• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 15 Қараша, 2023

Тағдыры тоқсан тарау төл валютамыз

КСРО тарап, әр ел өз егемендігін жариялаған кезең посткеңестік елдердің қай-қайсысына да оңай соққан жоқ. Одақтың ортақ ақшасы – рубль құнсызданып, жалақы, зейнетақы көзден бұлбұл ұшып, зауыт-фабрикалар тоқтап, ел ішін дағдарыс жайлады. Халық «қалай күн көреміз?» деп, үкімет бұл тығырықтан қалай шығарын іздеп, әбігерге түскен кез. Ал тәуелсіз елдің негізгі атрибуттарының бірі – өз ақшасы бұл кезде әлі айналымға шықпаған еді.

1993 жылы 15 қазанда сағат 8:00-ден бастап қазақ халқы өзінің төл ақшасы теңгені қолына ұстады. Ал рубльді теңгеге айырбастау 20 қазанға дейін жалғасты.

Теңге қазақтың қолына тигенге дейін қандай өткелектерден өтті? Тарихи оқиғаларды санамызды бір жаңғыртып көрейік.

Ұлыбританияда басылып, Алматыға әкелінген

Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. Алдымен суретшілерге теңгені екі жыл ішінде дайындау тапсырылады. Олар екі жыл бойы 1 тиыннан бастап, 50 тиынға дейін, 1 теңгеден бастап, 100 теңгеге дейінгі номиналдарды дайындады. Ақша жасау – азабы көп жұмыс. Мәселен, бір номиналды банкнотты жасаудың өзіне алты жыл уақыт сарп етуге тура келеді. Ал екі жылдың ішінде бір мемлекеттің ақшасын дайындау үшін төгілген терде есеп жоқ шығар, сірә?!

Осы жерде жас оқырмандарымызды теңгенің неге Ұлыбританияда дайындалғаны қызық болуы мүмкін. Ақша басып беруге бірнеше халықаралық компания өтініш береді. Сол кездегі басшылық Ұлыбританиядағы Harrison&Sons limited шағын фирмасын таңдайды. Ол фабриканың төрт жүз жылдық тарихы бар. Фабрика Лондоннан 30 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше елге ақша шығарып, пошта маркаларын, төлқұжаттарды жасаған. Теңгені басып шығарған соң бұл фирманың атағы аспандап, ағылшын патшайымының қолынан «Алтын» белгісін алады. Әрі ол фирма теңгенің арқасында жаңа технологиясын сынақтан өткізіпті.

Алайда өзі шағын болғанымен, алпауыт бәскелестерінен теңгені дайындауды «тартып» алған фирманың жаулары көбейіп, соңында бір фунт стерлингке сатылыпты.

Теңгенің төрт түрлі дизайны жасалған

Теңгенің дайындалуы алдымен дизайнынан басталған. Ұлттық валюта қандай болу керек деген сұраққа жан-жақтан жауап ізделді және оған жауап табу да оңай болған жоқ. Өйткені қазақтың өткен-кеткен тарихы теңге бетіне қалайда көрініс табуға тиіс. Ал оны ойластырып, үйлестіру үшін де қиял мен білім, тапқырлық бір жерде тоғысу керек. Ол үшін түрлі-түрлі жобалар жасалады. Тимур Сүлейменов бастаған топ екі айда теңгенің төрт жобасын дайындайды. Соңында жеті тарихи тұлғаның бейнесі таңдалып алынады. Олар: Абай, Шоқан, Құрманғазы, Сүйінбай, Абылай хан, Әбілқайыр хан және әл-Фараби. Суретшілер қолындағы жобамен Лондонға аттанады.

Бірінші серияның эскиздері қарындаш, акварель және темпера бояуымен қолмен салынып, жасалады. Содан кейін банкнот ретінде басылады. Ал монеталар Германияда арнайы өңделген жезден және нейзильберден (мыс, никель және мырыш қорытпасы қосылған күміс) соғылған. Бір аптаның ішінде 4 Ил-86 ұшағы Ұлыбританиядан банкноттарды елге жеткізді. Осылайша сегіз күнде 18 рейс жасалған деседі. Теңге ел банктеріне таратылып, 1993 жылдың 15 қазан күні сағат 8:00-де рубль теңгеге айырбастала бастайды.

