- АҚ ЖЕЛКЕН
- 31 Мамыр, 2024
«Ұрыстың себебі – мен» деп ойлама

Ата-анасының арасындағы жанжалды бала ерте жастан, яғни алты айлық кезінен сезеді. Жүрегінің қағысы жиілеп, ағзасы стресс гормоны кортизолды көп бөле бастайды. Үйінде үнемі жанжал болатын балалардың ұйқысы бұзылады, мазасыздық билейді, депрессияға түседі, мінез-құлқында қиындық пайда болады. Егер бала психикалық ауытқуға бейім болып өмірге келсе, отбасындағы жағдайға байланысты ол ауру күшеюі мүмкін немесе жақсаруы мүмкін. Ата-ананың бірге немесе бөлек тұрғанынан гөрі, қарым-қатынасының қандай болғаны балаға әсер етеді. Бұл – психолог мамандардың пікірі.
Егер ата-аналар арасындағы түсініспеушілікті бейбіт түрде шешіп, келісімге келуге ұмтылса, балалар да келіспеушіліктерді зиянсыз жолмен шешуге дағдыланады. Қақтығыс көп жерде өскен баланың әлеуметтенуі, мәселелерді шеше алуы секілді дағдылары қалыптаспайды. Әсіресе бұл жасөспірім кезде қатты кедергі келтіреді. Ғалымдардың зерттеулері осылай дейді. Ата-ана арасындағы жанжалды көп ешкім ашып айта бермейді. Айтса да, шағын ортада, екі-үш адамның арасында ғана сөз болып жатады. Құлақ түрсек, ондай кезде баланың не істеу керек екенін білмей, жаны қысылғанын сезінеміз. Ата-ана жанжалы кезінде не істеуге болады? Белгілі бір мектептің оқушыларынан арнайы сұрақтар жинап, балалар психологы Зейнеп Болатқызына жолдадық.
Олжас: Ата-анамыздың арасындағы жанжалға үйреніп кеткенбіз. Бірақ олар жанжалдасқанда ішім жаман сезімдерге толады. Әке-шешемнің арасындағы жағдай біздің жанымызға жарақат сала ма?
– Алдымен баланың денсаулығына әсер етеді. Мысалы, балада энурез (кіші дәретіне ие бола алмау) пайда болуы мүмкін. Невроз жағдайына ұшыраған балаларға қарасаң, отбасында келеңсіз жағдайлар көп екенін байқаймыз. Балалардың эмоциялық интеллекті, мінез-құлық және әлеуметтік дамуы да ата-аналардың бірбірінен бас тартып, жылылық танытпауына байланысты. Ата-аналар арасындағы нашар қарым-қатынас балаларға ғана әсер етпейді, сонымен қатар зерттеулер көрсеткендей, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін. Егер балаларымыз бен кейінгі ұрпақтарымыз қалыпты, бақытты өмір сүрсін десек, отбасылық жанжалды, зорлықзомбылық циклін үзу керек.
Рахат: Ата-анам ұрысқан кезде не істерімді білмеймін. Басыма түрлі ойлар келеді. Ұрыс-керіс деген нәрселер маған кері әсер етеді. Өзімді қалай ұстағаным дұрыс?
– Ондай кезде ешкімді жақтамай, ұрыс болып жатқан бөлмеден шығып кету керек. Ата-анаңның ұрсысуына сен кінәлі емессің. Барлық ата-ана бір-бірімен ұрсысады, ол қалыпты жағдай. Ұрыстың себебі көп, бірақ «ұрыстың себебі – мен» деп ойлама. Бәрі басылып, қалыпты жағдайға келген соң, ата-анаңды қалай жақсы көретініңді, не сезінгеніңді айтқаның жөн. Екеуінің ұрысы көңіліңе қаяу түсіретінін жайлап түсіндірген дұрыс, бірақ кінәлаушы болма. Өзіңнің сүйіспеншілігіңді, барлығың үшін және отбасың үшін алаңдайтыныңды білдір. Мүмкін, сен ата-анаңа сүйіспеншілігін сақтауға және бейбіт өмір сүрудің жолын табуға көмектесетін «бітімгер» боларсың. Алайда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға тырыспа. Біреуінің жағына шықпа, бұл жанжалды күшейтеді. Оларға сөйлесуге уақыт бер, мүмкіндік болса, өз ісіңмен айналыс. Егер өз ісің жоқ болса, жай ғана бөлмеңде отыр. Терезеге қара, көңіліңді басқа нәрсеге бұрып, тыныштануға көмектесетін бірнеше жеңіл видеолар қара.
Ерке: Достарымның арасында да ата-анасы ұрсысатындар бар екен. Бір-бірімізге айтып жүреміз. Бірақ кейде намыстанамын. Ата-анамның ұрысын достарыма айтқан қаншалықты дұрыс?
– Достарға айтуға болмайды. Егер ата-анаңмен әңгімелесу мүмкін болмаса, онда болып жатқан жағдайды бөлісе алатын және қолдау алатын басқа ересек адамды табуға тырыс. Мысалы, ата-әжеңе, әпке-ағаларға айтуға болады. «Анам мен әкемнің арасында қандай жағдай болса да, олар менің ата-анам болып қалады» деген сияқты сүйеніш ойларды санада ұстап тұру да көмектеседі. Немесе «иә, қазір анам мен әкемнің арасында жанжал болып жатыр, бірақ менің бөлмем, сабақтарым, достарым, жоспарларым, хоббиім сол күйінде қалды» деп ойлаған да жүгіңді жеңілдетеді. Не сезінгеніңді атап айтып және оған жауап беруге тырыс. Бұл үшін күнделік жазу, эмоцияларыңды суреттеу, мектеп психологымен сөйлесу немесе психологиялық сенім телефонына қоңырау шалу көмектеседі.
Тұмар: Үйде жай жанжал емес, арты төбелеске ұласатын жанжал болады. Шынымды айтсам, әкем шешемді ұрып тастайды. Екеуінің арасына түсемін. Сондай кезде не істесем болады?
– Ондай кезде мұғалімге айту керек. Қазір отбасындағы тұрмыстық зорлықзомбылыққа қатысты заң қабылданғанын білесіңдер. Өмірге қауіп төніп тұрған жағдайда полицияға хабар беру керек. Менің тәжірибемде осындай оқиға болған. Балалар полицияға звондап, ата-анасының төрт күн бойы тамақ бермегенін айтқан. Сосын балаларды мемлекет қамқорлығына алды да, атааналарын басқа жаққа қоныс аудартты. Ата-ана арасындағы жанжалдар мен қақтығыстарға кінәлі емес екеніңді баса айтқым келеді. Бұл – сенің ата-анаңның жауапкершілігі аясындағы мәселе. Олар татуласып, араларындағы жылылық пен жақындықты қалпына келтіре ала ма, бұл тек анаң мен әкеңе байланысты. Жалпы ұру-соғу жылдар бойы жалғаса береді. Сондықтан анаңның туыстарына – әжесіне, тәтесіне, досына жүгіне аласың. Жақын маңайда ересектер жоқ болса, онда тұрмыстық зорлықзомбылық құрбандарына көмек көрсететін орталықтарға хабарласқан абзал. Ол жерде не істеу керегін білетін мамандар бар.
Жұлдыз: Әкем көп жылдан бері ішімдік ішеді. Соңғы екі жылда салынып кетті десем де болады. Біресе аяймыз, біресе жек көреміз. Емдеткенге көнбейді. Әкемнің қылығы үшін ұяламын. Не істесем болады?
– Алдымен базалық қажеттілік – қауіпсіздікті орында. Яғни әкең қауіп төндіретіндей болса, сақтан. Ал психологиялық тұрғыдан айтар кеңесім, «эмоция күнделігін» баста. Бұл әдіс сезімдеріңді түсінуге, мінезқұлық пен психикалық күйдегі үлгілерді табуға көмектеседі. Күн сайын телефоныңдағы жазбаларға немесе блокнотқа қандай да бір эмоциялық реакция тудырған ойларды, оқиғаларды жазып көр. Яғни эмоцияларды және олармен бірге жүретін денедегі сезімдерді дереу егжей-тегжейлі сипаттап жаз. Мысалы, «әкем тағы да мас болып келді, өзімді бақытсыз сезінемін, тамағыма өксік тығылды» деп анықтап жаз. Көмек керек екенін мойында. Сосын бір маңызды қадам бар – барлық мәселемен жалғыз күресетін тәжірибе жинау. Әрине, әкенің маскүнемдігі жақындарының өмірін улайды. Арақ ішкен әке әрқашан отбасы үшін қасірет. Ол ішіп келген кезде ұрсыспай, қарсы тұрмай, басқа бөлмеге кетіп қалған дұрыс. Сау кезінде емделу керек екенін үнемі айтып жүр.
Балалар екі жастан бастап, мүмкін одан да ертерек атаанасының мінез-құлқын мұқият бақылай бастайды екен. Тіпті «балалар естімесін деп, «үндемей ұрсысқанның» өзін біліп жүреді. «атаананың сезімі мен эмоциясына өзі жауапты, оған бала еш жауапкершілік алмау керек. «Сен осыны істемегенің үшін ауырып қалдым, «екі» алғаның үшін жүрегім ауырды» деп балаларын кінәлап, кейде артық кетіп жататын ата-аналар бар. Ал шындығында ренжу, ренжісуге кінәлі тек адамның өзі» дейді балалар психологы зейнеп болатқызы. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөзді желеу етіп алып, ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс болса, жылы жауып қоя саламыз. Ыдыс-аяқтың сылдырлауы тек ыдысқа ғана қатысты айтылған, ал ұрыс-керістің зардабы көп. көңіл қалады, жүрек жараланады, баланың өміріне зияны тиеді» дейді отбасылық психолог Ержан Мырзабеков. Ата-анаңмен арада қиындық бар ма? Маманға қояр сұрағың көп пе? Онда журналымыздың «Ақ парақ» клубына хат жаз.
Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1820 рет
көрсетілді0
пікір