• Спорт жұлдыздары
  • 17 Тамыз, 2023

Алынбайтын қамал немесе қарсыластың жолын кескен жампоздар

Әрбір спортшының өзі үшін ыңғайсыз қарсыласы болады. Небір мықтыларды тұқыртқанымен, сыралғы қарсыласқа келгенде адымы тұсалып қала беретін спортшылар жетерлік. Жақында Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында аса ауыр салмақтағы боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаевтың жолын өзбек боксшысы Бахадүр Жалолов төртінші рет кесіп, жүлдеден қақты. Осы орайда үлкен додаларда бір-бірінің жолын кесіп, алынбас қамалға айналған қарсыластар туралы зерттеп көруді жөн санадық.

Расында, Б.Жалоловты соңғы жылдары отандасымыз жеңе алмай жүр. Ірі турнирдің бәрінде дерлік Бахадүр Қамшыбектен басым түсті. Қос қарсылас 8 рет кездесіп, үшеуінде Қамшыбек жеңіске жетсе, 5 рет Бахадүрдің мерейі үстем болды. Өкініштісі, соңғы 5 кездесуде өзбек оғланы Қамшыбекті аттатпай қойды. Дегенмен Жалолов одан бұрын төрт бірдей үлкен жарыста жолын кесіп, мысын басқан Иван Дычконы бір жеңе алмай кетті.

Жалпы, кәсіпқой спортта ежелгі қарсыластарына жол бермейтіндер жетерлік. Үш олимпиадаға қатысқан Біржан Жақыповтың бағын байлаған боксшы – қытайлық Зоу Шимиң. 2005 жылы Қытайда өткен әлем біріншілігінде Зоу чемпион атанғанда, Біржан қола жүлдеге қол жеткізді. Алғаш рет қос спортшы 2007 жылы Азия чемпионатында қолғап түйістіріп, тәжірибелі Зоу жеңіске жетті. Жақыповты ірі жарыстарда бір емес, бес рет шалған қытайлық боксшының «қырсығы» осы тұстан басталды деуге болады. Дәл сол жылы Чикагода өткен әлем чемпионатында да Зоудың мысы басым болып, ширек финалда отандасымызды жарыс жолынан шығарды. Араға бір жыл салып, қос қарсылас Бейжің олимпиадасының ширек финалында жолықты. Жақыпов ширек финалға дейін байырғы қарсыласы, 2005 жылы әлем чемпионатында есе жіберген атақты Пал Бедакты (Венгрия) 7:6 есебімен ұтқанда үміт оты жылт ете қалған еді. Бірақ бұл жолы да Зоу Шимиң сан соқтырып кетті. Жақыпов пен Зоу Шимиң төртінші рет Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының ақтық сынында кездесті. Алтын жүлде үшін барын салып айқасқан Біржан қытайлық боксшыдан айласын асыра алмай, тағы да жеңіліс тапты. Сол Шимиң Лондон олимпиадасында да Біржанды арманынан алыстатты. Тартысқа толы өткен жекпе-жекте төрешілер тағы да Шимиңнің қолын көтерді. Міне, осылайша қытайлық боксшы аса ірі сындарда  Біржан Жақыповтың жолын бес рет кесті. Тағдыр демеске не... 

Әлемнің ең үздік балуандарының бірі саналатын Елдос Сметовтей саңлақтың да оң жамбасына келмеген балуан – Наохиса Такато. Он жыл бойы отандасымыздан жапон жампозының бағы басым болды. Такато да Сметовті үнемі шешуші айқастарда жеңіп, жолын кесіп отырды. 2011 жылы басталған бәсекелестік 2020 жылғы олимпиада ойындарына дейін жалғасты. Әркез Такатоның тасы өрге домалап, әлемнің қай бұрышында боз кілемге шықса да жеңіп отырды. Қос саңлақ 2011-2021 жылдары аралығында алты рет кездесіп, Такато бірде-бір рет біздің балуаннан жеңіліп көрген жоқ. Наохиса екі рет әлем чемпионатында, екі рет «Үлкен дулыға» және олимпиада мен Гран-При турнирлерінде отандасымыздың мысын басып, жолына бөгеу болды. Тіпті бір жылда екі рет жеңген кездері де болған. 2011 жылы Кейптаунда (ОАР) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында қапы қалдырса, дәл сол жылы Қытайдың Циңдао қаласында өткен Гран-При турнирінде де тұқыртты. Араға екі жыл салып, Такато мен Сметов  Рио де Жанейрода өткен әлем біріншілігі мен Токиодағы «Үлкен дулыға» турнирінде жолы түйісті. Өкінішке қарай, Сметов тағы да жапон жампозының осал тұсын таба алмай, сан соғып қалды.

Наохиса Такато Сметовтен бөлек, Серіктай Зәкетаев, Асхат Телманов, Айбек Имашев сынды сайыпқырандардың да мысын басқан. Ол қазақ балуандарынан тек Рустам Ибраевқа 2015 жылы Дюссельдорфтағы Гран-при турнирінде есе жіберген. Бір қызығы, Сметов талай жыл бойы Ғұсман Қырғызбаевтың салмағында бірінші нөмірлі болып келсе, Такато отандасы Рюдзю Нагаяманың бағын байлап, жолын кесіп келеді. Сметов пен Қырғызбаев әлемдік сындарда үш рет кездесіп, үшеуінде де Елдостың жұлдызы жанса, Такато да Нагаяманы үлкен додаларда үш рет ұтқан. 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін белдесуде Сметов Қырғызбаевтан басым түссе, Такато Нагаямаға есе жіберген болатын.

Жалпы жапон балуандары арасында Хифуми Абе мен Жоширо Маруяма арасындағы текетіресті күллі әлем тамашалайды. Қос мықты әркез жанкүйерлерге шоу көрсетіп күреседі. Спортта заңдылық және дәстүр деген ұғымдар бар. Осы екеуіне салсақ та, Абе Маруямадан ылғи бағы басым болады да тұрады. 66 келіде қарсылас шақ келтірмейтін қос спортшы екі жыл қатарынан әлем чемпионатының финалында белдесті. Екеуінде де Абе Маруямаға дес бермей, еркін еңсерді. Одан бөлек, Абе Токио олимпиадасына іріктеу сында да Маруямадан басым түсіп, төртжылдықтың басты додасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Айтпақшы, Хифуми Абе 2018 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында Ерлан Серікжановты алтыннан қаққан болатын. Бір қызығы, оның қарындасы Ута Абе де француз дзюдошысы Амандин Бюшарды үш рет әлем чемпионатында және Токио олимпиадасында қапы қалдырып, жолын кесіп келеді.

16 ЖЫЛ БОЙЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫНА ЖОЛ БЕРМЕГЕН БАЛУАН

Шеберлік деңгейі шарықтау шегіне жетіп, атақ-даңқы алысқа тараған спортшылардың бірі – грек-рим күресінің хас шебері Михаин Лопес. Талай жылдан бері төрткүл дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген «Кубаның қара нары» Токио төрінде төрт дүркін олимпиада чемпионы атанды. Токиодағы додаға дейін спорттың күш қолданатын түрлері бойынша ерлер арасында олимпиаданың төрт дүркін чемпионы атанған бірде-бір дарабоз жоқ еді. Жер-жаһан жанкүйерлерінің назарын өзіне аударған Лопес Токио төрінде қарсыластарына соқыр ұпай бермей, бәрін айқын басымдықпен ұтты. Михаин алғаш рет Афина олимпиадасында көзге түсіп, ширек финалға дейін жетті. Сол додада ресейлік Хасан Бароевтан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

Дегенмен арада төрт жыл өткен соң Бейжіңде дәл сол Бароевтан басым түсіп, алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. 16 жыл бойы әлемнің ең үздік балуаны атағын қорғап келген кубалық жігіт соңғы жылдардағы жарыстардың шешуші тұсында Рыза Каяалппен (Түркия) жолы жиі қиысты. Олар  ресми жарыстарда сегіз рет күш сынасып, түрік тарланбозы 2011 және 2015 жылдардағы әлем чемпионатының финалында ұтса, қалған алты айқаста Бостандық аралы өкілінің асығы алшысынан түсті. Ешбір қарсыласына жол бермеген Лопес күрестен төрт дүркін олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде өз есімін тарихқа алтын әріптермен жазды.

Аты аңызға айналған аяқдопшы Лионель Месси мен Криштиану Роналду 15 жылдай басқа футболшыларды «Алтын допсыз» қалдырды. Футболдағы ең  мәртебелі сыйлық саналатын «Алтын допты» қос саңлақ кезек-кезек иеленді. Футбол әлеміндегі ең беделді сыйлықты Месси 7 рет алса, Роналду 5 мәрте иеленген. Сол аралықта тек Лука Модрич қана 2018 жылы «Алтын доп» иегері атанып, мұндай мәртебелі атақты иеленген тұңғыш хорватиялық футболшы болды. Ал былтыр француз Кәрім Бенземаның бағы жанып, соңғы 10 жыл бедерінде Криштиану Роналду мен Леонель Мессидің қолына кезек-кезек өткен «Алтын допты» алды.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

1527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы