• Спорт жұлдыздары
  • 29 Шілде, 2024

Алпыстың әділ айқасы

Париж олимпиадасы қарсаңында 60 келі салмақтағы дзюдошылар бәсекесі елдегі жанкүйерлерді де, мамандар мен федерация басшыларын да ойландырды. 2024 жылы біраз турнирде топ жарып, үздік шыққан Нұрқанат Серікбаев та, соңғы жарыстарда тамаша өнер көрсеткен Елдос Сметов те, жарақатынан айығып қайта оралған Мағжан Шамшадин де төртжылдықтың басты додасына баруға лайықты болды. Әу баста федерация басшылары рейтингте кім жоғары тұрса, сол спортшыны жібереміз деген еді. Бірақ соңғы сәтте үш балуанның арасында спарринг өткізіп, қай жеңгенін олимпиадаға апарамыз деген шешімге тоқтады. Осы орайда 60 келі салмақтағы балуандарымыздың әлеуеті мен олимпиададағы мүмкіндіктері туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Сметовтің Токио олимпиадасынан кейін жаңа салмаққа ауысуы 60 келідегі жас таланттардың танылуына мүмкіндік берді. Әсіресе, ұзақ уақыт бойы әлемдік рейтингте көш ілгері тұрған Мағжан Шамшадин Сметовтің орнын басатын бірден-бір балуан екенін көрсетті. 2023 жылы Астанада өткен Grand Slam турнирінде қалың жанкүйерлерінің алдында топ жарып, мықтылығын мойындатты. Дәл сол жылы өткен жазғы Азия ойындарында да қола жүлдегер атанды. Бірақ қараша айында алған жарақатына байланысты алты ай бойы татамиге шықпай, рейтингте құлдырап, бірнеше жарыстан сырт қалды. Мағжан мамыр айында қатарға қайта қосылып, бірден Душанбедегі Grand Slam турнирінің финалына шықты. Бірақ сол жарыстың ізін ала өткен Астанадағы әлемдік бәсекеде алысқа шаппады. Дәл осы тұста Нұрқанаттың жұлдызы жанып, «Үлкен дулыға» турнирлерінде көріне бастады. Ересектер дуына 2023 жылдан бастап қосылған Нұрқанат алғашқы жарысында-ақ финалға шығып, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Ким Вон Жинді қапы қалдырды. Жалпы, 2023 жыл Нұрқанат үшін табысты жыл болды деуге болады. Ол ірі турнирлерде тек даңқты балуандарға ғана есе жіберіп жүрді. Ал 2024 жылы Нұрқанат бес бірдей «Үлкен дулыға» турнирде сынға түсіп, Тбилисидегі Grand Slam турнирінде ғана топ жарды. Басқа төртеуінде және Азия мен әлем чемпионатында да жүлдеге іліне алмады. Әлемдік рейтингте Нұрқанат Елдостан да, Мағжаннан да жоғары тұрған еді.

Сметовтің Париж олимпиадасына баратыны туралы әңгіме соңғы екі жарысынан кейін айтыла бастады. Астанада өткен Grand Slam турнирі мен Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатынан соң Елдос рейтингте алда тұрған Нұрқанаттың да алдын орай бастады. Бірақ М.Шамшадинның әлем чемпионатынан сырт қалғаны біраз дауға себеп болып, ақыры үшеуі өзара мықтыны анықтап, спарринг өткізді. Қалың жанкүйер балуандардың белдесуін тікелей эфирде тамашалап, Елдостың жеңісіне куә болды. Осылайша Елдос өзінің үшінші олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. «Олимпиада алтынын алсам» деген арманның маза бермейтінін айтқан Елдос жеңісінен соң: «Қазақстанда дзюдодан үш олимпиадада медаль алған спортшы жоқ. Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері бар. Ендігі мақсат – Қазақстанның тарихын тағы да жаңартып, Париж ойындарында жеңіске жету. Тек қана олимпиада алтыны үшін дайындаламыз», – деп ағынан жарылды. Расында, маңызды додаларда барын салатын Сметовтің жүлдегерлер қатарынан көрінуі ғажап емес.

Қазақ спорт тарихында олимпиадаларда екі рет жүлдеге қол жеткізген спортшылар саусақпен санарлық. Ал үш бірдей олимпиадада жүлде алған жалғыз Ольга Рыпакова ғана. Сметов екі олимпиадада жүлде алған алты спортшының қатарында. Енді үшінші олимпиадасында жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін. Жалпы, Сметов маңызды жарыстарда жанын салып күресетінін көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі. Байрақты бәсекенің барлығында да алдына жан салмайтын Сметовтің жетік техникасы мен аса сауатты тактикасы талайды тамсандырған еді. Оның техникасына талдау жасамай-ақ қояйық, дегенмен оның әп-сәтте қарсыласына қарсы әдіс жасап кететін шапшаңдығы мен әдістәсілден қорғана алу машығы жақсы жетілген. Сондықтан Елдостың үшінші олимпиадасында топ жаратын толық мүмкіндігі бар. Париждегі дүрмекте белдесетіндер де – сол байырғы қарсыластар. Олимпиада татамиінде 60 келі салмақта 25 балуан сынға түссе, соның жетеуі Токиода күрескен. Елдостың басты қарсыластары да осылар. Әсіресе, олимпиада алтынына сынық сүйем қалғанда сүрінген тайпейлік Ян Юң Вей басты қарсылас әрі фаворит ретінде саналады. Сметов тайпейлік балуанмен екі рет кездесіп, бір рет ұтса, соңғы кездескен жарысында жеңіліп қалған еді. Одан бөлек, бельгиялық Йорре Ферстратен, нидерландылық Торнике Цакадоеа, корейлік Ким Вон Жин мен франциялық Лука Мхеидзе де Токиодағы олқылықтың орнын толтыру үшін барын салатыны анық. Л.Мхеидзе қола жүлдесін алтынға алмастыруды көздесе, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтаған Цакадоеа мен Жин жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтады.

Сондай-ақ жапондарға келгенде жолы болмайтын Елдос үшін ерекше қарсылас – Рюдзю Нагаяма. Олимпиадаға алғаш рет қатысатын Нагаяма Елдостың осал тұсын таба алатын балуандардың бірі саналады. Сметов әр қарсыластың қалай күресетінін және олармен қалай күресу керектігін жақсы біледі. Жоғарыда аталғандардың бәрін жеңуге әлеуеті де, техникасы да жетеді. Бірақ Елдостың үздіктер қатарынан көрінуі бағына да байланысты. Оның бабы мен бағы қатар шапса, жүлдегерлер қатарынан емес, олимпиада чемпионы атанғанын да көруіміз мүмкін. Лайым, солай болғай.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2024

2019 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы