- Спорт жұлдыздары
- 28 Маусым, 2024
Сенада – шеру, Таитиде – серфинг

Бір жарым айдан соң күллі дүние көз тігетін байрақты бәсеке – Париж олимпиадасы басталады. Жанкүйер күткен төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 19 түрінен 58 жолдама бар. Дегенмен спорт министрлігі олимпиадаға 80 жолдама алуды көздеп отыр.
ҚАЙ ЕЛДІҢ ЖОЛДАМАСЫ КӨП?
Сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сынға түсетін дүрмек 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынатын додада ең көп жолдама иеленген елдердің көшін АҚШ, Жапония, Қытай сияқты алпауыт елдер бастап тұр. АҚШ спортшылары спорттың барлық түрінен жолдама жеңіп алса, қытайлық спортшылардың басым бөлігі өз елдерінде өткен Азия ойындарында лицензияға ие болды. Көрші мемлекеттердің арасында Қазақстан мен Өзбекстан жолдама иелену жағынан алда келе жатыр. Бейтарап тудың астында өнер көрсететін ресейлік және беларусьтік спортшыларға Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) 55 жолдама ғана берген. Бірақ спортшылар жекелей сында ғана өнер көрсетеді. Ресейлік 45 спортшыда олимпиада жолдамасы бар. Соңғы жылдары маңызды додаларда алдымызды орап жүрген Өзбекстан құрамасында Париж олимпиадасының 48 лицензиясы бар. Өзбекстанның боксшылары мен таеквондошылары олимпиадаға толық құраммен қатысады. Дәл осы екі спортта біздің басты қарсыласымыз – осылар. Одан бөлек Өзбекстан құрамасының футболшылары Орталық Азиядан олимпиадада өнер көрсететін алғашқы команда атанды. Ал қырғыз ағайындар күні бүгінге дейін спорттың 3 түрінен 12 жолдама иеленді. 12 жолдаманың онын балуандары жеңіп алса, екеуін жүзу мен жеңіл атлетика спортынан иеленген. Тәжікстан құрамасына ХОК арнайы үш квота берген. Оның екеуі жүзу спортынан болса, біреуі – жеңіл атлетикадан. Одан бөлек тәжік спортшылары осы уақытқа бокстан – үш, таеквондодан бір жолдамаға ие болды. Дегенмен лицензиялық турнирлер әлі аяқталған жоқ. Олимпиада қарсаңындағы соңғы лицензиялық турнирлер 23 маусымда өтеді. Сондықтан әр елдің әлі бірнеше жолдама алу мүмкіндігі бар. Мысалы, Халықаралық дзюдо федерациясы олимпиадаға квота берілген дзюдошылардың тізімін 23 маусымда жариялайды.
ҚАЙ ӨҢІРДІҢ СПОРТШЫЛАРЫ АЛДА?
Лицензия санын өңірлер үлесіне бөлер болсақ, Шымкент, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр. Шымкент қаласының еншісінде 11 жолдама болса, Алматылық спортшылардың қоржынында 9 жолдама бар. Шығыс Қазақстан облысына 6 жолдама тиесілі. Жетісу, Түркістан облысы мен Астана қаласы бес, Жетісу облысы төрт жолдамадан иеленген. Жамбыл мен Алматы облысында – үш, Қызылорда облысында екі жолдама бар. Солтүстік және Батыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ақтөбе және Ақмола облыстарының спортшылары бір жолдамадан ғана иеленген. Өкінішке қарай Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Маңғыстау және Атырау облысында әлі бірде-бір жолдама жоқ. Ең көп жолдаманы (10) боксшылар иеленген. Ерлер құрамасы олимпиадаға толық құрамда қатысса, әйелдер құрамасы 3 жолдамаға ғана қол жеткізді. Байдарка мен каноэде есу спортынан – 6, нысана көздеуден 5 жолдамамыз бар. Шымкент қаласының спортшылары ең көп жолдаманы байдарка мен каноэде есу спортынан, 6 жолдаманың үшеуін иеленген. Алматы қаласының спортшылары 8 жолдаманың төртеуін нысана көздеуден иеленсе, садақ атудан 4 жолдаманы да жетісулық мергендер жеңіп алған.
Париждегі дүрмекте сынға түсетін спортшылардың басым көпшілігі олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады. Бессайысшы Елена Потапенко үшінші олимпиадасына аттанса, академиялық есуден жалғыз жолдаманы жеңіп алған Владислав Яковлев төртінші рет төртжылдықтың басты додасында бақ сынайды. Еркін күрестен Әлішер Ерғали мен Юсуп Батырмырзаев, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев пен Нұрсұлтан Тұрсынов екінші олимпиадасына қатысады. Спорттық гимнастикадан олимпиада жүлдесіне үміткерлердің бірі саналатын Милад Кәрими де екінші олимпиадасында өнер көрсетеді. Айтпақшы, боксшылардың ішінде Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновтан басқалары олимпиадада алғаш рет бақ сынамақ. Екінші олимпиадасына қатысатын спортшылардың ішінен дәл осы Сәкен мен Қамшыбекте ғана олимпиада ойындарының жүлдесі бар. Токиода үздік үштіктен көрінген боксшылар Парижде де биік тұғырда тұратындардың қатарында.
ШЕТТЕН ҚАТЫСАТЫН ҰЛТЫ ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАР
Олимпиялық ойындарға өзге елдің атынан қатысып, жүлделі орыннан көрінген қаны қазақ спортшылар жетерлік. Париж олимпиадасында да бірнеше этникалық қазақтың өнерін тамашалаймыз. Қытай құрамасындағы ең үздік боксшыларының бірі саналатын Тоқтарбек Таңатхан – олимпиаданың басты фавориттерінің бірі. 80 келіде жұдырықтасатын боксшы 2023 жылғы әлем чемпионатында финалға дейін оңай жеткен еді. Тоқтарбек Азия ойындарында да тамаша өнер көрсетті. Ширек финалда Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында есе жіберген Нұрбек Оралбайдың осал тұсын тапса, жартылай финалда өзбекстандық әлем чемпионы Тұрарбек Хабибуллаевты айқын басымдықпен жеңді. Тоқтарбек қазір нағыз бабында. Оның тәжірибесі толысып, техникасы да жақсарған, дене күші де мығымдана түскен. Ол Токио олимпиадасына қатысып, екінші айналымда бразилиялық Эберт Консейсаннан 2:3 есебімен ұтылған еді. Сол Эберт Әбілхан Аманқұлды да ұтып, олимпиада чемпионы атанды. Тоқтарбек Токиода кеткен есесін Париж олимпиадасында қайтаруға барын салатыны анық.
Еркін күрестен Қытай құрамасының сапында өнер көрсететін Хабила Әбусайман да Париж олимпиадасында жолдама жеңіп алды. 97 келіде белдесетін балуан жолдаманы Түркияда өткен соңғы лицензиялық турнирде уысына түсірді. Хабила алғашқы олимпиадасына қатысады. Оның салмағында бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, жүлделі орыннан көрінуі қиындау. Өзбекстан құрамасында да екі бірдей ұлты қазақ спортшы сынға түседі. Бірі – әлем чемпионы Руслан Абдуллаев болса, екіншісі – алғаш рет әйелдер күресінен Өзбекстан құрамасына жолдама алып берген Ақтеңге Кеунімжаева. 63,5 келіде жұдырықтасатын Руслан Абдуллаев Париж олимпиадасына басты фавориттердің бірі ретінде барады. Жақын қашықтықта жақсы жұдырықтасатын Русланның соққылары өте ауыр. Дегенмен Русланға олимпиада жолдамасы оңайлықпен келген жоқ. Ол Азия ойындарының алғашқы айналымында моңғол боксшы Чинзориг Баатарсухтан жеңіліп қалды. Бұл жеңілістен кейін Русланға ішкі біріншілікте тағы да өзін дәлелдеуге тура келді. Ол Өзбекстан чемпионатында төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыластарынан бір бас жоғары болды. Сөйтіп, Италиядағы әлемдік лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болып, ол жақта та мықтылығын мойындатты. Айтпақшы, Токио олимпиадасында да 63,5 келіде Өзбекстан құрамасынан ұлты қазақ боксшы Елнұр Әбдірайымов қатысқан еді.
Әйелдер күресінен олимпиадада алғаш рет өзбекстандық балуан кілемге шығады. Бішкекте өткен лицензиялық Азия чемпионатында Ақтеңге Кеунімжаева 50 келі салмақта Париж олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. 24 жастағы бұрымды балуан – Өзбекстан құрамасындағы белгілі спортшылардың бірі. Ол – жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы. Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да жақсы өнер көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Өкінішке қарай Қазақстан әйелдер құрамасының бірде-бір балуаны олимпиада ойындарына жолдама иелене алған жоқ. Сондықтан Париждегі бозкілемде Ақтеңгеге жанкүйер болып, тілеуін тілейміз.
ОЛИМПИАДА ҚЫЗЫҚТАРЫ
- Франция астанасы 100 жылдан кейін қайтадан олимпиялық ойындарды өткізгелі отыр.
- Париж жазғы олимпиаданы үшінші рет өткізетін екінші қала атанбақ. Бұған дейін Лондон ғана жазғы ойындардың үш дүркін астанасы атанған еді.
- Парижде алғаш рет Халықаралық спорттық федерация жеңімпаздарға сыйақы тағайындайды. Бұл бастаманы әлемдік жеңіл атлетика ұйымы көтеріп, 48 бағдарламаның бірінде жеңіске жеткен әрбір атлет World Athletics тарапынан 50 мың доллар көлемінде сыйақыға қол жеткізеді.
- Олимпиаданың ашылу салтанаты Сена өзенінде өтеді. Яғни спортшылар шеруі өзен үстінде болмақ. Әрбір делегация жеке қайықпен алты шақырымды жүзіп өтеді. Шеру кезінде 160-тан астам қайық қолданылады деп күтілуде.
- Париж олимпиадасын бір миллиард көрермен тамашалайды деген болжам бар.
- Бір қызығы, Париж бен серфингтен сайыс өтетін Таити аралының арасы – 15700 шақырым. Бұл – олимпиада рекорды. Өйткені бұған дейін ешбір жарыс олимпиаданы қабылдаушы қаладан соншалықты алыс өткен емес.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024

2044 рет
көрсетілді0
пікір