- Спорт жұлдыздары
- 25 Тамыз, 2024
Көкейде көп сұрақ қалды
Асыға күткен төртжылдықтың басты додасы да аяқталды. Төрткүл дүние жұртшылығын теңдессіз өнерімен тамсандырып жүрген спортшылардың барлығы да Парижде бас қосып, олимпиада үздіктерін анықтады. Қазақстан құрамасының нәтижесі Токиодағыдан тәуір болғанымен, көпшілік күткен нәтижені көрмедік. Жалпыкомандалық есепте отандастарымыз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте 43-орынға табан тіреді. Тәуелсіз Қазақстан үшін сегізінші олимпиада ойындарының қорытындысы туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Дараланған дзюдошылар
Париждегі дүрмектің алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына үш медаль салған спортшылар жанкүйерлерді бір жадыратып тастады. Әсіресе, небір мықтылардың мысын басып, үшінші олимпиадасында атой салған Сметовтің тарихи алтыны бірінші жарыс күнінде-ақ жүлде алған 8 елдің қатарына кіргізді. Иә, Елдостың алтын алуға толық мүмкіндігі бар екенін топшыласақ та, іштей үрейленген едік. Олимпиада қарсаңында «Алпыстың әділ айқасы» деген тақырыппен шыққан мақаламызда Сметовтің маңызды жарыстарда жанын салып күресетінін көзі қарақты жанкүйер жақсы білетінін жаздық. Расында, Елдос мақсатқа жетер жолында жанкештілік танытып, жігер көрсетті. Кіл мықтылардың тобына түскен Елдос алғашқы белдесуінен тек алтын жүлде үшін келгенін байқатты. Токио төрінде тұқыртқан Торнике Тсакодуаның (Нидерланд) мысын Парижде де басты. Сондай-ақ Сметов украиналық Ділшат Хамматовты таза жеңсе, ширек финалда байырғы қарсыласы, Париждегі дүрмектің басты фавориті саналған Юнг Вейдің (Тайпей) сілікпесін шығарды. Ал жартылай финалда даңқты Рюдзю Нагаяманы жарыс жолынан шығарған, әлем және Еуропа чемпионы испаниялық Франсиско Гарригосты тамаша ұтты. Финалда да Сметовтің жетік техникасы мен аса сауатты тактикасы талайды тамсандырды. Мыңдаған жанкүйердің алдында жергілікті балуан Лука Мхеидзенің мысын басып, дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы атанды. Сөйтіп, Сметов олимпиада ойындарында үш рет жүлде алған және дзюдодан олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ деген атаққа ие болып, тарихқа атын алтын әріппен жазды. Олимпиада чемпионы жарыстан соң: «Қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар, жарақатқа төтеп беру, талап, темірдей тәртіп мені осы шыңды бағындыруға беттеді. Парижге тек алтын алуға келген едім. Арманым орындалды. Бұл – қазақ спортының, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны», – деп жетістікке жету жолында барлық қиындықты жеңуге болатынын айтты. Расында, тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлық Елдосты ерлікке жеткізді.
Елдостың ерлігінен жігерленген Ғұсман Қырғызбаев қайсарлық көрсетіп, қазақстандық жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. Шыны керек, кіл мықтылардың тобына түскен Ғұсманның жолына көпшілік күмәнмен қарады. Тіпті егізі Ғұмардың өзі де бауырының қарсыластарын көріп, үмітін үзе бастаған. Дегенмен татамиде барын салған Ғұсман жанкүйерлердің айызын қандырды. Давид Гарсиа, Ан Баул, Валиде Хьяр сияқты мықтылар – осы уақытқа дейін Ғұсманның осал тұсын тапқан балуандар. Бірақ Париж төрінде отандасымыз кеткен есесін қайтарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Тіпті финалға дейін шығу мүмкіндігі болды. Өкініштісі, жартылай финалда қателікке бой алдырып, алтынға таласу мүмкіндігінен айырылды.
Әбиба Әбужақынованың да боз кілемде айбат көрсетіп, барын салып белдескені қуантты. Жүлде алуға толық мүмкіндігі бола тұра, жеңіс тұғырынан көріне алмағаны өкінішті. Әбибаның жартылай финалда да, қола жүлде үшін белдесуде де ұтуға әлеуеті жететін еді. Жеңіске деген жігері алға жетелесе де, жарақаты сыр беріп, жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен қазақ дзюдошылары алғаш рет олимпиадада екі жүлде алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Көпшілік күтпеген көрсеткіштер
Иә, Париж олимпиадасында көпшілік күтпеген сенсациялық көрсеткіштер көп тіркелді. Мысалы, 5 жыл әлемдік жарыста ешкімге дес бермей, жауырыны жерге тимеген жапон балуаны Абэ Утаның алғашқы айналымда жеңілуін көпшілік күткен жоқ. Сол сияқты тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет спорттық гимнастикадан олимпиада тұғырына көтерілген Нариман Құрбановты күміс алады деп ешкім ойламады. Нариманның талай байрақты бәсекеде атой салғанын көрсек те, дәл осы олимпиада ойындарында үздіктер қатарынан көрінуге әлеуеті жететінін білмегендейміз. Әлия Юсупова, Хусанжан Құрбанов сияқты білікті мамандар ғана Нариманның жеңістен үміттілердің қатарында екенін айтып жүрсе де, аса бір мән бермеген едік. Расында, Нариман жеңіске деген жігері мен қайсар мінезінің арқасында үмітті ақтады. Нариман тұтқалы ат жаттығуында орындаған элементімен көпшілікті тәнті етіп, 15,433 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстан құрамасының тарихында мылтық атудан соңғы рет 1996 жылғы олимпиадада медаль иеленген еді. Араға 28 жыл салып, Париж төрінде мылтық ату спортының жаңа жұлдыздары жарқырады. Қазақстан құрамасы сапында Париж олимпиадасының ең алғашқы квотасын жеңіп алған Ислам Сәтбаев ең алғашқы болып құрама қоржынына жүлде салды. Ислам Александра Лемен бірге аралас командалар арасында 10 метрге пневматикалық мылтық атудан үздіктер қатарынан көрініп, қола медаль жеңіп алды. Мергендеріміздің бұл нәтижесін де көпшілік күтпеген сыйға бағалады. Дегенмен Ислам бізге берген сұқбатында: «Парижде топ жару үшін, жүлдегерлер қатарынан көріну үшін барымызды саламыз», – деп жеңіс тұғырынан көрінетініне сенімді екенін айтқан еді. Расында, Ислам сөзінде тұрып, мықтылығын мойындатты.
Шыны керек, күрес түрлерінен жүлде күтуден үмітіміз үзілгеніне біраз болды. Балуандарымыздың жеңілісіне де етіміз үйреніп, қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Париж төрінде де балуандарға аса сенім артпадық. Өйткені жарқырап, жалындап тұрған балуан жоқтың қасы еді. Ал олардың жеребе тарту рәсіміндегі қандай қарсыластарға тап болғанын көріп, мүлде үмітімізді үзгендей болдық. 77 келіде сынға түскен Демеу Жадыраевты алғашқы белдесуінде колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен ұтқанымен, ширек финалдан аса алмайды деп топшылағандар көп болды. Өйткені Демеуді ширек финалда жарыстың басты фавориті, екі дүркін әлем чемпионы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, қырғызстандық Ақжол Махмұдов күтіп тұрған еді. Дегенмен Демеу кілемде талайды тамсандырып, күресімен көпшіліктің көңілінен шықты. Тактикалық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да Махмұдовқа еш мүмкіндік бермей, тамаша жеңіске жетті. Ал жартылай финалда әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Санан Сүлеймановты тас-талқан етіп ұтқанда тіпті таңғалдық. Шыны керек, Демеудің нағыз бабында екенін байқап, алтыннан алқа тағады деп топшылап үлгердік. Дегенмен бір шетінен финалдың ертеңіне өтетінін ескеріп, психологиялық тұрғыдан кері әсерін беруі мүмкін екендігін де бағамдасақ, екінші жағынан дәл осындай сәтте Жадыраевтың жеке бапкерінің жанында болмағанына налыдық. Финалдық айқастың алғашқы айналымын тамаша бастаған Демеу қателіктерге бой алдырып, жеңісті беріп қойды. Осылайша, Демеу жеті жыл бұрынғы жетістігін қайталап, Париж төрінен екінші рет күміспен оралды. Ол сол кезде әлемнің күміс жүлдегері атанған еді. Жадыраевтың бұл жеңісі жанкүйерлердің жанын жадыратты. Өйткені Тәуелсіз Қазақстан тарихында қазақ баласы грек-рим күресінен олимпиада ойындарының финалына алғаш рет шығуы еді.
Қазақ боксы қай тұста?
Алып бокс державасы саналатын Қазақстанның Токиодағы дүрмекте алтынсыз қалуын үлкен сенсацияға балап едік. Мінеки, Париждегі төртжылдықтың басты додасында да боксшыларымыз алтыннан алқа таға алмады. Дегенмен бұған түрлі себептер бар екені анық. Ең әуелі боксшыларымыздың шаршы алаңда барын салып, жеңіске деген жігер көрсеткенін ерекше атап өткеніміз жөн. Иә, кейбіреуі лайықты түрде жеңілсе, кейбіреуі төрешілердің анық құрбаны болды. Дегенмен Париж олимпиадасында қазақ боксшыларына қарсы «аяқтан шалу», «бұра тарту», «әділ шешім шығармау» фактілері де жиі кездескенін жасырмаймыз. Әсіресе, Сәкен Бибосынов, Айбек Оралбай және Мұхамедсабыр Базарбайұлын жеңілді деуге келмейді. 51 келідегі басты фавориттің бірі болған Сәкен мен Хасанбай Досматовтың (Өзбекстан) жолы ширек финалда түйісті. Бірақ төрешілер алғашқы раундтағы Сәкеннің айқын жеңісін бермей, тек 3:2 есебін тіркеді. Ақыры төрешілер өзбек боксшының қолын көтеріп, қазақ баласын алтыннан қақты. «Боксшылардан алтын жүлде күтпейтін қазақстандық жанкүйерлер жоқтың қасы. Өйткені осы уақытқа дейін боксшыларымыз алтынсыз, күміссіз оралмаған еді. Боксшылардың межесі кемі бір алтын жүлде болғандықтан, жанкүйерлер сол межеден төмен нәтижені қабылдай алмайды. Дегенмен Париж төрінде сынға түскен былғары қолғап шеберлерін қатты сынның астына алудың қажеті жоқ. Өйткені олардың жеңілісіне себеп болған түрлі факторлар бар. Бибосынов, Оралбай және Базарбайұлының жеңілісіне тікелей төрешілердің әділетсіздігінен көремін. Әрине, осы сәтсіздіктен кейін бокста біраз өзгерістер болатыны анық. Бірақ Мырзағали Айтжановтай білікті маманды құрамадан алып тастауды өз басым құп көрмеймін. Бірақ бапкерлер қатарына кеңесші қылып, мен сияқты олимпиада чемпиондарының біреуін қосу керек деп ойлаймын», – дейді Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов.
Бір қызығы боксшыларымыздың барлығы дерлік қарсыластарынан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Яғни бұның барлығы спортшыларымызға сәл бір нәрсе жетіспейтінін аңғартады. Тіпті, Нұрбек Оралбайдың өзі финалда адуынды Александр Хижнякқа 2:3 есебімен есе жіберіп қойды. Демек, федерация басшылары мен бапкерлер осыған да ерекше назар аудару керек. Қыздар арасында Назым Қызайбайдың қаншама жылдан кейін қол жеткізген қола жүлдесі қатты қуантты. Өйткені осы уақытқа дейін боксшымызға айтылған сын мен тағылған айып көп болған еді. Үш рет олимпиада ойындарының іріктеу турниріне қатысып, мансабында алғаш рет олимпиадаға жолдама жеңіп алған Қызайбай көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Отыз жасында алғаш олимпиадасына қатысып, атой салған Назымның жеңісі жанкүйерлердің жадында қалатыны анық.
Бокста – өзбектердің, күресте қырғыздардың көлеңкесінде қалдық
Әр дүбірлі додадан соң көрші елдердің нәтижесіне көз жүгіртіп, құрамамыздың нәтижесін салыстыруды әдетке айналдырдық. Өйткені көршілеріміздің көрсеткішіне қызыға қарайтындай күнге жеткеніміз жасырын емес. Шыны керек, қазақтың оң жамбасына келетін күресте – қырғыздардың, бокста өзбектердің көлеңкесінде қалып кеткеніміз көңілге қаяу салады. Өзбек боксы әлемде ең мықты екенін тағы да бір рет дәлелдеді. Парижде сынға түскен жеті боксшының бесеуі финалға шығып, бесеуі де қарсылас шақ келтірмеді. Тіпті, екеуі екі дүркін олимпиада чемпионы атанып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы уақытқа дейін ешбір құрама бокстан олимпиада ойындарында бес алтын алмаған еді. Өзбекстан құрамасы тарих жаңартып, бізге ғана емес, күллі әлемге мықтылығын мойындатты. Айыр қалпақты ағайындарымыздың балуандарының барлығы дерлік үздіктер қатарынан көрініп, жүлдемен қайтты. Грек-рим күресінен сынға түскен 4 балуанның төртеуі де жүлдеге таласып, үшеуі қола жүлде жеңіп алды. 60 келідегі Жоламан Шаршенбеков отандасымыз Айдос Сұлтанғалиды жарыс жолынан шығарып, жүлдеден қақты. Тек Демеу Жадыраев қана қырғыз «акуласын» сан соқтырып, Азия чемпионатындағы кеткен есесін қайтарды. Дегенмен Махмұтов қола жүлде үшін белдесуінде барын салып, жеңісті жұлып алды. Сондай-ақ әйелдер күресінен сынға түскен үш балуаны да жүлдеге таласып, Мейірім Жұманазарова алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінсе, Айсұлу Тыныбекова қола жүлде үшін белдесуде 6:2 есебімен жеңіліп жатып, 30 секунд қалғанда жеңісті жұлып алды.
ЕСТЕ ҚАЛҒАН ЕРЕКШЕ ЕРЛІКТЕР
Токио төрінде талайды тамсандырған теннисші Елена Рыбакина Париждегі дүрмекте көпшіліктің көңілін қалдырды. Елена мен Юлия Путинцева сырқаттанып қалғанын айтып, Париж олимпиадасына қатысудан бас тартты. Қаншама спортшының арманы болған, елдің абыройы сынға түсетін додадан кішігірім сырқатына байланысты бас тартқанына жанкүйерлердің ғана емес, біздің де ренішіміз қара қазандай. Өйткені дәл осы олимпиадаға келу үшін небір ерлікке барған спортшылардың жай-күйімен таныс болдық. Мысалы, аустралиялық көгалдағы хоккейші Мэтт Доусон Парижде өтетін олимпиадаға қатысу үшін саусағының бір бөлігін кесуге шешім қабылдаған. Оң қолының төртінші саусағын сындырып алған спортшының қолына ота жасаған хирург айығуға бірнеше ай қажет екенін, олимпиадаға қатысуына мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. Дегенмен Доусон олимпиадаға қатысу арманы болғандықтан зақымдалған, саусағын ампутациялауға шешім қабылдаған. Сондай-ақ мысырлық спортшы Нада Хафез Париж олимпиадасына жүктілігінің жетінші айында қатысып, 1/8 финалға дейін жетті. Иә, осындай көзсіз ерлікті көргеннен соң, теннисшілеріміздің жоқ жерден жарақаты пайда бола қалғаны үлкен сұрақ туындатады. Ең сорақысы, екеуі де Париждегі дүрмек аяқталған тұста басталатын АҚШ-та өтетін мәртебелі турнирге қатысатыны белгілі болды.
Париж олимпиадасында ерекше есте қаларлық ерліктің бірі – Кубаның қара нары, даңқты балуан Михаин Лопес бесінші рет олимпиада чемпионы атанып, жақын он жылдықта ешкім бұза алмайтын рекорд жасады. 42 жасқа таяған балуан аса ауыр салмақта қарсыластарына бір әдіс жасатпай, бәрін айқын басымдықпен ұтты. 20 жыл бойы Олимп тұғырының ең биік шыңын ешкімге бермеген балуан спорттық мансабымен осылайша қош айтысты. Шіркін-ай, дәл осындай балуан бізден де шықса екен деген арманның жетегінде қалдық.
Айтпақшы, құзға өрмелеуден ел намысын қорғаған Әмір Маймұратов жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, олимпиада рекордын жаңартып, ел есінде қалды. Әмірдің өнеріне сүйсініп, болашағына үлкен үміт артуға болатынын байқадық. Жалпы Париж олимпиадасында осындай есте қаларлық ерекше жайттар болды. Қырғыз қыздарының жанкештілігі, бозкілемде соңғы секундқа дейін барын салып айқасатын жеңіске деген жігері тәнті етті. Еркін күрес шеберлері де жаман өнер көрсеткен жоқ. Тіпті 57 келідегі балуанымыз Мейрамбек Қартбай қырғыз балуанына алғашқы айналымда есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады. Еркін күрестен біздің құрама құралақан қайтса, қырғыздар қоржынына бір қола жүлде салды. Қырғыз күресі мен өзбек боксынан үйренеріміз, аларымыз көп екенін мойындамасқа амал жоқ.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024
724 рет
көрсетілді0
пікір