Неге теңге деп аталды?

Теңге – түркі сөзі. Ақшаның атауына қатысты біраз дау туған екен. Нұсқалардың ішінде «ақша», «алтын», «танға», «сом», «сум» деген де атаулар болыпты. Нәтижесінде «денгеге» тоқтайды. Денге – орта ғасырларда төлем жасау үшін пайдаланылған түркілердің ұсақ күміс монетасының атауы. Орысша «деньги» сөзі теңге сөзінен алынған.

Теңгенің жасалып жатқанын санаулы ғана адам білген

Теңгені айналымға шығару өте құпия түрде жүргізілген. Сол кездегі Ұлттық мемлекеттік банктің (қазіргі Ұлттық банк) төрағасы Ғалым Байназаровтың 2001 жылы  «Қазақстан Zaman» газетіндегі сұқбатында мынадай естелік айтылады: «Мұның айырықша маңыздылығы сонда – оған арналған президент жарлығының өзі құпия болды. Теңгені шығаруға басшылық жасаған сол кездегі вице-президент Ерік Мағзұмұлы Асанбаев еді. Ал президенттің жарлығын алдымен аз-ақ адам білдік. Назарбаев, Әбділдин, Асанбаев, Жоғарғы Кеңестің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов, Республиканың бас дизайнері Тимур Сүлейменов, мен және орынбасарым Мерсұлтан Тұрсынов. Жарлық шыққан соң жұмыс екі бағытта жүрді. Сүлейменов бастаған топ болашақ теңгенің кескінін дайындауға кірісті, біз теңгені басып шығаратын фабриканы іздестірдік». Осы жерде «1991 жылы тәуелсіздік алған соң, теңге неге бірден енгізілмеді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Теңгенің дайындалуының өзіне екі жыл уақыт кетсе, ұлттық валюта туралы құжаттың дайындалуына да соншалық уақыт кеткен. Теңге 1993 жылдың сәуір айында елге әкелінгенімен, тек қазан айында ғана қолданысқа енгізілген. 1993 жылдың 12 қарашасы күні сол кездегі президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қояды.  

Әлемдегі ең қауіпсіз банкноттардың бірі

Осы 1993 жылдан бері теңгенің дизайны көп өзгерді. Монеталар қағаз купюраларға ауыстырылды, тиын іс жүзінде айналымнан шықты. Алғаш айналысқа енгізілген кезде тұлғалардың суреттері болса, бүгінде ұлттық валютаның дизайны Қазақстанның заманауилығын көрсетеді, барлық мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтының бейнелерін қамтиды. Теңге дизайнын өзгертудің негізгі себебінің бірі –  қорғаныс дәрежесін арттыру. Жалпы қорғаныс белгісі 18 деңгейден тұрады. Дегенмен теңге қорғаныс белгісі  бойынша халықаралық банкноттар ұйымының бәйгесінде алда келеді. «Күлтегін» түркі жазуына арналған 1000 теңгелік номиналы Халықаралық банкнот қоғамының (IBNS) бағалауы бойынша «2013 жылдың үздік банкноты» деп танылды. Бұл банкнота 2013 жылдың 12 желтоқсанында 10 миллион дана таралыммен қолданысқа шығарылыпты.

Т – теңгенің символы

Қазір теңгенің символы – үстінде көлденең сызық бар «Т» бас әрпі. Ол Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгені көрсету үшін қолданылады (код -U+20B8). Бұл белгі 2006 жылы таңдалды. Ұлттық банк жариялаған байқауға 30 000 жұмыс келіп түскен. Олардың ішінде Вадим Давиденко мен Санжар Әмірхановтың жобасы үздік шығып, сыйақы берілген. С.Әмірхановтың айтуынша, Т белгісі үшін 1 млн теңге және 5000 доллар сыйақы алған. «1 млн теңгені – Ұлттық банк, 5000 долларды «Альянс банк» берді. Бұл соманы тең бөлдік. Бір бөлігін тұрмыстық нәрселерге жұмсадым. Тағы бір бөлігін көлік сатып алуға алғашқы жарна ретінде төледім. Қалғаны ұсақ-түйекке кетті. Әрине, ақшаны екіге бөлген соң аздау болды. Досым екеуміз жұмыстан кейін және демалыс күндері екі аптадай бірге жұмыс істедік. Сосын екеуміз бөлек-бөлек тағы екі апта жұмыс істедік. Сонда бір ай бойы ойластырып, 13 жұмысты байқауға ұсындық. Теңге символының әртүрлі нұсқасы болды. Шынымды айтсам, біз байқауда жеңіске жетеміз деп ойлағаынымыз жоқ. Өйткені бәсеке өте жоғары болды. Бірақ қарапайым, түсінікті, қысқа да нұсқа болғандықтан, біз ұсынған символ жеңіске жетті», – дейді С.Әмірханов.

Теңгені қалай құтқарамыз?

1990-жылдардың басында халықтың үміт шырағын үрлеген теңге бүгінде көмекке зәру. Теңгенің ең басты «жауы» – құнсыздану. Бүгінде өзекті тақырыптың біріне айналды. Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлының айтуынша, 1993 жыл мен 2023 жылды салыстырғанда, теңге долларға шаққанда 96 рет құнсызданған. 1993 жылы 1 доллар 5 теңге болса, қазір 1 доллар – 480 теңге. Соңғы он жылда теңгенің жылдық орташа құнсыздануы 9-10 пайызға дейін жеткен. АҚШ-пен салыстырғанда 8 пайыз көп, оларда құнсыздану 1-2 пайыз.

«Бізде инфляция жоғары болатын себебі, ештеңе өндіріп отырған жоқпыз. Инфляцияны азық-түлік корзинасымен ғана өлшейді. Ал шетелден келіп жатқан технологияларды, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, құрылыс материалдарын есептемейді. Ұлттық банк инфляцияны 5% деп көрсетуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде олай емес. Инфляция көп болған сайын банктердің несие пайызы да көтеріле береді. Егер біздің экономикамызда жақсы жағына өзгермесе, алдағы уақытта теңгенің құнсыздануы 10%-дан асады. Теңге құнсызданбас үшін, өз елімізде қалу үшін отандық өндірісіміз көп болғаны жөн. Тым құрығанда, құрылыс заттары өзімізден шықса да әжептәуір олжа еді. Теңгені құтқару үшін бір-екі емес, бірнеше зауыт ашылу керек. Сонда ақша сыртқа кетпейді, өз ішімізде айналыста жүреді. Оның үстіне теңге долларға тәуелді. Болашақта долларға сұраныс азаяды деп жатыр. Егер солай болатын болса, біз онда кедей елге айналып кетеміз. Қазір мұнай барреліне 85 доллар болып тұр, егер 50 доллардан түсетін болса, инфляцияға тағы ұрынамыз.

Бізде халық саны көбейіп жатыр. Геосаясат үшін жақсы, әрине. Ал ол халықты асырау деген тағы бір мәселе бар. Үндістанда халық саны көп, жағдайы жоқ. Қытайда да халық саны көп, бірақ оларда өндіріс көп. Қазір көп адам қолма-қол ақшамен есептеспейді. Сондықтан ақшаның дизайны қандай екенін де білмейді. Ақшадан бастап, бәрі цифрлық нұсқаға көшіп кетті. Жалпы теңгенің дизайны теңгенің тұрақтануына еш әсер етпейді. Тіпті теңгенің қорғаныс қабілеті болғаны да өзекті емес. Мысалы, қорғанысы мықты болса да, долларды қолдан жасау тоқтаған емес», – дейді қарды сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы.

Осы күзден бастап цифрлық теңге айналымға енуі мүмкін. Қазақстандықтар жәрдемақы мен зейнетақыны пилоттық режимде цифрлық ұлттық валютада ала бастайды. Мемлекеттік сатып алулар да ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгеге көшеді. Ұлттық банк цифрлық ақшаның ең маңызды артықшылығын айтты: азаматтар онымен оффлайн режимде төлем жасай алады, транзакциялар үшін интернет қажет емес.

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2023

3159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы