• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Сәуір, 2024

Баланы жазылған заң да, жазылмаған заң да қорғау керек

Автобуста орын бермегені үшін, егде жастағы әйел кішкентай қызды (мектеп оқушысы) ұрып жіберіпті. Автобустағы жолаушылар екіге жарылып, біреуі әйелді жақтаса, екіншілері баланы жақтап, ұрсысып жатыр. Бұл видео Инстаграм парақшаға салынған екен. Видеоны көргендердің пікірі үшке бөлініпті. Бірінші жақ «үлкенге орын беруді үйінде үйрету керек, сонда мұндай жағдай болмайтын еді» десе, екінші  жақ «автобус жүргізушісі тежегішті басқанда бала құлап кетуі мүмкін, үлкендердің арасында қысылып қалуы да мүмкін, одан да қауіпсіз жерде отыру керек» дейді. Ал үшінші тарап «ешкім ешкімге орын беруге міндетті емес, шетелдерде үлкендер орындыққа таласпайды. Баланың да орындыққа отыруға құқы бар» депті.

***
Мұғалім мен оқушы жігіт сөзге келіп қалды. Оқушының сөз қайтарғанын көтере алмаған ер мұғалім оқушыны сабай жөнелді. Жағынан бар күшімен салып құлатып, тепкілей бастады. Бұл көріністі көргендердің пікірі тағы да екіге жарылды. «Дұрыс! Қазіргі балаларға осындай қатал тәрбие керек. Біз бұрын мұғалімге қарап сөйлей алмайтынбыз» десе, екінші топ «баланың күші мұғаліммен тең емес екені көрініп тұр. Біреудің баласына қол көтеруге ешкімнің құқы жоқ. Өз-өзін ұстай алмаса, мектепте сабақ бермесін» деп шулады.

***
Мұндай мысалдарды теріп алып, жаза беруге болады. Балаға тәрбие беру, жақсыға үйрету, жаманнан бездіру жазылмаған заңдармен жүреді. Алайда қол жұмсау, ар-намысын таптау, қорлау, күш көрсетуге жазылмаған заңдылықта да, жазылған заңда да рұқсат бермейді. «Баланың тамағы тоқ, көйлегі көк болса болды» деген түсінік әлі де бар. Бірақ бұл баланың құқын толық қорғай ма? Дүниежүзіндегі саясаткерлер мен сарапшылар бала құқығын ерекше заңмен қорғау керек екенін сонау Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын мәселе ретінде көтере бастады. Екінші дүниежүзілік соғыста 10 миллиондай бала қаза тапқан соң, бала құқығы басты мәселенің бірі болды. Сондықтан дүниежүзіндегі барлық баланың құқығын сақтауды қамтамасыз ету үшін әлем саясаткерлері мен сарапшылары 1989 жылы 20 қарашада Бала құқықтары туралы шартқа қол қойды. Ол Бала құқықтары туралы конвенция деп аталады. 

БҰҰ-ға мүше әр мемлекет бала құқығының маңыздылығына өзіндік көзқарас ұстанғанымен, бәрі бір байламға келген: балалар ерекше негізгі құқықтарға ие болуы керек. Біріккен Ұлттар Ұйымында он жыл бойы балалар құқығы туралы келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде 1989 жылы ғана шарт дайын болды. Бала құқықтары туралы конвенция бір мемлекетте нақты күшіне енуі үшін оны алдымен сол мемлекеттегі жауапты адамдар бекітуі керек. Бүгінгі күні 193 мемлекет Бала құқықтары туралы конвенцияны мақұлдаған. Балалардың жақсы өмір сүруіне, дамуына, қорғалуына, кемсітушілікке ұшырамауына, бостандыққа құқы болуы – конвенцияның негізгі қағидасы болып бекітілді. 1994 жылы 16 ақпанда, яғни 30 жыл бұрын Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан әр баланың құқын қорғау үшін міндеттемелерді мойнына алды.

ЮНИСЕФ Қазақстан қорының мәліметінше, соңғы 30 жылда Қазақстан бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімді бес есе, ал жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімді үш жарым есе төмендетуге қол жеткізген. 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылған, ал 2022 Қазақстанның әр өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалған. Бүгінде уәкілдіктер баланың құқығы мен мүдделері бұзылған жағдайда көмек алуын қамтамасыз етеді. 2023 жылы Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі бала бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды.

Ал биыл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға  үлестірілді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен ұлттық мониторинг – Балалардың әл-ауқаты индексі енгізілді. Бұл – балалардың құқын қорғаудағы ұлттық саясаттың тиімділігін арттырудың бір жолы. Мемлекет Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қойғанымен, орындауға ешкім мәжбүрлей алмайды. Алайда мұндай Конвенцияның болғаны мемлекет бала құқықтарына немқұрайды қарамайды дегенді білдіреді. Конвенция бойынша баланың ең басты 10 құқы бар:

Теңдік: ешбір бала кемшілікке ұшырамауы керек.

Денсаулық: балалар салауатты өмір салтын ұстануы, қорғалуы және кедейліктен зардап шекпеуі керек.

Білім: балалардың өз қажеттіктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес білім алуына мүмкіндік болуы керек.

Ақпарат, сөз бостандығы және қатысу: балалар өз пікірін білдіру үшін қажетті барлық ақпаратты алуға құқылы. Өздеріне қатысты барлық мәселелерге қатысуға және өз ойын айтуға құқылы болуы керек.

Бос уақыт, ойын және демалу: балалардың бос уақыты болуы және ойнап, демалу мүмкіндігі болуы керек.

Ата-ананың қамқорлығы: әрбір бала ата-анасымен бірге тұрмаса да, олардың қасында өсуге құқылы. Егер бұл мүмкін болмаса, балаға, мысалы, патронаттық ата-аналар қарауы керек.

Зорлық-зомбылықсыз білім беру: балалар зорлық-зомбылықсыз өсуге және тәрбиелеуге құқылы.

Соғыс кезіндегі қорғау және босқындарды қорғау: Балалар соғыста және босқын ретінде ерекше қорғалуы керек.

Экономикалық және жыныстық қанаудан қорғау: балалар зорлық-зомбылықтан және жыныстық, экономикалық қанаудан қорғалуға құқылы.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды ерекше қорғау және қолдау: мүмкіндігі шектеулі балалар өмірге белсенді араласуы үшін ерекше қамқорлық пен қолдауға ие болуы керек.

Қазақстанда әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заң жобасы әзірленді (заң күшіне енген соң, арнайы бір тақырып арнаймыз). Одан бөлек Оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында балалардың құқығына қатысты бірнеше заң бар. Бұл заң аясында балаларға қатысты зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстарды 2%-ға азайту, кәмелет жасына толмағандар арасында суицид жасау немесе оқталуды 1,5%-ға төмендету, жыл сайын қосымша біліммен қамтылатын балалар санын 5%-ға арттыру, төтенше жағдай, жол-көлік оқиғасы және басқа да жазатайым оқиғадан көз жұматын балалар санын азайту, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруды көздейді.

Түйін: Бала құқықтары туралы жазылған заңдар тастай, мін жоқ дейік. Енді бала тәрбиесі туралы жазылмаған заңдылықта да баланың құқығына қол сұғылмау керек, яғни мінсіз болғаны абзал.

Дайындаған 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

2016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы