- АҚ ЖЕЛКЕН
- 04 Маусым, 2024
Танымалдық тағдырыңа әсер етпесін

Дүниеге келген сәтінен бастап, әр қадамы көпшіліктің көз алдында өтіп жатқан балалар да, аяқ астынан әлеуметтік желіге қызықты видеосы жарияланып кеткен балалар да бүгінде танымал. Олардың біразы киноға, жарнамаға, түрлі роликтерге түсіп, мансап жолын бастап кетті. Сондықтан Инстаграм мен ТикТокта танымал парақшалардың біразы балаларға тиесілі. Продюсердің қызметін атқарып жүрген атааналары да баласының парақшасын ары қарай дамытып, жарнама тарту үшін аянып қалмайды. Егер бала ашық, жанып тұрса, әлеуметтік желіде танымал болуы қиын емес. Тек қызықты сәттерді камераға түсіріп алатын ата-анасы қасында болса болғаны. Өз-өзін түсіріп, көп жазылушы жинап алған жасөспірімдер де бар. Мысалы, таңертең тұрғанынан бастап, кеш батқанша не істеп, не қойғанын баяндап отырғандар әжептәуір танылып қалған. Ауылда қарапайым үйде тұрып, малға шөп салып, су тасып, үй жинап жүрген адамның өмірі біреулер үшін қатты қызық болса керек. Тіпті жарнама берушілер де табыла кетіп, өтініш айтатындар да көп екенін байқаймыз.
Осы күндері танымал болудың жолы көп. Ең оңай жолы – хайп жасау. Ерсі қылық көрсету немесе біреуді орынсыз сынай салып, адамның таңданысын немесе ашу-ызасын тудыратындарды «хайп жасаушылар» дейміз. Ал балалар тәтті қылықтары мен былдырлаған тілі арқылы әлеуметтік желі қолданушылардың көңілін баурап алып жатса, «хайп қуды» дей алмасымыз анық.
Кішкентай кезінен блог жүргізіп, танымал болған балаларды әңгімеге тартқымыз келген. Блог жүргізу балалығыңды ұрламады ма? Ерте жастан келген танымалдылық өміріңе қалай әсер етті? Осы сұрақтарды танымал деген бірқанша баланың Инстаграм дайректіне, уотсап нөмірлеріне жібердік. Өкінішке қарай балалар да, олардың ата-аналары мен менеджерлері де үнсіз қалды. Есесіне, интернетте танымал болмаса да, өз ортасында «жұлдыз» болғандар танымалдық туралы айтып берді.
Эльмира:
– Алматы облысы, Талғар ауданында мектеп бітірдім. Өз мектебімде ғана емес, аудан бойынша да танымал болдым десем де болады. Кішкентай кезімнен бастап барлық жарысқа қатысып, міндетті түрде орын алатынмын. Аудандық жарыстарға барған кезде «Эльмира келіпті» десе, мұғалімдер де, оқушылар да тартынып қалатын. 11-сыныпқа көшкен кезде «жұлдыздығым» шегіне жетті. Мектепті «Алтын медальға» бітірейін деп отырған мені мектепте де, үйде де көп мақтап, үлгі тұтып, еркелететін. Сабақ сұрамай «бес» қоятын мұғалімдерім де болды. Бұл менің психологияма әсер етпей қоймады. Тіпті, мектеп бітіру кешінде төменгі сыныптың оқушылары келіп, менімен суретке түскен еді. Бірақ университетке түскен кезде, менен де зор адамдар бар екенін көріп, өзіме деген сенімім азайып қалды. Өйткені мен түскен мамандық ағылшын тілін білуді қатты талап ететін. Ал қатарластарымның ағылшыншасы судай екен. Әрі IT-ға қатысты бағдарламаларды жақсы білетін болып шықты. Оларды қуып жету үшін әрі «қара жаяу» емес екенімді дәлелдеу үшін бір сессия бойы қосымша курсқа барып, ағылшыншамды дамытуға тырыстым. Сол аралықта өзіме деген бағамның түскені соншалық, жиі ауыра бердім, күйзеліске түсіп, тіпті басым биттеп кетті. І курстың соңына қарай қатарластарымды қуып жеттім. Бәрі менімен санасып, сабақ сұрайтын болды. Мектептегі белсенділігім мен танымалдылығымның арқасында дұрыстап ағылшын тілін оқымағаныма, ізденбегеніме ішім ашыды. Қазір мектептегідей біреу үшін жауап беріп, бір сыныптың жауапкершілігін арқалайтындай белсенді емеспін. Оған уақытымды арнағым келмейді...
Біржан:
– ҰБТ-дан ауылдық квотаны жеңіп алу үшін ауылдағы нағашыларыма көшіп бардым. 10-сыныпта, 3-тоқсан аяқталған кезде ауылдағы мектепке ауыстым. Ауылдағы балалар үшін қалалық бала керемет болып көрінеді екен. Оны мен бірден сездім. Әрі қалада баскетболдан үйірмеге қатысқаным да қатты көмектескен еді. Жазғы каникулға шықтық та, қаладағы ҰБТ-ға дайындайтын орталыққа бардым. Сосын оқу жылы басталғанда ауылдағы мектепке қайттым. Баскетбол жақсы ойнайтыным әрі ҰБТ-ға дайындығым тәуір болғандықтан, маған тең келер ешкім жоқтай көрініп, мектеп президенті болуға үміткер ретінде бағдарлама жасап ұсындым. Осылайша мектеп президенті болдым, қысқасы. Мектептегі оқушылардың да, мұғалімдердің де назары менде болды. Қазір ойласам, олар мені шынайы танымапты. Әр бұрышта атым аталып, әр шарада белсенді болып жүргеніме өзім де мәз болған екенмін. Бірақ соның өзі жасөспірім бала үшін өте керек нәрсе болған сияқты. Кейін қалаға, оқуға кетіп, грантқа түскен соң, көп нәрсе қызықсыз болып қалды. Белсенділігім де төмендеді, ештеңеге араласқым келмей, тіпті сабаққа әрең барған кезім болды. Әр адамның жұлдызды сәті болады дейді ғой, менің жұлдызды сәтім мектепте өтіп кеткен сияқты.
Психолог маман Айдана Көбентаеваның айтуынша, танымалдық ұғымының екі түрі болады. Біріншісі – шынайы танымалдық яғни достық қарым-қатынас орната алатын, өзінің жағымды қасиеттерінің арқасында сүйіспеншілікке ие болған адамдар. Ал екіншісі – қабылданған танымалдық, бұл – сыртқы мінез-құлқымен ерекшеленетіндер, жоғары әлеуметтік мәртебе үшін басқаларға манипуляция жасауы мүмкін адамдар. «Әлеуметтік медиа дәуірінің әсерінен соңғы жылдары танымалдықтың табиғаты қатты өзгерді. Балалар әлеуметтік желіде өзі сияқты адамдармен тіл табысып, ғаламтордан өз орнын тауып, танымал болып кетіп жатыр. Бұл бір жағынан, қатарластарының буллингінен құтқарса, екінші жағынан, өздігінен оқшаулану мен өзіне деген сенімсіздікке соқтыруы мүмкін. Ата-аналар әлеуметтік медиа барлық жастағы адамға стресс әкелетінін түсінуі керек. Балалар аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат байланыста болуым керек деп санайды. Мысалы, біз бала кезімізде мектептен үйге келгенде, мектептегі жауапкершіліктен демалғымыз келетін. Ал қазіргі балалар мектептен үйге келіп демалу дегенді білмейді, керісінше, үлкен қысымда жүреді. Балалар арасында стресс пен мазасыздық деңгейінің тез өскенін байқаймыз. Бала әрқашан сергек болуы керек» дейді психолог.
Блогерлік балалығыңды ұрламай ма? Танымал болған қалай әсер етеді? Бұл сұрақты кішкентай жұлдыз, бәрі танитын Мисс Кәусарға да қойдық. Кәусар Ғалымжанқызы 11 жаста, Лондонның Элизабет Гаррет Андерсен мектебінің оқушысы. «Мен зімді блогермін деп есептемеймін, – дейді Кәусар. – йткені Ұлыбританияда (Қазақстанда да солай) 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде отыруға болмайды. ТикТок және Инстаграм әкімшілігі тыйым салады. Жасанды интеллект балалардың аккаунттарын анықтап, бұғаттап тастайды. Парақшаны қайта қалпына келтіру үшін жеке басты куәландыратын құжат жіберу керек.
«Әлеуметтік желілердегі менің парақшамды атаанам жүргізеді. Осылайша олар мені кибербуллингтен және ғаламтордан келетін басқа да қауіптен сақтайды. Қазір кейбір кішкентай балалар өте мейірімсіз. Жазбаларымның астына жүректі жаралайтын неше түрлі пікірлер қалдырады. Сондықтан ата-анам мені осындай қауіптен қорғау үшін парақшаны жүргізуді өз міндеттеріне алған. Осылайша балалығымды ұрлайтын және қаупі көп блогерлікпен айналыспаймын».
– Кішкентай кезінен танылу балаға қаншалықты әсер етеді? Артықшылығы қандай, кем тұстары қандай?
– Танымалдық – уақытша құбылыс және танымал болу үшін көп жағдайда терең білім қажет емес. Кейбір адамдар ерсі қылықтар жасап, әп-сәтте желіде жұлдыз болып жатады. Сондықтан мен мұндай өткінші эффектке назар аудара бермеймін. Жұлдызды ауруымен ауырмаймын. Артықшылығы – көрермендерің сені құрметтейді, көпшілік жерде танып жатады. Кемшілігі – шектен тыс назар аударады. Еркін жүруіңе кедергі болады. Оған мен түсіністікпен қараймын. Жанкүйерлерімді өте жақсы көремін. Бірақ менің негізгі аудиториям Қазақстанда. Лондон көшелерімен еркін жүре беремін.
– Қатарластарың саған қандай көзқараспен қарайды?
– Қатарластарым ерекше көңіл бөліп қызығады. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтінімді біліп, олар да білімге ұмтылады. Танымалдығым арқылы балаларды шет тілін меңгеруге ынталандыратынымды мақтан тұтамын. Қазақстанға жазғы каникулда барған кезде фан-кездесулер өткізіп, әңгіме-дүкен құрамын. Уақыт бөліп келген әр баламен және ата-анасымен жеке танысып, сұрақтарына жауап беремін, фотоға түсемін. Білімді замандастарымның өсіп келе жатқанына қатты қуанамын. Өйткені қазіргі заманның басты инвестициясы – білім.
Қай баланың болсын болашағын болжай алмаймыз. Бірақ психолог мамандар баланың танымал болуға ұмтылуын қалыпты жағдай дейді. Олар қандай танымалдыққа ұмтылып жатқанын, не үшін танымал болғысы келетінін ата-аналардың ажырата алуы маңызды екенін айтады. Егер олар шынайы танымал болғысы келсе, жанкештілікке бара алады. Егер «қабылданған танымал» болғысы келсе, түрлі трюктер жасайды. Баланың ерте «жанғаны» тағдырына әсер етуі әбден мүмкін. Ол үшін ерте танымал болған балалардың қазір қандай адамға айналғанына көз жүгіртіп қоюға кеңес береді.
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1885 рет
көрсетілді0
пікір