- АҚ ЖЕЛКЕН
- 20 Наурыз, 2024
Ақын атындағы мектепте
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы айрықша атап өтілмек. Жақында Астана қаласында Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектепгимназиясында сол іс-шаралардың алғашқысы өтіпті.
Біз мектеп директоры нұрлан Меңдібайұлына хабарласып, іс-шара, жалпы мектеп туралы сұрадық.
– Ф.Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназия 2015 жылы ашылды. Алғашқы директоры – Гүлжамал Пердебайқызы. Мен екінші директормын. Осы мектеп ашылғаннан тарих пәнінің мұғалімі болдым. Былтырдан бері директор қызметін атқарып келе жатырмын. Қазір мектепте 1631 оқушы екі ауысымда таза қазақ тілінде білім алып жатыр. 2022 жылғы мамыр айында мектепке Фариза апамыздың есімі берілді. Сол жылы Ф.Оңғарсынова кабинеті де ашылды. Бұйырса, оқу жылының соңына дейін музейін ашсақ деп ниеттеніп отырмыз. Біздің мектептің ерекшелігі – қазақ тілі мен ағылшын тілі пәндерін тереңдетіп оқытады. Сондықтан қосымша сабақтар осы пәндерге негізделеді. Білім ордасы қазақтың көрнекті ақыны атында болғандықтан оқушыларға ақынның өлеңдерін жаттатқызамыз. Бастауыш сыныптан бастап кемінде ақынның бір өлеңін жаттауды талап етеміз. Мектебімізде «Қамқоршылық кеңесі» бар. Дихан Қамзабекұлы, Кәрімбек Құрманәлиев, Ирак Елекеев секілді белгілі ағаларымыз – осы «Қамқоршылық кеңестің» мүшесі. Сол азаматтардың бастамасымен әрі қолдауымен әртүрлі ісшаралар өткізіліп тұрады, – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі ақынның биылғы мерейтойына орай мүшәйра өткізбекші екен.
– Жыл басында апамызға арнап іс-шара өткіздік. Ай сайын өтіп жатқан әрбір іс-шара Фариза апамыздың рухына бағышталады. Құдай қаласа, биыл «Қамқоршылық кеңестің» мүшелерімен бірге 9-11 сынып оқушылар арасында республикалық мүшәйра өткізуді жоспарлап отырмыз. Сосын жылымызды 25 желтоқсанда өтетін конференциямен аяқтау ойда бар, – дейді Нұрлан Меңдібайұлы.
Ақын атындағы мектепгимназия Астана қаласында «Есіл» ауданы, Мәңгілік Ел көшесі, 22/1 мекенжайында орналасқан. Мектепте 4 компьютерлік кабинет, 6 лингафондық кабинет, 6 мультимедиалықинтерактивті кабинет, 2 физика кабинеті, 2 химия кабинеті, 2 биология кабинеті, 1 спорт залы, 360 орындық акт залы, хореографиялық зал, футбол, баскетбол алаңдары бар. 2018 жылдан бері мектеп экомектеп болып, қалалық үздік 10 мектеп қатарына қосылған. Сонымен бірге мектепте футбол, баскетбол, би, каратэдо, хор, шешендік өнер, тілшілер үйірмесімен қатар ұлттық аспаптар ансамблі, пікірсайыс клубы жұмыс істейді. 2018 жылдан мектепте «Қамқоршылық кеңесі» мен «Ақсақалдар алқасы» ұйымы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап құрылған «Әкелер» ұйымы бар. Бұдан бөлек, Қазақстанның бірнеше қаласында, атап айтсақ, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларында ақынның аты берілген мектептер бар. Солардың бірі – Ақтөбе қаласындағы Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы. Фариза апамыз басқарған журнал атынан ол мектепке де хабарластық. Мектеп директоры Гүлдария Болатбекқызы мектеп әкімшілігі биылғы 85 жылдық мерейтойға орай Ақтөбе қалалық білім бөліміне «Фариза оқуларын» өткізу туралы ұсыныс тастағанын айтты.
Гүлдария Болатбекқызы, Ф.оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназияның директоры:
– Біздің мектепке сол кездегі облыс әкімі Бердібек Машбекұлы мен мектеп ұжымының ұсынысымен 2021 жылы Фариза Оңғарсынованың аты берілген. Қазір білім ордасында 829 оқушы білім алып жатыр. Екі ауысымда оқытылатын мектепте 78 педагог-мұғалім жұмыс істейді. Балаларымыз ақын апамыздың шығармашылығын білуі үшін 5-сынып оқушыларына арналған фаризатану курсы бар. Оның авторы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Нәзия Жақыпова. Мектепте Ф.Оңғарсынова атындағы музей де бар. Мұнда оқушылар атақты ақын қыздың өмірбаянымен және шығармашылығымен таныса алады. Ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов мұражайға Халық жазушысының 12 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты. Жыл сайын апамыздың атындағы қормен бірігіп өткізетін өлеңдер сайысына біздің оқушылар да тұрақты қатысады. Биыл ақынның туғанына 85 жыл толуына орай Ақтөбе қаласының білім бөліміне «Фариза оқуларын» өткізу туралы ұсыныс білдірдік. Сонымен бірге жыл сайын көктемде апамызға арналған конференция өтеді. Фариза апайдың еңбегін, шығармашылығын дәріптеу мақсатында осындай іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Қазақта «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген жақсы сөз бар. Біздіңше, Фариза оңғарсынова тірі кезінде қандай асқақ болса, дүниеден өткеннен кейін де оның болмысы одан сайын асқақтай түскендей және асқақтай да берері сөзсіз.
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2024
1133 рет
көрсетілді0
пікір