• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 31 Мамыр, 2024

Ұяда көргені күңгірт күн болса...

Қауіпсіз қоғам құру – кез келген мемлекеттің басты мақсаты. Онсыз болашаққа сенімді ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес. Анығында қауіпсіздіктің өзі баладан басталуы шарт. Отбасында, мектепте бала өзін қауіпсіз сезінгенде ғана қоғамдық гармония пайда болады. Дегенмен бұл мәселе турасында елдегі ахуал көңіл көншітпейді. Өйткені еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша екінші орынға шыққан. 2023 жылы құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 99 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Отбасындағы осындай келеңсіздіктер салдарынан 69 әйел, 7 бала қаза тапты. Ал балаларға қарсы 2452 қылмыс жасалған. Балалар арасындағы қылмыстың өршіп тұрғаны тағы бар. 2022 жылғы статистика бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 1735-ке жеткен. Мұның көбінің астарында дер кезінде дабыл қағылмауы жатыр. Тиісті органдарға уақытында жүгінбеудің салдары мол. кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарайтын полиция – ювеналды полиция деп аталады. Біз Алматы қаласы полиция департаменті, алатау ауданы полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы аға лейтенант Айза Нұрбекпен сұқбат құрдық.

I ОҚИҒА. СҰҚБАТ

Дарқан ықшамауданындағы полиция бөлімшесі алдында мені форма киген қыз күтіп тұрды. Танысқан сәттен бастап оның менен жасы кіші екенін аңдаған едім. Бірақ 25 жастағы қыздың полиция қызметінде жүргеніне сене алар емеспін. Бұл біздің санамызда қалыптасқан стереотиптен болса керек. Оның қимыл-қозғалысы, сөзі қызметіне сай көрінгенімен, көздері жасын жасыра алмайды екен. Сұқбат барысында Айза ханымның білікті маман екені бірден түсінікті болды. Өйткені сөздері нақты және әскери тәртіпте өте қысқа еді.

– Естуім бойынша, алматы қаласының алатау ауданында қылмыс, оның ішінде жасөспірімдер қылмысы көп кездеседі екен...

– Солай екені рас. Өйткені Алатау ауданы – қаладағы ең үлкен аудан. Еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп келіп жатқандар да аз емес. Яғни сыныпқа жаңадан келетін оқушылар да көп. Оның үстіне аудан түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Одан бөлек қазіргі балалардың агрессияға бейім екенін де жасыра алмаймыз. 

– Қандай қылмыс түрлері көп?

– Ұрлық, топтасып өзге біреуге дене жарақатын салу секілді қылмыстар өршіп тұр. Әсіресе төбелес кезінде қате тиген жұдырықтан жан сақтау бөліміне де түсіп жататын жағдайлар кездеседі. Рұқсат етілмеген заттарды пайдалану да көп тіркеледі. Пышақ, электрсоққыш сынды. 

– Топтасып төбелесу немесе біреуді жабыла соғу деген әрекеттер ескілік еншісінде қалмады ма? Бүгін басқа заман ғой. Жалпы қылмыс көрсеткіші төмендеді ме бұрынғымен салыстырғанда?

– Төмендеді деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі балалар бойында агрессия басым. Смартфон, интернет, агрессиялы ойындар деген дүниелер бала психикасын әбден бұзып бітті деуге болады. Ортаға, тіпті атаанасына қарсылықтары тым басым. Бұрындары төбелестен кейін жігіттер қол алысып, бәрі шешілді деп кететін. Қыздар арасында да аз-маз болатын. Яки ол кездерде балалар бойында адамгершілік қасиеттер басым еді. Қазір ондай аз. Оның үстіне қыздар арасында да топтасқан төбелес көбейген заман болды. TikТok, Instagram сияқты желілерден балалар уланып жатыр дер едім.

– Жақында Ресейде «Слово пацана» атты сериал шықты. Жастардың жаппай көріп жатқанына біраз адам наразылық танытқан еді. Сол сериал біздің балаларға әсер етті ме?

– Әсер етті. Сол сериал трендте болған уақытта жігіттер арасында топтасып жүру, төбелестер күрт өсті. Тіпті еліміздің түкпіртүкпірінде бірді-екілі қылмыстар тіркелді. Сол кезде біздің бөлім жедел жұмысқа кірістік. Тиесілі мектептерге барып түсіндіру жұмыстарымен айналыстық. Қандай да бір қылмысқа барған балалардың жазасын көрсеттік. Олардың ата-ана-ларының қиналған сәттерін таныстырдық. Жалпы осындай профилактикалық жұмыстар арқасында біраз қылмыстың алдын алдық деп айта аламын.

– Жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселесі бойынша қандай шаралар қолданасыздар?

– Инспекторлар көбіне профилактикамен айналысады. Бұрындары 7-11 сыныптар арасында қылмыс көп болып, осы жастағыларға көп мән беретін едік. Қазір профилактикалық жұмыстарды 5-сыныптардан бастап жатырмыз. Сонымен қатар түнгі рейдтік жұмыстарға көп көңіл бөлеміз. Өйткені қақтығыстардың көбі түнде болады ғой. Заң бойынша кәмелеттік жасқа толмағандар түнгі 23:00 мен таңғы 6:00 арасында заңды өкілінсіз көшеде жүруіне болмайды. Бізге ұсталған жағдайда балаларды үйіне апарып табыстаймыз. Төбелес немесе басқа да үлкен қылмыс үстінде ұсталар болса, бөлімшеге әкеліп, ата-анасын шақыртамыз. Бірінші рет болған жағдайда ата-анаға ескерту беріледі. Қайталанған жағдайда айыппұл салынады.

– Яғни баланың жазасы ата-анасы арқылы жүргізіледі ғой?

– Әрине! 18 жасқа дейін балаға ата-анасы жауапты. Әлгінде айыппұл салынатынын айтып өттік қой. Тағы қайталанатын болса, біз істі сотқа жібереміз. Ол жерде айыппұлдан бөлек әкімшілік қамақ қарастырылған. Мұндай жағдайларды – соттың үкім оқып жатқанын, айыптауларды және ата-ананың қамалуын балаларға көрсетеміз. Бұл балаға әсер етуі тиіс. Өйткені дені сау баланың ешбірі әкешешесінің қамауға алынғанын қаламайды.

– Жағдай қайталана берсе не болмақ?

– Баланың өзіне шара қолданылады. Үнемі бақылауда болады. Мектептегі психологпен жұмыс істетеміз. Осылай баланың істеген қылмысына итермелеген себепті анықтауға тырысамыз.

– Қандай балалар қылмысқа көп барады?

– Мен сізге көбін қысқартып айтып отырмын ғой. Біз бірден айыппұл салып немесе шара қолданбаймыз. Қылмыс жасаған баланың әлеуметтік жағдайын, атаанасының жай-күйін әкімдік жанындағы комиссия арнайы тексереді. Жұмыссыз болса жұмыссыздыққа тіркеп, жұмыс табуға көмек көрсетуі мүмкін. Жағдайы төмен отбасыларды арнайы тіркеп, әлеуметтік көмек ұсынады. Баланың белгілі бір салаға қызығушылығы болып, оған ата-анасының мүмкіндігі жетпейтін кездер болады. Ондай кездерде ақылы секцияның ақшасын да төлеп беріп жатады. Яғни отбасы жағдайын жан-жақты қарастырып қана қоймай, оған көмек те көрсетіледі.

– Сұрағымды қайта өзгертіп қояйыншы. Қылмыс жасаған балалардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен деуге негіз бар ма?

– Өзім қызмет ететін Алатау ауданы бойынша айтатын болсам, солай деуге болады. Шыны керек, басқа аудандармен салыстырғанда Алатау ауданындағы әлеуметтік жағдай төмендеу ғой. Біздің ауданда толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар және көп балалы отбасылар өте көп. Сондықтан әлеуметтік жағдай да төмендеу. Ал бұл өз кезегінде қылмыстың да көбеюіне себепкер болып отыр. Балаларды да кінлай беруге болмайды. Жалғызбасты ананың ұлы шешесіне көмектескісі келеді. Сол үшін де қылмысқа баруы ықтимал. Ондай жағдайларда біз барынша түсіндіруге тырысамыз. Жұмыс істейтін кезі келетінін немесе заңды 4 сағат жұмыс істей алатынын айтып түсіндіреміз. Бастысы, қылмыстың түбі жақсылыққа апармайтынын балаға ұғындыру.

– Байқасам, сіздер бірнеше саламен байланысып жатырсыздар...

– Иә, кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен шұғылданатын біздің бөлімнің байланысатын саласы көп. Әкімдік, мектеп, колледж, ауруханалар – бәрімен байланыстымыз. Тіпті қиын өмір жағдайында қалған балаларды сауықтыру орталықтарымен де жұмыс істейміз. Ата-анасы алкогольге, есірткіге тәуелді балалар болады. Оларды анықтап, әкімдік жанындағы комиссияға өткіземіз. Олар уақытша атаана құқығынан айыру туралы шешім шығарған жағдайда баланы сауықтандыру орталықтарына өткіземіз.

– Ата-ана құқығынан толықтай айыру оқиғалары болды ма?

– Иә, өз тәжірибемде бар. Бір балалы жалғызбасты ана болды. Ол кісі барынша ақша табу үшін жан-жақта жұмыс істейді. Соның кесірінен бала дұрыс тамақтанбайды, мектепке бармайды. Бұл істі комиссияға тапсырдық. Ата-ана құқығынан бірден айырмайды және. Бірінші алты аймен шектеледі. Осы уақыт ішінде ата-анасы түзеліп, тұрмысын реттеп баласын қайта алуына мүмкіндік бар. Егер түзелмейтін болса, сот толық ата-аналық құқығынан айырады.

– Жасөспірімдер арасындағы есірткі, алкоголь мәселесі қандай?

– Алкогольге тәуелділер аз. Көп тіркелмейді. Бірақ жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткі қолданушылар көп. Әсіресе колледжде оқитындар. Олар мектептен өтіп, ата-анадан сәл алыстап, еркіндікке шыққандар ғой. Сол еркіндікте жүріп көп нәрсеге ұрынып жатады. Тіпті қыздар арасында да синтетикалық есірткіге тәуелділер көп болып жатыр.

– Басқа аудандармен салыстыра айтсаңыз...

– Көрсеткіш орташа. Тағы бір нәрсені айта кету керек. Біздің аудандағы халықтың басым көпшілігі тұрақсыз. Яғни көп халық пәтер жалдап тұрады. Көшіп-қонып жүреді. Осылай бала ортасын, мектебін көп ауыстырады. Бұл мәселе де қылмыстың жоғарылауына себеп болып жатыр. Сол үшін мектептерде түсіндіру жұмыстарын көптеп жүргіземіз. Өйткені қылмысты анықтап, тексеруден өткізгеннен гөрі, оның алдын алған қоғам үшін әлдеқайда тиімді.

II ОҚИҒА. БАЛАЛАР АЛДЫНДА

Сұқбаттан кейін инспекторлардың мектептегі жұмыстарымен танысу мақсатында жолға шықтық. Айза ханыммен бірге полиция аға лейтенанты Нұрболат Зиябеков мырза да тобымызға қосылған. Жолай жасөспірімдер мәселесі турасында сөйлесіп келе жатырмыз.

– Балалардан қоңыраулар, шағымдар көп түсе ме?

– Түседі. Бірақ көбі шақыртып алып, соңынан үнсіз кетіп жатады. Сол сәтте қорқып қала ма, әлде қысым көре ме, белгісіз. Ол бізге қиындық туғызып жатады. Өйткені қоңырау бар, бірақ нәтиже жоқ. Сонымен екі ортада біз сандалып қаламыз, – дейді Нұрболат мырза. №209 мектеп-гимназияға келіп, Айза ханым бастауыш сынып балаларына жол жүру ережелерін түсіндірді. Жалпы ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысы бастауыш сыныптардан басталып, жоғары сынып, колледж оқушыларымен түйінделеді екен. Тым ауқымды және ауыр іс екені осыдан аңғарылады. №201 мектеп-гимназияда жоғары сынып ұлдары арасында жиналыс өтті. Екі мектепте де байқағаным, полиция инспекторлары мектептегі тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарларымен, психологтармен, тіпті сынып жетекшілерімен де тығыз байланыста екен. Ұлдар жиналысында аудандағы, жалпы қаладағы бірнеше оқиға туралы сөз қозғалды.

Қарапайым ерегес кезінде соққы алған бала жол жиегіндегі арыққа ыңғайсыз құлаған. Басынан қан кетіп жатқанда да балалар жедел жәрдем шақырмаған көрінеді. Тіпті қастарында қыздар да болған екен. Олар құлаған жігіттің қанын сүртіп, орнынан тұрғызып жіберіпті. Соңында жігіт жансақтау бөліміне түсіп, 5 күннен кейін көз жұмады. Нәтижесінде екі жақтың әкешешесі де аңырап қала берді. Бірінің баласы қылмыскер, бірінің баласы өмірде жоқ енді.

Аға лейтенант Айза ханым: «Не үшін ерегескенің немесе қалай ұрғаның маңызды емес. Бір жұдырық бата тиеді, бір жұдырық қате тиеді деген сөз бар. Қате тисе немесе ол бала қате құласа, нәтижесі өте ауыр соғады. Осыны естеріңде ұстаңдар!» – деп сөзін аяқтады.

Дарқан ықшамауданындағы бөлімшеге қайтып келе жатып та біраз әңгімеге қанықтым.

– Біздің ауданда жалғызбасты аналар көп деп айттық қой. Солардың көбі пәтер ақысын бөліп төлеу үшін басқа кісілермен, кейде ер адамдармен бірге тұрып жатады. Бұл да үлкен проблема. Өйткені анасы жұмыста болғанда әлгі ер кісі оның балаларына қоқан-лоққы көрсетеді. Тіпті қыздарын зорлаған жағдайлар да көп тіркеліп жатыр. Жасыратыны жоқ, мұндай ауыр жағдайлар жиі болып тұрады, – деп Нұрболат мырза бір тоқталып алды да: – Жағдайдың төмендігі балалар өміріне қатты әсер етеді, – деп сөзін жалғады. – Оны жасыра алмаймыз. Менің тіркеуімде тұрған бір қыз бала бар. Жоғары сыныптарда оқиды. Жасырмай айтайын, үстінен жағымсыз иіс шығады. Сыныптастары шағым түсіреді. Үйіне бардым. Жағдайлары тым нашар. Үй зәк сасиды. Ата-анасының жақсы пәтер жалдауға жағдайы жоқ.

– Ол баланың өмірі қалай өрбиді екен енді?!

– Білмеймін. Бірақ анық психикалық жара алғаны белгілі. Біз осындай отбасыларға көмектесу үшін демеушілер іздейміз. Сіздің тарапта ондай кісілер жоқ па?

– Мақалаға қосайын. Жалпы ауданда қанша мектеп бар?

– 30 мектеп бар.

– Инспекторлар саны қанша?

– 14.

– Түсінікті. Проблеманың бәрінің бастауында әлеуметтік жағдайдың төмендігі тұр дейміз бе?

– Деуге болады. Бірақ бір оқиға бар. Жоғары сыныпта оқитын қыз бала үйінен қашып кете береді. Жағдайы тәуір, отбасы толық, бәрі дұрыс сияқты. Бірақ әлгі қыз үйінен кетіп қалып, 4-5 күндеп жоғалады. Біз оны компьютерлік клубтардан немесе басқа жерлерден іздеп табамыз. Біраз уақыттан кейін қайта қоңырау түседі. Психологпен де сөйлестірдік. Қашу мотивін табуға тырыстық. Бірақ істің бәрі нәтижесіз болып жатыр.

– Жалпы балалар өз құқықтары, міндеттері жайлы біле ме?

– Құқықтары туралы көп біледі. Бірақ міндеттерін, заңдарды білмейді немесе білгісі келмейді. Түнгі уақыттарда ұстасаңыз, өз құқықтарын айтып жатады. Үйіне апарсаңыз, ата-анасына еселеп жеткізеді. Былай келгенде біз оны болуы ықтимал қылмыстан сақтауымыз мүмкін. Соңында кінәлі болып шығамыз.

– Жалпы қылмыстың алдын алу үшін балалардың өзі не істеуі керек?

– Уақытында полицияға хабарлау керек. Мектептегі буллинг, ерегес – бәрібәрін бізге жеткізіп отыруы шарт. Мысалы, буллингті көп көрген бала бір күні болмаса бір күні ауыр қылмысқа баруы ықтимал. Егер қоқанлоққы көрген бірінші күннен бастап бізге хабарласар болса біз ауыр жағдайдың алдын алар едік.

III ОҚИҒА. ОЙ ҮСТІНДЕ

Ювеналды полицияның бір күндік өмірімен танысып, редакцияға еңсем түсіп қайтты. Өйткені балалар өмірінде мұнша проблема болады деп ойлаған емеспін. Есіме сыныптас қыз түсті. Есімі Ақбота еді. Біз оны «Ақтүйе» дейтін едік. 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін бірге оқыдық. Бір суырылып сабақ айтқаны, сөзге араласқаны, отырыстарға келгені мүлде есімде жоқ. Балалар шеттетті. Ол шеттеп жүре берді. Мектепті бітіргеннен соң 2 жылдан кейін естідім. Ақбота өзіне қол жұмсапты. Оның бұл әрекетіне біз, сыныптастары кінәлі шығармыз. Бірақ бала кезімізде олай болар деп ойладық па? Иә, балалар ойламайды. Сондықтан балалармен жұмыс істеу ауыр шығар. Арзан пәтер, бір ауладағы бірнеше пәтер жалдаушы... Сыныптасым біреудің ауласындағы бір бөлмені жалдап тұратын еді. Өзі сияқты тағы 5 отбасы бар ол жерде. Аз-маз ақша жинап алып, қалаға көшем дейтін. Алты жыл өтті. Әлі сол жерде тұрып жатыр. Жиған ақшасы да жоқ сияқты. Көршілерінің де дені солай. Ондай жерден ерік-жігері мықты адам болмаса, көбі көшіп кете алмайтын сияқты. Яки оның табыс шегі арзан пәтер құнынан аспайды. Сондықтан жақсы жерде тұруға талпыну керек. Мақсатың жоғарылаған сайын табыс та молаяды. Әрине, біреуге ақыл үйретуден немесе көлгірсуден аулақпыз, бірақ ұрпақ болашағы үшін күресуден басқа ата-ана қолынан қандай жақсылық келер екен?

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1965 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы