• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 28 Тамыз, 2024

Ата баласы артық бала ма?

Атаның, әженің баласы болғанымыз үшін кеудемізді мақтаныш кернейтін. Көшеде біреу-міреу «пәленшенің баласы» деп әкеңді айтса қаның қайнайтын. Осылай мен және менің қатарым аталарға, әжелерімізге адал болдық. Бірақ ол адалдық бізді қайда әкелді? Бір кездері әке-шешесінен тірідей ажырап, кейіннен қайта қосылған балалардың жайы қалай? Бұрынғы ата-әже балалары мен кейінгі ата-әже балаларының айырмашылығы бар ма? Ал артында ұрпақ қалмай, оты сөнбесін деп баласын біреуге бергендердің тағдыры не болды? Санадағы бұл жайдың бәрін Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі қозғады.

Ерсұлтан – әжесінің баласы

Фильм 11-12 жасар Ерсұлтанның тұз қазып жатқан кадрларымен басталады. Ыстық күнде тұзды сумен шайып жинаудың азапты көріністерін көресің. Ол жұмысына арзымайтын тиын-тебен алады. Келесі кадрлардан баланың тек әжесімен тұратынын, ақшасын бөлек жинап жүргенін аңдаймыз. Және бала түнде фонарикпен бір нәрсеге қарап жатады. Ол – өз әке-шешесінің суреті. Суреттегі еркек пен өзінің арасында ұқсастық іздеп, айнаға қарай береді. Кейіннен Ерсұлтан әкесімен моншаға түсіп жатып оның арқасындағы қалын байқайды. Сол түні түнде ол өзінің арқасындағы қалын айнадан көріп тұрған эпизод та әкеге еліктеудің белгісі іспетті. Ерсұлтан мен әжесінің арасында нәзік байланыс жоқтай. Екеуін тек тіршілік байланыстыратын сыңайлы. Кемпір Ерсұлтан болмаса су әкеле алмайды, сиыр сауа алмайды. Тіпті жуынғанда да екеуі бір-біріне керек. Және ешбір кадрдан әжесінің баласын айналыптолғанғанын естімедім. Тек жұмыс-шаруаның ғана мәселесі сөз болады. Осыдан баланың мейірімге қанбағанын, сондықтан әке-шешесін көп ойлайтынын түсінесің. Яғни Ерсұлтанның миында «әке-шешемнің қасында болсам бәрі басқаша болар еді» деген айтылмайтын ой бар. Дегенмен ол осы кемпірді жақсы көреді және уайымдайды. Мұны біз бар жиған ақшасын білдірмей әжесінің сөмкесіне салып қоятын кезінен көреміз. Осылай өзінің «ақша жинап әке-шешеме барсам» деген арманынан бас тартқандай да күй кешесің. Әжесі қалаға денсаулығына байланысты кетіп барады. Жедел жәрдем көлігіне отырып жатып баласына бар жұмысты табыстап, «үйіңе еге бол» дейді. Бір ауыр хабардың болатынын осы тұстар сездіре береді фильмде. Жолда көлік бұзылып, қалаға жете алмай, кемпір көз жұмады. Мұны Ерсұлтанның досы Диастың әкешешесі естірткенде, бала орнынан сүйретіле тұрып, ауладан шығып кетеді. Алыстау жерге барып, өксігін баса алмай жылайды келіп. Осы бір эпизод баланың үйінен жыраққа, далаға шығып жылауы оның далада қалғанының белгісі сияқты.

Әке-шешемен танысу

Кемпір үш құрсақ көтерген екен. «Екеуі жер астында. Біреуі алысқа тұрмысқа шыққан». Ерсұлтан – сол тұрмыстағы қызының тұңғышы. Шал кетіп, соқа басы сопиып қалғанда баланы алып қалса керек. Фильмде бұл жағы ашып айтылмайды. Әжесін жер қойынына тапсырып, бала автобуста шешесімен бірге қайтып келе жатыр. Екеуінің арасында диалог жоқ. Тіпті тұтас фильмде ана мен бала арасында диалог болмайды. Бұл оның шешесіне деген ренішін аңдататын сыңайлы. Ерсұлтаннан кейін туған бір ұлы бар. Әкесі сонымен көп сөйлесіп, маңызды жұмыстарды соған тапсырады. Ал мұның ешбір тірлігіне көңілі толған емес. Дегенмен ол баласына өзін дәлелдеуге біршама мүмкіндік жасайды. Әсіресе асау тайды ұстап, мінуге ұсынғанда бала қорқып, мінбей қояды. Баласының қорқақтығын көру – әкеге, әке алдында қорыққанын көрсету ұлға өте ауыр. Ерсұлтанды кінәлай алмайсың. Өйткені оны атқа мінгізіп үйрететін әкесі қасында болған жоқ. Тіпті оның ауылында мінетін ат та жоқ сияқты. Осы детальды айқындағандай, әжесінің ауылындағы кадрларында велосипед пен мотоцикл көп жүреді.

Туған әке-шешесіне үйренісе алмай жүрген Ерсұлтанның мектептегі жағдайы тіпті қиын. Ата-әже балаларына ортақ бір қасиет бар – жұмсақтық. Немесе бұл ата-ананың махаббатына бөлене алмаған баланың жасықтығы ма? Анығын айту қиын. Ерсұлтан өзіне тиіскенге жұдырық сілтей алмайды. Көздерінде қанша ашу тұрса да, ол ашуы жұдырығына жетпейді. Сыныптастарының көзінше таяқ жеп қала беретіні жанына батады. Бірде өзіне тиісе беретін жігітті таспен ұрып, басын жарып, сабақтан қашып кетеді. Киноның шарықтауы – осы тұс. Үйіне кіруге қорқып, түн жарымда келеді. Әкесінен таяқ жеп жатып, ішіндегі барын айтып салады бала. «Тастап кете салатын мен сендерге мал ма едім?». Әкесі осы сөздерден кейін баланы тағы сабай ма дейсің. Бірақ ол тысқа шығып, аз уақытта ішке қайта оралады да, баласын құшақтай алады. Қанша жұлқынса да жібермейді. Бауырына тарта түседі. Қайта бауырына алғандай...

Соңғы эпизод

«Бауырына салу» – қазақта ежелден бар салт. Жаугершілік замандарда ерінен айырылып, артынан ұрпақ қалмаған үйдің әйеліне абысыны баласын береді. Немесе ұлы жоқ бауырына басқа бауыры бір ұлын ұсынады. Нәрестені алып жатқан әйел көйлегінің омырау тұсынан салып, етегінен шығарып алады рәсім бойынша. Бұл – баланы босанудың белгісі. Сосын жиналған кемпірлер балаға тілек айтып, адыраспанмен аластап, жаңа анасына табыстайды. «Бауырына салу» фильмінің соңы осы рәсіммен аяқталады. Бұл фильмдегі постскриптум сияқты. Нәрестені емізіп отырған жерінен анасының омырауынан ажыратып алып, жаңа анасына табыстайды. Оның да тағдыры Ерсұлтандікіндей болар ма енді?

Дәстүр трансформациясы

Өзім ата баласы болғаннан кейін бе екен, фильм маған өте қатты әсер етті. Кемпірдің қайтыс болған сәтінен бастап жасымды тыя алмадым. Бұл іштегі жараның бетінің ашылуынан ба, әлде басқа себеп пе – белгісіз. Сонша эмоциямен айналамды байқамадым. Сыртқа шыққанда ғана досымның бір сөзі фильмге салқын көзбен қарауға шақырды: «Мына фильмді бізбен бірге тамашалаған орыстілділер мен орыстар бізге, қазақтарға мүсіркей қарағандай болды маған. Сол күйден арыла алмай тұрмын. Олар бізге «баласын қорғай алмайтын» халық ретінде қарайтындай». Күлтегін Аспанұлының осы сөздерінен кейін қазақ ата-әжесіне баланы не үшін бергені туралы, «бауырына салу» салтының түпкі мәні туралы ойлана бастадым. Әлгінде айтып өткеніміздей, қазақ белгілібір себептермен ұрпақсыз қалған шаңыраққа бала береді. Оты өшпесін, артында құран бағыштар ұрпағы қалсын деген адамшылық ойдан туған салт екені белгілі ғой. Кейіннен бұл салт арасында бала болмаған отбасыларды сақтау үшін жасалды. Дегенмен салт ескіреді. Әмеңгерлік салты да жаугершілік заманда енгізілген ғажап жол болатын. Бірақ оны бүгінгі қоғамға сіңдіру мүмкін емес қой. «Бауырына салу» да сол секілді ескірген. Ұрпақсыз болса, адам тағдырына мойынсыну керек шығар. Өйткені бір адамның эгосы үшін бір баланың тағдырымен ойнауға болмайды. Ал ата-әженің баласы болу – басқа мәселе. Тұңғыш немере ата-әженікі. Өйткені ерте үйленген бала жастағы адамның бала бағуы, тәрбиелеуі қиын шаруа. Сондықтан алғашқы немерені ата-әжесі бауырына алады. Соны алданыш етеді. Ол заманда ата-анасы баладан жырақ кетпеген. Бір ауылда, бір үйде тұрды. Оның үстіне мұндай баланың сыйы бөлек болған. Ол тіпті әкесінің өзімен әзілдесіп, барған жерінде төрде отырады. Өйткені қарияның баласы. Бұл салт кейіннен трансформацияға ұшырады. Баланы ата-әжеге берудің экономикалық себептері пайда болған. 90-жылдары ауылдан береке кетіп, жұрт қалаға ағылды. Өздері қалай күн көрерін білмейтін әке-шешенің балаларын ауылдағы ата-әжеге тастап кетуі заңдылық қой. Осылай экономикалық себеп-салдармен ата-әже балалары дүниеге келді. Немесе «Бауырына салу» фильміндегідей жалғыз қалған анасына қызы тұңғышын береді. Біздіңше, Ерсұлтанның әжесімен қалуына осы жалғыздық себеп болған. Қорыта келгенде, бұл мүсіркейтін нәрсе емес. Өйткені «бауырына салу» қазақы ескі моральдан қалыптасқан салт болатын. Бүгінде абысындар арасында бала беру жоқтың қасы. Әке-шешесі шетелге жұмысқа кетіп, ата-әже қолында қалып жатқан балалар әлі де бар десек те, олар бейнехабарлар арқылы сөйлесіп, ата-аналарын танып жатыр. Тек жеткілікті махаббат алып жатыр ма екен?

«Теміржан синдромы»

Ата-әже балаларының балалық жан жарасы болары анық. Оған дау жоқ. Бірақ есейе келе бәрі артта қалғандай көрінеді. Тіпті үйленіп, отбасы болып кетсе ұмытылып кетуі де ықтимал. Бірақ шал мен кемпір деген кісілердің қай күні кетерін ешкім кесіп айта алмайды ғой. Біздің ауылда Теміржан деген кісі болды. Ащы суға әуестігі болмаса, өте ғажап, ақкөңіл кісі еді. Сөз етіп отырған фильмдегі сияқты ол да нағашы ата-әжесінің қолында өскен. Ұлдары болмаған екен. Дегенмен қария кісілер баласын толық жетілдірмей өмірден өтіп кетті. 15-16 жастағы жігіт өз бауырларына қосыла алған жоқ-ты. Осылай өмірінің күл-талқаны шықты. Жетім дейін десе, жетім емес. Әкешеше дейін десе, оларға бара алмайды. Ортасында ащы сумен өзін жұбатып жүріп, отыздан аса өмірден өтіп кетті. Үйленбеді, үй болмады. Осындай атаәжесі өмірден өткеннен кейін өзін жоғалтып алатын «қария балалары» көп-ақ. «Теміржан синдромы» деген термин психологияда жоқ. Өзім шартты атап отырмын. Өйткені қазақтан басқа халық бұл мәселені түсінбесе керек.

Психологтар мен социологтар не дейді?

Баланы ата мен әжеге басыбайлы беру – қате. Психологтар осылай дейді. Өйткені әкешешенің махаббатының орыны бөлек. Оны еш нәрсе алмастыра алмайды. Ал әлеуметтанушылардың зерттеулеріне сәйкес ата-әже тәрбиесін көрген балалар өте ақылды болады. Осы екеуін ұштастырғанда ғана ұрпақ сау санамен өседі. Яғни бала әке-шешенің махаббатын немесе жанында екенін анық сезініп, ата-әже тәрбиесінде өссе – ол сау және ерекше ақылды болмақ.

***

Әркімнің өз тағдыры бар. Отбасының әр мүшесінің де өз орны бар. Рөлдер ауыспауы тиіс. Өйткені отбасындағы рөлдердің ауысуы – жарадар саналы ұрпақ әкеледі өмірге. «Бауырына салу» фильмінің негізгі айтқысы келген ойы осы болар!

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024

739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы