- Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
- 28 Тамыз, 2024
Ақпен бірге: астары терең, әзілі ерен
Жастардың дені «Жайдарман» көреді. «Жайдармандағы» әзілсүйер жастардан құралған командалар ұтымды әзіл мен актерлік шеберлік, ән-би, мимика, ой ұшқырлығымен көрермен көңілін жаулап алды. Бұл жобаның басты ерекшелігі – өмірдегі, жалпы қоғамдағы құбылыстарды ұтымды әзілмен, қағытпа қалжыңмен жеткізе білетін жастардың шығармашылық ордасына айналғаны деуге болады. 2005 жылы құрылған «Қазақстан КВН Одағы» бүгінге дейін талай жастың бағын ашты, талай мықты команданы түлетті. «Жайдарманшылардың» тауып айтқан әзілдерінің астарынан өмір шындығын аңғаруға болады. Солардың бірі де бірегейі – қыздардан құралған «Ақпен бірге» командасы. Бұл команданың өзіне тән стилі бар, әдеби әзілдері де бірден елең еткізеді. Басында бір күліп қойғанмен, астары көпке дейін ойландырады. Райхан Нұрсаят, Бақытнұр Оспан, Лаура Рақымбай, Ақбота Таңатар, Ботакөз Әбдуәлі және Бағжан Данай cекілді әзілқой жастардан құралған команда қоғамдағы өзекті мәселелерді әдемі әзілмен жеткізіп жүр. Бір қызығы, командадағы қыздар филология және журналистика факультеттерін бітірген. Сондықтан олардың әзілдері тіл мен әдебиетке жақын. Сауатты сөйлеуді насихаттайтын команда сауатты әзілдерімен көптің көңілінен шығып жүр.
Жақында Республика сарайында «Жайдарманның» туған күні болды. Онда көптеген әйгілі команда өнер көрсетті. Қыздардан құралған «Ақпен бірге» командасы айналасы он минуттың ішінде көрерменді күлкіге қарық қылды. Олардың сонда айтқан кей әзілі әлеуметтік желіні шарлап кетті. «Ақпен біргенің» «Жақшаларды ашайық, түбір астына бөлек шығайық», «Сен х бол, мен у болайын, екеуміз квадратталайық», «Шешілмеген үш есеп менде де бар» деген математикаға қатысты әзілдері көптің көңілінен шығып қана қоймай, есте қалатын сауатты әзіл болды. Команда мүшесі Райхан Нұрсаяттың айтуынша, «Жайдарманның» туған күніне Qalan.kz негізін қалаушы, математик Асқар Болат келеді деген соң, оған арнап әзіл жазған.
– Қазылар алқасының құрамында математик болады деген соң, сол бағытта түрлі әзілдер ойлана бастадық. Әрі ол кісі жас жігіт, ал біз тек қыздардан құралған команда болған соң, оған жақсы әзіл шығатынын түсіндік. Қыз ретінде еркелеуге, астарлап тиісуге болады. Әрине, тәрбие мен әдеп шеңберінде. Бастапқыда түрлі нұсқалар болды, редакторлық жұмыстар кезінде Рамазан Фаилов («Жайдарманның» редакторы – авт.) ағамыз математикалық терминдерді пайдалану туралы идея айтты. Сосын отырып, терминдер арқылы астарлы мағына іздей бастадық. Әдетте осындай әзілдер салыстыру арқылы, сөздерді ойнату, екі мағынада сауатты түсіндіру арқылы жазылады. Әрдайым әдеби терминдерді немесе өлең, мақал-мәтелдердің сөздерін ойнатып, астарын іздесек, бұл жолы дәл сол формуланы математикаға пайдаландық. Бұл – өзімізге де қызық эксперимент, – дейді ол.
Сондай-ақ команда мүшесі Бақытнұр Оспанның математикке қарата «есеппен емес, ессіз қосылғым келеді» деген әзілі де сәтті шықты. Яғни ол сол арқылы нағыз махаббат есепке құрылмайтынын түсіндіргендей болды. Астаналық команданың «Алматы көпұлтты емес, кобальтты қала болып кеткен ғой» дегені де еріксіз күлдірді. Себебі, қазір Алматыда Chevrolet Cobalt көлігі көп. Тіпті такси шақыртсаңыз да көбіне «Кобальт» келетінін алматылықтар жақсы біледі. Мұндай әзілдер жеңіл болғанымен, астары қоғамдағы шетін нәрселерге назарыңды аударады.
Команданың белді мүшесі, қыздардың арасындағы жалғыз жігіт Бағжан Данайдан «Ақпен біргенің» әзілдері қалай жазылатынын, жарысқа қалай дайындалатынын сұрадық.
– Әзілді кім жазады? Бір әзілді қалай дайындайсыздар?
– Автормен жұмыс істейтін командалар болады. Бірақ біздікі ондайға көп келе бермейді. Себебі, біздің команда басқаша, әзілдеріміздің көбі әдеби. Оның астарында ой жатады. Мұндай стиль бұрын болмаған. Сондықтан бұл өте қиын. Әзіл жазарда бәріміз жиналамыз. Ойын алдында бір ай бұрын сөйлесіп, екі-үш күн қалғанда бас қосамыз. Жиналғаннан кейін әркім өзінің ойлап келген нәрсесін ортаға тастайды. Ең әуелі тақырып іздейміз. Әзіл жазып, сол әзілдің мән-мағынасын түсінсең, ары қарай басқа синоним сөздермен ауыстырып ойнап кете бересің ғой. Ал біздікі оған келмейді. Біз әуелі әзілдерімізді қағазға түсіреміз. Өйткені «Ақпен бірге» командасы мәтінге үлкен мән береді. Екі сөздің орны ауысып кетсе, әзілдің мағынасы өзгеріп кететін жағдайлар болған. Бұл әдеби әзілдің ерекшелігі шығар. Әр сөз өз орнында тұруы керек. Тіл тазалығына қараймыз. Әлбетте, сахнаға әу бастан солай шыққан жоқпыз. Уақыт өте келе өз стиліміз қалыптасты деп ойлаймын. Әлі де әр ойын сайын жаңа нәрсе тауып, қосуға тырысамыз. Әзілдерді қағазға түсіргесін «Жайдарманның» редакторы Рамазан Фаиловқа апарамыз. Ол біздің командамен тығыз жұмыс істейді.
– Әзілдеріңіздің көбі қиылып қалған кездер болды ма?
– Иә, болды. Бірақ біз қиылған әзілді қайта жазамыз. Жан-жақты қараймыз. Діни әзілдер, «қара әзілдер», 18+ әзілдер қырқылады. Саяси әзілдер де кейде алынып тасталады. Ұтымды болса, қалдырады.
– Қыздарға әзіл жазудың қиындығы қандай?
– Оңай емес. Бұл қыздарға киім таңдағанмен бірдей нәрсе деп айтар едім. Қыздарға деген қоғамның көзқарасы мен талабы басқа. Кей ойында артықтау кеткен кездеріміз болған. Кейін өзіміз ойынды көрермен ретінде қарағанда: «Әттеген-ай, қыздың аузынан ондай сөз шықпауы керек еді», – деп өкінген сәттеріміз де болды. Әлбетте, біз ұятты нәрсеге баса мән береміз. Екіншіден, қыздарға арналған тақырып көп зерттелмеген, әзілдер көп ойналмаған. Сондықтан қыздардың кеңістігіне өтетін болсаң, ол жақтан көп сәтті әзіл табуға болады. Қыздар командасы аз болғандықтан, оларға тақырып көп. Одан кейін қыздарға қазылар да басқаша қарайды, көтермелеп отырады.
– Команданың ендігі даму бағыты қалай?
– Біз негізі «Жайдарманды» аяқтап, қоштасып кеткен едік. Былтыр финалға шығып, соңғы ойынымызды ойнағанбыз. Маусымға түсуге шамамыз жоқ, бірақ арнайы жобаларға қатысып тұрамыз. Ол жақта команда ретінде мүмкіндігімізді әлі де көрсете аламыз. Шамамыз жоқ дегенім, қазір командадағы қыздар тұрмыс құрып жатыр. Дайындыққа уақыт табу өте қиын. Былтыр бір жылда сегіз ойын ойнаппыз. Бір ойында командадағы бір қыз жоқ боп қалады, бір ойында төртеу болып ойнай саламыз. Соның бәрі әсер етеді. Команданың бір мүшесі жоқ болса, әзіл басқаша жазылады. Менің де жобаларым бар, түсірілімдерім бар дегендей. Бәріміз бірге өскенбіз. Жатақханада тұрғаннан бері бір-бірімізді жақсы танимыз, бірден түсінісеміз. Біреу әзіл айтса, соны дереу жазып алып, қолдануға тырысамыз. Бәріміздің ойымыз бір жерден шығады. Әлеуметтік тақырыптарды көбірек қозғауға тырысамыз. Бірінші проблемалы тақырыптарға қоғамның назарын аударғымыз келеді. Әзілдің салмағы болмаса, құр әзіл ғана боп қалады. Салмақты әңгіме айтсаң, әзілі жоқ боп қалуы мүмкін. Ондай нәрселер халықтың есінде қалмайды. Сондықтан осы екеуінің ортасын ұстауға тырысамыз. Айтқымыз келген нәрсені ой салып, салмақты қылып, әзіл қосып жеткіземіз.
– Сіздерге қандай сын айтылады? Әлеуметтік желіден хейт көп жазылғанын байқадым...
– Хейт жазылады. Әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір айтылады. Біздің әзілдер әзілдің төркінін түсінетін интеллекті жоғары адамдарға арналған. Мектеп жасындағы оқушылар көп жағдайда біздің әзілге онша күле бермейді. «Ақпен біргеде» тура әзіл жоқ, бәрі астармен беріледі. Абайдың бірінші қара сөзінде «өз сөзім – өзімдікі» деп айтатыны бар ғой. Арасында керек те, керек емес те әзіл болады. Дегенмен әркім керегін алады. Алайда әзіл жазғанда өміршеңдігіне қараймыз. Қаншалықты ғұмырлы дегенге мән береміз. Сол үшін де актуалды нәрселерге жолай бермейміз. Өйткені қазір актуалды болған нәрсе ертең ұмытылып кетуі мүмкін. Ауқымды тақырыптарға, оның ішінде отбасы мәселесі, ажырасу, әйел теңдігі туралы әзілдерге акцент қоямыз. Басында күлдіруді мақсат тұтсақ, қазір жауапкершілікті көбірек сезінеміз. Бұл да команданың өскені, толысқаны шығар. Команда өссе, аудитория да бірге өседі. Өмірде бәрі уақытпен, тәжірибемен келеді екен.
– Әңгімеңізге рақмет!
«Жайдарманға» биыл 24 жыл толыпты. Ширек ғасырда «Жайдарман» сахнасында бір емес, бірнеше буын өсіпжетілді. Олар тек әзіл, продакшн және креативті индустрияның басқа да бағыттарында ғана емес, сонымен қатар маркетинг, мемлекеттік қызмет саласында да өздерін сынап жүр. Жайдарман креативті индустрия үшін жаңа талант иелерін дайындайтын әлеуметтік лифтке айналды. Одан «Ақпен бірге» сияқты сауатты әзіл айтатын командалар шықты. Олар да ертең креативті индустрияға өз үлесін қосатыны сөзсіз. Алдағы уақытта да «Жайдарман» сахнасынан сауатты әзіл, сапалы дүние ұсынатын командалар шығатынына сеніміміз кәміл.
Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024
908 рет
көрсетілді0
пікір