• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 02 Маусым, 2024

DATA-журналистика – болашақтың мамандығы

Заманның ағымына қарай мамандықтар да ескіреді. Мысалы, хх ғасыр басында мәтін теруші мамандығы болған. Олар жазушының немесе кез келген автордың қол жазбасын машинкаға теріп беретін. Шетелге қоңырауларды қосып отыратын арнайы диспетчерлер болған. Мылқау кинолар заманында киноны қызықты ете түсу үшін аспаптарда ойнап отыратын мамандық та өз кезеңінде жоғары бағаланды. Бірақ мұның бәрі заманның ауысуымен артта қалды. Мәтін терушілер компьютерге орын берді. Бұрынғыдай енді ешкім қолмен жазбайды немесе өз жазғанын өзі компьютерге көшіре алады. Телефон қоңырауларын жалғаушыларды смартфон ығыстырды. Мылқау кинодағы музыканттарды дыбыс жазу машиналары алмастырған. Осылай заман дамыған сайын мамандықтар да ескіре бермек.

Мамандықтардың ескіретіні рас болса, болашақта сұранысқа ие болуы ықтимал мамандықтар да бар ғой. Әрине, олардың қатарында ақпараттық технология, медициналық инженер, виртуал әлем дизайнері деген сияқты мамандықтармен қатар DATA-журналистика деп аталатын мамандық та бар. Бұл қандай журналистика? Несімен ерекше? Осы сауалдарымызды арқалап жаңа медиа маманы, АҚШ-тың Майами университетін коммуникация мамандығы бойынша бітірген Асхат Еркімбай мырзаға бардық.

– DATA-журналистика деген не?

– DATA – цифрлы түрге ауысқан деректер. Яғни DATA-журналистика дегеніміз – цифрлы түрдегі деректермен жұмыс істейтін журналистика саласы. Ол ақпарат беруден гөрі шешім шығаруға негізделген. Сондықтан бұл саланы шешім журналистикасы деп те атауға болады.

– Бұл журналистиканың жаңа саласы ма?

– Солай атауға болады. DATA-журналистиканың бастауы интернетпен, жаңа медианың бастауымен тығыз байланысты. Мысалы, бір кезеңдерде статистикалық мәліметтерді айына бір-ақ рет шығаратын. Статистика комитетінің арнайы жиынын күтетін едік. Қазір кеңсесінде компьютері бар әрбір мекеме туралы деректерді сол мекеменің сайтынан немесе арнайы ашық деректер қорынан кез келген уақытта алуға мүмкіндік бар. Осы жеңілдік DATA-журналистикаға жол ашты.

– Кез келген журналист деректермен жұмыс істейді. DATA-журналистердің ерекшелігі не сонда?

– Журналистиканың түрлі саласы бар. Танымдық, ғылыми, ақпараттық деген сияқты. Барлығы деректермен жұмыс істейді десек те, бұл салалардың көбі деректердің бір ғана қырымен айналысады. Мысалы, қарапайым журналист статистикалық мәліметтерді қарастырып, ажырасу статистикасын алға тартады. Осы бір ғана дерекпен қорытынды шығарады. Бұл – DATA-интерпретация деп аталады. Жай ғана деректерді түсінікті тілде жеткізу. Ал DATA-журналист бұл бір ғана дерекпен шектелмейді. Жастар санын, отбасын құрғандар статистикасын – бәрін қарастырады. Әсіресе, себептеріне үңіледі. Соңында жас отбасыларға көрсетілетін жеңілдіктердің жұмысына дейін тексеріп қарайды.

– Яғни DATA-журналистердің деректермен жұмыс істеуі ғылыми методологияға негізделген ғой?

– Иә. DATA-журналистика ғылымизерттеу әдіс-тәсілдеріне сүйенеді. Мысалы ғылыми жұмыс жазатын адам ойша гипотеза құрастырады. Соны дәлелдеуге ұмтылады. DATA-журналист те байқап, қарап жүріп белгілі бір гипотеза жасайды. Ол ауқымды болғаны абзал. Бұл саланың ерекшелігі де – кең ауқымды деректермен жұмыс істей алуында. Мәселен, мен жаңалықтарды қарап жүріп мынадай гипотеза құрастырдым. «Қазақстанда соңғы бес жылда тұрмыстық деңгейі төмен облыстардан шыққан балалардың білім көрсеткіші төмен болғандықтан олардың университетті бітіре алу мүмкіндігі азырақ». Осындай шұбалаңқы гипотеза. Менің қолымда не бар? Уақыт – соңғы бес жыл. Әлеуметтік статус – тұрмыстық деңгейі төмен облыстар. Оқиға – бакалаврды бітіре алмаған студенттер. Мен соңғы бес жылдағы тұрмысы төмен облыстарды анықтаймын. Осы аралықта оқудан шығып қалған студенттер деректерін аламын. Екеуін салыстырамын. Гипотезам дұрыс шықты делік. Бірақ себеп-салдарлық байланыс құру әлі ерте. Яғни күн ыстықта балмұздақ көп сатылды деп айта алмаймыз. Дәл сол күні айлық түскен болуы мүмкін. Бір жағдайға бір ғана жағдай әсер етеді деу қате. Сондықтан басқа да деректерді зерттейміз. Бірақ осы жерге дейінгі әңгімемізді түйінделік.

DATA-журналистиканың негізгі төрт тағаны:

1. Проблема

2. Себеп

3. Әсер

4. Шешім

Проблема: Жастардың оқуын бітіре алмауы.

Себеп: Олар жағдайы төмен отбасылардан шыққан.

Әсер: Кедей отбасынан шыққан балалардың оқуды бітіре алмауынан кедейлік одан ары үдей береді.

Шешім: Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қамтамасыз ету бағдарламасының қателігі және оның түзеу жолдары.

 

DATA-журналистиканың визуализациясы

Жоғарыдағы төрт тағанның әрбіріне жауап беретін материал шыққаннан кейін DATA-журналист оны жұртқа ұсынады. Бұл тұста да ол материалдың кімге арналғанын ескеруі қажет. Деректі фильм, инфографика немесе мәтін мақала ретінде беруі ықтимал. Жолдары өте көп. Тіпті мем түрінде беруге де болады.

DATA-журналистика арқылы анықталған мәселелер

Оңтүстік Африкада DATA-журналист ер жасаған «Өлім әжетханалары» атты жоба болған. Осы өңірде балалар әжетханаларда қайтыс болып жатады. Мұны қарапайым журналистер теледидардан, радиодан хабарлайды, газет-журналдар қайғылы оқиға ретінде жазады. Болды, бітті. Осы оқиғалардың бәрін DATA-журналистер жинақтап, бір жерге топтастырады. Проблема бар. Оның себебін анықтау барысында балалардың өліміне әжетханалардың ғимараттан тыс жерлерде орналасуы екенін анықтайды. Бұл балалар өліміне ғана әсер етіп жатқан жоқ екен. Елдегі жемқорлықтың да қатысы бар болып шыққан. Өйткені мектеп салған компаниялар жоспарында әжетханалардың көбі іште деп көрсетілген. Бірақ олар ақша үнемдеу үшін оны далаға салады. Осының әсерінен елдегі жемқорлықтың деңгейі де артады. Шешім не? Құрылыс компанияларына заңды тексерісті қатаңдату. Осылай Оңтүстік Африкадағы «өлім әжетханалары» жабыла бастады. Өзімнің жүргізген жобам болған. Есіңізде болса, орыстілді ақпарат құралдарында «орыс мектептеріндегі білімнің жоғарылығы туралы» айтылып жүрді. Маған қызық көрініп, тексеруге отырдым. 2014 жылы тест нәтижелері бойынша қарастырдым. Сонда түсінгенім, бұл сөздік шындығы да және жалған тұсы да бар екен. Оңтүстік өңірлерде қазақ тілінде білім беретін мектеп, сыныптардың көрсеткіші өте жоғары болып шықты. Ал солтүстік өңірлерде орыс тілінде оқытатын мектеп-сыныптардың білімі жоғары болды. Бірақ маған тіпті қызық болғаны, екі өңірдегі білім сапасы 4 -сыныпқа дейін бірдей. Яғни бастауыш сыныптарда біздің оқу бағдарламамыз жақсы жұмыс істейді. Білім көрсеткішіндегі негізгі айырмашылықтар 8-сыныптан кейін байқала бастайды. Бұл ненің белгісі? Біздегі жоғары сынып оқу бағдарламасының дұрыс жолға қойылмағандығы. Әрине, бұл зерттеу осыдан он жыл бұрынғы деректерге сүйенген болатын. Қазір қандай екенін білмеймін.

DATA-дағды

Біріккен Ұлттар ұйымы негіздеген нақты міндеттемелер бар екені белгілі. Жазу сауаты, оқу сауаты және есептей алу сауаты. Осы сауаттың ішіне соңғы жылдары медиа-сауат деген ұғым қосылды. Соның ішінде DATA-дағды деген нәрсе бар. Яғни деректерді түсініп, талдай алу. Осы тұрғыдан келгенде DATAдағды болашақ журналистерге ғана емес, қарапайым адамдарға да керек. Кез келген таңдау жасайтын кезде DATA-дағдысы бар адам дұрыс анализ жасап, өзіне ыңғайлы нәрсені таңдай алады.

DATA-журналист болу үшін...

Бірнеше дағды қажет:

Статистикалық деректерді түсіну;

Математикалық формулалармен жұмыс істей алу;

Компьютерде өте сауатты болғаны абзал;

Ағылшын тілін білгені ауадай қажет.

Бұл дағдылардан бөлек қарапайым журналист бойындағы деректерді сұрыптау, сұрақ қоя алу, адамдармен байланыс секілді дағдыларды меңгерген болуы шарт.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1727 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы