- АҚ ЖЕЛКЕН
- 25 Тамыз, 2024
Жанар БАЙСЕМІЗОВА: Адам қай жерде жүрсе де өзін іздейді
Журналист Жанар Байсемізова шетелдердегі қазақ балаларының тағдыр-талайы туралы кемі он бес жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында ол бірнеше телеарнада түрлі атаумен жобалар дайындап, шетелге кеткен қазақ бүлдіршіндерінің өмірін түбегейлі қарастырды. Жобаны Жанар алғаш 2009 жылы «Хабар» арнасында бастады. Онда «Америкадағы қазақ балалары» деген атаумен екі бөлім көрсетілді. 2010 жылы «Алматы» арнасында «Жүректің жұлым еті» деген атаумен Бельгиядағы қазақ баласының тағдыры туралы деректі фильм дайындады. Сапарға демеушіні де өзі тапты. 2013 жылы жоба «Қазақстан» ұлттық арнасында «Шетелдердегі қазақ балалары» атауымен қайта жалғасты. Ал 2022 жылдан бері Жанардың жобасы Қазақстан Республикасы Президенті теле-радио кешенінің «Жібек жолы» арнасынан шығып жатыр. Осы арнаның қолдауымен қазір апта сайын деректі драма формасында хабарлар жарық көріп келеді. Өткен екі маусымды YouTube жобасы арқылы да мыңдаған адам тамашалады. Жақында Жанар АҚШ-тан, Еуропадан түсірілім жасап оралды.
2010 жылдары Жанар осы жобаны қолға алған кезде шетел асқан қазақ балалары әлі балғын еді. Арада біраз жыл өтті. Олардың өмірге көзқарасы қалыптасты, мамандық алды, орта тапты. «Шетелдердегі қазақ балалары жобасы» бізге сонысымен де қызық. Әріптесімізді әңгімеге тарта отырып, адамның өзін іздеуі жолындағы біраз сауалдарға жауап тапқандаймыз.
– Жанар, естуімізше, шетелдерге кеткен қазақ балалары қазір өзінің шыққан тегіне, туған жеріне қатты қызығушылық танытып жатыр. Олардың елмен қайта байланысуына өзіңіз де дәнекер болып жүрсіз. Олар туыстарын қалай іздейді?
– Иә, қазір ол балалар есейді. Күн сайын олардың тағдыры туралы түрлі жаңалық, оқиға, ақпарат естіп, олардың туған елмен байланысуына аздап болса да көмегімізді беруге асығып, құлшынып келеміз. Мысалы, кезінде Сардар деген баланы асырап алған отбасы кейін Зарина деген қызды да қамқорлыққа алған. Екеуінің әке-шешесі бөлек. Екеуінің құжаты бірге жасалған. Бір жылдан кейін ол отбасы Тараздан тағы бір қыз асырап алады. Осы Сардардың анасын іздестіріп жүріп, біз Заринаның анасын тауып алдық. Бірақ Зарина бізбен кездескен кезде «туған шешемді іздеймін» демеген еді. Біз Сардармен сөйлесіп, қарындасының қарсы болатынболмайтынын сұрадық. «Анасы туралы ақпарат таптық, оған қажет пе, қажет емес пе?» деп анықтап алғымыз келді. Қазақ болып туса да, олардың қазіргі менталитеті бөлек қой. Батыста адамның жеке өміріне қол сұғуға болмайды, құпиялылық мейлінше сақталады. Біздің хабарымызды естіп, Зарина қатты қуанды. Оған туған анасының нөмірін бердім. Екеуі видеобайланыс арқылы сөйлесті. Одан кейін Зарина Қазақстанға келіп кетті. Анасымен, әпке-сіңлілерімен кездесті.
– Канадада тұратын Жандос деген кейіпкеріңізді де сүйінші жаңалықпен қуантқан екенсіз.
– Керісінше, Жандос өзі мені тауып алды. Он жыл бұрын Канадаға барғанымда Жандосты кездестірмеген едім. Олар бағдарламамды көріп, түрлі әлеуметтік желілер арқылы біліп, бізге хабарласты. Шетелдердегі қазақ балалары бір-бірімен хабарласып, білісіп тұрады. Жандостың қазіргі ата-анасы Канадаға қазақ қауымдастығы арқылы бізге хат жазды. Іздестіре жүріп, Жандостың туған анасын Ақтау қаласынан тауып алдық. Бес ұлы бар екен, Жандос екіншісі болып шықты. Жандостың қазіргі есімі Рейн, мектеп бітірді. Асырап алған әке-шешесімен бірге жақында Қазақстанға келіп қайтты. Астанада болды, Ақтауда туған анасымен кездесті. Мен қолымнан келгенше көмектестім. Ақтауда тұратын оқырмандарымыз күтіп алып, мейлінше көмек қолын созды. Содан кейін олар біздің үйде қонақ болды. «Көшпелілер» деп аталатын үлкен картина сыйладық. Жандосты жақында деректі фильміме кейіпкер етіп қоспақпын. Ол өте дарынды жігіт. Биыл Канададағы Корольдік консерваторияға оқуға түсті. Аса мәртебелі саналатын осы оқу орнына жылына ең талантты жеті бала ғана қабылданады. Жандостың өзі опера орындайды. Консерваторияда дирижерлік білім алмақ. Өзінің арманы да сол екен. Айта кетерлігі, ата-анасын, туыстарын іздеген шетелдердегі қазақ балалары көп хабарласады. Олардың барлығымен кездесіп үлгермеймін.
– Сонда балалар бірінен-бірі естіп, туғандарын іздеу үшін сізге көбірек хабарласатын болып тұр ма?
– Иә, «бір жақсы хабар шығып қалар» деп үміттенеді ғой. Қазақстанда туған Джулия деген белорус қызы да маған әлеуметтік желі арқылы өтініш білдірді. Оның да әке-шешесін, туған-туысын таптық. Бұл жұмыстың барлығы волонтерлік бағытта істеліп жатыр. Джулиана деген Өскеменнің қызы әкесін әлеуметтік желі арқылы таптық. Қызынан айнымайды екен. Енді олар өздері сөйлеседі, біліседі. Біздің мақсатымыз – байланыстыру. Ары қарай өздері шешеді. АҚШ-тың Атланта қаласында тұратын Динара есімді қазақ қызына кезінде бір бағдарламамыз арналып еді. Соның туған анасы табылды. Анасымен видеобайланыс арқылы сөйлестірдік. Динара анасынан айнымайды екен. Оның елге қашан келетіні белгісіз. Анасы да сол жаққа барғысы келіп жүр, ретіне қарай ол шаруа да реттеліп қалар. Жалпы, өзім балалардың табылған аналарының барлығымен байланыстамын. Ал НьюЙоркте тұратын Карина есімді қыздың туған інісі табылды. Анасы қайтыс болып кетіпті. Қазір інісімен сөйлесіп жүр. Германиядағы бірнеше баланың әке-шешесі табылды. Ерлан деген баланың анасын тапқанымызға қуаныштымыз. Өте жақсы отбасы екен. Сұлтан деген баламен Калифорнияда кездесуіміз керек еді. Оның уақыты сәйкес келмей қалды. Сұлтан кейін Қазақстанға келді. Біз байланысқа Зум арқылы шығып, бағдарламаға қостық. Ол да өзінің шешесін неше жылдан бері іздеп жүр екен. Біз анасын Ресейден таптық. Бірақ әлі байланысқа шыққанымыз жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп айта беруге болады.
– Өз елімізде баласынан көз жазып қалған аналар сіздерге өтініш жасай ма?
– Әрине, ондай жағдай да көп. Біз өзімізден-өзіміз отырып, «мына баланың анасы бар ма екен?» деп таба бермейміз. Не балалардың өзі, не Қазақстандағы ата-анасы, туыстары өтініш жасайды. Бір ұйғыр қызы мен қазақ баласын асырап алған отбасын 2009 жылы бағдарламаға түсірген едім. Ол баланың аты да – Ерлан. Ол кезде кішкентай бала болатын. Ұйғыр қыздың жақындарын да таптық. Қазақстанда тұрып жатқан, кезінде әлдебір жағдайлармен балаларынан көз жазып қалған әйелдер де іздеп жатыр. Олар да бағдарламаны көреді.
– Шетелге кеткен балалар анасын, туыстарын тапты делік. Олар енді не істейді? Қалай араласады?
– Жоғарыда айтып өткен Жандос, мысалы, елге 17 жылдан кейін келді. «Туған жерімді, туған анамды, бауырларымды көргеннен кейін құндылықтарым, көзқарасым өзгеріп кетті» дейді ол. Бірге өсіп, бір үйде тұрмағаннан кейін, туыстық қатынас жасамағаннан кейін олардың арасында жылылық бола ма деп алаңдап едім. Олар көріскен кезде жылады. Заринаның анасы қалай жылады десеңізші! Жандостың туған шешесінің отбасының әлеуметтік жағдайы өте қиын екен. Соларды көріп, бауырларын көріп, Жандостың көңілі күпті болып кетті. «Алдағы уақытта соларға көмектесемін» деп жүр. Гүлмира деген қызымыз Қазақстанға, Астанаға келіп кетті. Анасымен кездесті. Ол да қазір ай сайын туған анасына ақша жіберіп, көмектесіп тұрады. Туған анасы жаман аурумен ауырады.
– Есейіп, ес білгенде олардың тамырын тануға тырысуы заңдылық деуге бола ма?
– Олар үшін туыстарын іздеу өте маңызды. Бала үшін өзінің кімнен туғанын білу, не себепті тағдыры сондай болғанын білу өте маңызды. Сол аналарды жазғыра салмай, түрлі жағдайға байланысты баласынан көз жазып қалған дейікші. Мен оларды «баласын тастап кеткен, бас тартқан» дей алмаймын. Әр баланың тағдырына қанығып, оқиғаларын естіп жүріп өз көзқарасым да өзгерді. Адамдар табалап, айыптап жаза береді. Балаларынан айырылған әйелдер өзінің тозағын өмір бойы арқалап өтеді. Бірақ перзентін тапқан кезде көңілдері тыншиды екен. «Аман-есен ғой» деп қатты көтеріліп қалады. Бірін-бірі қанша көрмесе де, ананың аты – ана, баланың аты – бала. Мейлі, ол бағып-қағып өсірмесе де, үзілген байланыстың қайта жанданғаны қасиетті, киелі нәрсе екен. Мен оны сөзбен жеткізе алмаймын. Бұрын бағдарламаны түсіріп жүргенімде сол балалар кішкентай еді. Қазір өсті, өмірге көзқарастары қалыптасып қалды. Түрлі ой айтады. Туған аналарымен байланысқа шығу да ауыр. «Сіздің басыңызда осындай жағдай болып па еді?» деп жұқалап сұрайсыз. Ондай әйелдердің әрқайсысында «ешкім білмесе екен» деген ішкі бір құпия болады. Соны қайтадан ашу, құпияны ашу, шеккен қасіретін қайта тірілту оңай емес. Өзіңді де кінәлі сезінесің.
– Балалар өздерінің тағдыры туралы толық білгенде қандай сезімде болады екен?
– Ауыр қабылдайтындары да, түсіністік танытатындары да бар. Кейде тіпті туған анасын іштей кінәлап жүріп, мән-жайға қаныққанда таңғалып та жатады. Мысалы, әлгі Гүлмира деген қыз дүниеге келгенде, оны шешесіне «өлді» деп айтқан...
– Туысын тапқанына өкінетін жағдайлар болды ма?
– Болды. Бір қыз өз шешесін ұзақ іздеген. Анасын тапқан кезде қатты қуанған, эмоциясына ерік берген. Бірақ... анасынан ондай эмоция байқалмаған. Мен ол жайлы да бағдарлама жасадым. Сол кезде ол қыз: «Кейде туған анаңды тапқаннан да, таппаған дұрыс сияқты», – деді...
– Жалпы, осының бәрінен қандай қорытынды жасауға болады?
– Адам қай жерде жүрсе де өзін іздейді. Біз өз елімізде, өз жерімізде, өзімізге ұқсайтын адамдар арасында жүргендіктен, жеке идентификация мәселесіне бас ауыртпаймыз. «Өз елімде тұратыным үшін бақыттымын» деп алғыс айтпаймыз. «Өз әке-шешемді білетінім қандай жақсы!» деп сүйсіну тіпті ойымызға кіріп-шықпайды. Өзіміздің қазақ екенімізді, ана тілімізде сөйлей алатынымызды қадірлемейміз. Тамырын үзіп алған балалардың қасіретін көргенде, өзіңнің кім екеніңді біле алмау адам үшін үлкен трагедия екенін түсінесіз. «Мен кімге ұқсаймын?» деген сұрақ оларды қатты мазалайды. Олар кішкентай кезінен соны ойлай бастайды. Өйткені әкешешесі ақ нәсілді, айталық, француз, бельгиялық, т.б. Әке-шешенің түр-сипаты ұқсамайтынының өзі балаға үлкен психологиялық қиындық.
– Алда қандай жоспарлар бар?
– «Шетелдегі қазақ балалары» жобасына түскен балалардың ғана емес, түспеген балалардың да аналарын іздеуге көмектесіп жатырмыз. Қазір олар бір-бірінен естіп, іздеп жатыр. Джулия есімді қыз басқалардың туысы табылғанын естіп, бізге өзі өтініш жасады. Жақында «Жібек жолы» арнасында «Шетелдердегі қазақ балалары» жобасының үшінші маусымын бастамақпыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024
727 рет
көрсетілді0
пікір