- АҚ ЖЕЛКЕН
- 26 Шілде, 2023
Махаббат бекетінен тоқтаңыз

Темір жол рельстеріне құлағыңызды төсеп көріңізші. Ол алыста, жүздеген шақырым қашықтықтағы пойыз дөңгелектерінің тарсылын жеткізеді сізге. Әрине, сіз ол пойыз ішінде кім келе жатқанынан бейхабарсыз. Орал да мына дүниеде Гүлназ есімді қыз барынан мақұрым қалыпта Махаббат бекетінің қабырғасына сүйеніп ұйықтап жатқан еді. Тарсылдап келіп тоқтаған вагондар составы да оны өң мен түс арасындағы хәлінен айырып ала алмаған болатын. Тек «кешіріңіз» деген нәзік үн ғана оны түртіп оятты.
– Кешіріңіз, бұл қай станса?
– Анда жазылып тұр ғой... Махаббат стансасы.
– Қызық атау екен.
– Әрине, қызық...
– Менің атым Гүлназ.
– Менің атым Орал.
Ғашықтары осылай танысқан «Махаббат бекеті» мелодрамасының көрерменге жол тартқанына биыл 30 жыл. Осы отыз жыл ішінде дүниеге келген қанша қыздың есімі Гүлназ деп қойылды! Қанша жігіт Орал деген атты иеленді! Осы фильмнің әуені қанша жүректерді тербетіп, қанша жастарды ғашық, ынтық болуға итермеледі екен?! Ал мұның бәріне автор кінәлі. Ол – қаламгер, ол режиссер. Әрине, бұл фильмсіз қазақ жастары махаббаттан мақұрым қалмас. Бірақ бұл фильмсіз махаббаттың ерлік пен нәзіктік үйлесімі екенін аңғармаған болар едік бәлкім.
LIBERTA
Автор жүрегіне құлағыңызды төсеп көріңізші. Оның дүрсілінен сіз шын махаббаттың, сонау алыста, ұмытылып қалған сезімдердің үнін естір едіңіз. Бірақ ол үнді, сезімдерді ояту үшін «кешіріңіз» деп басталатын Гүлназдың нәзік үніндей үн керек. Біз осындай нәзіктікпен автор жүрегін оятып көруге тырыстық.
Авторы – Талғат Теменов. Киноның сценарисі де, режиссері де өзі. Әлеуметтік желі арқылы хабарласып, сұрақтарымызды жолдадық. Арамызда 1337 шақырым пойыз рельстері жатыр. Ол кісі – Астанада, біз – Алматыдамыз. Сауалдарды интернетпен жолдап, жауабын рельстерге құлағымды төсеп күттім.
– Аға, қазақ кинемато-графиясы романтикаға шөлдеп тұрғандай көрінеді. Өйткені шынайы махаббат пен сүйіспеншілікті суреттейтін туынды аз. Тіпті, соңғы жылдары махаббат комедияға айналып кетті. Сонда қазақ сүйе алмайтын халық па? Әлде далалық романтикадан қалалық романтикаға ауыса алмады ма? Жалпы қазақта романтикалық фильм неге аз?
Диктофонға жазылған дауыстан байқап отырмын. Сұрақтарды көмекшісі оқып, өзі жауап беріп отыр. Арғы жақтан еміс-еміс музыка естіледі. Liberta. Италияның атақты әншісі Аль Бано мен Ромины Пауэр орындайтын ән бұл. Қазақша аударсаңыз – еркіндік.
Шеттеп бара жатқан жанның иығына кеш асылды,
Ол түнмен бірге өз жүрегіне бір сырды жасырып барады.
Үйлер мен шіркеулер арасынан бойжеткен біреуді іздейді,
Және еркіндік үшін қаншама жан енді оралмайды.
Сыршыл, нәзік музыка фонында лирик автордың әңгімесі сонша жарасымды болатын. Сөзін бастады:
– Романтикалық кино қалалық немесе далалық болып бөлінбейді. Романтика – мәңгілік. Ол мекенсіз және уақыттан тыс. Романтика – иненің көзінен өткен жіптей өте нәзік және ұшқыр дүние. Ескіректе жазғаным бар еді: «Ертегіге сенбеген баладан романтик шықпайды», – деп. Бұл сезім адам бойына күш беріп, жігерін жаниды. Табаны жерге тиіп тұрған адамға қанат бітіреді романтика. Жасөспірімдерге ауадай қажет сезім және ол поэзия сияқты. Меніңше, қазақтағы романтикалық киноның кемшін тартуына режиссерлердің өмірдің ащы шындығынан шыға алмауынан болса керек. Өйткені романтика күнделікті күйбеңнен биік тұратын, көк аспанды торлаған аппақ бұлт секілді. Ал кез келген адамның қолы көкке, көктегі ақ бұлтқа жете бермейтіні секілді, бұл сезімді де бастан кешу екінің біріне бұйыра бермесі анық. Дегенмен бұлттан тамар тамшыдай романтика халыққа өз нұрын төгіп, адамды адамгершіліктің ең биік нүктесіне жетелейді. Абай, Мұқағали, Тұманбай, Мағжандар поэзиядағы романтиктер болса, кино саласында олармен сезім деңгейінде иық тірестіргендер ретінде Шәкен Айманов пен Сұлтан Қожықовты айтар едім.
