- АҚ ЖЕЛКЕН
- 24 Шілде, 2023
Жайдарман ойнаған озады

Балаларымызды телефоннан бас алмайды деп сөгуге әуеспіз. Олар қандай контент тұтынып жүргеніне зер салдық па? Мәселен, балаңыз жасөспірім шақта болса, ол не көруі мүмкін? Бізде жасөспірімдерге арналған контенттердің тым аз екенін байқадыңыз ба? Оларға арналған телеарна жоқ. Телеарналарда бағдарламалар тіптен аз. Қолыңыздағы журналды ашып оқымайтын да болар. Әлеуметтік желілерде де жасөспірімдерге бағытталған танымдық арналар аз. Сол аз контенттің бірі – «Жайдарман».
Миллиондаған жастың басын қосатын жалғыз жер
2005 жылы құрылған «Қазақстан КВН Одағы» бүгінге дейін талай таланттың бағын ашты. Оның жоғарғы лига ойындары «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілген тұстан бастап «Жайдарманның» да, «жайдарманшылардың» да танымалдығы арта бастады. Ал «Жайдарман» көрерменді, біз сөз етіп отырған жасөспірімдерді тәрбиелей алды ма, пайдасын тигізді ме? Бұл сұрақты бұрынғы «жайдарманшы», PR маманы Алмас Тоқабаевқа қойдық.
– «Жайдарман» көрерменді тәрбиелей алып жатыр ма? Қазіргі көрсетіп жүрген ойындардың салмағы қандай?
– Иә, «Жайдарман» көрерменді және талантты балаларды тәрбиелеп жатыр деп толық айта аламын. Себебі, «Жайдарман» көз алдымда өтіп келе жатыр. Өзім де «Жайдарманның» ішінде жүріп көп нәрсе алдым. Дәл қазіргідей жастар саясаты, жастарға қажетті мемлекеттік идеология ақсап тұрған кезде, бар болған күннің өзінде толыққанды жұмыс істей алмай тұрған заманда, «Жайдарман» – жасөспірімдер мен жастар үшін әлеуметтік жеделсаты. Бұл жерде өзіңнің талантыңның арқасында белгілі бір жетістікке жете аласың. Талантың болса, ешқандай жемқорлық, қамқорлықсыз-ақ жетістікке жетесің. Оны жастардың барлығы біледі, сондықтан да оған үйір болады. Ал көрермендер жағына келсек, миллиондаған жастардың басын қосатын жалғыз жер осы. Әрине, қазбаласаң, жекелеген кемшіліктер табуға болады. Бірақ бұл таланттардың жарысы болғандықтан, көрерменді мазмұнымен қатар ойынның шынайылығы қызықтырады. «Жайдарман» әзіл арқылы біздегі әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешіп тастамағанымен, көрерменге бір уақыт стимул бере алады.
– «Жайдарман» телеарнадан интернетке көшіп жатыр. Бұдан қандай өзгеріс күтесіз?
– Мұны өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Қаржылық жағынан кішкене қиналуы мүмкін, бірақ шығармашылық тұрғыда өсуіне септігін тигізеді. Себебі, бізде цензура бар. Телеарнаның форматы бар, телеарна басшыларының ішкі цензурасы бар дегендей, бірнеше тексеру алынып тасталған соң, «Жайдарманның» шығармашылық тұрғыда тынысы ашылады деп ойлаймын. Екіншіден, бұл «Жайдарман» үшін – тәуекел. Цензура жоқ екен деп ішкі цензураны жоғалтып алмау керек. Яғни етектен төмен әзілдерге, лас әзілдерге орын бермеуі керек. Әйтпесе бұл – жаңа мүмкіндік.
Иә, қазір Жайдарман елдегі телеарналардан іргесін аулақ салды. Бұған дейін бірнеше арнаға тәуелді боп келген жастар ойыны толықтай интернетке көшті. Ендігі бағыты қандай болмақ?
Есен ЕЛЕУКЕН, «Жайдарман» жобасының жетекшісі:
Телеарналардың саясаты шаршатты
– «Жайдарман» ойындарында толықтай Ютуб желісіне көшкеннен кейін қандай өзгерістер болады? Телевизиялық нұсқадан қандай айырмашылығы болмақ?
– Әлеуметтік желіге көшкеннен кейінгі негізгі өзгеріс – еркіндік. Бұрын телевизиялық нұсқада қысқарту көп болатын. Себебі олардың көзқарастары басқа да, біздікі басқа еді. Телеарналарға біз не үшін бардық? Әуелі, әрине, қаржы керек. Бір ойынды түсіру үшін әжептәуір қаржы керек. Көп телеарнада ПТС, яғни жылжымалы телестанса болғаны үшін бардық. Телеарналардың саясаты біршама шаршатты деуге болады. Ютуб-нұсқасын да өздеріне алғысы келді, біз оларға бергіміз келмеді. Себебі, осы арқылы күн көріп отырмыз дедік. Ақыры бір мәмілеге келе алмай, толықтай әлеуметтік желіге көштік. Қазір көп контент әлеуметтік желіге көшіп жатқаннан кейін біз де осындай шешімге келдік. Айырмашылығы сол – командаларға еркіндік береміз.
– Сахнаға шығатын әзілдердің сапасына қаншалықты араласасыз? Әлде редакторларға сенім артасыз ба?
– Әсіресе саяси әзілдерге араласамын. Негізгі нұсқаны бір күн бұрын алып келеді, сол жерде қараймын. Кейде олар да мені көндіреді. Әлеуметтік желінің заңдылықтарын да ескереміз.
– «Жайдарманшылар» сіздің үмітіңізді қаншалықты ақтай алып жатыр? Жауапкершілік, даму деген секілді...
– Басым көпшілігі көңілден шығып жатыр. Ойынды аяқтап кеткендер де шығармашылықта, ізденіс үстінде жүр. Көп дүние жасап жатыр. Әлбетте, кемшін тұстары да жоқ емес. Артық айтып қоятын жерлері бар. Дегенмен барлығын бірдей қадағалау мүмкін емес, ал жалпы алғанда – бағыты дұрыс. Соңғы кезде келіп жатқан командалар нақты жоспармен келеді, сонысы қуантады. Ал ойынды бітіріп кеткендерден бірдеңе бүлдіріп қойыпты дегендерді естіген жоқпын.
– Бұрындары ойында қазақ тіліне, жалпы руханиятқа баса мән беретін едіңіз. Бір жылдары «Әдебиет маусымы», «Тарих маусымы» деп аталды. Әзіл арқылы көрерменді ұлтжандылыққа, ағартушылыққа тәрбиелеудің қиындығы болды ма?
– Ұлтжандылыққа тәрбиелеу деген зорайтып айтылатын әңгіме сияқты. Ең бастысы, ойынға келген балаларды сол ортада өздерін дамытып, жақсы-жаманды ажыратып, бір-біріне бауырмал ету мақсатында жасалады. Бір биеден ала да, құла да туады дейді, бірақ басым көпшілігі дұрыс бағытта екені қуантады. Қазір заман өзгерді, бағыт өзгерді. Барынша елді сүюге, таза жүруге атсалысып жатырмыз. Әңгіме маусымның тақырыбында емес, жасалып жатқан жұмыс процесінде. Ойынға дейін, ойын кезінде және ойыннан кейін қандай болмағына мән береміз. Сәуір айында ойындарды түсіріп алдық. Командалар үш айдай демалады. Осы кезде де олар бір-бірінен ажырап кетпесін деп қосымша жобалар атқарып жатырмыз.
– Көрермендер қазылар алқасына көп сын айтатын сияқты, байқауымша. Қазылар командалардың ойындағы тағдырына қаншалықты әсер етіп жатыр?
– Қазылар алқасы біраз өзгерді. Бұрынғыдай биліктен келетін адамдар азайды. Көбіне елдің алдында жүрген, жастарды түсіне білетін, әлеуметтік желіде белсенді деген сияқты әртүрлі критерийлермен таңдап алынады. Иә, сын көп. Көрермендер тарапынан да, ойыншылардан да айтылып жатыр. Кейбір қазылар да айтып қалып жатады. Бірақ осылай бір-бірімізді дамытып, белгілі бір деңгейге жетеміз деген ойдамыз. Қазір маусымның басы. Үш тур өтті. Алда тағы 2-3 тур бар. Сол кезде нақты шешіледі. Қазылар әртүрлі. Кейбірі бұрыннан кеп жүр, кейбірі жаңадан келіп жатыр. Ойын дұрыс жеткізе алатыны да, кібіртіктеп қалатыны да бар. Жалпы, ойынмен бірге қазылар алқасы да өсіп келе жатыр. Қазы боп туған адам жоқ қой, осылайша рет-ретімен өседі. Бәрі де бақылауда. Біз күтпеген нәтижелер де болып жатыр. Әр ойыннан кейін талқы жасаймыз. Сол кезде бәрі ашық айтылады.
«Жайдарман» кейбіріміздің өмірімізге айналды»
Әлбетте, таланттардың ортасы болған соң, өз бағаңды алғаннан кейін ол жерден де жылыстайсың. «Жайдарманшылар» да солай. Бірақ «Жайдарманның» мүмкіндігі көп. Мәселен, қазіргі танымал жобалардың, фильмдердің артында «жайдарманшылар» тұр. Сценарий жазудан бастап, ойынды сахнаға сәтті алып шығуды үйрететін ойын – жастарды жан-жақты тәрбиелейтін орта. Яғни «Жайдарман» – бос күлкінің емес, шығармашылықтың ортасы. Ал ойыншылардың шығармашылық мүмкіндігі қаншалықты көрсетіліп жатыр? Бұл сұраққа қазір «Жайдарманның» жоғарғы лигасында өнер көрсетіп жүрген «Ақпен бірге» командасының ойыншысы Бағжан Данай жауап берді.
– Көрерменге редакторлардың әбден сұрыптауынан өткен ойындар жетеді. Ал цензура команданың әлеуетіне қаншалықты әсер етеді?
– Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа сапалы, сауатты әзіл жеткізу. Сондықтан цензура әзілдерімізге қатты әсер етпейді. Редакторлар команданың имиджін ойлайды. Сол себепті кейбір әзілдер редактурада «қырқылады». Редакторлар жалпы ойынның жақсы өтуіне жауапты болғандықтан, біз олардың барлық нұсқау, ұсыныстарын қабылдаймыз, ақылдасамыз. Көрерменді өсіретін де, өшіретін де – қазіргі таңда әлеуметтік желі, теледидар. Сондықтан көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, сауатты, сапалы дүние ұсынғанымыз дұрыс деп білеміз.
– «Жайдарманның» интернетке көшуінен қандай үміт күтесіңдер?
– «Жайдарман» қашанда жастардың сүйікті бағдарламасы, хоббиі, кейбірінің тіпті өміріне айналған. Арнадан көрсетсе де, интернетке таралса да жақсы қаралым жинайтыны сөзсіз. Дегенмен интернеттің басым заманында «Жайдарман» арнадан кетіп ұтылмайды. Керісінше, сүйікті ойынның шығуы жиілеп, бұрынғыдай ұзақ күттірмейтін болды. Әлеуметтік желіге үзінділер тарату арқылы «жайдарманшылар» танымал, халыққа жақын бола бастады. Бұл да ғаламтордың пайдасы.
Біз бұл мақаланы «Жайдарманның» бүгінгі сипатына арнадық. Жастар ойыны 20 жылға таяп қалса да мән-мағынасын жоғалтар емес. Керісінше, сәт сайын даму үстінде. Ендеше, балаңыз «Жайдарман» ойнаймын десе, «Жайдарман» көремін десе, қарсы болмаңыз.
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2023

860 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *