• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Маусым, 2024

Өлмейтін тек дана сөз

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары бүгінгі Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында Оралбек Шамырқанов дейтін азамат тұрды. Оралбек аға осы ауылдағы орта мектепте химия пәнінен дәріс беріп, ұлағатты ұстаз болды. Ағайдың өзі өлең жазатын, жазған дүниелері аудандық, облыстық газеттерде үзбей жарияланып тұратын. Орекең қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтын әзілқой адам еді. Мен ол тұста Сарыжаз ауылына қоныс тепкен Республикалық жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жұмысшымын. Әдеби кітаптарды үзбей оқимын. Әсіресе, өлең кітаптарды оқуға көбірек көңіл бөлетінмін. Анда-санда өскен өңірдің көз тартар көркемдігіне арнап өлең жазамын. Жас шақта жазған сол жауқазын жырларымды қаламы төселген, өмірдің талай өткелінен өткен Оралбек ағаға көрсететінмін. Ақын аға өлеңдерімді түзеп, ақыл-кеңесін айтып, бағытбағдар беретін. Ол тұста Нарынқол ауданы Кеген ауданына қосылып кеткен. Аудан орталығы Кегенде «Коммунизм нұры» дейтін газет шығып тұратын. Сол газетке «Өзіңсің сағынышым» деген атпен алғаш рет өлеңім жарық көрді. Бұл 1964 жылдың ақпан айы еді.

Бір күні Оралбек ағайым мені үйіне ертіп барды. Түскі тамақтан соң сөз бастаған Орекең: «Сен Бердібек Соқпақбаев дейтін жазушыны білесің бе?» – деді. Мүдіріп қалып едім, ағайым: «Ол осы ауданның тумасы. Жас кезінде өлең жазған, 1950 жылы «Бұлақ» дейтін жыр жинағы жарық көрген. Кейінірек прозаға ауысты. Ол кісі маған жиен аға болып келеді. Мықты шығармасы мынау», – деп «Менің атым Қожа» атты кітапты қолыма ұстатты. Бас алмай оқып шығып, бас кейіпкер Қожаның қызыққа толы қылықтарын көкірегіме ұялаттым. Көп ұзамай жазушы ағаның Орекеңнің үйінде «Бурыл ат», «16 жасар чемпион» дейтін кітаптарын оқып шықтым. Кейінірек «Қайдасың, Гауһар?» повесін де оқыдым. Күздің қақаған қара суық күндерінің бірінде Оралбек ағам ұшыраса кетті де: «Екі-үш күннен кейін біздің үйге Бердібек келеді. Сені таныстырамын», – деді. Бұл 1964 жылғы қараша айының алғашқы аптасы еді. Орекеңнің үйіне Бердібек аға келді. Орта бойлы, шымыр денелі, бет-әлпеті жалпақтау, көзі қысыңқы, қою қара шашын желкесіне қарай қайырған, сөзіне әзіл араластырып сөйлейтін жігіт ағасы екен.

Бердібек ағаны алғаш рет көрген сәтім көз алдымнан кеткен емес. Сол таныстығым талай жылдарға жалғасып, жазушымен бірге қуанышқа толы сәттерді басымнан талай өткердім. 1970 жылдардың басында аудандық газетте жұмыс істедім. Бір еңбек демалысында Алматыға келдім. Жазған өлеңдерімнің бір шоғырын «Жалын» журналына ұсынбақ ниетпен Қазақстан жазушылары одағына ат басын тіредім. Журнал редакциясы ол кезде Одақтың бірінші қабатында еді. Үлкен үйдің есігін ашып ішке кіргенімде, келетінімді білгендей Бердібек аға қарсы алдымнан шыға келді. Амандық-саулықтан соң мұнда қандай шаруамен жүргенімді сұрады. Жөнімді айттым. Сол сәтте Бекең: «Мен ол журналдың ақылдастар алқасының мүшесімін, жүр бері», – деп қолымнан жетелей жөнелді. Кең дәліздің түп жағындағы бір бөлменің қасына таянғанымызда тоқтай қалып: «Журналдың бастығы атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білетін шығарсың. Ол талғамы жоғары ақын, өлеңдерің ұнамай қалса, тауымыз шағылып қалады ғой, бауырым», – деді. Мен Бекеңнің бетіне тік қарап: «Өлеңдерім өзіме ұнайды, ұялатындай нашар дүниелер емес», – дедім сеніммен. Сонымен Бекең ертіп кіріп, Тұманбай ағаға таныстырды, өлеңдерімді табыстады. Тұманбай аға өлеңдерімді оқып шығып, жариялауға жарайтынын айтты. Арада бірнеше ай өткенде «Жалынға» жариялады.

Бердібек аға ара-тұра Нарынқолға барып, туыс-туғандарымен дидарласатын. Ауылға барған сондай бір сәтінде әңгімелескенім бар. Әңгіме желісі өзінің шығармашылығына қарай ойысқанда ол кісі маған: «Мен көзім көріп, көкірегіме түйгендерімді ғана қағазға түсірдім. Жалғандықты жақтап, өтірікке өріс ашқан емеспін. «Өлгендер қайтып келмейді» романымның арқауы – өз өмірім, оның боямасыз көрінісі», – деді. Жазушының көзін көрген ескі досы, аудандық газетте 20 жылға жуық редактор болған Әлнұр Мейірбековтың бірде былай деп сыр шерткені бар: – Бердібек тума талант еді. Ол өсек, өтірікті өлердей жек көретін. Біздің газетке әдеби әңгіме, очерк жазып тұрды. Сол тұста аудандық оқу бөлімінде бір жауапсыздау адам жауапты қызмет атқарды. Бірақ ол жалпақ елге жаман қырынан көрініп жүрді. Оның осы бір теріс қылықтарын айқын аңғарған Бердібек әжуалап фельетон жазды. Материал жарық көрген соң әлгі адам жазушының соңынан шам алып түсті. Шыншыл қаламгер көп ұзамай үлкен қалаға қайтып оралып, өмірінің соңына дейін әдеби ортада шығармашылықпен шұғылданды.

Қайталанбас ғажап шығармалар жазған Соқпақбаевтың еңбегі көзінің тірісінде еленбегенін жұрт жақсы біледі. Оның оқырманы өте көп болды. Басқа шығармаларын былай қойғанда, жазушының «Менің атым Қожа» повесі көзінің тірісінде әлденеше рет қайта басылып, қазақ балаларының сүйікті кітабына айналды. Қазір Нарынқол ауылындағы бір көше, бір мектеп Бердібек ағаның атымен аталады. Тамаша талант иесі атанған ағамыз алғашқы шығармашылық еңбек жолын өлеңмен бастаған екен. Содан да болар, арагідік өлең жазып, онысын қойын дәптерінде сақтағанын білеміз. Бекеңнің оңашадағы ой толғаныстарының бірінде:

– Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім қарасөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейтін тек дана сөз, – дегені бар. Ақыл ойлы ағаның өз болашағын болжағандай оның хатқа түсірген дүниелерінің қазақ халқымен бірге жасай беретініне сенімдіміз. Жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде оған еңселі ескерткіш орнатылса, мұражай ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мінуар ӘКІМХАНОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024

737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы