• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Мамыр, 2024

Әлкей университетке сынақсыз түсті ме?

«Ақ желкен» журналы биыл мерейтойлары аталып өтетін қазақтың ірі тұлғаларына арнап викторина ұйымдастыруды қолға алды. Наурыз айында жарияланған алғашқы викторина Ф.Оңғарсыноваға арналса («Фариза қандай мектепте оқыды?», №3), екінші кезеңде Қ.Сәтбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылды («Қаныш қандай оқулық жазды?», №4). Өкінішке қарай қатысушылар саны өте аз болып отыр. Бұл нені білдіреді? Журнал оқырмандары, яғни қазақтың өрімтал жастары ел тарихында ерекше із қалдырған тұлғаларды білуге қызықпай ма? Әлде ізденуді ауырсына ма? Қалай дегенде де біз байқау қорытындысына алаңдай бастадық. Жеңімпаздарға бағалы бес сыйлық берілетінін тағы естеріңе саламыз.

Викторинаның үшінші топтамасы айтулы ғалым Ә.Марғұланға арналып отыр. Ғылымның көп саласында өлшеусіз еңбек сіңірген ғалымның өмірі мен шығармашылығын зерттеу, сол арқылы қазақ ғылымының даму барысына үңілу жас оқырмандарға қызық болуға тиіс. Сондықтан хаттарыңды асыға күтеміз. Викторинаның шарты қатал емес, кез келген уақыттан қосыла беруге болады. Дұрыс жауаптар журналдың 2025 жылғы алғашқы нөмірінде ғана жарияланатындықтан, бұған дейінгі викториналарға да өз нұсқаларыңды жазып жіберсеңдер болады. Жыл соңына дейін викторина 10 ірі тұлғаның өмірін қамтиды. Жауаптар akzhelken.1925@gmail.com электронды поштасына қабылданады. Әр сұрақта жауаптың нұсқасы ғана көрсетілгені дұрыс (мысалы, 1.А; 2.В). Бір сұрақта екі немесе одан көп дұрыс жауап болмайды.

1. Шідертідегі хакім иманбаев мектебінде оқығаннан кейін жас Әлкей қайта оқуға бас қойғанша қандай жұмыс істеді?

а) Ауылында қой бақты;

ә) Жалшы болды;

б) Шахтада көмірші болды;

в) Темір жол құрылысында істеді.

2. Ә.Марғұлан жас кезінде қандай белгілі шығарманы қазақ тіліне аударды?

а) Д.Н.Мамин-Сибиряктің «Ақбозат» әңгімесі;

ә) А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» хикаяты;

б) Л.Толстойдың «Адамға қанша жер қажет?» әңгімесі;

в) Г.де Мопассанның «Томпыш» әңгімесі.

3. Ә.Марғұланның жоғары оқу орнында оқуының ерекшелігі неде?

а) Орыс мектебінен кейін бірден университетке қабылданды;

ә) Свердлов қаласындағы гимназияны бітіре алмады;

б) Ленинградта бірден үш оқу орнында оқыды;

в) Мәскеу мемлекеттік университетіне емтихансыз қабылданды.

4. Ә.Марғұлан 1929 жылы академик в.бартольдқа кімнің қандай еңбегін орыс тіліне аударып берді?

а) Абайдың қара сөздері;

ә) Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі;

б) Мәшһүр Жүсіптің «Халахуалы»;

в) Қырғыз халқының «Манас» эпосы.

5. «Шолпан мерген», «құламерген» сияқты жырларды Ә.Марғұлан қазақ эпосының қай кезеңіне жіктеді?

а) Архаикалық дәуір;

ә) Оғыз-қыпшақ дәуірі;

б) XIII-XIV ғасырлар оқиғасын қамтитын жырлар;

в) Патшалыққа, хандыққа қарсы күрескен батырлар жайындағы жырлар.

6. Ә.Марғұлан қазақтың қай ірі тұлғасының еңбектерін 5 томға жүйеледі?

а) Ы.Алтынсарин;

ә) М.Ж. Көпейұлы;

б) А.Құнанбайұлы;

в) Ш.Уәлиханов.

7. Ғалым 1947-1949 және 1952 жылдары зор ізденіспен зерттеп, ғылым әлеміне жаңа атаумен енгізген мәдениет қалай аталды?

а) Замарев мәдениеті;

ә) Қарасуық мәдениеті;

б) Беғазы-Дәндібай мәдениеті;

в) Ұлытау мәдениеті.

8. 1967 жылы Ә.Марғұлан «қазақстанның ислам діні туғанға дейінгі архитектурасы» дәрісін қай қалада, қандай шарада оқыды?

а) Мәскеуде, Орта Азияны зерттеу конгресінде;

ә) Дамаскіде, Азия сәулеттану конгресінде;

б) Парижде, архитектура тарихы форумында;

в) Чикагода, Шығысты зерттеушілер конгресінде.

9. «Ежелгі жыр, аңыздар» еңбегінде Ә.Марғұлан қорқыттың өліммен күресу сюжетін қандай ежелгі жырмен салыстыра баяндайды?

а) Қырғыз халқының «Манас» дастаны;

ә) Шумерлердің «Гілгәмеш» дастаны;

б) Күлтегін жырлары;

в) «Игорь жасағы туралы жыр».

10. «Ежелгі мәдениет куәлары» жинағында түркілердің қайтыс болған адамның басына ескерткіш қою үлгісін Ә.Марғұлан қандай нәрсеге ұқсатты?

а) Жұлдыз бейнесіне;

ә) Шошақты дулығаға;

б) Ру-тайпа таңбаларына;

в) Жазғы киіз үйге.

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1866 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы