• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Тамыз, 2024

Қазақ өнерінің ұлы жаңғырығы

Әбілхан Қастеев — өзінің шығармашылығымен қазақ халқының тарихын, мәдениетін және рухын бейнелеген қазақ өнерінің ерекше тұлғасы. Тіпті оның өмір жолы да еліне сіңірген адал еңбегі мен шығармашылық ізденістерге толы. Суретші 1904 жылы Жаркент маңындағы Шежін ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылып, анасы мен өгей әкесінің қолында ер жеткен ол, отбасының бір жағына шығысу мақсатында 8 жасынан бастап ауылындағы дәулетті адамдардың қойын бақты. Тау мен даланың еркін кеңістігін жалғыздықта кезген бала күн сайын өзендер мен жылғалардың, қыраттар мен төбелерінің әсемдігін бойына сіңіріп өсті.

Дәл осы балалық балғын шағынан бастап Қастеевтің табиғи дарыны сыртқа көріне бастады. Тастағы петроглифтерді салып тарих қойнауына кеткен суретшілер секілді, жас Қастеев те ең алғашқы суртеттерін тасқа қашып салған екен. Бұл оның табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен өнерге қызығушылығын қалыптастырып, тастағы бейнелерді қағаз бетіне түсіруге итермелесе керек. Кішкентай Әбілхан қой соңында жүріп, тастарға, ағаштарға, тіпті жерге де сурет салуға әуес болған деседі. Айналасындағы адамдар мен замандастарынан қолдау таппаса да, бойындағы өнерге деген сүйіспеншілік пен табиғатқа деген терең қызығушылық оны сурет салуға одан әрі жетелей берді. Ол табиғаттың әсемдігін көркем шығармалары арқылы жеткізуге ұмтылды, ал бұл ұмтылыс оның болашақ суретші ретіндегі жолын қалыптастырды. Шеберліктің бастауын табиғаттан тапқан Әбілханнан бірде белгілі өнертанушы: «Сурет салуды қайдан үйрендіңіз?» деген сауалға, ол: Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, – деп жауап беріпті деседі.

***

Жалпы ХХ ғасырдың басында Қазақстан мәдениетінде шығармашылық энтузиазмның энергиясы күшті болып, құлшыныспен дамып жатты. Қалың жұрттың ортасынан өнер аренасына көптеген жарқын таланттар шыға бастады. Атақты әнші Әміре Қашаубаев өнерімен Париж көрерменін таңдандырса, қазақтың бұлбұлы атанған Күләш Байсейітова әсем даусымен ел есінде қалды. Биші Шара Жиенқұлова, актер Қалибек Қуанышбаев, драматург әрі режиссер Қанабек Байсейітов сынды өнерпаздар қазақ мәдениетін жаңа биікке көтерді. Осы ұлы өнер иелерімен қатар тұрған Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы да қазақ халқының мәдени мұрасын байытып, ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосты. Бұл уақытта музыка және театр студиялары құрылып, олар кейіннен елдің ең үздік және танымал сахналарына айналды. Олардың қатарында Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры және басқа да өнер ұжымдары бар. Осы жылдары шығармашылық қуат пен жаңашылдық рухы барлық салаларда өркендеп, өнерге қызығушылық артты. Білікті өнерпаздар мен жас таланттар өнерде өз орындарын тауып, қазақ мәдениетінің өркендеуіне үлес қосты.

Әбілхан Қастеевтің кәсіби суретшілік жолы да осы кезеңнен бастау алады. 1925 жылы 21 жасында ол алғаш рет қолына қарындаш алып, суретшілік жолға түсе бастайды. Алайда ол жергілікті дін өкілдері мен туыстарының сынынан қорыққандықтан суреттерін жасырып, ешкімге көрсетпей салуға тырысады. Қастеев қазақ халқының дәстүрлі тұрмыс-салтын терең түсініп, оның сұлулығын бағалай білді. Ол киіз үйлердің ішін безендіріп тұрған текемет, алаша, тұскиіз және басқұрлардың әсем түсін дәлдікпен жеткізді. Қазақ шебер әйелдерінің қолынан шыққан бұл бұйымдар Қастеевтің шығармаларынан ерекше орын тауып, ұлттық өнердің бірегей көрінісіне айналды. Әбілхан Қастеевтің көп айтыла бермейтін қасиеттерінің бірі – оның адамдармен тез тіл табыса білуі. Ол әрбір адамның ішкі жан дүниесін түсініп, оның портретін бейнелеуде ерекше шеберлікке ие болды. Бұл қабілеті оған өмірдің түрлі салаларынан қызықты сюжеттерді табуға және оларды көрерменге әсерлі етіп жеткізуге көмектесті.

Қастеев және Хлудов

Ә.Қастеевтің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде оның Н.Г. Хлудовпен танысқан сәтін айтсақ болады. 1929-1931 жылдары Қастеев Алматыда жеке сурет студиясына қабылданып, Хлудовтың жетекшілігінде білім алды. Хлудов Қастеевтің өміріндегі алғашқы ұстазы болды және оның шығармашылық дамуына әсер етті. Қастеевтің Хлудовпен алғаш кездесуі туралы жазған естеліктері әлі күнге дейін сақталған. Сол естеліктердің бірінде ол Хлудовтың Қазақстандағы алғашқы қазақ суретшісін көріп қатты таңданғандығын еске алады. Сонымен бірге Хлудов Қастеевтің суреттерін мақтап, майлы бояуларды керосинмен араластырудың орнына акварельмен жұмыс істеуді ұсынғанын да айтады. Кездесудің соңында Хлудов Қастеевке акварель бояулары, қылқалам мен қағаз тарту етіп, оған аптасына екі рет студияға келіп тұруын ұсынған екен. Қастеевтің мақсатты талпынысына нық сеніммен қараған Хлудов: «Сен бірінші болдың, енді артыңнан басқалар келеді. Сенің алдыңда қиын, бірақ кең жол бар және сен осы жолдан ауытқымауға тиіссің», – деп жас суретшіні үнемі ынталандырып тұрған екен.

***

Бейнелеу өнеріне деген адалдығын дәлелдеген Ә.Қастеев бізге үлкен әрі бағалы көркемдік және рухани мұра қалдырды. Оның еңбекке деген шынайы қарым-қатынасы мен үздіксіз жұмыс істеу қабілеті оның мол көркем мұрасын қалыптастыруға ықпал етті. Қастеевтің қалдырған мұрасы өте ауқымды және сан алуан. Мысалы, 2005 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік музейі шығарған каталогтың ішінде оның 1143 туындысы жинақталған. Сондықтан да бұл мұра жанрлар бойынша, шығармашылық стильдің динамикасы мен ерекшеліктері бойынша және ұлттық өзіндік ерекшеліктің дамуы бойынша мұқият зерттеуді талап етеді. Оның мұрасы өнер зерттеушілері мен көрермендер үшін сарқылмас шабыт пен ұлттық мәдениеттің тереңдігін түсінуге бағытталған маңызды дереккөз болып қала берері айдан анық.

Санжар СЫРҒАБАЕВ,

суретші, өнертанушы

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024

736 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы