- АҚ ЖЕЛКЕН
- 24 Тамыз, 2024
Денистің аты өлмейді
«Ақ желкен» журналының редакциясы жас тілші ретінде маған Алматы қаласындағы Денис Тен ескерткіші жайлы толғаныс жазуды тапсырғанда, іштей қатты толқыдым. Көңілімнің бір нүктесі дәл басылғандай алабөтен күйге түстім. «Ол қандай ескерткіш?» деп сұрамадым да. Өйткені...
Денис Тен бала кезімнен сүйікті спортшым болатын. Ата-анаммен бірге теледидардан оның мұз айдында сырғанағанын көріп, «дәл осылай қалай билеуге болады?» деп қатты таңғалатынмын. Ол маған ертегілер әлемінен келген керемет болып көрінуші еді. Ғаламтордан ол жайлы жаңалықтарды іздеп, біліп отыратынбыз. Қазақстанның даңқын әлемге жайып, халықаралық жарыстардан медаль алған сайын қатты қуанып, мақтанатынбыз. Атақты спортшылардың ол жайлы пікірін біліп: «Бұл – біздің Денис Тен!» – дейтінбіз. Ұлты корей болса да, біз оны өз қандасымыз, бауырымыз деп ойлаушы едік. Кейін оның XIX-XX ғасырлардың басында Корея империясы кезінде Кожон патшаға қызмет еткен генерал Мин Гын Хоның тікелей ұрпағы екенін білдім.
Өнеріне, талантына қызығып, Америкаға, басқа да шетелдерге шақырса да, Денис Қазақстанда қалатынын айтып, ешқайда бармады. Денис Теннің Алматыда туып-өскенін, менімен бір қалада тұратынын білгенде қатты қуандым. Мәнерлеп сырғанаумен Қазақстанда ең бірінші болып айналысып, халықаралық жарыстарда алтын, күміс медальдар алып, елімізді бүкіл әлемге танытқан керемет спортшымен бір қалада тұрғанымыздың өзін бақыт деп ойлайтынмын. 2018 жылдың жазында 19 шілде күні Денистің қылмыскерлер қолынан қаза тапқанын естіп, қатты қайғырдық. Оның табытының соңынан жүрген мыңдаған адамды көріп, бәріміз жыладық.
Келесі жылдың жазында Денис Тенге арналып Алматы қаласында, ол өмірден өткен ҚұрманғазыБайсейітова көшелерінің қиылысында ескерткіш орнатылды. Биыл жазда біз сүйікті спортшымызды есімізге алып, оның ескерткішіне бардық. Мүсінші Денистің Сочи олимпиадасындағы сәтін көрсетіпті. Сол қолын жоғары сермеп: «Жерде қалма. Аспанға қолыңды соз. Арманыңа ұмтыл», – деп тұрғандай. Ескерткіш ашық түсті дөңгелек тұғырға орнатылған. Тұғырда Денис Сочи олимпиадасында жеңіп алған қола медаль ойып салыныпты. «Сол жолы қысқа бағдарламада өзіме қатты талап қойып, қателік жіберіп алдым» дегенін естіп едім. Бір ғана қателік болмағанда, алтын медаль алар еді. Ескерткіштің жанындағы тақтаға оның барлық жетістіктері мен медальдары жазылған. Жанында тұрған сәкіге отырып, жан-жағымызға қарадық. Жайқалған ағаштар, гүлдер, саябақ... Өте әдемі жер. Денистің ескерткішінің қарсысында спорт алаңы. Онда жастар, балалар жаттығып жүр. Біз отырғанда ескерткіштің жанына кішкентай қызы мен әкесі келді.
Қызыма Денис Теннің кім екенін айтып жатырмын, – деді әкесі. – Балалар оны біліп, мақтан еткендері дұрыс деп ойлаймын. Біраздан кейін қыз бен жігіт, әкесі мен ұлы келді. Екеуі Денистің ескерткішіне қарап, біраз тұрды. Мәнерлеп сырғанау спорты аса дамымаған елде туып, жасанды мұз айдынында өз бетімен сырғанап үйренген Денис Тен шетелдік фигуристерді Қазақстанға шақырып, олар жас балаларға мәнерлеп сырғанауды үйрету үшін қолынан келгеннің бәрін жасап еді. Тапқан табысын соған бөлгені жайлы оқып едім. Денис Тенге қызығып, еліктеп, мәнерлеп сырғанаумен айналысқан қазақстандық балалар аз емес. Ол жан-жақты, өте талантты еді. Фортепьянода ойнап, музыкамен кәсіби айналысқан. Өзі ән жазатын. Режиссер ретінде фильм қоймақшы болған. Көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттері бала кезінен белгілі болған. Көп армандары орындалмады. Тым ерте қайтыс болды. 25 жаста. Денистің ескерткішінің жанында ұзақ тұрдық. Біз әлі келеміз. Біз сені үнемі есте сақтаймыз, Денис.
Ақерке ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Ақ желкеннің» жас тілшісі
Алматы қаласы
Суретті түсірген Юрий Беккер
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024
707 рет
көрсетілді0
пікір