• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 31 Мамыр, 2024

Аға мен іні жарасымы

Академик Әлкей Марғұланның ғұмырына үңілсеңіз, тынымсыз ізденіспен, қазақтың түптамырындағы арғы-бергі мұрасын зерттеумен өткенін пайымдайсыз. Санаңды бір ой шырмап тұрып алады: заманы ауыр болса да, ең бастысы, білім игеруге мүмкіндік тым аз болса да, сол кездегі қазақтың жастары қалайша оқуға құштар болды? Дәуір жаңарып жатқанда, өз халқын түрлі тығырықтан алып шығып, оған басқаша кеңістік – ғылым кеңістігі барын ұқтыру үшін де Мұхтардай, Қаныштай, Әлкейдей тұлғалар туа ма әлде? Не десек те, осындай тұлғалар – ұлттың бағы, сара жол көрсететін бағдары.

Әлкей Хақанұлының білім жолындағы ізденісін зерттей отырып, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының «Кең ойдың кемел биігі» деп аталатын естелігіне жолықтық. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары бір-бірінің бойындағы дарынды, талантты, ғылымға деген құштарлықты дәл байқай алғанына сүйсіндік.

– Мені тікелей ғылымға әкелген бірден-бір адам – Мұхтар. 1924 жылы Семейде педагогикалық техникумның үшінші курсында жүргенімде, бізге сол кезде Ленинград университетінде оқитын Мұхтар Әуезов келіп, әдебиеттен сабақ берді. Маңдайынан ақыл мен ойдың лебі аңқыған, сөйлегенде саспай, майын тамыза сөйлейтін сөзі шөлдеген адамның мейірін қандыратын тау бұлағындай, сыпайы, көркем бір жігіт. Төртінші курста оқып жүргенде Мұхтар мені өзімен бірге тұруға шақырды. Мұхтардың әсерімен мен де әдебиетке араласа бастадым. 1925 жылы Мұхтар Ленинградтағы оқуын қайта жалғастырмақ болды да, сол жылы техникумды бітірген маған «бірге жүр, Ленинградтағы Күншығыс институтына түсесің» деді. Әдебиетке, фольклорды зерттеуге деген құмарлық жетелеп, сол жылы Күншығыс институтының түркология факультетіне түстім, – деп еске алыпты Ә.Марғұлан. Шынында да, дәл сол кезде Әуезов «бұлақтың көзін ашпаса», қазақтың ғылыми кеңістігі мейлінше кеңитін бе еді? Шәкіртінің алғырлығын аңғарып, өзі үлгі көрсете жүріп, М.Әуезов болашақ ғұламаның өміріне нұрлы жол сілтеді.

– Ауық-ауық Мұхтар оқитын әдебиет факультетінің қызықты сабақтарына да барып қоямын, – дейді Ә.Хақанұлы осы естелікте. – Олардың арасында әсіресе ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс романтизмі туралы әңгімелейтін профессор Сиповскийдің лекциялары аса ұнаушы еді. Ол кісі Пушкин мен Лермонтовтың трагедиялы тағдырын сондай жақсы айтатындықтан, аудиториядағы көп қызкеліншек көздерінен мөлдіретіп жас төгіп отыратын. Ленинградта оқып жүріп ойланған нәрсем, ерте кездерде Қазақстан туралы не жазылды, соны зерттеп білу болды. Бұл жағынан Ленинград қаласының бір аяулы жері – музейлері, кітапханалары өте көп. Олар адамға білім бермей қоймайды ғой. Білім алудың қия көздері әсіресе Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасы, Ғылым академиясының, Күншығыс институтының, Археология институтының кітапханаларында, толып жатқан архивтерде. Бұлардың бәрі кісіге білім беретін ақыл-ой ордалары сияқты. Оларда Қазақстанға қатысты материалдар өте көп.

Осы бір шағын естеліктің өзі Әлкей ғалымның елді, қазақты, Қазақстанды қаншалық сүйетінін аңғартып тұр. Жас ғалым осы оқу ордаларындағы тынымсыз ізденісі арқылы қазақтың ғылым саласында кешеуілдеп жатқанын, оның санасына сәуле түсіру үшін қазақ жастары өте мықты, білімді болуға тиіс екенін түсінді, түйсінді. Тағдыр жолы түрлі сынаққа салып, тіпті өміріне қауіп төндірсе де, Әлкей бір серпіліп алып, ғылым жолына түбегейлі түсті, қазақтың ғылымдағы несібесін толтыруға кірісті. Бұл сапарда ол өзінің жеке басын ұмытты деуге де болады, ғылыми ізденістерді өмірінің басты құндылығына айналдырды.

Осы күні Әлкей Марғұлан десе, көзі қарақты қазақ ұланы археология, фольклортану, тұлғатану, ежелгі әдебиет үлгілері, қазақ даласындағы ежелгі мәдениет үлгілері, т.б. толып жатқан іргелі ғылым салаларын көз алдына елестетеді. Осынша бағытта талмай ізденіп, шәкірт тәрбиелеп, артына 10 томға жуық еңбек қалдырып кеткен ғалымның үлгісі бүгінгі ұрпаққа айқын бағдар, айнымас бағыт болуға тиіс.

12 мамырда Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толды. Ә.Хақанұлы 81 жыл ғұмыр кешті. Әттең-ай, Тәуелсіздік таңы атқанын көзі көре алмады. Сол күндерге жетсе, қазақтың талай арысының тарих алдында ақталғанын көрсе, өзінің де айтары, жазары аз болмас еді-ау. Түптеп келгенде, Ә.Марғұлан – Алаш арыстары бастап берген жолды жалғастырушы, сол арыстардың аманатын адалдықпен орындаушы.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2024

1097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы