• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 16 Тамыз, 2023

Арбатта жастар неге ән айтады?

Жұмысымыз Алматыдағы Арбаттың қасында орналасқан. Арбат – Орталық әмбебап дүкен алдындағы жүргіншілер көшесі. Терезе ашық тұрғанда, Арбатта ән айтып жатқандардың дауысы естіліп тұрады. Кейде түскі үзіліс кезінде ән тыңдап келеміз. Арбатқа реконструкция жасалғалы бері Алматы жастарының дені осы жерде. Оған қалалық әкімдік рұқсат берген. Бұл жерде кездесетін домбырашы, гитарашы, саксофоншы, әнші-биші, әртістер Арбаттың әрін аша түскен деуге болады. Арбат әншілерінің әнін тыңдай жүріп, біразын әңгімеге тарттық.

ЕРЖАН

– Арбатта ән айтудағы негізгі мақсатыңыз қандай?
– Хобби. Негізгі жұмысым бар. Арасында келіп тұрамын, достарыммен бірге. Осылай көңілімізді көтереміз. 
– Каспи голд нөмір жазып қойыпсыздар. Табыс табасыздар ма? 
– Бұл дос баламдікі. Ол күнде келіп, ән айтады. Ал мен күнде келмеймін.  
– Шамамен қанша табыс табасыздар?
– Әр күні әртүрлі табамыз. Мысалы, кеше қырық мың таптық. Оны ән айтқан балалар бөліп алдық. 
– Қанша бала ән айтасыздар?
– Негізі үш адам айтамыз, арасында ән айтқысы келген достарымыз да айтады. 
– Бұл жерде ән айтатындар көп қой, араларыңызда бәсеке бар ма? 
– Жоқ. 
– Мысалы, анау үлкен кісілер даусын әдейі қатты шығарып, сендерді басып кетуге тырысып жатыр...
– Ол кісілер үшін бәсеке бар шығар, біз үшін жоқ. Оларға ештеңе айта алмаймыз. 
– Сіздердің ән айтқандарыңызға ата-аналарыңыз қалай қарайды? 
– Еш қарсылық жоқ. Анамның өзі музыкант. Музыка мамандығына түсірмеді алайда. 
– Болашақта әнші болып кетуіңіз мүмкін бе? 
– Ондай мақсатым жоқ. Мамандығым – психолог. Сол бойынша қызмет істеймін. Ән айту – хоббиім. 
– Арбатта алғаш ән айта бастаған кезде ұялу, қысылу сезімі болды ма? Кім, қандай сын айтады? 
– Иә. Уақыт өте келе үйреніп кеттім. Көбі «репертуарыңды көбейтсеңші» дейді. Өйткені, 3-4 әнді айналдырып айта беремін. «Жастардың ғана емес, үлкен кісілер де тыңдайтын әндерді айтсаңшы» дейтіндер бар. 
– Арбатта неше уақыттан бері ән айтасыз? 
– Бір жылға жуықтады.

ДИДАР

– Арбатта ән айтқанның несі ұнайды? 
– Жұмыстан шаршап шыққанда, осы жерге келіп, ән айтып, шаршағанымды басамын. 
– Ән айтып жүргеніңізге бес жылдай болыпты. Ары қарай дамытып, әнші болғыңыз келмей ме?
– Жоқ, бұл тек хобби. 
– Мамандығыңыз қандай?
– Дәнекерлеушімін. Бірақ басқа салаға кеткенмін.

ӘСЕЛ

– Бұл жерге дауысым ашылсын деп келемін. Өйткені болашақта байқауларға қатысып, әншілік карьера жасағым келеді. 
– Шетелдік әндерді көп айтады екенсің. Қазақша әндер де айтасың ба?
– Иә, көбіне шетелдік әндерді ғана айтамын. Қазақшаны тек сұраныспен орындаймын. Өзіме ұнайды, дауысым да соған келеді. 
– Күніне қанша ақша табасыз?
– Әртүрлі. Күн ыстық күндері кешірек шығамын. Ол кезде табыс аз болады... Басында табыс табуды көздемедім, бірақ уақыт өте келе оған да үйреніп, түскен ақшаны есептей бастадым. 
– Үйіңдегілер Арбатта ән айтуыңа қарсы емес пе?
– Қарсы. Әкем қатты намыстанып, сөйлейді. Бірақ бұл менің қалауым ғой...

БАЗАРҚҰЛ

– Неше жылдан бері ән айтасыз?
– 2016 жылдан бері ән айтамын осы жерде. 
– Ата-анаңыз қалай қарайды? 
– Ата-ана болғанда... менің ешкімім жоқ, жетіммін. Кішкентай кезімнен бері ән айтып келемін. Арбатта ән айтып жүріп, орыс халқына риза боламын. 
– Неге?
– Қазақтар «қазақша ән айт» дейді. Қазақша айтсаң, «бейшара, қайыр тілеп тұр ма?» дейді. Ал орысша айтсаң, орыстар әнді бастамай жатып қол соғады. Қалтасынан ақша шығарады. Ән айтатын балалардың орысшаға тілі келмейді көбіне. Сонда орыстар келіп, айғайлап қуып жіберетінін де көрдік...   
– Арбатта ән айтатындардың өзіндік проблемасы бар екен ғой...
– Назарбаев пен Жібек жолы көшелерінің қиылысында жас қыз отырады. Ешкімі жоқ, дауысы да жоқ. Бірақ екі інісін асырауы керек. «Жастарды көтерейік» дейді. Жастардың мәселесін көру үшін Арбатқа келсін. Осыны жазыңыз. Қаншама журналист келеді, біреуі осы сөзімізді айтпайды. 
– Өткенде ән айтып жатқандарды бір апа келіп, қуалап жатты. «Шешем ауырып жатыр, ал сендер ән айтып, мазасын алып жатырсыңдар» деп айғайлады. 
– Заңға бағынамыз, сағат кешкі онға дейін ғана ән айтылады. Арбаттың сәні – ән. Мысалы, ән айтатындарды қуып, тәтті-пәтті сататындарды, ойнайтын жерлерді алып тастайтын болса, қарапайым көшеден еш айырмашылығы болмай қалады. Өтіп бара жатқандар басымызға бөтелке лақтырған кезі де болған. Пакетке су толтырып алып, бетімізге де лақтырды. Сондықтан қазір тұрғын үйі жоқ жерге келіп ән айтамыз.

МЕРЕЙ

– Сіздер екі қыз ән айтады екенсіздер. Құрбысыздар ма?
– Жоқ, туысқанбыз. Бөлелерміз. 
– Арбатта ән айтудағы мақсаттарыңыз қандай?
– Еш мақсат жоқ, жай, хобби үшін... Екеуіміз мектептен бері бірге ән айтамыз. Бірақ кейде екеуіміз топ құрып, сахнаға шықсақ па екен деп ойлаймыз. 
– Бұдан басқа жұмыстарыңыз бар ма?
– Қазірше студентпіз. Негізі студенттік шағымызды қызықты өткізгіміз келеді. Ертең университетті бітіріп кеткен соң, естелік қып айтып отырғанға жақсы. 
– Басқа да ән айтатын қыз-жігіттермен араларыңда бәсеке бар ма?
– Ешкіммен бәсекелес-пейміз. 
– Бұл жерде жүргендер жақсы әншіге ақша беретін сияқты...
– Иә, әрине, біреулерге әншінің дауысы ұнайды немесе тыңдаушының жақсы көретін әнін орындаған жағдайда ақша тастайтынын байқаймын. Бірақ кімге қандай ән ұнайтынын біле бермейміз ғой...

АРУЖАН

– Арбатта өтетіндер ән айтатындарға біртүрлі аяушылықпен қарайтын сияқты. Сізге сезіле ме?
– Иә, сеземін. Бірақ бұл жерде ән айту қайыр сұрау емес екенін түсінсе екен деймін. Көше музыканттарына қайыршы ретінде қарауды қою керек. Мысалы, Еуропада белгілі опера әншілерінің өзі көшеге шығып, жанды дауыста ән айтады. Олар солай өз аудиториясын кеңейтеді, танылады. 
– Қанша аяушылықпен қараса да, ақша көп бермейтіндей көрінді. 
– Ол да бар. Жай қарап, өтіп кете береді. Егер тоқтап тыңдайтын болса, музыка адамның түсінігін қалыптастырады. 
– Аружан, мамандығыңыз қандай?
– Музыкантпын. Қазір оқып жатырмын. 
– Бәсе, музыка туралы өзіндік көзқарасыңыз бар екені білініп тұр. 
– Мен бұл жерге келіп ән айтатын себебім, көше музыканттары туралы зерттеп жүрмін. Диплом жұмысыма жазсам деймін. 
– Бәрекелді! Арбаттағы адамдарды тек ән біріктіріп тұрғанымен келісесіз бе?
– Келісемін. Себебі, өнерде тіл жоқ. Ол адамдарды біріктіре алатын бірегей өнер.

Байқағанымыз, жастардың көбі Арбатқа ән айтуға топ болып келеді екен. Бірі шаршағанда, екіншісі айтады. Осылайша, 4-5 адам кезектесіп ән айтады, тапқан табыстарын бөлісіп алады. Ән айтатындардың таныстары да өздерінше қолдауға келіп, топ болып жиналып отырады екен. Музыканың түрлі жанрын жаңылмай орындап жатқан жастардың арасында үлкен кісілер де жоқ емес... Дегенмен көшеде ән айтатындарды «қайыр тілеп отыр» деп санайтын таптаурын көзқарастарды байқамау мүмкін емес. Сондықтан болар,  Домбыра күні қарсаңында Мейрамбек Бесбаев түрін жасырып келіп, Арбатта домбыра тартқанын әлеуметтік желілер мен сайттар кәдімгідей жаңалық ретінде таратты. Дамыған елдерде, анығында өнерге деген көзқарас дамыған елдерде көшеде ән айтатындарға мүсіркеп қарамаса керек. Біз сөйлескен әншілерден қыздар ғана өзін суретке түсіруге рұқсат бермеді. Алайда олар өздерінің бейнесі Инстаграм стористерде, ТикТокта жүргенін біле ме екен?
 

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2023

727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы