- АҚ ЖЕЛКЕН
- 30 Маусым, 2024
Жаныңды құрбан етпеші
Біз болашаққа қазақ тілін қалай апарамыз? Соңғы кезде қатты алаңдай бастадық. Өмірімізге әлеуметтік желілердің енуімен бірге бас-аяғы 10-15 жыл ішінде тіліміз адам танымастай өзгерді. Өкінішке қарай – жаман жағына. Бір сөзге бірнеше тілдегі «досы» ілесе жүретін, балағатқа толы, басы бар, аяғы жоқ, мүлде құнарсыз, қойыртпақ тіл дүниеге келіп жатыр. Алматыдағы көліктердің артқы терезесінен «Қазақша сөйлеу модада» деген жазуды арагідік көріп қалып, қатты қуанамыз. Өйткені жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар қалай сөйлесе, тіліміз солай дамиды. Бірақ модаға айналған тіл, жоғарыда айтып өткеніміздей, тамырынан ажыраған бейшара болса, оны сөйлеудің несі сән?
Кейде тіпті ашынып та кетеміз: қазақ тілі құдды журналистерге, оның ішінде, тіл үшін күресе алатын журналистерге ғана керек сияқты. Жалпақ жұрт «тіл жаңаша дамып жатыр, жаңа терминдер бар» деп тіпті ойланбайды. «Қазақ тіліне балкон сөзін «қылтима» деп аударыпты. Осындай аударма бола ма?» деп даурығады мектепте қырық жыл ұстаз болған адам. Ағатай-ау, Терминкомның сайтына кіріп, өзіңіз аша алмасаңыз, балаңызға яки немереңізге өтініш жасап қарап көріңізші! Ондай ештеңе жоқ. Ай атауларын, аптаның күндерін қазақша айтатын адам таппай қиналамыз. «Сейсенбі» десең, сөйлесіп тұрған адам бетіңе біраз үңіледі де, іштей аудармасын салмақтап барып, «е-е, вторник пе?» дейді. Міне, осындай теріс алғышарттардан қазақ тілі тым жұтаңданып барады.
Қазір қазақ тіліне бұрынғыдай бір ғана емес, үш тілдің ықпалы күшейіп тұр. Бұл – таза тығырық. Тіліміз олардың ыңғайында кетсе, сан ғасырлық сипатынан не қалады? Мысалы, қазіргі жастар «менде бос уақыт бар» деп сөйлейді. Бір қарағанда, әбден үйреншікті тіркес. Оны сөйлеген адам да, естіген адам да түзетуге еш әрекет жасамайды. Ал мұның астарында «у меня есть свободное время» деген орыс тіліндегі дайын сөйлем тұр. Осындағы «у меня» қазақ тіліне «менде» болып қотарыла салады да, тіліміздің заңдылығы толықтай бұзылады. «Менің бос уақытым бар» делінетін дұрыс сөйлем еш айтылмайды. Ал оның арғы жағында ағылшын тіліндегі «I have free time» деген сөйлемнің елесі менмұндалап тұр. Мұнда орыс тіліндегі сөздің санада үстемдігі бары күмәнсіз, ал қазақ тілі аударушы, қотарушы сипатта ғана қалады. Сөйтіп, «менің бос уақытым бар» деген жұп-жұмыр сөйлемнің ту-талақайы шығып, тәуелдік жалғауы адыра қалып, жетім сөйлем ауыздардан жылап шығады. Және оған ешкім мән бермейді. «Тіліме қиянат жасадым» деген ой ешкімде жоқ. Енді болмайтын да сияқты.
«Маған кету керек» дей салады ойсыз адам. Тағы сол екі тілдің ықпалы. «Я должен уйти» немесе «мне пора» деген сөйлемнің тікелей қотармасы. «I must go» немесе «I have to go» деген сөйлем санада және тұр. Қазақша дұрысы – «менің кетуім керек» немесе «мен кетуім керек». Тағы да есім сөз бен тәуелдік жалғауы құрбандыққа шалынған. Осы сөйлемдегі «маған» деген сөздің тым үйлесімсіз екенін қазақы құлақ бірден сезер еді. Ал біздің құлағымыз – интернационал.
Тілі басқаша шыққан қазақ балаларының ана тілін үйренуге талпынысына да қуанамыз. Бірақ олардың да таза тілге жасап жатқан ықпалы аз емес. Біріншіден, олар таза қазақы дыбыстарды қате айтады. Қазір ң-ға тілі келмейтін журналистерге таңғалмайтын болдық. Олар осы олқылықты түзетуге тіпті тырыспайтыны да жаман. Қ-ны – к, ғ-ны г дегеніне әуелде «ана тілін үйреніп жүр ғой» деп қуана, жеңілдікпен қараймыз. Бірақ алты ай, бір жыл өткеннен кейін де сол сораптан жазбаса, тіл үшін қорланбай қайтеміз? Екіншіден, сол жастар қазақ тілінің тағы бір заңдылығын белден басып жатыр. Ол е дыбысын орыс, ағылшын, түрік тілінің ықпалымен «йе» деп дыбыстайды. Йесеп, йеркін, йелеусіз, йермек деп сөйлейді. Й дыбысын қоспаса, онысы тіпті есэп, еркен, элеусіз, эрмек болып шыға келеді. Сонда тамырында қазақы қаны бар адамның өзі иммунитеттен осынша айырылса, басқалардан не сұрауға болады?
Араб тілінің тікелей ықпалы байқалмаса да, әсіресе діни ортада бірден көзге түседі. «Балаңыз саналылардан болсын» дейді молдекең парасаттана. Ешқандай қазақы сөз емес. Араб тілінен тікелей, ойсыз қотарылған сөйлем. Қазақ «балаңыз саналы болсын» дей салады. Тіпті мықты адамға ұқсатқысы келсе, «балаңыз Абайдай дана болсын» дейді, «Абайлардан болсын» демейді. Көрдің бе, жас ұлан, батпандап кіретін, бірақ мысқалдап шықпайтын сырқат қой мынау. Сонда тілді өзіміз қорғамасақ, ол орысқа, түрікке, я болмаса қытайға керек пе? Екі сөзінің бірі балағат, екі сөзінің бірі шолтаңбай қазақ ұланын көрген басқа елдің өкілі қазақ тілін тым жұпыны, жұтаң, кедей сезінбей қайтсін? Ащы дауыс ашынғаннан шығады. Отбасында баланың дұрыс сөзін қадағалайтын ата-ана да сирек. Өйткені ол да ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінбейді. Бәрін мектепке сілтейді. Мектептерде қазақ тілі пәнінің мұғалімдері де, түгелдей болмаса да, басым бөлігі әлсіз. Білімі төмен. Өзіміз оқушы кезімізде қазақ тілінің мұғалімдері бір тіркес тұрмақ, бір буынды қате айтсақ, ғасыр қателігін жасағандай түңіліп, дереу жөнге салатын еді. Қазір түгел қазақ даласы қате сөйлейді. Түзеткенге көнбейді.
Ойланшы, жас дос, өз тілі қазаққа ғана керек. Қазақ тілі – ең бай тіл. Оны неге сонша сорлы ғып жатырмыз өзіміз? Намысымыз қайда? Көрінгеннің бодауында кете беретін болса, тілді жаңартып, заман көшіне ілестірудің қажеті бола ма? Қазақ тілінде шығарма жазған жас жазушының әрбір сөйлемі қотарма болса, Абай, Мағжан, Мұқағали, Жұмекен, Қадыр аманатына кім адалдық танытады? Өзге тілді үйрен, бірақ ана тіліңді соған құрбандыққа шалма.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024
3730 рет
көрсетілді0
пікір