• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Маусым, 2024

Құрылыс материалдарына айналған тарих

Үңгір қабырғаларына салынған суреттерді «петроглиф» деп атайтынын тарих пәнінен оқығанымыз есімде. Дегенмен үңгір қабырғаларындағы ғана емес, тасқа қашалған кез келген суретті, таңбаны немесе жазуды петроглиф деп атайды. Қазақша – таңбалы тас. Тасқа, тау жоталарына қашалған суреттер сол маңайда өмір сүрген халықтардың тұрмысынан, тіршілігі мен танымынан хабар береді. Сонымен қатар петроглифтердің көбі халық қасиетті санаған, діни рәсімдер өткізетін жерлерде кездеседі. Мұндай жерлерде құрбан шалу орыны, оның маңайында обалар мен қорғандар да болады. Әсіресе Жетісу жеріндегі таңбалы тастардың айналасында осындай ғұрыптық жерлер көптеп ұшырасады.

«Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының атқарушы директоры және ерікті-археолог Ольга Гумированың айтуынша, «Қазақстан петроглифтердің саны жөнінен әлемде бірінші орында». Ғаламтордан ғылыми негізделген мұндай ақпарат кездестірмесек те, ғалымның сөзіне сенсек, «елімізде зерттелмек түгілі, тарихи нысан ретінде тіркелмеген көптеген петроглиф бар» екен. «Отандық археологтар қазіргі күні Қазақстан территориясында 300-ге тарта петроглифтердің орны белгілі екенін айтып жүр. Дегенмен бұл көрсеткіш кем дегенде 5 есе көп болуы ықтимал екенін де ғалымдар алға тартады. Өйткені зерттелмеген, есепке алынбаған петроглифтік нысандар өте көп. Археология институты, жеке-әуесқой археологтар немесе біз секілді волонтерлер жыл сайын бірнеше нысанды кездестіреміз. Егер петроглифтерді тақтатастармен есептейтін болсақ, біз кездестіріп жатқан петроглифтік нысандарда 100-ден астам таңбалы тақтатас кездеседі. Бұл үлкен кешен болып саналады».

Қазақстан территориясында адамдар ерте тас дәуірі кезеңінен бастап өмір сүре бастады деген болжам бар. Бұқтырма өзенінің шығыс жағалауларынан еліміздегі ең ескі тұрақ табылған. Ғалымдар бұл жерде адамдардың осыдан 1,8 млн жыл бұрын өмір сүргенін алға тартады. Ал ел территориясындағы алғашқы петроглифтердің жас шамасы б.з.д. ІІІ мыңжылдыққа жатады. Мұнан да ескі тастағы таңбалар болуы ықтимал. Мысалы Семей маңындағы Көкентау жоталарындағы суреттер жасы б.з.д. Х мыңжылдыққа тиесілі деуге болады. Бірақ бұл ғылыми дәлелденген ақпарат емес. «Қазақстан территориясындағы ең ескі петроглифтер ретінде үңгір қабырғаларына қызыл-күрең охрамен салынған суреттерді айта аламыз. Бұл бедерлерді еліміздегі Ақбауыр үңгірінен кездестіре аламыз». Ескерткіштің ескілігі сонша, ондағы жазбалардың, суреттердің мағынасын дөп басып айту қиын. Бірақ ғалымдардың тастағы суреттер қарапайым халық тұрмысын суреттемейтініне анық көзі жетеді. Төрт түрлі болжам бар.

1. Бұл жер ғибадатхана болған. Халықтың жылына бір жиналып, құрбандық шалып, ғұрыптар өткізетін орны. 
2. Ақбауыр үңгірі аспан денелерін бақылайтын ежелгі обсерватория болуы ықтимал. Өйткені мұнда күн сағаты бейнеленген алаң бар. 
3. Мұндағы бейнелер мен жазулар адамзаттық апаттың жазбасы болуы да мүмкін. Бәлкім, адамдардың сол апаттан тірі қалуы суреттелуі де ғажап емес. Ғалымдардың бір тобы бұл жазбаларды жердегі климаттық зоналардың пайда болған кезеңімен байланыстырады. 
4. Ежелгі халықтардың бәрі дерлік тауға табынған. Олар «құдайлар» өмір сүреді деп сенген. Бұл жерде халықтардың Тәңірмен байланысатын жері болуы ықтимал.

Төрт болжам да ескерткіштің әртүрлі қырларына қарап айтылып отыр. Археолог-ғалым М.Юрченко мүлде басқа гипотеза ұсынады. Оның пікірінше, Ақбауыр үңгірінде «адамдарға жат ғаламшарлықтардың келуі суреттелген» екен. Қалай болғанда да сол үңгірден табылған петроглифтер тұтас адамзат тарихының бір қатпары екені даусыз. Тарихты түгендеу немесе тарихи еңбектерді қайта жазудың маңызы зор. Дегенмен Ольга ханым еліміздегі тарихи ескерткіштердің археологиялық тұрғыда көп зерттелмегенін баса айтты.

«Ел аумағындағы қорғандарға, табылып белгіленген тарихи ескерткіштердің өзіне толыққанды зерттеу жасалған жоқ. Әлі топырақ астында жатқаны, ғылымға белгісізі қаншама?! Біз тек петроглифтер жайында айтып отырмыз ғой. Егер ғалымдар санамалап шыққан таңбалы тастардағы суреттерді, бедерлерді оқи алсақ, оларды ғылыми айналымға енгізе алсақ – тарихымыз толыға түскені былай тұрсын, кейбір паралар қайта жазылуы да ықтимал. Туристер көп жағалайтын Мысыр, Түркиядағыдай тарихи ескерткіштер біздің де елде баршылық. Олар өзінің зерттелу уақытын күтіп жатыр. Оның үстіне мұндай жерлерді аспанасты музейлеріне айналдыру қарқыны да баяу жүріп жатыр. Тіпті Ұлы Жібек жолы бойындағы 33 қаланың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген Талхиз қаласының өзін туристік орынға айналдыра алмай отырмыз. Қойлық қаласының да жай-күйі осылай. Қарамерген қалашығы туралы тіпті айтуға ауыз бармайды».

2022 жылдары ел тарихына жаны ашитын, тарихи ескерткіштерге немқұрайлы қарамайтын ғалым, волонтер тіпті блогерлердің өзі шулап кеткені есімізде. Өйткені еліміздегі таңбалы тастарды талан-таражға салу басталған еді. Әрине, қарапайым халыққа оның тарихи ескерткіш ретінде құны білінбес. Сондықтан мұндай тастарды құрылыс компаниялары материал ретінде пайдалана бастады. Әсіресе Жетісу жеріндегі петроглифтердің халі мүшкіл екенін Ольга Гумирова, Зира Наурызбаева бастаған волонтер-археологтар зерделеп жеткізіп, біршамасын қорғап қалған еді. «Бала кезімізде тарих сабағы өте қызық болатын. Өйткені мұғалімдер кітаптағы ақпаратпен ғана шектелмей, өз аймағымызға жақын жерлердегі тарихи ескерткіштерді аралатып оқытатын еді. Біз оларды бала кезден көріп өсіп, маңызын түсінетін едік. Қазір мұндай тәжірибе жоқтың қасы. Сондықтан болар, қарапайым халық мұндай тастардың ұлт тарихы үшін мәні зор екенін түсінбейді.

Арқарлы петроглифтерін біз мәдениет министрлігімен, археология институтымен біріге жүріп қорғап қалдық. Анығында бұл кешен үшін күресіміз 2017 жылдары белгілі археолог Алексей Марьяшев мырзамен бірге басталған. 2018 жылы ол кісі қайтыс болды. Бірақ дабыл қағуды тоқтатқамыз жоқ, Тек 2021 жылы ғана дегенімізге жеттік. Құрылыс компаниясы кешеннің орталығына біраз зақым келтіріп үлгерген екен. Соның өзінде 180-ге тарта тақтатас сақталған. Айналасындағы петроглифтер қаз қалпында сақталған. Бұл жер де – археологтардың алақаны әлі тимеген ескерткіштердің бірі. Бірақ музейлендіруді қоя тұрып, ескерткіш мемлекет тарапынан қорғалып та жатқан жоқ. Бұл нысан Қонаев қаласына жақын орналасқан. Яки туристік орынға айналдыруға мүмкіндік зор екенін айта кеткеніміз абзал.

Қызылтас петроглифтеріне де қауіп төніп тұр. Бұл нысан тура Талдықорған қаласының түбінде орналасқан. Автобустың соңғы аялдамасынан 1,5 шақырым ғана жерде. Солай бола тұрып, Жетісу облысы әкімдігі бұл тау жоталарынан қиыршық тас пен алтын өндіруге рұқсат беріп отыр. Білсеңіз, Қызылтас кешені маңызы жөнінен Таңбалы кешенінен кем түспейді. Өйткені аталған петроглифтерде мифтік сюжеттер суреттелген. Сонымен қатар ежелгі көшпенді мәдениетінің айқын көрінісін суреттейтін петроглифтер де бар. Қызылтас кешені қола дәуірінен бастап сақ, түркілік дәуір мен одан бергі Қазақ тарихына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл жерден Албан руының да таңбасы табылды».

Жалпы ұлттың нағыз ұлттық келбеті мифтерінен анық байқалады. Өйткені миф халықтың ғасырлап жиған түсініктерінің дін формасына ауысқан түрі. Петроглифтер осы мифтерден сыр шертетініне анық көзіміз жетеді. Әрине, қарапайым тұрмыстық петроглифтер де жетіп-артылады. Дегенмен діни рәсім өткізетін жерлерде салынған петроглифтердің көбі мифтік танымға негізделген. Ұлт тарихы мен этнографиясы үшін аса маңызды петроглифтер де осылар екені даусыз. Бұл тұрғыда Ешкіөлмес петроглифтерінің орны ерекше. Бұл кешен – өзінің тарихи тереңдігімен және айналасындағы мәдениеттердің алмасуын ғажап бедерлеген орын. Дәл осы жерде дала өркениеті мен үнді өркениетінің тоғысы жатыр. Олай дейтініміз, Ешкіөлмес тақтатастарында ежелгі «Ригведа» әдеби ескерткіштерінің сюжеттері бейнеленген. Бұл әдеби жәдігер әлем тарихындағы ең ескі діни мәтіндер жинақталған еңбек саналады. Сонымен бірге үнді әдебиетінің де ең көне жауһары. Яғни қазіргі Жетісу жеріне б.з.д. ХV-X ғасырларда будда діні келген. Бұлай деуімізге Таңбалы тас кешенінде суреттелген будда бейнелері де дәлел. Ғалымдардың айтуынша, аталған кешен будда дінінің ғибадат орны саналған. Қазақстан территориясында будда дініне қатысты ескерткіштер аз. Олардың ішінде тартылған Арал теңізі табанынан табылған, Тараз қаласы маңындағы будда дінінің ғибадатханаларын айтуға болады. Осы тұрғыдан келген Қазақстан территориясында өмір сүрген халықтарға әлемдік діндерден будда мен ислам көп тарады деп айта аламыз.

«Ешкіөлмес петроглиф-терімен қатар тағы бір үлкен археокешен бар. Ол да Талдықорған қаласының маңында орналасқан. Қызығы сол, бұл тарихи ескерткіштің әлі атауы да жоқ. Волонтерлер тауып, белгілеп қана кеткен. Бұл жердегі бедерлердің де ел тарихы үшін маңызды екені даусыз. Болашақта зерттеп, оның мазмұнына үңіле жатармыз. Байқап отырғаныңыздай, үлкен петроглифтік кешеннің басым көпшілігі Жетісу облысында орналасқан. Оның ішінде Талдықорған қаласының айналасына шоғырланғаны тағы көп. Осыған байланысты біз Талдықорғанды «Таңбалы тастар елінің астанасы» деп атаймыз». 

Ольга Николайқызының бұл сөзі өте қызық көрінді. Әрине, ұлан-байтақ даламыздың әрбір түкпірінде петроглифтер кездеседі. Тіпті халқымыз Бетпақдаланың ортасынан да өз тарихын қашайтын жартас тауып алған ғой. Иә, қазіргі Созақ ауданы мен Ұлытау облыстары территориясының түйіскен тұсында орналасқан бұл петроглифтік кешеннің қазақ тарихы үшін орны ерекше. Өйткені дәл осы жердегі жартасқа қазақ рулары өздерінің таңбаларын қашап салған. Бұл басы бірігіп, бір мемлекетке ұйысқан қазақ халқының алғашқы конституциясы іспетті дейді ғалымдар. Және осы жерге халқымыз жыл сайын бас қосып, қоныс бөлісіп, келелі мәселелерді ақылдасып отырғанын тарихшылар жоққа шығармайды. Бұл жер туралы М.Көпейұлы: «Бетпақ шөлінде Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Үш жүздің баласы арасында қазақтың таңбаларына қатысты талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі».

Қазақ хандығының ең зор ескерткіші бола тұрып, «Таңбалы тас (Таңбалы Нұра)» кешенінің қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейді. Әрине, елдімекендерден өте алыс, климаты қиын жерде орналасса да бұл кешеннің жан-жақты қорғалуы керек еді. 2018 жылғы экспедиция нәтижелері бойынша тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев кешеннің халі мүшкіл екенін жеткізеді. Ең өкініштісі, сол ескі таңбалардың үстінен жаңа есімдер жазылып тасталған. Былайша келгенде, Қазақ хандығының басы құралып, таңбалары қашалған жер вандализм құрбаны болып отыр.

Осылай Қазақстанның тастағы тарихының бір бөлігі құрылыс материалдарына айналды. Тағы бір бөлігі өз атын тасқа қашағысы келетін тарихи сауаты төмендердің жазу тасы ретінде қолданылып жатыр. Осы тұрғыда тарихи ескерткіштерді қорғау үшін бірнеше шараны қатар атқару керек екенін айтқымыз келеді. Біріншіден, белгілі-белгісіз ескерткіштердің бәрін аз уақыттың ішінде зерттеу мүмкін емес. Сондықтан оларды анықтап, барлығын мемлекет қорғауына алу абзал. Екіншіден, мектептерде жергілікті тарихи ескерткіштерге көптеп экспедициялар жасалғаны абзал. Солай жеткіншек ұрпақ санасына тарих сәулесі түсері сөзсіз. Яки тарихи сананы қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыда еліміздің телеарналары, әсіресе танымдық арналар деректі фильмдерді көптеп түсіргені абзал. Өйткені деректі фильмдер халыққа түсінікті, әрі кітаптан гөрі оңай жетеді. Санасы қысқа уақыттық рилз, видеоларға негізделген ұрпақ тарих пен рухани байлыққа қарсы қоятын екі сөзі бар. «Технократ» және «болашақ» деген. Қазаққа тарихшы, жазушы, ақын емес технологияны меңгерген ұрпақ керек екені бесенеден белгілі. Болашақтың маңызды екені даусыз. Бірақ екеуі бір-біріне кедергі келтіретін емес, толықтыратын дүниелер екенін естен шығармаған абзал. Өйткені тарихтың тереңдігі ұлттық идеологияның негізгі діңгегі. Өз кезегінде ұлттық идеология – жаһандануға төтеп берер жалғыз иммунитет.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024

3657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы