• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Ақпан, 2024

«Сен орысша сөйлеп тұрсың...»

– Менде үлкен екі таңдау бар. Қайсысын таңдаймын, сосын айтам. Бірақ таңдау жасау өте қиын. Біреу айтады, қаржы жағы жақсы деп. Бірақ ол сала тартпайды. Мама айтады, мұғалім болсаң өлмейсің дейді. Тұрақты жалақысы бар,  соңғы кезде өсіп, жақсы болды дейді. Мұғалім болғым келеді, біліміммен бөлісіп отырған керемет қой. Бірақ қағаз жазып шаршап кетесің. Мұғалім болсаң, өте білімді болу керексің.

Жақында қала мектептерінің бірінде мектеп бітіруші түлек бізге ойын осылай білдірді. Өзі кілең беске оқитын зерек оқушы екен. Әдетте қыз баланың әр сөзін сәндеп айтатыны бар ғой, ана тіліне аздап акцент қосып, кейде ң дыбысын н-мен алмастырып, мейлінше жақсы әсер қалдыруға тырысып-ақ отыр. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға ықыласты. Біраз кітап оқыпты, онысы бірден аңғарылады.

Сыныптастарының көзінше бірден ескерту жасамай, кейін жеке әңгіме барысында оның «орысша сөйлеп» тұрғанын ескерттік. Жасөспірім қатты таңғалып қалды. «Ағай, керісінше, мен бірде-бір орысша сөз қоспай, сіздердің алдарыңызда қатты тырыстым ғой» деді. Оны біз де жоққа шығарғанымыз жоқ. Бірақ оның алдымен орысша ойлап алып, соны қазақша аударып барып сөйлеп отырғанын жайлап түсіндірдік. Ол бұл мәселені асықпай ой елегінен өткізіп алатынын айтты да, түс аумай-ақ телефонымызға хабарласып, біздің ескертуіміздің орынды екенін, біраз нәрсені қайта қарауға ықыласты екенін жазды. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытқысы келетін адам жібермеуге тиіс қателіктер екенін де мойындады. Сонымен, болашақ талапкердің сөзінде қандай қате бар?

«Менде үлкен екі таңдау бар». Санада таза орысша құрастырылған сөйлем. «У меня есть два больших выбора». Соны қазақ тілінің заңдылықтарын еш ескерместен, тікелей аудара салудың тікелей көрінісі. Біріншіден, «у меня» сөзі «менде» деп тура алынған. Екіншіден, таза орысша құралған сөйлем сол күйінде аударылып тұр. Жалпы, «выбор» сөзін «таңдау» деп алып, соның айналасын шиырлау соңғы кездері дертке айналды. Яғни «таңдау» сөзін бастауыш етіп аламыз да, кейінгі сөздің бәрін соған бағындырамыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Өз тіліміздің талабы бойынша, «мен екі бағыттың бірін таңдауым керек» болуға тиіс. Сонда «у меня» сөзін «менде» деп аянышты аударудың қажеті болмайды.

«Қайсысын таңдаймын, сосын айтам» – «какой из них выберу, потом скажу». Дұрысы – «қайсысын таңдайтынымды кейінірек айтармын». Бұл сөйлемде де қазақ тілінің заңдылығы белден сызылған. Қазақ тілінде бір жай сөйлем болатын сөйлем ортасынан күштеп сындырылып, мүлде басқа сипат алып тұр.

«Бірақ таңдау жасау өте қиын» – «но сделать выбор очень тяжело». Дұрысы – «дегенмен таңдау өте қиын». Мұнда да «таңдау» сөзі орыс тіліндегідей бастауыш сипатта алынып, оған міндетті түрде «жасау» түріндегі баяндауышты қосу қажет сияқты көрінеді. Шындығында, олай емес. «Таңдау» сөзін баяндауыш сипатында алсақ, сөйлем өз-өзінен қазақы мазмұнға ие болады.

«Біреу айтады, қаржы жағы жақсы деп» – «одни говорят, что финансовая сфера хороша». Дұрысы – «біреулер қаржы саласы жақсы екенін айтады». Қазіргі жасөспірім орыс тілінің сөз арасында келетін «что», «чтобы», «потому что», т.б. сияқты көмекші сөздер қазақ тілінде де міндетті түрде үтірден кейін айтылуға тиіс деп ойлайды. Шындығында, олар біздің ана тілімізде еш қажет емес. Қазақ тілінде, жоғарыда айтқанымыздай, мұның бәрі бір ғана жай сөйлем сипатында айтылады. Тілімізде «жақсы деп» деп сөз аяғы ешқашан дерексіз айтылмайды. Мұнда баяндауыш сөз ортасында айтылуымен-ақ қазақ тілінің сипатына орасан зор нұқсан келтірген.

«Бірақ ол сала тартпайды» – «но эта сфера меня не привлекает». Бұл сөйлемде «привлекает» «тартпайды» болып тікелей аударылу арқылы-ақ тіл заңдылығын бұзып тұр. Дұрысы – «бұл салаға аса қызықпаймын» немесе «бұл салаға бүйрегім бұрмайды». Әлдеқайда бояулы, әлдеқайда ұғынықты.

«Мама айтады, мұғалім болсаң өлмейсің деп» – «мама говорит, что не умрешь, если станешь учителем». «Анау айтады, мынау айтады» деп басталатын сөйлемнің бәрі – қазақ тілінің жауы. «Мұғалім болсаң өлмейсің дейді анам» – дұрысы осы.

«Тұрақты жалақысы бар, соңғы кезде өсіп, жақсы болды дейді» – «она еще говорит, что у учителей стабильная зарплата, и она увеличилась в последнее время». Түгелдей орысша сөйлем, бұл тұлғада тіпті түсіну мүмкін емес. Жай сөйлемдердің бастауышы жоқ. Дұрысы, алдындағы сөйлеммен байланыстыра айтылып: «Мұғалім болсаң өлмейсің, жалақысы тұрақты. Соңғы кезде жалақысы өсіп, бұрынғыдан жақсарып қалды» дейді анам», – болуға тиіс еді...

«Мұғалім болғым келеді, біліміммен бөлісіп отырған керемет қой» – «хочу стать учителем, потому что делиться своими знаниями всегда очень круто». Бұл сөйлемде «біліміммен бөлісу» деген тіркес құлағымызға түрпідей тиеді. Бірақ қазір оның қазақ тіліне орнығып алғаны соншалық, ғылым докторлары да осылай сөйлей беретін болды. «Ойымен/пікірімен/тәжірибесімен бөлісті» дейді бәрі. Осы тіркестің алдына «оқушылармен»/қатысушылармен/студенттермен» сөзін қойып көрсек, қазақ тілінің тұнығын қаншалық лайлап тұрғанымызды дереу түсінер едік. «Студенттермен тәжірибесімен бөлісті» – көмектес септігінің екі жалғауы екі сөзде қатар келіп, бірін-бірі қатты жатырқап тұр. Дұрысы – «студенттермен тәжірибесін бөлісті». Ал жоғарыдағы сөйлем «мұғалім болғым келеді, оқушыларға үйрете білу де бір ғанибет қой» делінсе, қазақы сипаты мейлінше ашылар еді.

«Бірақ қағаз жазып шаршап кетесің» – «но устаешь от бесконечных бумаг». Бұл сөйлемдегі «қағаз жазып» деген тіркес қазақ тіліне 1980 жылдардан бері еніп, орнығып алды. Міндетті түрде солай айтуға тиіс секілді сезінеміз. «Бірақ қағазы шаршатады» деген әлдеқайда дұрыс болар еді. Әлдеқайда түсінікті, өз ұғымымызға жақын. Дегенмен «бірақ» сөзінің жиі қолданылуы да жөн емес. Орыс тілінде ол сөз байланыстырушы элемент сипатында болады да, аса ерекшелене бермейді.

«Мұғалім болсаң, өте білімді болу керексің» – «если хочешь стать учителем, ты должен быть очень образованным». Қазіргі жастар тәуелдік жалғау дегенді тіпті ұмытты. «Болуым керек, айтуым керек, қолдауым керек» деген сөздің барлығы «керексің» немесе «керекпін» деп мүлде жат тұлғада айтылып кетті. «Мұғалім болсаң, өте білімді болуың керек» – дұрысы осылай. «Керекпін»/«керексің» сөзі «мен», сен» есім сөздерінен кейін айтылса ғана дұрыс. Мысалы, «мен Отаныма керекпін».

Енді жоғарыдағы сөйлемді «таза қазақша» оқып шығайық. «Мен екі бағыттың бірін таңдауым керек. Қайсысын таңдайтынымды кейінірек айтармын. Дегенмен таңдау өте қиын. Біреулер қаржы саласы жақсы екенін айтады. Бұл салаға аса қызықпаймын. «Мұғалім болсаң өлмейсің, жалақысы тұрақты. Соңғы кезде жалақысы өсіп, бұрынғыдан жақсарып қалды» дейді анам. Мұғалім болғым келеді, оқушыларға үйрете білу де бір ғанибет қой.  Бірақ қағазы шаршатады. Мұғалім болсаң, өте білімді болуың керек».

Таза калька бағытымен кете берсе, тіліміздің табиғаты мүлде бұзылатынын сезініп жүруге міндеттіміз. Бәріміз!

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

 

2552 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы