• Спорт жұлдыздары
  • 05 Маусым, 2024

Ислам СӘТБАЕВ, нысана көздеуші: «Жеңу емес, қатысу» ұраны ескірді

Дүниежүзі көз тігетін төртжылдықтың басты додасы – Париж олимпиадасының басталуына аз уақыт қалды. Қазақстан құрамасы спорттың әр түрінен жолдама жеңіп алуға тырысып жатыр. Кейіпкеріміз Ислам Сәтбаев – Париж олимпиадасына қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген. Ислам пневматикалық винтовкамен (10 метр) нысана көздеуден әлем чемпионатында үздік шығып, олимпиадада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Олимпиялық ойындарда ел намысын қорғайтын спортшыны сұқбатқа шақырдық.

– Ислам, нысана көздеуден бұрын каратэ спортымен айналысыпсың. Неліктен каратэні нысана көздеуге ауыстырдың?

– Иә, нысана көздеуге бет бұрмас бұрын үш жыл бойы каратэ спортымен шұғылдандым. Дегенмен әр адамның өмірінде бір өзгерісті қалайтын кезең болады ғой. Сол кездері өмірімді басқа бағытқа бұрғым келіп, жаңа белесті бағындыруды қаладым. Сөйтіп, 2012 жылы сыныптасыммен бірге «Отан» деп аталатын тирге бардым. Дәл сол сәт өмірімдегі маңызды оқиғалардың бірі болды деп ойлаймын. Мергендік өнерге қызығушылығым оянып, күн сайын нысана көздеу спортына ынтам арта бастады. Сол қызығушылықтан басталған әуестік әлемдік деңгейдегі спортшыға айналуыма септігін тигізді. 7-сыныптан бастап білікті бапкер Валентина Дериглазованың қол астында кәсіби түрде жаттыға бастадым. В.Дериглазова 5 жыл бойы балалар спорт мектебінде жаттықтырып, мергендіктің қыр-сырын үйретіп, тәрбиеледі. Содан кейін екінші әкем атанып кеткен, еліміздегі мықты мамандардың бірі саналатын Геннадий Насоновпен жұмыс істеуге көштім. Қазіргі бапкерім Г.Насонов пен алғашқы жаттықтырушым В.Дериглазова – спорттағы жетістіктерімнің басты себепкерлері.

– Нысана көздеуден алғашқы халықаралық жарысыңа неше жасыңда қатыстың? Қалай болды, нешінші орын алдың?

– Ішкі біріншіліктегі жарыстарға қарағанда әлемдік аренадағы турнирлер әркез есте ерекше қалады. Сол сияқты менің де алғашқы халықаралық жарысым әлі жадымда. 2016 жылы алғаш рет халықаралық турнирге қатыстым. Иранның Тегеран қаласында өткен Азия чемпионатының финалына шығып, жүлдеге сынық сүйем қалғанда тоқтадым, яғни IV орын алып қалдым. Көңілге қаяу мен қуаныш сыйлаған бұл жарыс үлкен сабақ әрі тәжірибе болды.

– Олимпиада жолдамасын жеңіп алуың кездейсоқтық емес екені анық. Бұл жолдамаға қол жеткізу үшін де біраз жарыста жүлдегер атанып жүрдің...

– Әрине, өмірде еш нәрсе кездейсоқ болмайды. Бұл жолдаманың артында қаншама төккен тер мен еткен еңбек жатыр. 2021 жылдан бастап Азия құрлығында және әлемдік додаларда сәтті өнер көрсете бастадым. 2021 жылы елімізде өткен Азия чемпионатында пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден чемпион атандым. Еліміздегі Азия біріншілігінен кейін жеңіс тұғырына көтеріле алмасам да, жүлдегерлер қатарында жүрдім. 2022 жылы Кореяда өткен Азия чемпионатында күміс және қола жүлде жеңіп алдым. Сол жылы Әзербайжанда өткен әлем кубогінде пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден қола жүлдеге қол жеткіздім. 2023 жыл да сәтті болды. Әлем кубогінде екі мәрте күміс жүлде алып, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында да үздік үштіктен көріндім. Биыл Жакартада (Индонезия) өткен әлем кубогінде 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 3 жүлде жеңіп алдым. Әрине, ең басты жетістігіміз – Париж олимпиадасының жолдамасын сарапқа салған әлем чемпионатындағы нәтижеміз. Жүлдегерлер қатарынан көріне алмасақ та, Қазақстан рекордын орнаттық. Бұйыртса, осы жетістіктерімізді жазғы олимпиадада қайталауға тырысамыз.

– Мергендікті жетілдіру үшін қандай жаттығуларға көңіл бөлесіздер?

– Соңғы жылдары нысана көздеу спорты қолжетімділігіне байланысты көптеген елде қатты дамып жатыр. Сондықтан мен сынға түсетін 10 метрге пневматикалық мылтықпен ату жаттығуында бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Бұл – оң жамбасыма келетін, бірақ өте қиын жаттығу. Өйткені мұнда жақсы нәтиже көрсету үшін асқан дәлдік керек. Бұл сайыста бір ұпайдың өзі үлкен рөл ойнайды. Тіпті, сол бір ұпай қорытынды нәтижеде 8-10-орынға бір-ақ түсіруі мүмкін. Жүлде тағдырын 0,1 ұпай шешіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін білікті бапкер мен асқан шеберліктен бөлек, сапалы техника мен қару-жарақтың атқаратын рөлі де аса маңызды. Одан бөлек, жарыс алдындағы физикалық және психологиялық дайындық қатты әсер етеді. Сондықтан нақты бір жаттығуға байланбай, жан-жақты дайындаламыз.

– Қандай елдің спортшылары әлемдік аренадағы басты қарсылас ретінде саналады?

– Шыны керек, нақты бір спортшыны басты қарсыласым деп айта алмаймыз. Өйткені әлемдік аренада өнер көрсететін спортшылардың ешқайсысын бөліп-жаруға келмейді. Барлығы – құралайды көзге атқан сұрмергендер. Негізі бұл сұраққа дұрыс әрі нақты жауапты жаттықтырушыларым беретін шығар. Бірақ нысана көздеу жекелей спорт түрі болғандықтан, басты қарсыласым – өзім. Барлық нәрсе тек өзіме байланысты болмақ.

– Олимпиада қыр астында тұр. Дайындық қалай, қайда өтіп жатыр?

– Қазір Доһада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Жеке жаттықтырушыммен бірге төртжылдықтың басты додасына қарқынды дайындалып, шеберлігімізді шыңдауға ден қойдық. Олимпиадаға соңғы дайындық кезеңін Алматыда облысындағы олимпиялық даярлау орталығында өткіземіз.

– Олимпиададағы басты қарсыластар кімдер және орын алу мүмкіндігіңді қалай бағалайсың?

– Меніңше, Пьер Кубертеннің «Ең бастысы – жеңіс емес, жарысқа қатысу» деген ұраны ескірді. Олимпиада болсын, әлем чемпионаты болсын, жарысқа қатысатын кез келген спортшы медаль олжалағысы келеді. Мен де дәл солай ойлаймын. Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін нағыз спорттық бабыңда болуың керек. Одан бөлек, бақ та бар. Дегенмен дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігімізді шыңдап отырмыз. Шыны керек, олимпиадаға қатысатын 29 спортшының ешқайсысы осал емес. Жоғарыда атап өткенімдей, басты қарсылас – өзім. Әрине, топ жару үшін, жүлдегерлер қатарынан көріну үшін барымызды саламыз.

– Олимпиадаға қатысқалы жатқан алғашқы мергенсің. Психологиялық тұрғыдан қандай да бір қысым бар ма?

– Иә, олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Елімізді осындай ірі жарыста танытатыныма қуаныштымын. Бірақ олимпиадаға қатысқалы отырған қазақстандық алғашқы мерген емеспін. Нысана көздеу спортынан Сергей Беляев Қазақстан құрамасы сапында екі күміс жүлде еншілегені жанкүйерлердің жадында болуы керек. Сондықтан психологиялық тұрғыдан аса бір қысым жоқ. Дегенмен жеке бапкерім Геннадий Насоновпен бірге психологиялық дайындыққа көп көңіл бөліп жатырмыз. Не болса да, Париждегі олимпиада ойындарына жақсы дайындықпен бару үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз.

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы