- АҚ ЖЕЛКЕН
- 05 Маусым, 2024
Бағыт берем деп бағдарынан айырмайық

Кей балалар мен жасөспірімдер бойынан өз əлемінің құрсауында өмір сүріп, қоғамнан өзін оқшау ұстайтын қылық байқалатыны көп айтылып жүр. Біраз ата-ана білімді, шығармашыл, мінездері орнықты, мейірімінен кенде емес балаларының қоғамға кіріге алмауын күрделі проблема санаса, кей ата-ана бұл жасөспірім шақтағы өтпелі кезеңнің салдары деп аса мəн бере қоймайды. Баланың бұлайша өмір сүретін, дамитын ортасынан бөлектенуі, бейтаныс ортамен араласып кетуге жүрексінуі, жатырқауы, үйде еркін, түзде бұйығы болу себебі не? Балаларды жан-жақты дамытамыз деп ынталандырып, үнемі шабыттандырып, қолдап-қолпаштап жүріп, қоғамнан бөліп алып жатқан жоқпыз ба? Бұл сауалдарымызға жауап іздеу барысында ата-аналармен, балалар психологымен жəне педагог мамандармен тілдестік.
Ақмола облысының шалғай ауылдарының бірінде тұратын Анжела Рысманбет 9 жасар ұлының үйде ашық-жарқын жүргенімен, қоғамда өзін өзгелерден сырт ұстап, дара жүргенді ұнататынын байқайды. «Сабағын жақсы оқиды. Оғаш мінезі де жоқ. Тек өзі құралыптас балалармен тіл табысып кете алмайды. Сондықтан досы жоқ деуге де болады. Қоғамдық ортада да бұйығы. Үйге қонақ келсе, өз бөлмесінен шыққысы келмейді. Неден болуы мүмкін деп дәрігерлерге де қараттым. Ештеңе таппады. Балам ашылсын, дос тапсын деп бірнеше үйірмеге қатыстырдым. Хоккейге бір жыл барды да, ұнамайды деп тастап кетті. Жаттықтырушысы бүкіл тапсырманы орындайтынын, бірақ балалармен араласпайтынын айтты. Тіпті мектептен соң үйге жалғыз қайта алмайды. Әпкесі, кейде өзім мектепке, үйірмеге апарып, әкеліп жүрдік. Бір күні өз қалауыман сыныптасына еріп, волейболға барды. Үйірмеден соң шаршаса да біраз көңілденіп жүретін болды. Қазір мектепке де өз бетімен барып келеді. Түсінгенім, біз баланың әр ісінен кілтипан іздеп, әр үйірмеге тықпалаған сайын баланы одан сайын тұншықтыратын сияқтымыз. Еркіне қойып, сәл бағытын түзесек, өзі де түсініп, алып кете алады, меніңше» дейді Анжела ханым.
Кейіпкеріміздің оқиғасын оқып отырған оқырман да байқаған болар, баланың тұйықтығын уайымдаған анасы дәрігерге де жүгініп, қолынан келгенінше үйірмелерге жаздырып, ашылуына көмектескісі келген. Көп ата-ана осындай қадамдар жасауы мүмкін. Бірақ кейде ата-ананың осы әрекеттері баланы тығырықтан шығару орнына, керісінше, жағдайды күрделендіріп жібереді. Балалар психологы Айгүл Асқарқызының пікірінше, көпшілік жағдайда ата-аналар балаға мотивация бергенде баланың ішкі қабілеттеріне мән бермей жатады. Баланы бір іске шабыттандыру үшін онымен келісіп алу шарт. Сіз қалағанды бала қабылдай ма, жоқ па? Ал бала өзі қабылдай алмаған істен нәтиже шығара алмайды. Нәтижесінде, ішкі күйінде агрессивті, эмоциялы сезімдер басым болғандықтан, өзін төмен сезінуге бейім тұрады.
– Негізі, мотивация балаға қажет. Яғни бір іске шабыттандыру, қолынан келетініне сендіру, ынталандыру баланың ішкі қалауымен үйлесіп тұрса, ол жігерленіп, бойында табандылық пайда болады. Ол үшін баланың қалауын, мүмкіндігін, қабілеттерін де ескерген жөн. Көп жағдайда баланың әлеуметтен оқшаулануы оның жанын түсінбегендіктен де болады. Әрине, баланың табиғи мінезқұлық, тұқымқуалаушылық сияқты еркінен тыс жағдайлар да әсер етеді. Мұндай жайтты ескерген ата-ана мүмкіндігінше баланы әлеуметтендіруге тырысу керек. Себебі, адам өміріндегі ең басты құрал – қарым-қатынас. Өмірдің қай саласында болсын адамдармен тіл табыса білу тұлғалық дәрежесін анықтайды. Көп ата-ананың қателігі баламен ерте жастан айналыспай, тәжірибесіздігін, жұмысбастылығын сылтауратып, қандай да бір өзіндік себеп-салдармен бала тәрбиесіндегі олқылықтарды кеш ескеріп жататыны. Әбден бала оқшаулана бастағанда ғана дабыл қағатыны шындық. Мұндай жағдайда балаға үнемі қолдау білдіру маңызды. Бірге уақыт өткізу, баланың қызығушылығын ояту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыру, қалауын, сезімін сыйлау, ескеру сияқты тұлғалық ерекшелігін тану арқылы жетелеуге, бағыттауға болады. Қандай жағдай болса да, балаға ата-анасының мінез-құлқы, әрекеті, ұстанымы мен танымы үлгі деп жатамыз, бірақ бала кішкентай болғанмен ішкі әлемі әділ, шынайы. Бала ата-анадан өзіне әділдікті талап етеді. Сондықтан кей жағдайларда ата-анасының балаға деген қарым-қатынасы өзін-өзі тануға, мектепте, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасына өте үлкен ықпал етеді. Әр ата-ана бала тәрбиесінде өзін көбірек зерттеп, тануы өте маңызды, – дейді Айгүл Асқарқызы.
Баланың әлеуметтен оқшаулануының бірнеше себебі бар:
- шектен тыс ескертулер, тыйымдар;
- авторитарлық тәрбие стилі;
- баланы үнемі салыстыру;
- сөзін, сезімдерін, әрекеттерін құнсыздандыру;
- баланың өзін төмен сезінуі;
- қолдаудың жеткіліксіздігі.
Баян ЖҰБАНЫШОВА, Алматы қаласының тұрғыны, көп балалы ана:
– Ата-бабаларымыз «жеті жасқа дейін балаңды хандай күт, жеті жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деп бекер айтпаған, мен осы мақалды бір сәт жадымнан шығарған емеспін. Балаларыммен ашық сөйлесіп, үнемі пікірлесіп отырамын. Кішкентай балаға сөйлегендей емес, үлкен кісімен кеңесіп отырғандай жауапкершілік артам. Сондықтан ба екен, балаларым ашық, еркін. Өз ойларын қысылмай айтады. Кез келген ортаға тез сіңісіп кетеді. Кей балалардың тым бұйығы екенін байқаймын да, ата-анасымен сөйлескім келеді. Негізі, баланың қоғаммен араласып кетуіне ата-анасы көмектесуі керек деп ойлаймын. Кейде біз бүкіл тәрбиені мектепке артып қоямыз. Сонымыз дұрыс емес. Бала тәрбиені үйде алады. Бәріміз де жұмыстағы адамдармыз. Бірақ күнде кешке балаларымызбен сырласуымыз керек. Демалысымызды балаларымызға арнауымыз қажет.
Бала тәрбиесі бойынша тренингтер авторы, «Ата-аналар клубы» қоғамдастығының негізін қалаушы Ескендір Бестай жасөспірім баланың өз әлемінен шыққысы келмейтінін, үйге қонақ келгенде бұйығылық танытуын немесе бейтаныс ортамен тез араласа кете қоймайтынын оғаш санамайтынын айтады.
– Жасөспірімдік кезең – мотивтің ауысатын сәті. Қарым-қатынас мотиві бастауыш сынып кезіне ғана тән және бұл оқшаулануды өтпелі құбылыс деуге болады. Одан қорқудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ал смартфон, оның ішінде әлеуметтік желіде шексіз әрі қысқа контент тұтыну салдарынан маңызды қарым-қатынас моделі құрылмай жатқаны үлкен мәселе. Мұның зардабы бірнеше ұрпаққа созылуы ықтимал.
Жалпы қарым-қатынастың екі моделі бар: вертикаль және горизонталь.
Вертикаль дегеніміз – баладан бастап, анасы, әкесі, әжесі мен атасы сияқты иерархиялық қарым-қатынас. Бұл қарымқатынас шартсыз құрылады және адамның тұлғалық өзегі болып саналады. Яғни түрлі сынақ кезінде сүрінбеуіне, сүрінсе де сынбауына себепші осы қарым-қатынастың дұрыс құрылуы яғни, ата-ана, жақын жандардың мейіріміне қанып өсуі.
Горизонталь қарым-қатынас дос, жолдас, сыныптас пен әріптестерден құрылады. Бұл модельге шарт және сол шарттан туындаған қысым тән. Баланың ішімдік я шылым шегуі сияқты көп жағымсыз іс осы қарым-қатынас салдарынан туындайды. Тіпті суицидтің өзіне осы бірден-бір триггер екен. Өз тәжірибемізден әлеуметтік желі мен ол жақтағы әңгіме осы горизонталь қарым-қатынасқа басымдық беріп, баланың мотивациясын былғайтынын түсіндік, – дейді Ескендір Бестай.
БАЛАЛАР ПСИХОЛОГЫ АЙГҮЛ АСҚАРҚЫЗЫНАН КЕҢЕС:
Қоғамнан, әлеуметтен өзін оқшау ұстайтын балаға, жасөспірімге дұрыс бағыт-бағдар беру жолдары:
1. Баламен танысу. Яғни қалауын, сезімдерін, қабілеттерін (физиологиялық, интеллектуалдық, психологиялық) ұстанымдарын тануға баса назар аударған жөн.
2. Балаға қолдау көрсету. Ақылдасу, ойын айтуға мүмкіндік жасау, яғни баланы көп тыңдау керек.
3. Балаға дұрыс бағыт беру өте маңызды.
4. Баламен келісу керек. Келісу баланы жауапкершілікке баулиды. Өзіне сенімін арттырады.
5. Баланы ортақ әңгімеге тарту. Ортақ іспен айналысу, бірге қыдыру, бірге кітап оқып, кино көру жақсы нәтиже береді.
Мамандармен, ата-аналармен пікірлесу барысында ұққанымыз, баланы жан-жақты етіп тәрбиелейміз, мотивация береміз деп үйірмелерге, дамыту, оқыту орталықтарына сүйрей жөнелмей, алдымен баланың жүрек қалауына құлақ түру қажет. Бала – жеке тұлға. Әр баланың қабылдау, ойлау, түсіну, түйсіну деңгейі әртүрлі. Сондықтан барлық балаға бірдей әсер ететін әмбебап тәрбие әдісін ұсыну мүмкін емес. Қазір балалардың басым көпшілігі смартфон, компьютерге үңіліп, виртуал әлемге тәуелді болып отыр. Бұл, әлбетте, баланың ортаға бейімделуін қиындатады. Қоғаммен қарым-қатынас орнату өздігінен бола қалатын дүние емес. Сондықтан балаға уақыт бөліп, қажет жағдайда мұғалімдерімен сөйлесіп, баланы ашу жолдарын бірге қарастырған жөн. Балаға қолынан келмейтін тапсырмалар беріп, ауыр талаптар қою, тіпті, тым асыра бағалап, ынталандырам деп әурелену де баланың қоғамнан оқшаулана түсуіне себеп болуы мүмкін. Ең бастысы, баланы айналаңмен тіл табыса алмайсың, тұйықсың деп жазғырудан аулақ болған жөн. Жоғарыда қозғалғандай, балаға қолдау жасау өте маңызды және қажет деп тапсаңыз, «әлемін» қиратып алмай, байыппен мамандар кеңесіне жүгінгеніңіз дұрыс.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1611 рет
көрсетілді0
пікір