- АҚ ЖЕЛКЕН
- 02 Маусым, 2024
Қазақы ЖИ қажет болып тұр
Бірде ChatGpt-ден «Ұлттық киім киген қазақ қызының суретін салып берші» деп өтініш жасадық. Көп кідірмеді, кескін-келбеті қазақтан гөрі еуропалыққа көбірек келетін, қой көзді, сұлу өңді қыздардың суреттерін жайып салды алдымызға. Ал киімдерінде түрлі ұлттың нақыш-элементтері болды. Көйлек-шапандарынының үлгісі – бурят, хакастардың ұлттық киімін, бас киімдері үндіс тайпаларының қауырсынды қалпағын еске түсіретіндей ме, қалай?! Төрт түрлі нұсқаның төртеуінен де ұлттық киіміміздің әлдебір нышанын іздеп, қанша үңілсек те, ертедегі сақ дәуірін елестететіндей бір жылы көрініс жылт ете қалғандай болғанмен, көңіліміз қалаған нұсқаны көре алмадық. Қысқасы, жасанды интеллект қазақты тап басып, танып, түстей алмады...
ChatGPT ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
ChatGPT – сұрақтарға жауап беретін және диалог құрып, кеңесуге болатын, күрделі тапсырмаларды орындай алатын нейрондық желі. Яғни ол чатботпен адам сияқты сөйлесуге, мәтіндік көмек сұрауға, тапсырма беруге болады. ChatGPT электрондық пошта қолдану, эссе және кәдімгідей код жазу сияқты тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Қазіргі уақытта оны пайдалану көпшілікке ақысыз, тегін. Өйткені ChatGPT зерттеу және кері байланыс жинау сатысында жұмыс істеп тұр. 2022 жылдың соңында Open AI компаниясы ChatGPT әңгімелесу жасанды интеллект чатын көпшілікке таныстырғаннан кейін ғаламторды жасанды интеллект арқылы жазылған материалдар жаулай бастады. Бұл мәтіндер немесе сурет, өлеңдер нейрожелілердің жазғаны ма, әлде адамның жазғаны ма?
Қазір АҚШ-тың Массачусетс штатының Бостон қаласындағы Бостон Университетінде магистратурада оқып жатқан белгілі IT ағартушы Тимур Бектұр бұл туралы «Chat GPT немесе жасанды интеллектінің қаупі қандай?» тақырыбымен жариялаған зерттеу еңбегінде былай дейді: «Google компаниясы Code Red, яғни шұғыл дабылды іске қосқан. Себеп: жасанды интеллект арқылы жазылған мақалаларды адам жазды ма, жасанды интеллект жазды ма, айыру мүмкін емес болып қалды. Тиісінше, ол Google компаниясының басты құралы – іздеу жүйесінің өзегі SEO, яғни іздеу жүйесінің оптимизациясына нұқсан келтіре бастаған еді».
Әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып, технологияның осынша шарықтай өркендегені адамзат үшін дұрыс па, бұрыс па деп әйгілі ғалымдар бас қатырып, кей мемлекеттер қаупінен сақтанып, ChatGpt сайтын уақытша жауып, дүрлігіп-ақ жатыр. Яғни кей сарапшылар жасанды интеллектінің этикалық мәселесі мен қоғамдағы және заң саласындағы реттелуі әзірге өзекті мәселе екенін айтып дабыл қағуда. Сонымен қатар барлық салада жұмысты жасанды интеллект атқара беретін болса, адамдар жұмыссыз қалып, күрделі проблемалар туындауы мүмкін бе? Жасанды интеллект мүмкіндіктері сараланатын түрлі жиындарда сарапшылар үнемі осы сұраққа жауап іздеп жатады.
Осы тұста Тимур Бектұрдың мына пікірі көңілге қонымды көрінді:
«Кейбір журналистер мен мамандар ChatGPT-дің өзінен «Сен қай мамандықтарды жоясың?» деп сұрағанда, ол негізінен үздіксіз жұмыспен айналысатын, әсіресе компьютерде отыратын біршама мамандықтың тізімін келтірген. Бірақ көптеген сала сарапшылары бұған қатысты мынадай бір тамаша сөзді оған қарсы дәйек ретінде келтіреді: «AI will not replace a teacher but it will replace a teacher who does not use AI» – «Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмас, алайда жасанды интеллектіні күнделікті жұмысында қолдана алмайтын мұғалімді толықтай алмастыра алады». Демек, мұғалім деген сөздің орнына кез келген мамандық иесін қоя беруге болады. Мәселен, аудармашы, копирайтер, журналист, маркетолог, заңгер, есепші, тағысын-тағы...» Ендеше, жасанды интеллектіні қолдана алсаң, ол – жұмысыңды жеңілдететін көмекші құрал, қолдана алмасаң, әрине, орныңды оп-оңай баса қояды.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ НЕГЕ ҚАЗАҚТЫ ТАНЫМАЙДЫ?
Енді әлгінде айтып өткен жасанды интеллектінің ұлттық киім киген қыздарымыздың суретін салып бере алмағаны туралы тақырыпқа қайта оралайық. Иә, нейрожелі қазақтың ұлттық киімдер мен бұйымдарын «тани» алмай тұр. Сондай-ақ әзірше қазақша мәтіндерді де дұрыс құрастыра алмайды. Бұл туралы мамандарымыздың пікірі қалай?
Мейіржан ӘУЕЛХАН: «Жасанды интеллект модельдерінің әртүрлі мәдениеттер мен тілдерді тануы көбінесе оқыту үшін қолданылған деректердің саны мен сапасына байланысты. ЖИ модельдері көбіне ағылшын тілінде және батыстық мәдениеттерде жиі кездесетін ақпараттарға негізделген деректер жиынтығынан оқытылады. Сондықтан белгілі бір қалтарыста қалған мәдениеттер мен тілдер, мәселен, қазақ тілі мен мәдениеті сияқты ЖИ салған қазақ қызы мен тазы бағыттар ЖИ модельдері үшін игерілуі қиын».
Маман ЖИ модельдерінің дәл осылай жауап беруінің бірнеше себебін атап өтті: «Бірінші, деректердің шектеулілігі: қазақ мәдениетіне және тіліне қатысты деректердің аздығы немесе сапасының төмендігі модельдің дұрыс оқытылмауына әкеледі. Екінші, деректердің бұрмалануы: егер модель басым көпшілік деректермен оқытылса, ол әлемдік демографиялық деректерге сай келмейтін шешімдер шығаруы мүмкін. Үшінші, тілдік және мәдени алуандық: тілдер мен мәдениеттердің көптүрлілігін түсіну үшін ЖИ модельдеріне қосымша контекст және мәдени сезімталдық керек, бұл көбіне жетіспейді. Осы мәселелерді шешу үшін модельдерді әртүрлі мәдениеттер мен тілдерге бейімделген деректермен оқыту керек. Сонымен қатар ЖИ қызметтерін қолданушылардың талаптарын түсініп, оларға сәйкес келетін шешімдерді ұсыну үшін жетілдіру жұмыстарын жалғастыру қажет».
ҚАЗАҚША ЖИ ҚҰРАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР МА?
Бұл сұрақты IT маманы Мейіржан Әуелханға қойғанымызда: «Қазақстанда қазақ тіліндегі жасанды интеллект модельдері әлі жасалып жатқан жоқ. Бірақ әлемдік компанияларда, мысалы, OpenAI сияқты тілдік модельдер ішінде қазақ тілі бар. Қазақстанда ЖИ модельдерін жасауға арналған суперкомпьютер жобасы қолға алынып жатыр. Егер осы бастама іске асса, онда қазақша жасанды интеллектіні көретін күн алыс емес», – деп жауап берді.
ЖИ АҚПАРАТТЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?
Жасанды интеллект моделі ақпаратты көптеген дерек көзден алады. Ол ақпараттарды оқып үйренеді және оларды белгілі бір тапсырмаларды орындауға пайдаланады.
Мейіржан ӘУЕЛХАН: «Негізінен, ЖИ моделін дайындау процесі келесі кезеңдерден тұрады:
1. Деректер жинау: ЖИ моделін оқыту үшін алдымен көлемді деректер жиынтығы қажет. Бұл деректер түрлі ақпарат көздерінен алынады, мысалы, мәтіндер, суреттер, бейнелер және т.б. Бұл деректер ғаламтордан, қоғамдық деректер базаларынан, өзге де ақпараттық ресурстардан жиналады.
2. Деректерді өңдеу: Жиналған деректер сараптамалық қолдануға дайындалады. Бұл процесс кезінде артықшылықсыз ақпарат аластатылады, деректер түзетіледі және форматталады.
3. Модельді оқыту: Дайындалған деректер жиынтығы пайдаланылып, ЖИ моделі оқытылады. Модель үлгілерді тану және жалпылау үшін статистикалық әдістер мен машина оқыту алгоритмдерін қолданады. 4.бағалау және жетілдіру: Модель оқыту аяқталған соң, оның дәлдігі мен тиімділігін бағалау үшін сынақтан өткізіледі. Егер қажет болса, модельді одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. ЖИ модельдері осылайша ақпаратты қабылдап, талдап, оны пайдалы жауаптар мен шешімдер шығару үшін қолданады. Бұл процестер барысында деректердің сапасы және көлемі ЖИ моделінің тиімділігіне тікелей әсер етеді».
БҮГІНДЕ ӘЛЕМ ИНДУСТРИЯСЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫР, БІЗ ШЕ?
Қазақстанда да ЖИ технологияларын дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. 2022 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы жасанды интеллектіні дамытуға арналған жоспар бекітілді. Бұл жоспар ЖИ технологияларын енгізу және дамыту бойынша стратегиялық бағыттарды анықтайды. Сондай-ақ ЖИ-ді дамытуға бағытталған ісшараларға қолдау көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну және зерттеулерді қаржыландыру жүзеге асырылады. Еліміздегі университеттер мен зерттеу орталықтары жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен жаңа технологияларды дамытуға белсенді қатысып келеді. Жасанды интеллектіні дамытудағы бұл ынталандыру шаралары елдің инновациялық әлеуетін арттыруға және экономиканың цифрлық трансформациясын жеделдетеді.
ЕНДІ НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектіні оқытып, үйретуге ұзақ жылдар керек және инвестицияны да талап етеді. Ұлттық баламасы жасалса, ауқымды деректер жүктелуі қажет. Сонда ғана жасанды интеллект ұлттық киіміміз бен бұйымымызды, салт-дәстүр, өнер, мәдениетімізді, әдебіміз бен әдеби әлемімізді жазбай танитын болады. Оған қадам жасалып жатыр. Бірақ, жасыратыны жоқ, біз әзірге жасанды интеллект дамуының төменгі сатысын қанағат тұтып келе жатқан елдер қатарындамыз. Дамыған елдер алға озып кетті. Әлемнің озық елдерін былай қойғанда, посткеңестік кеңістікте Әзербайжан мемлекетінің жасанды интеллектіні көп салаға енгізгенін үлгі тұтуға болады. Мәселен, әзербайжандықтар ЖИ арқылы адамдардың жеке деректерін, қан талдауларын, жетістіктерін өңдеу нәтижесінде болашақ чемпиондарды табуға қол жеткізген. Сосын тағы бір қызыға қарайтын тұсымыз – әзербайжандық жасанды интеллект әзербайжанша сөйлеген адамды дауысынан тани алады. Callорталықтарында тұтынушы сұрақтары мен хаттарына генеративті жасанды зият жауап қатады. Оны тұтынушылар адамнан айыра алмайтын көрінеді. Біз жасанды интеллектіні барлық салаға еркін ендіріп, жұмысын жеңілдетіп отырған өзге елдерге тамсанып емес, тамсандыратын күнге жетуге асығуымыз керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында үкіметке жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға тапсырма берді. «Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді» деді Мемлекет басшысы.
«Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс».
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024
1757 рет
көрсетілді0
пікір