп кездестірдім. Маған солай түсе ме, әлде шынымен солай ма, Талғар жақтан көп отырады. Кейде айтуға ұят, есірткі алып берші деп жалынып, барын беруге даяр тұрады. Бірақ оның бағасы 15 мың теңгеден басталады екен. Менің күндік табысым ғой. Жеткіз деген жеріне жеткізіп, қашқандай болып кетіп қаламын. Жалпы түнде көлікке не түрлі адамдар отырады ғой. Жастардың көбі масаң. Бірақ алкогольдің мастығы емес екенін бірден түсінемін.
Ашық ақпараттарды зерттей келе, бұл менің ғана байқағаным емес, ел Президентінің де назарына іліккен проблема екеніне көзім жетті. 2022 жылғы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздегі синтетикалық есірткінің үлес салмағының күрт өскенін айтып өтті. 2019 жыл мен 2022 жыл арасында заңсыз айналымнан тәркіленетін синтетикалық есірткі он есе өскенін де осы жолдаудан біліп отырмын. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде 18,3 мыңға жуық есірткіге тәуелді адам бар екен. Бұл, әрине, әлгі таксиші жігіт айтқандай, нақты ақпарат емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенетін болсақ, Қазақстанда нашақорлар саны 150 мыңнан асып жығылады. Ал 2022 жылы мөлшерден тыс дозада қабылданған есірткі кесірінен 87 адам көз жұмған. Осы тұста есірткінің уыты қайтқаннан кейінгі ауруға шыдай алмай қанша адамның өз-өзіне қол жұмсап жатқанын да айта кетуіміз керек. Өйткені әлгі қыздың айтуына қарағанда, ол ауруға шыдауға екінің бірінің төзімі жетпейді. Паникалық хал өз дегенін істететін сияқты. Кардиолог маман Мөлдір Құрманбекова ханым да: «Қазір жастар арасында жүрек жетіспеушілігімен ауыратындар көбейді. Жап-жас қалпында жүрек талмасынан көз жұмады. Астарында есірткіге тәуелділік жатыр», – дейді.
Ашық ақпарат көздерінен меф деп аталатын дүниенің 1923 жылдары ашылған, бірақ ұмытылып кеткенін анықтадық. Ресми бұл нәрсе мефедрон деп аталады. 2003 жылы әуесқой химик аталған затты қайта ашып, dark.net-те оның адамға әсері туралы үлкен баяндама жасаған. Сол уақыттан бастап, мефедрон жастардың сүйікті арзан есірткісіне айналып кете барды. Бір жағынан, бұл затты психотропты заттар деп атайды екен. Яғни химиялық реакция арқылы адам миының нейрондық жүйесіне әсер етеді. Синтетикалық есірткінің түр-түрі кездеседі екен: «стафф», «скорость», «шоколад»... санамалай берсең, кете береді. Бірақ елімізде ең танымалы «скорость» пен мефедрон екенін байқадық.
Инстаграм желісі арқылы нарколог маман Санжар Сейіткәрімұлымен сөйлесіп көрген едім.
– Субмәдениет деген термин бар. Оны жұрттан, ортадан ерекшелену үшін пайда болған мәдениеттің түрі десек болатын шығар. Қазіргі жастар осы субмәдениетке қызығып, ортадан ерекшелену мақсатында психотроптық заттарға әуестеніп жүр. Олар сыртқа өздерін керемет етіп көрсеткісі келіп, әлгіндей заттардың тұрақты тұтынушыларымен араласқанына мәз. Ал ондай заттардың тұрақты тұтынушылары – әр салада, әсіресе өнер саласында толып жатыр. Бірақ бұл әуестіктің соңы немен бітеріне олардың көзі жетпейді. Бұл препараттар адам психикасын бұзып, шизофренияға, паранойяға ұрындырарын білмейді, – дейді маман.
Жалпы, есірткінің бұл түрінің жеңіл аталуының себебін сұрадық. Бәлкім, тәуелділігі де жеңіл шығар?..
– «Ұрлықтың басы тауықтан басталады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар ғой. Есірткіге тәуелділік осылай қалыптасады. Әуестік ұлғайған сайын адамнан ұят пен ар кетеді. Жеңілінен орташаға, сосын ауырына ауысады. Бірақ нарколог мамандар тәуелділіктің ешқайсысын жеңіл немесе ауыр деп бөле қарастырмайды. Тәуелділіктің қай-қайсысы болса да – ауыр жағдай. Сонымен бірге кез келген тәуелділік туғызатын зат – қоғам үшін проблема.
Санжар мырза синтетикалық есірткі түрінің адам ағзасына зиянын да қадап айтты:
– «Скорость» деп аталатын синтетикалық есірткіні мысалға келтірейін. Ол өңделген сынаптың ең соңғы қалдығынан жасалады. Орталық жүйке жүйесінің жұмысын бұзып, адамды параноидтік ойларға бастайды. Галлюцинация шақырады. Бұл нағыз шизофренияның галлюцинацияларына ұқсайды. Егер қабылдаған адамның бойында осы ауруға икемділік болатын болса, ол бір-ақ уақытта саудан салға айналуы мүмкін. Жалпы паникалық, суицидтік аурулардың бәріне дерлік осы синтетикалық заттар себепші болады.
Алматы. Құрдымға апарар жол
Есірткі – қоғамдық дерт. Әрине, бүкіл қоғам нашақор болып кетпесі анық. Дегенмен нашақордан туған ұрпақ, оның тәрбиесін көрген баланың психикасында ауытқу болары сөзсіз. Ол өз кезегінде атомдық реакция секілді қоғамға кесірін тигізе береді. Қылмыс көбейіп, қоғам қауіптілігі артады. Есірткіге тәуелділіктен қыздар жеңіл жолға түсіп, ол ата-анасына жетер болса, тұтас әулет күйреуі мүмкін. Жігіттер де қолындағысын есірткі үшін сатып, абырой мен әбүйірден айырылады. Ал қызынан ұят, жігітінен намыс пен абырой кеткен қоғамның соңы жақсылыққа апармас. Яғни есірткіні бір адам пайдаланып, сол жолда өмірден озып, бар жамандықты өзімен бірге алып кетпейді. Қоғамның біраз бөлігін құрдымға батырып барып, өз түбіне жетеді. Яғни есірткі жолының бағыты біреу-ақ. Ол – құрдым!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2023
929 рет
көрсетілді0
пікір