- АҚ ЖЕЛКЕН
- 17 Тамыз, 2023
Бала неге ет жемейді?

Қазір балалардың көпшілігі ет жемейді. Тіпті үлкендер ұсынып жатқан құлақты да кері ысыра беретін бала көп. Ең қызығы, көше тағамдарын күнде жемейтін, фаст-фудтан алшақ ауыл балаларының да көбі ет жемейтінін байқап жүрміз. Оның себебі неде? Балалар дәрігері, педиатр Назым Жұмабаевамен осы мәселені талқылап көрдік.
– Қазір көп баланың ет жемеуінің негізгі себептері қандай?
– Рас, соңғы уақытта балалардың көбі еттен бас тартып жатқанын жиі байқаймыз. Оның негізгі себебін айту, әрине, қиын. Бірақ соның бізге белгілі тұстарын айта кетуге болады. Біріншіден, балаға еттің түсі, иісі, дәмі, консистенциясы, көрінісі ұнамауы мүмкін. Екіншіден, ет ұсақталып туралмағаннан, яғни дұрыс майдаланбағаннан бала шайнай алмауы мүмкін. Үшінші себеп – етті күштеп, ұрысып бергеннен бала жегісі келмей қалуы мүмкін. Тағы бір себебі – екі-үш жастан асқан бала еттің қайдан келетінін біледі, сондықтан оны жегісі келмеуі мүмкін. Бесінші себеп – еттен бас тартуы баланың сол сәттегі жағдайына байланысты болуы мүмкін: мысалы, бала ауырып қалса, ол кезде оның тәбеті төмендейді.
– Ет жейтін және ет жемейтін балалардың өсуінде, дамуында айырмашылықтар бола ма?
– Ет жемесе, бала ағзасындағы ақуыз, яғни белок алмасу бұзылады. Баланың өсуіне, дамуына тікелей әсер етеді. Оның гемоглобині төмендеп, анемия, яғни қаназдық пайда болады, иммунитет төмендеп, аурушаң бола бастайды. Бала ағзасында ақуызды іздеп тұратын, оны қорытатын арнайы рецепторлар түзіледі. Сол үшін балаға ең бірінші қосымша тағамдарды дұрыс беру маңызды. Ет құрамында ақуыздан бөлек аминқышқылдар, темір, кальций, мырыш, омега-3 май қышқылдары, және В12 дәрумені бар.
Ақуыз адам ағзасында маңызды рөл атқарады. Ас қорыту процесі ақуыздарды амин қышқылдарына бөледі, бұл өз кезегінде дененің басқа ақуыздарын жасау үшін қажет. Жануарлардан алынатын ақуыздар толығымен дерлік сіңеді, ал өсімдік ақуыздарының 60-80%-ын қабылдайды. Ақуыздың құрамында 20-ға жуық амин қышқылдары бар, оның 8-і маңызды, адам ағзасы оларды синтездей алмайды, сондықтан олар тағаммен бірге келуі керек.
– Ет жемейтін балаларға соның орнын толтыратындай қандай тағам берген дұрыс?
– Ет жемейтін балаға ақуызы мол тағамдар беру керек. Оның ішінде ірімшік, сүзбе, күріш, дәнді дақылдар, сүт өнімдері, жұмыртқаның ағы, алма сияқты тағамдар берген дұрыс. Сол сияқты темір де адам ағзасы үшін маңызды қызмет атқарады. Темір оттегіні жеткізу процесіне, қалқанша безінің гормондарын өндіруге, иммундық жүйенің және дәнекер тінінің синтезіне қатысады. Балалар көбінесе ет жемеудің әсерінен темір тапшылығы анемиясына тап болып жатады.
Темірге бай тағамдар мыналар: қарақұмық, сұлы, жасымық, жаңғақтар, кептірілген жемістер, жұмыртқаның сарысы, шпинат. Кальций сүйектер мен тістердің берік болуы үшін қажет. Ол сүт өнімдерінде, шпинат, қырыққабатта бай. Денеде мырыш мыс, магний, темір және басқа да элементтермен әрекеттеседі. Бұл организмнің иммундық жұмысына, жасушаның бөлінуіне және инсулиннің бөліну процесіне қатысады. Көру қабілетіне, жүйке жұмысына пайдалы әсер етеді. Ол асқабақ тұқымы, жұмыртқа, бидай ұны, күріш, сүт өнімдерінде кездеседі.
Омега-3 полиқанықпаған май қышқылдары да өте маңызды, өйткені оларды ағза өздігінен түзе алмайды. Олар жасушалар үшін өте маңызды энергия көзі ретінде жұмыс істейді, жүрек-қан тамырлары жұмысын реттейді, гормондардың түзілуіне қатысады. Ол өсімдік майларында, дәнді дақылдарда, тұқым мен жаңғақтарда кездеседі.
– Ет жемейтін баланы қалай етке үйретуге болады?
– Бірінші әдіс – мысал көрсету. Балалар ересектерге еліктеуге бейім, сондықтан етті сүйсініп жеп көрсетіңіз. Табақшаңызды ет суфлесі немесе котлеттерге толтырыңыз және балаңыздың қолы оған жете алатындай болсын. Ас ішіп отырғанда тағамды мақтаңыз, ол сөзсіз балаға әсер етеді. Егер бала табанды болса, үмітіңізді үзбеңіз. Бала өзіне ұнамайтын тағамды жеу үшін кейде 10-15 әрекетке дейін қайталау қажет. Бүгін бас тартса да, ертең жеуі мүмкін. Сондықтан осы әрекеттерді үзбей қайталап тұру керек.
Ет тағамының сыртқы түрімен жұмыс істеңіз. Мысалы, еттен гүл жасаңыз: оның айналасына сәбіз шеңберлерінен жапырақшалар салыңыз немесе оны қаймақпен сәндеңіз. Қиялыңызды көрсетіңіз. Егер тағам әдемі көрінсе, оны қызықтыруы мүмкін. Тағы бір әдіс – етті баланың сүйікті тағамына «жасырыңыз». Бұл өте жақсы тәсіл емес, өйткені бала не жеп жатқанын көріп, әртүрлі тағамдардың дәмін ажыратуы керек. Егер басқа амалы болмаса, ет үгіндісін сүтсіз ботқаға немесе балаңыз қуана жейтін көкөністерге қосуға болады. Егер бала ет жегісі келмесе, күштеп жегізуге, мәжбүрлеуге болмайтынын ұмытпау керек.
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

931 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *