• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Шілде, 2024

Өнер қысқан өрен

Мұрағаттарда Шәкен Аймановтың театр сахнасында ойнаған рөлдері бар ма екен? Бар болса, ыңғайына қарай мемлекеттік арналардан көрсетіліп отырса деген тілегіміз бар. «Шәкен Кенжетайұлы сахнада да ұлы актер еді» дейді өнерін көргендер. Кейінгі ұрпаққа даңқты актердің кинодағы рөлдері, режиссерлік қолтаңбасы көбірек таныс. «Тақиялы періште», «Алдар Көсе», «Атамекен», «Атаманның ақыры» фильмдері осы күні қазақ кино өнерінің классикасы ретінде бағаланады. Дегенмен Шәкеннің өзінің жанкештілігі, өнерге ерекше махаббаты болмаса, біз осынша жауһар өнердің қазақы сипатын кешірек сезінер ме едік, кім білсін?

Шәкен бала күнінен өнерге құмар болды. Тіпті қара жұмысқа ықылассыз болып, өтірік ауырып қалады екен. «Осы қулығы үшін ұрысқанда ауыл маңындағы Серектастың басына шығып алып жылайды. Әкесінің ағасы Аббас оны қорғап: «Тиіспеңдер оған! Шәкен тегін жылап отырған жоқ, өнер қысып жылап отыр», – деп басқаларды жолатпаған» деген естелік те айтылады. Мұндағы ерекше сөз – «өнер қысып жылап отыр». Қазақ қалай дәл бағалап, дәл түйсінеді, иә? Бойын ерекше дарын кернеген бала өзінің өмірдегі орны таяқ ұстап, қой соңында кету емес екенін ерте бастан сезінгені ғой сонда! Мына естелікке назар аударайықшы. «Соғысқа дейінгі кезең. Киноға түсуге кино алаңына келдім. Бұл 1937 жыл болатын. Қастек ауылында Амангелді Иманов туралы фильм түсірілді. Режиссеры – Моисей Левин. Бір сағат қана тамашалауға келгем. Бірақ кино алаңынан кете алмадым. Күні бойы осында жүрдім. Режиссерге келіп, өзіме рөл беруін өтініп едім, ол маған рөлдердің бәрі тарқатылып қойғанын, массовкада сарбаздың қатарында болуымды өтінді. Сарбаз болса, несі бар. Өзіме костюм дайындап, опа-далапты да өзім әзірледім. «Киетін киімді өзім тауып, мұрт жапсырып, гримді де өзім жасап алдым. Мені тіпті ірі планмен көрсетті».

Бұл – Аймановтың өзі жазып қалдырған естеліктер. Мұнда біз болашақ режиссердің сол кезден-ақ кино өнерін өз бетінше терең тани бастағанын аңғарамыз. Яғни эпизодтағы сарбаз рөлі кадрға тіпті ілінбеуі де мүмкін. Қалың қол арасында жүрген көп сарбаздың біріне оператор қайдан камерасын тураласын?! Жоқ, Айманов шағын детальдің өзіне де ерекше махаббатпен қарайды. Сарбаздың дәуір сипатына сай образы болуын ойластырады. Демек, бұл – болашақ классик суреткердің көзқарасы. Осы сәттен бастап Шәкен аға театрдағы қойылымдардан бос күндері түсірілім алаңына келіп жүреді. Тіпті уақыт өте келе режиссердің кеңесшісі әрі көмекшісіне айналады.

«Сол күннен бастап, менің киноға деген ерекше махаббатым оянды. Әрбір дүйсенбі күні кино түсіру алаңына келіп жүрдім. Қолымнан келген шаруаларды атқара беремін. «Алда тағы кино түсіретін болсам, саған міндетті түрде рөл беремін» деп уәде берді М.Левин. Режиссер сөзінде тұрды. Мұхтар Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмінде Сәрсеннің рөліне бекітті. Осылайша, мен кино актері болдым» деген естелікті де Шәкен Кенжетайұлы өзі айтып кеткен-ді. «Мүмкін, мен кино алаңына кездейсоқ келген шығармын. Мүмкін, мен киноға түскім де келген шығар. Бірақ олар менің дарынымды танып, байқауы үшін ерекше еңбек еттім. Бар күш-жігерімді жұмсадым» дейді тағы бір естелігінде ұлы режиссер.

Бұл нені аңғартады? Өнер жолында жанкештілік қажет екенін ұғуы өз алдына, ол өз дарынын танытуға, байқатуға күш салды. Сөйтіп, қазақ үшін таңсық өнердің шыңына шықты. Режиссердің Тана, Тайлақ, Алдар Көсе, ата, Баян, Қасымхан Шадияров сияқты кейіпкерлері қазақ халқының ұлттық кодына айналды. Өкінішке қарай ұлы суреткердің өмірін Мәскеудегі жол апаты қиды. Небәрі 56 жастағы өнер иесінің өлімінде жұмбақ та көп сияқты. Қазақ үшін таңсық өнердің бастауында тұрып, фольклор мен жаңаша өнер ағысын қабыстыра білген, кинематография саласының бірнеше жанрында қатар еңбектенген Шәкен Айманов ел санасында мәңгі биікте қала береді.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2024

1915 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы