- АҚ ЖЕЛКЕН
- 19 Маусым, 2024
Ақсақалдық ақылы
Ардабек ақсақал Алматыда тұратын баласының үйіне қыдырып келді. Амандық-саулық сұрасқан соң:
– Омар немерем қайда? Алып келші, маңдайынан иіскеп, мауқымды басайын, – деді ұлына қарап.
– Немереңіз мектепте. Сағынсаңыз, қазір келеді. Сіз оған дейін ас-суыңызды ішіп, тынығып алыңыз.
– Жоқ, балам! Мен тынығу үшін келгем жоқ. Оны күтіп отыра алмаймын. Мектебі қайда? Өзім барып, алып келейін.
– Несіне әуре боласыз, әке? Мектебі мынау – таяқ тастам жерде. Күнде өзі барып-келіп жүр ғой. Сәл сабыр етсеңіз, келіп қалады.
– Ол келгенше тағат тауып отыра алмаспын. Немеремнің мектебін көріп, ұстаздарымен танысып, сабақ үлгерімін білейін. Әрі таза ауа жұтып, бой жазып қайтайын. Сендер алаңдамай, өз шаруаларыңмен айналыса беріңдер, – деп қария сыртқа беттеді.
Ардабек ақсақал мектеп қақпасына таяп қалғанда, бір бала жолын кесіп, қаға-соға жүгіре жөнелді.
– Әй, балам, тоқташы, – деп қолын созып, қасына шақырды. – Атың кім!
– Әлихан, – деді бала ентіге сөйлеп.
– Атың жақсы екен, балам!
– Бұл қай мектеп?
– Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп.
– Нешінші сыныпта оқисың?
– Жетінші сыныпта.
– Жасың нешеде?
– Он төртте.
– «Он үште – отау иесі» дейді атам қазақ. Он үш – алғашқы мүшел жас. Он төртке келсең, үлкен азамат бопсың, балам! Ал үлкен азамат атанғандар қателік жасамағаны жөн. Өкінішке қарай дәл қазір сен үш қателік жасадың.
– Ол қандай қателік, ата?
– Біріншіден, қазақ баласы үлкен кісіні көргенде алдынан шығып, сәлем берген. Өйткені сәлем – сөздің анасы. Бұл, бір жағы, үлкенге деген құрмет. Екіншіден, қазақ баласы үлкеннің жолын кеспеген. Жалпы, жол кесу – жақсылықтың нышаны емес. Үшіншіден, адамзат баласы үйге, мектепке, жалпы кез келген ғимаратқа жау қуғандай жүгіріп кірмеген. Ол әдепсіздік боп саналады.
Сенің атың Әлихан екен. Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының көсемі! Ал оның атына кір келтіруге болмайды. Ол есім саған үлкен жауапкершілік жүктейді. «Білім күн сияқты, көрінгеннің бәрін жарылқайды» деген екен сол Әлихан бабаң. Ендеше, сен осы оқу ордасынан терең білім, тәлімді тәрбие алып шығуың қажет. Оның үстіне, сен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқисың. Ал Ыбырай Алтынсарин – ұлт ұстазы. Кезінде ол:
– Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар, – деп барша қазақ баласын оқуға шақырған. Сөйтіп, қазақ даласында алғаш мектеп ашқан. Осындай атақты адамның атындағы білім ордасында оқып жүрген оқушыға әлгіндей қателік жасауға болмайды.
– Кешіріңіз, ата! Бұрын мұның бәрін білмеуші едім. Енді қайталамаймын.
– Оқасы жоқ, балам! Әрбір қателіктен сабақ алғаның абзал. Ақылды тыңдай білу де – үлгі һәм өнеге. Атына заты сай азамат бол!
Жақсы ата
Ерасыл биыл төртке толды. Оның туған күніне атасы Қуандық пен әжесі Күміс әдемі шана сыйлады. Бірақ ол құрғыр өздігінен жүре бермейді. Міндетті түрде бір адам сүйреу қажет. Ал ондай адам көбіне-көп табыла бермесі Ерасылдың бір өзіне ғана аян.
Міне, бүгін де шанасын сүйретіп, өзін ойнататын адам таппай, әлекке түсті. Мамасына айтып көріп еді. Ол: «Қолым тимей жатыр», – дегеннен аса алмады. Әкесі: «Өзің ойнасаңшы», – деп сылап-сипап шығарып салды. Ендігі үміті әжесі Күмісте болатын. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, әншейінде айналып-толғанып отыратын әжесі есеп-қисап шығарып, өз кабинетінен бой көрсете қоймады. Ерасыл ызасы келіп, жыларман болды. Мұның бәрін сырттай бақылап, көріп отырған Қуандық атасы:
– Ерасыл, жүре ғой, жүр, құлыным. Мен сені шанаға сүйретіп, мұзға сырғанатып, аққала жасап ойнатып келейін, – деді. Ерасыл мұндай қуанбас. Сол күні атасы екеуі әбден құмары қанғанша ойнады. Сырғанақ тепті, аққала соқты, шанаға мініп, қырдан оқша зулады. Үйге қайтып бара жатып атасына:
– Ата, бұл дүниеде сізден өткен жақсы ата жоқ, – деді көңіліндегі қуанышын жасыра алмай.
– Құлыным, мен де әлемді жеті айналсам да сендей балдан тәтті немере таба алмаспын, – деді мейірленіп.
Мақатаев ата
Мәриям Мағауияқызы Алматы қаласындағы Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияда оқиды. Жетінші сынып оқушысы. Оқу озаты. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мерекелік шараларда ән айтады, өлең оқиды, керек болса, би де билеп береді. Сондай өнер сайыстарында алған жүлделері – бір төбе. Абайтану олимпиадасының жеңімпазы.
Бүгін оны мектепке атасы алып келе жатыр. Жолшыбай екеуі әңгіме-дүкен құрып келеді.
– Қызым, сен Мұқағали Мақатаев атындағы гимназияда білім алып жүрсің. Бұл – қаладағы үздік оқу ордалардың бірі. Ал сол Мұқағали Мақатаевтың кім екенін білесің бе?
– Әрине, білемін, ата! Ол – қазақтың ақиық ақыны.
– Дұрыс айтасың, қызым! Мұқағали Мақатаев – қазақтың атақты ақыны. Ғасыр ақыны. Ал енді оның өлеңдерін жатқа оқи аласың ба?
– Әрине, ата! Оның өлеңдерін мен ғана емес, біздің білім ошағының бүкіл оқушылары жатқа оқиды.
– Бәрекелді! Қане, онда бір өлеңін оқи қойшы.
Мәриям кідірместен көрнекті ақынның «Отан» атты өлеңін оқи жөнелді:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен.
– Жарайсың, қызым! Отаныңды шын сүйетініңді дәлелдедің. Оны өлең оқу мәнеріңнен байқадым. Өзің оқитын оқу ордасын құрметтейтінің де көрініп тұр. Жаңа сен бір сөзіңде «Мұқағалидың өлеңдерін біздің оқушылардың барлығы жатқа оқиды» дедің. Оған сендім. Жалпы, Мұқағалидай мұзбалақ ақынның өлеңдерін жатқа соқпайтын қазақ жоқ шығар, сірә?!
– Сіз де жатқа оқи аласыз ба?
– Әрине, жатқа оқи аламын! Өйткені мен қазақ емеспін бе?! Жас кезімде оның бүкіл өлеңдерін жатқа білетінмін. Жас ұлғайған сайын жадың да ескіреді екен. Кейбірін ұмыта бастаппын. Дегенмен басым көпшілігін әлі де жатқа білем. Мен қазір саған өзім сүйіп оқитын ақиық ақынның «Автограф» деген өлеңін оқып берейін. Ал тыңда!
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?
Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда!
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
– Мақатаевтың мықты өлеңін оқыдыңыз, ата!
– Мұқағалидың нашар өлеңі жоқ! Ал енді осындай атақты ақынның мектебінде тек озат оқушылар ғана оқу керек! Сол есіңде болсын, қызым!
Ермахан Шайхыұлы
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2024
1089 рет
көрсетілді0
пікір