• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Сәуір, 2024

Түркияда зерттелген «Ақ желкен»

«Ақ желкен» журналының әлеуметтік желідегі парақшасына бірде шағын сауалдама жарияладық. Оқырмандар пікір жазып, сауалдарға жауап беріп жатты. Бір кезде дайректке бір хат келіп түсті. «Сәлеметсіздер ме! Мен жақында ғана докторлық диссертация тақырыбымды сәтті қорғадым. Тақырыбым – «Ақ желкен» журналы» деп басталады әлгі хат. Сүйінші хабарды оқырмандарымызға жеткізуге асықтық. Келер жылы жарық көргеніне 100 жыл толатын журналымыздың тарихы туралы қазақстандық жас ғалым Балсан Мәді Түркия төрінде ғылыми еңбек қорғамақ екен. Балсан Айыфқызының айтуынша, диссертация қорғау барысында түрік ғалымдары балалар мен жасөспірімдерге арналған тарихы терең басылымның даму шежіресімен, жүріп өткен ғасырға жуық жолымен танысуға зор ықылас танытып, журналымызды жауһарға теңепті. Жас ғалым неліктен «Ақ желкеннің» тарихын зерттеп, зерделегісі келді? Түрік ғалымдарын тамсандырған не? Балсан Мәдіні әңгімеге тарттық. Әңгіме әлқиссасын, әрине, дәстүрлі жолдан таймай, ғалымның туып-өскен өңірі жайлы сұраудан бастадық.

Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бақалы ауылында туып-өстім. Елімізде ауданымыздың атын естімеген адам кемде-кем деп ойлаймын. Жуалы – батыр Бауыржан атамыздың, жазушы Шерхан Мұртаза, олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев сынды ұлтымыздың мақтаныштары дүниеге келген аудан. Осындай тұлғалар туған топырақты басқанымызды бәріміз мақтаныш тұтып өстік. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп даңқты тұлғаларымызға еліктеуге тырыстық. Мен бала кезімнен әдебиетті өте жақсы көрдім. 2011 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түстім. ІІІ курс оқып жүргенімде бұл университет Түркияның Нийде қаласында орналасқан, ол кезде – Нийде, қазіргі таңда Өмер Халис Дәмир деп аталатын университетке келісімшарт негізінде студенттер жіберетін. Оқытушыларымыз біздің факультет студенттері бағдарламаға қатыса алмайтынын, бұл филология факультетінің студенттеріне арналған бағдарлама екенін ескертті.

Бірақ мен күтпеген жерден әлгі бағдарламаға ілініп, Түркияға барып оқитын болдым. Себебі ІІ курстан бастап түрік тілін үйрене бастағанмын. Ол жерге GPA көрсеткіші жоғары және түрік тілін білетін студенттерге басымдық берілетін. Тіл үйреніп, еңбектенгенімнің арқасында 2014 жылы Түркиядағы Нийде университетінің «Қазіргі заман түркі тілдері және әдебиеті» мамандығына 7 айлық келісімшарт бағдарламасы бойынша оқуға барып, сол жерде тек білім алып қоймай, педагогикалық тәжірибемді Түркия мемлекетіндегі орта мектепте өттім.

Өзім бала кезімнен өлең жазып, болашақта ақын боламын деп ойлайтынмын. Бірақ Түркияда оқып жүргенде ғылымға қызығып, ғылыммен айналысам деп шештім. Түркиядан оқуымды тәмамдап елге келгеннен кейін университетте оқуымды жалғастырдым. Оқуды бітірген соң Түркияның Денизлі қаласындағы Памуккале университетіне магистратураға құжат тапсырдым. Сол кезде бір қызық оқиға болды. Құрбым екеуміз Түркияға саяхаттап барып, түрік досымыздың ұсынысымен университетте сабақ беретін Нергиз Бирай есімді оқытушыға жолықтық. Ол кісі бізге кеңес беріп, оқуға түсуімізге бағыт-бағдар көрсетті. Солай саяхаттап жүріп, магистрант болып шыға келдік. Бір қызығы, Памуккале университетінің түркология бөліміне оқуға түскен ең алғашқы шетелдік студенттер біз болып шықтық. Бұл университеттің маған бергені өте көп болды. Нергиз Бирай – қазақтанушы, қазақ тілі мен әдебиетін зерттейтін түрколог-ғалым. Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл шығармаларын, зерттеулерін ең алғаш түрік тіліне аударған, әлі күнге дейін қазақ жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударып жүрген қаламгер. Қазақтың салт-дәстүрі мен қазақ тіліне қатысты еңбектер жазып жүрген ғалым. Бирай ханым мен оқыған кафедраның меңгерушісі болды. Әдебиетті айрықша жақсы көргенім үшін маған сенім артты. Кафедрадағы Сонер Сағлам есімді ұстазға арнайы тапсырып, жетекшілікке бекітті. Сонер ұстаз да түркология саласын зерттеуіме, терең білім жинауыма зор еңбек сіңірді. Ғылымға қызығушылығымды арттырып, білімімді ұштаған бұл ұстаздарыма алғысым шексіз. Университте оқып жүріп, қазақ тілінен түрік тіліне, түрік тілінен қазақ тіліне аудармалар жасай бастадым. Университеттегі ғылыми конференция, басқа да жиындарда синхронды аудармалар жасап жүрдім. Ұлы Абайдың 170 жылдығына орай Түркиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Абай» кітабы жарыққа шықты. Сол жинақта менің қазақ тілінен түрікшеге аударған алғашқы аудармаларым жарияланды. Қазақ ғалымдарының Абай туралы мақалаларын аудардым. Аудармада жол көрсетіп, нұсқаулық берген ұстаздарым – Нергиз Бирай мен Сонер Сағлам.

– Түркия университетінде оқудың қандай ерекшелігі бар?

– Түркияда оқудың ерекшелігі, тіпті артықшылығы десем қателеспеймін, студентке тиянақты білім алу үшін барлық жағдайдың жасалғаны. Кітапханаларға еркін кіресің, оқу орны асханаларында тағам бағалары студенттің қалтасына орайластырылған. Жатақхана жамбаспұлы өте арзан әрі онда екі мезгіл тегін тамақ беріледі. Тағы бір ерекшелігі – студентке берілетін еркіндік. Студент ойын еркін айтуға дағдыланады. Сондай-ақ диплом жұмысын немесе диссертацияны қорғайтын кезде жетекші таңдауда, тақырып таңдауда толық құқық студенттің өзіне беріледі. Тіпті жұмысты әзірлеу барысында жетекшіңнің жұмыс стилі ұнамаса, келіспеушілік болып қалып жатса, ауыстыруға болады және оған оқытушы тарапынан ренжу деген сияқты келеңсіздіктер болмайды. Бәрі еркіндікті, еркін ойлылықты бағалайды.

– Докторлық диссертацияңа не себепті «Ақ желкен» журналын таңдап алдың? Идея қалай туды?

– Докторлық диссертацияма «Ақ желкен» журналын таңдауым туралы сөз қозғамас бұрын магистратуралық диссертациям туралы айта кеткім келіп отыр. Ол жұмысым Сұлтанмахмұт Торайығыровтың өмірі, ақындығы, шығармашылығына арналды. Торайғыровты таңдау себебім, Түркияға барғаннан кейін байқадым, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды алаш арыстары туралы мақалалар, ғылыми еңбектер бар. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы ақпарат мүлде жоқ екен. Сөйтіп, 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білген, білімге құштар, небәрі 27 жыл ғұмыр кешіп, артына өшпес мұра қалдырған ақын Торайғыровты танытуды мақсат тұтып, ізденісті бастап кеттім. Диссертация жазу кезінде Павлодардың Баянауыл өңіріндегі Торайғыр ауылына дейін барып, барлық туыс-туғандарымен кездесіп, бейітіне зиярат еттім. Торайғыровты түрікше «сөйлетіп», біраз еңбектендім. Кейін докторлық диссертацияма да С.Торайғыров туралы зерттеуімді жалғастырам деп ойладым. Докторантураның семинар сабағы деген болады. Семинарда таңдаған тақырыбың диссертациялық еңбекке арқау етуге бола ма деген мәселе талқыланады. Сол сәтте бір ұстазым «сен бізге қазақтың бір балалар журналын таныстыршы» деді. Мен «докторлық еңбекке журнал таныстыру қалай болар екен, олқы соқпас па екен?» деп ойлап қоям. Бірақ ұстазым қолқа салып қоймай қойды. Содан еліміздегі балалар басылымдарын қайыра қарап шықтым. Маған бала кезден етене жақын «Ақ желкен» журналының көтеріп жүрген мәселелері, тақырыптары қатты ұнады. Аясы кеңіп, салмақтана, байыптана түскендей. Біраз зерттеп, слайдтарымды жасап, бүкіл кафедра оқытушыларының алдында тақырыбымды қорғадым. Ұстаздар ұйып тыңдап, ерекше ықылас білдірді. Менің тартымды әңгімелегеніме емес, журналдың контентіне баса назар аударып, сұрақтар қойып, тың тақырып деп айрықша атап өтті. Нергиз ұстазым осы тақырыпты тереңірек зерттеп, диссертациялық еңбек жазуымды ұсынды. «Қосымша мақала жазасың, бұл керемет тақырып» деп ерекше ықылас танытты. Журналға деген мұндай құрметтен қатты шабыт алдым. Диссертация жазуға құлшына кірістім. Бұған өте көп ізденіс керек еді. 100 жылға жуық тарихы бар, қазақ тіліндегі ең алғашқы балалар мен жасөспірімдерге арналған басылым туралы зерттеу еңбек жасауға аздап жүрексіндім. Бір жағы, бірінші болып өзім зерттеп, шетелге таныстырғалы тұрған соң үлкен жауапкершілік сезіндім. Қазақ елінен шығатын журналға осынша қызығушылық танытып отырған мүйізі қарағайдай түрік ғалымдарының ықыласына риза болдым. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Жетекшім С.Сағламның: «Қазақстанда осындай мазмұнды, ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған таңғажайып журнал барын білмеппіз, бұл біз үшін тың ақпарат», – дегені тіпті ынталандырып жіберді.

– «Тақырыбымды қорғау кезінде университет оқытушылары, жетекшілерім қатты қызығушылық танытты» деп қалдың. Түркиялық ғалым-ұстаздарды нендей ерекшелік елітті екен?

– Тақырыбымды қорғау емтиханына Мугла Сыткы Кочман университетінен қазақ тілі мен әдебиетін зерттеп жүрген, Абайдың қара сөздерін түрік тіліне аударған білікті профессор Екрем Аян және Анкара Қажы Байрам Уәли университетінен Бердібек Соқпақбаевтың – «Менің атым Қожа» , Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» шығармаларын аударған, КарЛаг, Алжир лагерлерін, «социалистік реализм» сияқты тақырыптарды зерттеп жүрген Жәмиле Кынаджы, бөлім меңгерушісі Н.Бирай қатысты. Ғалым ұстаздар «диссертациядан қазақ даласындағы 100 жыл бойы белең алған түрлі саяси оқиғалар балаларға қалай жеткізілгенін біле аламыз әрі қазақ әдебиетінің балалар әдебиеті саласы жылдан-жылға қалай дамығанын көре аламыз» деп қуанды. Себебі, балалар әдебиеті жалпы әлемде ХІХ ғасырдың ортасынан бері қарай ғана зерттеліп келе жатыр. Сол ауқымды үрдіске бұл зерттеуіміз елеулі үлес қосар еді деп аса қызығушылық танытты. Тақырып өте үлкен және диссертация жазуға берген уақыт шектеулі болғандықтан, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтимыз, сол жылдардағы материалдарды зерттейміз деп шештік. Сонымен қатар мұғалімдер бір жанрды ғана қарайық деп шешіп, ғылымдағы зерттеу ережелерін сақтай отырып, «Ақ желкен» журналында 1991-2023 жылдар аралығында жарияланған балаларға арналған өлеңдерді қамтитын болдық. Әрине, журналдың 100 жылдық тарихына тоқталамыз. Журналдың атауының өзгеруі, редакторлары, шыққан нөмірлері, латын қарпімен, араб алфавитімен жазылуы сияқты барлық кезеңдер ескерусіз қалмайды. Негізгі зерттеуіміз балаларға арналған өлеңдер және тәуелсіздік жылдары болады.

– Алда қандай мақсатың бар?

– Мақсат қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді мақсаттар деп екіге бөлінеді ғой. Қысқа мерзімді мақсатымның бірі әрі бірегейі – осы сіздердің журналды зерттеуге арналған диссертациялық еңбегімді өз уақытында, жоғары деңгейде жазып шығу. Өзім аударманы өте жақсы көремін. Абай туралы ғылыми мақалалардан бөлек, Мақпал Мысаның «Шоған абыз» поэмасын, Ғалым Жайлыбайдың «Оспан батыр» шығармасын аудардым. Олар Қазақстанда кітап болып шықты. Ақын Ақберен Елгезектің «Fantasmagoria» деген тұнық мұң, тылсым ойға құрылған жырларын түрік тіліне аударып, жинақ ретінде шығардық, «Түріксой» қорында осыдан бес жыл бұрын тұсауы кесілді. Психолог Кәмшат Бекжігіттің «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітабын түрік тіліне аударып жарияладық. Сапалы аударма жасау – негізгі мақсаттарымның бірі.

– Өмірлік ұстанымың қандай? Бос уақытта немен шұғылданасың?

– Менің ұстанымым – тәуекел ету. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дейді қазақ атамыз. Екіншісі, ешқашан ешқашан деп айтпа. Себебі, адам өмірі өзі жоспарлағандай бола бермейді. Оған толық көзім жетті. Бос уақытымда кітап оқимын. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Кейінгі бес жылда бала психологиясына қатысты кітаптар оқып жүрмін. Түрік психологы Хадиша Күбра Тонгардың «Айғайламайтын аналар» («Bağı rmayan Anneler») деген кітабын қазақ тіліне аудардым. Одан кейін діни-танымдық кітаптарды оқығанды ұнатамын. Өлең жазамын.

– Шетелде оқығысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Шетелде оқу өз болмысыңнан, тіліңнен, діліңнен бас тарту деген сөз емес. Озық елдердің оқу ордаларынан алған білім, тәжірибеңмен өз ұлтыңа қызмет ету деп ойлаймын. Шетелде оқып жүрген қазақ жастарына мынаны айтқым келеді. Шетелдіктер сен арқылы қазақ деген ұлтты таниды, қазақ халқы осындай екен деген пікірді қалыптастырады. Бір адам арқылы бір мемлекет туралы пікір қалыптасады. Сондықтан қазақтар бір ортаға жиналғанда қазақ тілінде сөйлесе, Тәуелсіздік мерекесі, Наурыз сынды мейрамдарда бас қосып, ынтымағын, бірлігін көрсетсе, туған Отанға деген сүйіспеншілігін паш етсе деймін. Неге мен осы жайтқа тоқталып отырмын? Себебі, шетелде жүрген қазақ жастары осыған көп мән бермейтіні байқалады. 10 жыл Түркияда тұрдым. Сол 10 жылда шетелдегі қазақ жастары бір-бірінен алшақ жүретінін байқадым. Жастар жиі бас қосып, қазақ тілінде сөйлесіп, бір-бірін қолдап, бірлікті, татулықты ту етсе деген арманым бар.

Шетелде оқығысы келетін жастарға тағы бір кеңесім – оқуға барарда сол мемлекеттің тілін жақсы меңгеруі керек. Себебі, Түркияға келген көп жастардың арасынан мүлде тіл білмей келгендерін де кездестіріп жүрміз. Негізгі ескерер жайт, қай мемлекетке барсаң да, сол елдің тілін үйренумен қатар өз тіліңді білу, құрметтеу керек. Өзіміздің тілімізді біз қорғамасақ, біз қолданбасақ, бізден кейінгі ұрпақ қастерлей ала ма? Ана тіліңді білмесең, шет мемлекет сені қай елдің ұланы деп қабылдайды? Сондықтан да тілімізге аса махаббатпен, ерекше қамқорлықпен қарауымыз керек деп ойлаймын.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы