• Спорт жұлдыздары
  • 30 Маусым, 2024

Асқар тауға ту тіккен Анар

Әлемнің ең биік нүктесі – Эверестті бағындыруды армандамайтын альпинист жоқ. Тарихта 799 әйел Эвересттің ең биік шыңына көтерілсе, солардың ішінде жапон қызы Дзюнко Табеи тұңғыш рет Эверестке шыққан әйел ретінде тарихқа кірген. Жақында қазақ спортында тағы бір тарихи оқиға болды. Анар Бурашева қазақ қыздарының арасында бірінші болып осы тәкаппар тауға шығып отыр. Джомолунгма тауының төбесіне жетіп, тамаша тарихи жорықтан оралған альпинистеріміз БАҚ өкілдерінің басын қосып, құзар шыңның құпиялары, қызықтары мен қиындықтары туралы айтып берді. Арнайы «Ақ желкен» журналының оқырмандары үшін Анармен аз-кем әңгімелесуді жөн көрдік.

АЛТЫ АЙ ӘЛДИЛЕГЕН АРМАН

Тарихта тұңғыш рет қазақ қызының Эверестті бағындыруына бірден-бір үлес қосқан адам – аты аңызға айналған қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев. Анардың арманы жайлы естіген Мақсұт Жұмаев спортшыны бірден экспедицияға шақырған. Анар өмірге қауіп төндіретін іс-шара болған соң ұзақ ойланса да, бала арманына жету үшін экспедицияға келісімін берді. Дегенмен Анар бұл экспедиция қатысушысы ретінде бекер таңдалған жоқ. Ол он жылдан бері тауда жүгіріп, бес жылдай альпинистік санаттағы биік шыңдарға шыққан. Анар 42 шақырымға жүгіруден Irbis race, Thian Shan trail race, Алматы марафондарында, 35 шақырымдық Tengri Ultra марафонында, 30 шақырымдық Red planet Race жарысында бірінші келген. Португалияда өткен Madeira Island Ultra Trail жарысында 60 шақырым қашықтықта 3-орын иеленген. Сондай-ақ 1Б, 2А және 2Б санаттарындағы 3450 метрден 4315 метрге дейінгі жергілікті шыңдарды, атап айтқанда, биіктігі 4979 метр болатын Талғар шыңын ба ғындырған. Италия мен Франция шекарасында орналасқан Монблан (4809 м) шыңы мен Африкадағы Килиманджаро (5895 м) сынды әлемдік экспедицияларға қатысқан спортшы. 
Бір қызығы, бағынуы ең қиын шыңға шығу үшін Анар алты ай ғана дайындалған. Физикалық және психологиялық дайындыққа қатты көңіл бөліп, іштей шыңға шығуға дайын екеніне және Эверестті бағындыруға әлеуеті жететініне толықтай сенді. Бірақ дайындық барысында Анардың әкесі Марат дүниеден өтіп, ауыр эмоциялық қысым өткерді. Анар әкесінің аты аталса деген оймен де осы шыңға шығуға келісімін беріп, Эверестке шығу арқылы әкесін де асқақтатуды қалады. Эверестке шығудағы басты мақсаттарының бірі де осы. Сөйтіп, Kazakh Everest Team спорттық-патриоттық экспедициясы құрамында алғаш рет қазақ қызымен Эверестті бағындыруға аттанып, тағы бір рет Қазақстан туын Джомолунгма тауының төбесінде желбіретті.

«ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ӨТЕ МЫҚТЫ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГІМ КЕЛДІ»

Анар Эверестке шығуды альпинизм мектебінде оқып жүргенде армандай бастаған. Бұған дейін қазақ қыздарының әлемнің биік шыңына шықпағанын біліп, соны бағындыруды көздейді. Бес тәулікке созылған сапар барысында да небір қиындықтарға мойымай, төтеп берді. Айланд шыңын (6130 м) бағындырғаннан кейін өз-өзіне деген сенімділігі де артты. Өйткені Айланд биіктігі – Эверестке шығуға дайындайтын маңызды акклиматизациялық үдеріс. Айланд шыңында өзінің гид-шерпаларымен танысып, таудағы қауіпсіздік пен аман-есен көтерілуіне көмектесуде маңызды рөл атқаратын дүниелермен танысты. Анар базалық лагерьден (5350 м) I лагерь (6100 м), II лагерь (6400 м), III лагерьге (7100 м) дейін күшін үнемдеп, қиындықсыз көтерілді. IV лагерьден басталатын (8000 м) Эверест шыңының мәресіне жақындағанда табандылығы мен мықтылығын көрсетті. 8400 метрге көтерілгенде қатты дауылды жел соғып, алысты көру мүмкіндігі шектеліп, бірнеше команда артқа қайтқанын көрген Анар іштей қобалжиды.

Тіпті экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев та альпинистерге қосымша қауіп төндірмеу үшін кері қайтаруы мүмкін еді. Бірақ Анар сыр бермей, тек алға ұмтыла берді. Егер кері қайтатын болса, шыңға қайта шығуы екіталай екенін түсінді. Өйткені денсаулығы да сыр беріп, жөтел тоқтамады. Сол сәтте Анар іштей Құдайға жалбарынып, ауа райының тынышталуын сұраған. Аздап демалып алғаннан кейін, Анардың тілегі қабыл болып, ауа райы жақсара түсті. Ауа райының қиындығына қарамастан биік шыңға көтерілу кезінде Анар қазақ қыздары өте мықты екенін дәлелдегісі келді. 50 градусқа дейін аяз болып, басына мұздар жарылып, тастар құласа да көк туымызды ең биік шыңға тіккен тұңғыш қазақ қызы атану үшін аянып қалмады. Ол осылайша ауыл-аймақтағы арманына жетуге мүмкіндігі жоқ кішкентай қыздарға талаптанып, мақсатына жетуге болатынын көрсеткісі келді. Бәріне жетуге болатынын, қолдан келмейтін дүние жоқ екенін дәлелдеді. Анар бұл жетістікпен тоқтап қалмай, «Жеті шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілуді көздейді. Одан бөлек, Мақсұт Жұмаев сияқты ғаламшардағы 14 сегіз мыңдықтың барлығын бағындырған аты аңызға айналған қазақ альпинисі атану ойында да, жоспарында да бар.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024

3828 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы