- АҚ ЖЕЛКЕН
- 29 Маусым, 2024
Темірлан РЫСПЕК: Қазақ әндерін әлемге насихаттағым келеді
Жақында TikTok-та өзге ұлт өкілдеріне қазақша, түрікше, испанша, украинше ән айтып беріп жатқан қазақ баласын көзіміз шалып қалды. Қоңыр даусымен көпшілікті тәнті еткен жігіттің есімі – Темірлан Рыспек. Семейдің тумасы екен. Темірланды аз-кем сөзге тарттық.
Мені украиналықтар көп тыңдайды
2002 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. Бала кезімнен ән айтамын. Оқушы кезімде түрлі сайыстарға қатыстым. Бірақ кәсіби әнші емеспін. Кейіннен 11-сыныпқа келгенде қаламыздағы беделді композиторлардың бірі Аймұхамбет Бейсембеков талантымды байқап, дайындыққа шақырды. Аймұхамбет ағамен жарты жылдай бірге жұмыс істедік. Карантин басталғанша (2020 жылы) ол небәрі 3-4 айдың ішінде дауысымды қойып берді. Сол кісінің арқасында жақсы нәтижеге жеттім деп ойлаймын. Музыка саласында білімім жоқ. Мамандығым – журналистика және репортер ісі. Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті былтыр бітірдім.
Барлық әлеуметтік желіде парақшаларым бар. Инстаграмды енді дамытып жатырмын. Негізінен осы ТикТокпен айналысып жүргеніме екі жыл болды. ТикТокта 172 мың оқырманым бар. Ютубке де видео салып тұрамын. Онда 60 мың жазылушым бар. Ютубте де видеоларым жақсы қаралым жинады. Басында ТикТокта қазақ және түрік қыздарына қазақша, түрікше ән айтқан едім. Сонымен бірге мені украин, молдован, испан, армян сияқты ұлт өкілдері тыңдайды.
Шығармашылық бетбұрысымның бастауы
Алға қойған мақсаттарым бар. Шығармашылық жолға бет бұрсам деймін. Мақсатым – әлеуметтік желіде қалып қою емес, ары қарай әншілікке бет бұру. Әлеуметтік желіде ән айта бастауымның өзі шығармашылық бетбұрысымның бастауы деп ойлаймын. Көп әнші осылай кавер түсіріп, әртүрлі жанрда ән айтудан бастайды ғой. Мен осы видеоны ютубтен төрт жыл бұрын Раиль Арсланов, Роман Конограй деген ресейлік, татарстандық блогерлердің гитарада, баянда, басқа аспаптарда ән айтып отыратынын көрдім. Сосын маған да неге осылай түсірмеске деген ой келді. Бірақ өкінішке қарай ол кезде гитарам болмады. Содан 2022 жылы гитара сатып алып, сол кезден бастап шертуді үйреніп, жайлап видео түсіре бастадым.
Әлеуметтік желіге видео жүктеп, үйде отырып-ақ танылуға болатынын дәлелдегім келді. Қазір көп әнші шетелге барып танымал боп жатыр ғой. Бірақ барлығы бірдей шетелге бара алмайды. Ал мен осылай үйде отырып қарапайым видео түсіретінмін. Ән айтқан видеоларымды көріп, маған Түркиядан жаза бастады. Бұдан бір жарым жыл бұрын мені Түркия жаңалықтарынан көрсетті. Украиналық пабликтерде видеоларым тарап жатыр. Ол жақтағылар мен туралы жиі мақала да жазып тұрады. Маған қазақстандық блогерлерден гөрі украиналық блогерлер көп пікір қалдырады. ТикТокта мені оқитындардың 30 пайызы – Украинадан.
Мені «Обійми» әні танытты
2023 жылдың басында ТикТок желісінде украин қызына «Океан Ельзының» «Обійми» дегенін әнін орындап берген едім. Бұл ән әлемдік хит әндердің қатарында. Осы видеом ең көп 4 млн қаралым жинады. Бұл видеоны салмай тұрып жазылушылар саны небәрі 20 мың болатын. Осы әнді орындағаннан кейін жазылушылар саны бір аптаның ішінде 50 мыңға өсті. Көшеде адамдар тани бастады. Видеом көпшілікке ұнап, өте жақсы қаралым жинаған соң, әрі қарай жалғастыра түсуге ерекше шабыттандым. Видеоларыма жазылған әр пікірді оқимын, мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын. Әлеуметтік желі – үлкен мүмкіндік алаңы. Тойға шығып тұрамын. Семейде Алматы мен Астанадағыдай лаунджбарларда ән айту дамымаған. Сондықтан арасында тойда ән айтамын. Тойда көпшілік танып, ақ батасын беріп жатады.
Қазақ әндерін кеңінен дәріптегім келеді
Бұйыртса, осы жылы өзімнің авторлық әндерімді жазуды жоспарлап жүрмін. Әндерімнің мәтінін өзім жазамын. Ал аранжировкасын таныс жігіттерге жасатпақшымын. Ән жазу үшін өте көп қаражат керек. Алдағы уақытта Алматы не Астанаға қоныс аудару жоспарымда бар. Үлкен қалаға барып, шығармашылықпен айналысып, ары қарай өнерімді шыңдауым керек. Мен әлеуметтік желіден әралуан тілде ән айтатын көптеген шетелдік жастарды көрем. Солар сияқты қазақша ән айтып, неге қазақша әнді танымал қылмасқа деген ой келді. Себебі, қазіргі қазақ жастары қазақша әндерді білмейді, көп тыңдай бермейді. Шетелдіктерге қазақ тілінде ән айтам деген кезде көп досым «не үшін керек, олар түсінбейді ғой» деген жаңсақ пікірлер айтты. Бірақ кейін орыс, украин, татар, қытай қыздарына қазақша ән орындағанда, олар өте жақсы қабылдады. Аудитория да жақсы қабылдады. Құдайға шүкір, оң пікір өте көп. Сол себепті бұл менің жетістігім деп ойлаймын. «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Нурикамал», «Қарағым-ай» деген әндерді айтқаннан кейін «телеграм арна ашып, әндеріңді сол жаққа жүктеші, сенің әндеріңді былай да тыңдағымыз келеді, қазақша ән тыңдамайды екем, бірақ сенің видеоңды көріп осындай әдемі қазақ әндері бар екенін білдім» деп маған көп адам жаза бастады. Содан кейін қазақ әндерін кеңінен дәріптеу керек деген ой келді. Бұл менің миссиямның бір бөлігі десем де болады. Кумирім – Димаш Құдайберген. Сол сияқты әлемге танымал әнші болғым келеді.
Темірланның таудай талабына таңдай қақпасқа шара жоқ. Шынында, қаражат жоқ, таныс жоқ демей, қолынан келгенше талаптанудың өзі неге тұрады? Темірланның өзі айтқандай, қазақ әні ешкімнен кем емес. Оны Темірлан дәлелдеп те жүр. Олай болса, алдағы уақытта жас әншінің жұлдызы жанарына сеніміміз кәміл.
Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024
2807 рет
көрсетілді0
пікір