Жалпы қайбір сезімнің бәрінің бастауы немесе өзегі – махаббат екені даусыз. Сол сезімнің кәусарынан сусындаған адам ғана романтик бола алады. «Әр кәлләда бір қиял» деген сөз бар ғой. Осы тұрғыда мен қазақ киносындағы романтиканың азаюына суреткерлерді емес, қоғамды, жүйені кінәлайтын сияқтымын. 30 жылдық қиындық, еңсені езген жоқшылық, саудагерлік, қала берді жемқорлық... Бұл қиындықтан адамның иығынан басқан романтика қашып кетеді. Халық тұрмақ, суреткер бойынан да таппай қаласыз. Ұстазым Асқар Тоқпанов «шын ғашықтар ен далада құшақтасып отырып сыбырлап сөйлеседі» дейтін. Яғни романтика – үркек дүние. Ол даңғаза қоғамда болмасы анық. Бірақ қалай болғанда да шын махаббаттың сиректігіндей шын романтикаға толы фильмдер түсіріледі. Өйткені ол халыққа, оның ішіндегі ерлікке жаны құмар жастарға керек, – деп Талғат аға сөзін тамамдады. Арғы жақтан әннің де әуені үзілген еді. Көмекшісінен екінші аудиофайл келді.
– «Махаббат бекеті» қазақ киносының ғана классикасына айналып қойған жоқ. Ол қазақ жастарына жаңа романтикалық көңіл күй сыйлады. Ғашық болуға, ғашығың үшін ерлік көрсетуге тәрбиеледі. Өз сезімдерінің құлы болмай, қыздың да абыройын сақтауға шақырған-ды. Мұндай көңіл күйді біз кинодан ғана емес, «Гүлназ» атты повесіңізден де байқаймыз. Кино үшін аз-кем өзгертілгені болмаса, повесть пен фильм өте ұқсас, тіпті диалогтарға дейін өзгеріссіз қалғанын көремін. Бәрін басынан бастайықшы. Гүлназ деген кім еді? Ол сіздің өміріңізде бар ма?
– Гүлназ – жиынтық образ. Ол сол кезеңдегі қазақ қыздарының, мектеп жасындағы ақ фартук киіп, ақ бантик таққан қазақ қыздарының жиынтығы десем болады. Тіпті кешегі өткен Қыз Жібек, Ақжүніс, Құртқалардың заманауи үлгісі болған кейіпкер деп танимын. Қазақ қызының бойындағы құштарлық пен тазалықты, махаббатты мен бір Гүлназдың бойына сыйдыруға тырыстым. Ал бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, Гүлназ – заман ауысқан тұстағы, социализмнен нарыққа ауысқан өтпелі кезеңдегі махаббатын құрбандыққа шалған қазақ қызы. Менің кейіпкеріммен тағдырлас қыздар көп болды ма, білмеймін, бірақ бүгінде 25-30-дың ішіндегі қыздардың көбінің есімі Гүлназ болуына осы фильм әсер етті деп естимін. Шынында, қуанып қаламын. Өйткені мен жасаған тазалық символы үлгіге айналыпты.
NOSTALGIE
Әр заманның өз Жібегі, Баяны болады дейміз ғой. Ендігі жерде бұл қатарға Гүлназ да қосылатын шығар. Автор сөзі осыны аңғартады. Бірақ образ бір басқа, ол образды кадрда ойнаған адам бір басқа. Кинода қосылмай, қазақы махаббаттың символына айналған Төлеген мен Жібектің өмірде қосылып, бірге боларындай заман келмеске кетті. Қазір тіпті авторлардың өзі біршама уақыт бұрын айтқан сөзінен тайқып шыға алады. Өйткені өнер мен өмір басқа. Бір замандарда тазалықтың, шынайы махаббаттың символына айналған Гүлназдың бүгінгі Баян Мақсатқызына айналарын кім білген?! Күстаналау емес, жай ғана актрисаның бұл фильмге «Мұхитдинова» деген фамилиямен түскенін, одан бері оның тегінің екі рет ауысқанын ғана айтып өткіміз келеді. Есентаева, Алагөзова... Бірақ көпшілік көзінде Баян ханым сол баяғы ұяң да, еркін, ерке, саф сезімді Гүлназ қалпында қалары сөзсіз. Тек ол кинодағы көркем образ екенін ұмытпайық және ол образ алғашында автор түйсігінде солай болып па еді? Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей, фильм бірінші повесть ретінде «Жалын» журналында жарық көрген болатын.
– Повесть қай жылдары жазылған еді? Жазып отырып, оның болашақта кино боларын ойлап көрдіңіз бе?
Бұл сұраққа жауап берер кезде сұқбаттың арғы жағынан атақты Nostalgie әні естіліп тұрды. Бұл да италиандық Хулио Иглиесиестің әні болатын.
Ностальгия, біз ұқсаспыз,
Сен де нәзіксің, мен де.
Ностальгия, оны ойлаймын,
Және түндерде шақырамын
өзіме.
– Иә, «Гүлназ» алғашында әңгіме болатын. «Жалын» журналында Тұтқабай Иманбеков ағамыздың «Талғаттың Гүлі мен Назы» деген алғысөз мақаласымен қоса шықты. Бірақ аяқасты жазылған шығармамның болашақта кино боларын білгем жоқ, тіпті ойлаған жоқ едім.
– Табиғатынан сіз секілді лирик адамдар өткен шаққа оралғанды ұнататын сияқты. Жалпы, сіздің шығармашылығыңыз толықтай «оралу» концептіне құрылған сияқты. Сіз кейіпкердің бұрынғы жүрген жерлеріне оралу арқылы оның ішкі өсуін және өзгеруін суреттейтіндей көрінесіз. 1993 жылға оралайықшы. Фильмді түсіру идеясы қайдан келді және қалай басталды?
– Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына мұғалім болып келгенімде, бір курс алған едім. Сол кезде ойыма Сергей Герасимовтің ВГИК-тегі студенттерімен «Жас гвардия» атты фильм түсіргені келді. Бұрынырақта оқыған едім. Ол студенттер арасында кім бар дейсіз ғой. Болашақ кино жұлдыздары Сергей Бондарчук, Вячеслав Тихонов, Нонна Мордюковалар осы фильмнен карьерасын бастаған болатын. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Мен де сол Сергей Герасимовқа еліктеп, өз студенттеріммен бірге кино түсіруді ойладым. Армандадым. Қиялдадым және жасадым. Сол кездегі студенттерім – Баян Мұхитдинова, Қуанышбек Адыловтар (Орал рөлінде) өз студенттерім еді. Жеңіс рөлін сомдаған Бөпеш Жандаев қана менің курсымнан емес. Жастар түскен фильм жастарға шын ұнады. Оны көзім көрді. Кейде анда-санда соны ойлап іштей қуанып отырамын. Және шебердің өз студенттерімен кино түсіруі әлемдік практикада болғанмен, қазақ киносында болмаған құбылыс еді. Соны жасай алғаныма қуанамын іштей. Орал мен Жеңіс рөліндегі екі азамат та бүгінде кино саласында жүр. Әрине, жұртқа етене танымал емес. Бірақ өзіндік орны бар актер және қоюшы-суретші. Ал Орал рөліндегі Қуанышбек Адылов кинодан гөрі театр саласына ойысып кеткен. «Сезам», «Ақсарай» сынды театрларда және Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында да қызмет еткен.
MAMY BLUE
Ұзақ жазылған сұқбаттан мұнан кейін ешбір ән естілмеді. Бірақ «Махаббат бекеті» фильмінде кинотеатр алдындағы эпизод есіңізде ме? Сол тұста француз композиторы Юбер Жироның «Mamy Blue» әні ойнап тұратын еді.
Мама,
Мен сенің ұмытқан ұлың
болармын,
Жиырма бір жастан асып
бара жатқан.
Үйде болған қандай көңілсіз
еді,
Сенсіз.
Фильмде де, повесте де Орал анасын сағынады. Одан ерте айырылғанын айтып, Гүлназбен сыр шертісетін. Бұл ән Гүлназдың Жеңіс пен Оралды қатар шақырып, киноға кірер жерінде, кинотеатрда өрт шығып, Орал кішкентай бала үшін отқа түсер сәтінің алдында қойылады. Ерлік дейміз ғой...
– Ерлік адамның өзіне және қоғамдық принциптерге қарай өлшенеді ғой. Оралдың қаламын Гүлназға беріп, өзі жартылай жазылған шығармасын өткізуі мектеп жасындағы бала үшін үлкен ерлік екені даусыз. Сіз Гүлназ үшін, жалпы махаббатыңыз үшін үлкен қандай ерлік жасадыңыз?
– Махаббат үшін ерлік жасау қолыңа граната ұстап жауға ұмтылу емес. Сүйген жаныңның қасында болып, оны бақытты ету – махаббат үшін жасалатын ең үлкен ерлік деп білемін.
– Адам есейе келе қатайып кетеді дейді. Бірақ сіз 40 жасыңызда «Махаббат бекетін» түсірдіңіз. Театрда «Қызыл орамалды шынарым», «Айқарагөз» сынды жастардың жүрегін тербеткен лирикалық спектакльдерді сахналадыңыз. Бойыңыздағы нәзіктік табиғатыңыздан десек те, оны өлтірмеудің жолы қайсы?
– Оны өлтірмеудің арнайы жаттығулары немесе бөлек рецепті жоқ. Алладан атаның қанымен, ананың сүтімен келген бойыңдағы қасиетті жоғалтпасаң, лайламасаң, былғамасаң, әсіресе қазіргідей аумалы-төкпелі заманда арыңнан аттамасаң болғаны. Ол қасиет сенен қашпайды. Бүгінгі жастар махаббатына ерлік жетіспейтін көрінеді маған. Олар махаббат үшін өзін құрбандыққа шала алмайды. Олай бола қалған күннің өзінде «құрбандық» позициясында қалдым деп іштей қынжылары бар. Былайша келгенде ешбір психологиялық анықтамасыз ерлік жасауға болады ғой. Осы мәселеге байланысты «Бүгінгі жастардың махаббатына не жетіспейді?» деген сауал жолдадық.
– Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Әркімнің өз өмірі бар, – деп қысқа қайырды Талғат аға.
МАХАББАТ БЕКЕТІ
Қазіргі жастар ғажайып композитор Төлеген Мұхамеджановты білмесе де, «Махаббат бекеті» фильмінің әуенін танымау мүмкін емес. Ол бір-біріне ғашықтықты білдірудің емеурініне айналып кеткендей.
– Проза жаздыңыз. Режиссер болып, фильм түсірдіңіз. Спектакльдерді сахналадыңыз. Бірақ сізге осылардың ішіндегі қайсысы жақынырақ? Қалам, камера немесе сахна?..
– Камера. Мен театрға жер аударылып барған адаммын.
– Фильм түсіру барысында қандай қиындықтар болып, қандай қызықты жағдайларға тап болдыңыздар?
– Өткен күннен белгі жоқ дегендей, көп нәрсе ұмытылып кетті ғой. Бірақ кинодағы балалардың қар атысып, сырғанақ тебетін тұсын түсірерде жолымыз болып, сәуір айында қар жауды. Әрине, аз болатын. Сондықтан түсірілім алаңына қар тасыдық. Ал жаңа жылдық шырша туралы эпизодтар маусым айларында, далада 40 градус ыстық кезде түсірілген болатын. Шыршамыздың жапырақтары түсіп, әр түсірілім алдында еденді сыпыртып алдық. Осындай ұсақ-түйек қызықтар ғана есте қалады екен.
– Картинаны халықтың қалай қабылдағаны туралы аз-кем айта кетіңізші.
– Жақсы қабылдады. Біршама уақыт бойы теледидардан түспеді. Бұл картинаны Берлиндегі кинофестивальге апарған едік. Сонда қазылар мүшелігінде болған Шыңғыс Айтматов көрді. Алматыға келгенінде арнайы сөйлескен едік. «Фильмің өте жақсы. Актерлерің де талантты екен. Әсіресе әуенге толы» деп пікір білдірді. Замана жүрегіне құлағыңыз-ды төсеп көріңізші. Ол есте жоқ ерте замандардан, замандастар өмірінен сыр шертеді. Яки заманды заманға жалғайтын тарихи оқиғалар емес, адам екенін айтады. Мұхтар Әуезовтен бата алған Шыңғыс Айтматов Талғат Теменовтің фильмі жайлы пікір білдірген. Қарап отырсаңыз екеуі екі заман сияқты, бірақ біз кімнің замандасы екенімізді біле бермейтін сияқтымыз. Өмір деген жүрдек пойыздан бір сәт түсіп, рельске құлағыңызды тосыңызшы. Артыңыздан өкшелеп қуып келе жатқан сағыныш пен естелік пойызының дүбірін естисіз. Олай болмаса біз неге 30 жыл бұрынғы фильмді көріп саф махаббатты аңсаймыз? Жолсеріктен сұраңызшы:
– Кешіріңіз, келесі «Махаббат бекеті» емес пе?
– Білсеңіз, өмір пойызының тоқтаған әр стансасы – махаббат бекеті. Күйбең тіршіліктен бір сәт толастап, перронға түсіп тыныстаңыз!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2023

1025 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *