• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Тамыз, 2023

Үш сериялы «Қыз Жібек», қиылған таспалар немесе киноның да тағдыры болады

Жуырда әйгілі «Қыз Жібек» жырының фильмін қайта түсіреді деген әңгіме шықты. Әлбетте, Ғабит Мүсірепов бастаған қазақтың алыптары араласқан, түсіріліміне дүйім қазақ боп атсалысқан, сөйтіп, қазақтың ұлттық эстетикасын көрсете өмірге келген «Қыз Жібек» фильмін енді ешкім де дәл солай түсіре алмасы анық. Бірақ қайта түсіреміз деп білек сыбанып отырғандар «Қыз Жібек» жырының 16 нұсқасы бар екенін, соларды ескеретінін алға тартып отыр. Биыл «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықовтың туғанына 100 жыл. Осындай жайттардан соң «Қыз Жібекке» қайта оралуға тура келіп отыр. Бұл жолы «Қыз Жібек» әу баста қалай түсірілді, кеңестік идеологиядан өтпей қалған қандай эпизодтар бар, түпнұсқасы қалай еді – осыған назар аудармақпыз.

Нұрғиса Тілендиевтің әңгімесі

1997 жылы «Жас Алаш» газетіне Төлеген Жәкітайұлының «Нұрғиса әңгімелері» деген топтамасы төрт нөмірге қатар шығыпты. Онда Нұрғиса Тілендиевтің аузынан жазып алған әңгімелер берілген. Соның бірі «Қыз Жібектің» үшінші сериясы немесе «Құстар қайтып барады» әні қалай туды?» деп аталады. Әу баста бұл мақаланы жазуға осы әңгіме де түрткі болды. Нұрағаң ол туралы былай дейді:
«...зор ізденіс, үлкен еңбек арқасында жетпісінші жылы фильм дайын болды-ау. Содан комиссияның сарабына жіберілді. Белгіленген күні көрсетілді де. Қазіргі қойылымындай емес, үш сериялы, ұзақ фильм. Сонда, кино жүріп жатқан кездегі Ғабит ағаның саңқ еткен дауысы күні бүгін құлағымда жаңғырып тұрғандай. Фильмде Төлегеннің: 
«...осындай ұлан-байтақ жеріміз бар. Сол жерге сыя алмай жүрген жоқпыз. Сыйыса алмай жүрген жоқпыз ба?!» – дейтіні бар ғой. Осы сөзді Шәкен ағамен ақылдаса отырып мен енгізген едім. Себебі, сол тұста бастары аса біріге қоймай жүрген қазақ азаматтарына мұндай сөздің айтылуы өте қажет еді. Ал көркем фильмде оның әсері мүлде ерекше. Шәкен аға да бұл ойымды екі сөзге келмей құп алған болатын. Міне, өзі жазған сценарийде жоқ осы сөзді естіген Ғабең:

– Әй, мына былдырақпай сөз қайдан келген? – деп саңқ ете қалды. – Шәкен-ай, бұл сенің ісің бе? – деп бірден Шәкен ағаға шүйлікті.

Мен шыдай алмадым. Дереу орнымнан атып тұрып:
– Ғабе, бұл сөзді енгізген мен едім, – дедім. Ол кісі маған жақтырмай қарап, кекесін үнмен:

– Е, сенің бұл жаққа қандай қатысың бар? – деп мысқылдай сөйледі. 

Осындай даудың боларын біліп, іштей даярланып келген мен: 

– Қатысым болғанда қандай, – деп оңайлықпен көнбес түр көрсетіп едім, Ғабең сөз таластырып жатпастан: 

– Жоқ, болмайды. Мұндай былдырақпай кино жіберілмейді, – деді қолын бір-ақ сермеп. Оның үстіне фильмнің соңғы бөлімінде Сансызбайдың ер жетіп, Жібекті іздеп келіп үйленетіні бар-тын. Орталық партия комитетінің идеология хатшысы Саттар Имашев оны көргенде:

– Мыналарың – совет идеологиясына мүлде қарсы кино. Қазақтың ұмытыла бастаған әмеңгерлік салтын насихаттайды, – дегенді айтып, фильмді тоқтатты да тастады. Содан комиссия еш шешімге келе алмай тарасты. Киностудиядан көңілім құлазып қайттым». 

Одан ары қарай фильмнің қазіргі нұсқасы Дінмұхамед Қонаевтың «соңғы бөлімін алып тастаңдар да, шығара беріңдер» деген сөзінен кейін жарыққа шыққанын, одан соң Ғабит Мүсіреповпен қалай татуласқанын баяндайды. Фильмнің толық нұсқасы қандай еді? Нұрағаңның «фильм құйрық-жалы күзелсе де жарыққа шықты» дегенінде қандай тұстары алынып қалды, енді соған назар аударып көрелік.

Фильм әу баста бір сериялы болған

1992 жылы «Жас Алаш» газетіне Камал Смайыловтың «Қыз Жібек» қалай түсі-рілді?» деген сұқбаты шығыпты. К.Смайылов «Қыз Жібек» түсірілген кезде «Қазақфильмнің» басшысы болған. Сол сұқбатта Камал аға «Қыз Жібек» те қысқартуға ұшырай жаздағанын білеміз. Бұл не себептен болып еді?» деген сұраққа былай жауап береді:

– Фильмді түсіре бастаған-да, оның оқиғасы бір серияға сыймайтын болып шықты. Уақытымыз біткенімен, әлі айтар ойымыздың жартысына да жеткен жоқпыз. Не істеу керек? Екі бөлім етіп түсіру үшін қосымша 200 мың сомдай ақша керек екен. Мәскеу оған рұқсат ете ме, етпей ме, ол жағы бұлыңғыр, сонда да үмітсіз шайтан – қол қусырып, жағдайымызды айтып, қайдасың деп Мәскеу тартып кеттік. Бірақ біздің он ойланып, жүз толғанып барғанымыз, қабырғамыздың қайысып отырғандығы ондағыларға тіпті шыбын шаққа құрлы да әсер еткен жоқ. «Болмайды» деп бір-ақ қайтарды. «Қаржы жоқ. Ұлттық фильмдер бұлай ойына келгенін істей берсе, бұл жақтың не тамтығы қалмақ?» деді. Құдай дес берісінде Димекең – Димаш Ахметұлы Қонаев Мәскеуде жүр екен. Жымба жолдап, сол кісінің тоқтаған жерін біліп алып, жетіп бардық алдына. Жағдайымызды жайып салдық. Димекең табан астында керекті адамдармен хабарласып, жағдайымызды қолма-қол шешіп берді.

Иә, фильм әу баста бір сериялы болады деп жоспарланған. Оған бөлінген қаржы да соған сай болыпты. Бірақ сценарий бір бөлімнің шеңберіне сыймай қалған соң, екінші бөлімін түсіруге бел байлаған. Меруерт Өтекешеваның бір сұқбатында сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде түсірілім тобы фильмнің екінші бөлімі түсірілуі керек деп елге үндеу жасағанын айтқан. Бұдан кейін редакцияға хаттар толассыз келе бастапты. Оның көбі «мемлекет ақша бөлмесе, ел болып жинап береміз» депті. Кейін оған Дінмұхамед Қонаев пен Ілияс Омаров араласып, фильм жалғасын тауыпты. Ал Асанәлі Әшімов бір сұқбатында басты рөлдегі актерлер ақшаның аздығынан екінші бөлімге тегін түскенін айтады.

Қандай эпизодтар қиылып қалды?

Фильмнен кейбір эпизод-тардың қиылып қалғаны анық. Олар қандай эпизодтар еді?! Асанәлі Әшімов «Аңыз адам» журналына берген сұқбатында былай дейді:

– Фильм екі серияға есептеліп шығарылған. Фильмді монтаждау барысында халқымыздың салт-дәстүрін суреттейтін көптеген эпизодтар алынып тасталған болатын. Қорен бастап келген қалмақтың қалың қолымен болған соғысты бір ай бойы түсіріп едік. Небір ғажайып көріністер бар еді-ау, шіркін! Қиян-кескі майдан құрлықты қоя тұрып, өзеннің тасып жатқан суының ішінде де жігіттердің жанқиярлық еңбегімен түсірілген еді. Ол көріністер де құрбандыққа шалынды. Тек қалмақтардың шолушы қолымен болған шағын шайқас қана қалдырылды. Киноға пайдаланылмай қалған осы түсірілімдер Меруертте бар еді. «Соны қосып, кеңейтіп шығару керек» деген сөз болған.

2015 жылы шыққан сол «Аңыз адам» журналында Құман Тастанбековтің әр жылдары берген сұқбаттарынан құрастырылған топтама берілген. Онда «Қыз Жібектің» көрсетіліп жүрген нұсқасында фильмнің соңы жоқ па сонда?» деген сұраққа Құман Тастанбеков былай дейді:

– Түпнұсқа бізде бар. Түпнұсқасында көш біреу емес, бірнешеу. Көрсетіліп жүрген нұсқасында Ақбоз ат бос келеді де, фильм бітеді ғой. Түпнұсқада Ақбоз ат оралғаннан кейін Қыз Жібек өз отауына келіп, Төлегенді елестетіп жылайды. Бәрімен қоштасқандай болып, Жайықтың жағасына келеді. Судың бетінде сәукелесі қалқып қалады. Жоңғарлардың батырлары сәукелені найзаларымен тұс-тұстан жұлмалайды. Менің ойымша, фильмнің шарықтау шегі де осы эпизодта. Естуімше, фильмнің премьерасы жүріп жатқан кезде киномеханиктің қасына КГБ-нің бір адамы отырып алып қадағалапты. Төлегеннің өлер алдында айтар сөзі бар ғой: «Қайран қазағым-ай! Дүниеден алар бар еншің осы ма еді?!» – дейтін. Осы сөзді сценарийге енгізген – Асқар Сүлейменов, – дейді Құман Тастанбеков.    

Ал Меруерт Өтекешева фильмнің қысқарып қалған тұсы туралы бір сұқбатта былай депті:

– Фильм шетелдерде көп сатылды. Оның қысқарған себебі де – сол. Талап бойынша екі сериялы фильм 2 сағат 20 минуттай болуы керек. «Қыз Жібектің» толық нұсқасы 2 сағат 35 минут еді. Режиссер Сұлтан Қожықов жылап отырып, 20 минутқа жуық лентаны қиды ғой. Содан инфаркт та алды. Қиылғаннан кейін, фильмнің аяғы бітпей қалғандай болды.

Фильмнің түпнұсқасы қайда?

Осындай іздеулерден кейінгі біздің көңілге қонғаны – Құман Тастанбековтің «фильмнің түпнұсқасы бізде бар» деген сөзі. Құман аға оның архивте емес, өзінің қолында бар екенін айтқан секілді. Осы әңгімелерді негізге алып, Меруерт Өтекешева апайға хабарластық. Апаймен 8 минут әңгімелесіппіз. Бірақ Меруерт апай сұрақтарымызға ашып жауап бермеді. «Қыз Жібек» арқылы бүкіл тарихты көрсетуге болады. Қазір фильмге қатысты бүкіл материалдарды архивке өткізуге дайындап жатырмын. Оны үйде ұстап, немере-шөбереге қалдырудың керегі жоқ. Архивте тұрғаны дұрыс деп есептеймін» деді. Ал әңгіме соңында: «Күзде Алматыда 1 сағат 40 минуттық фильмнің премьерасы болады. Оған Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов сияқты классиктер қатысады. Мен де барамын. Аманшылық болса, сол кезде кеңірек әңгімелесейік», – деді Меруерт апай. Ол қандай фильм, неге 1 сағат 40 минут – тағы да жұмбақ боп қалды. Ал Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваның тұңғыш қызы Жібек Тастанбекова Инстаграммдағы парақша-сында: «90-жылдардың басында аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильмінің нашар жағдайда екенін білген фильмнің кейіпкерлері Меруерт Өтекешева мен Құман Тастанбеков Мәскеуге аттанады. Пленка салынған 15 металл консервілерді «Қыз Жібек пен Төлеген» пойызбен Қазақстаннан «Белые столбыға» апарып, меценаттардың көмегімен фильмнің орысша нұсқасы қалпына келтірілді. Кейін дыбысты қалпына келтіріп, фильмнің қазақ тіліндегі көшірмесін қалпына келтіру үшін тағы да шекара мен кеден арқылы осы жолмен өтуге тура келді. «Бұл Құман екеуміздің бастамамыз болды. Біз фильмді қалпына келтірдік» – деді Меруерт Өтекешева», – деп жазыпты Жібек Құманқызы.

«Белые столбы» – Кеңес одағы кезінде түсірілген фильмдердің түпнұсқасы сақталған үлкен қойма. Кеңес одағынан шыққан елдер өз фильмдерін сол жерден әлден-ақ сатып алыпты. Ал Қазақстан іздеу салды ма? Бұл да бір мақалаға жүк боларлық сауал. Мүмкін, күзде, Меруерт апай айтқандай, тамаша жаңалықтың куәсі болып қалармыз, бұйыртса.

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

766 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы