• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Тамыз, 2024

Жеті қазына: көне күндер күмбірі

Жеті қазына дейміз. Бірақ оның тамыры қайда? Бұл қазыналар қандай критерийлер бойынша таңдалған? Неге дәл осы жеті нәрсені қазына дейміз біз? Және олардың саны дәл жетеу ме?

Қанша қазына бар?

Жеті қазына – қазақ дүниетанымындағы философиялық ұғымдардың бірі. Оған халықтың құрмет тұтқан, тіршілігіне аса қажетті заттары жатады. Қазіргі қалыптасқан түсінік бойынша жеті қазынаға ер жігіт, сұлу жар, құмай тазы, берен мылтық, жүйрік ат, ақыл-білім және қыран бүркіт кіреді деп жүрміз. Дегенмен жеті қазынаның нұсқасы көп. Бір нұсқаларда жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік кездеседі. Ондағы жүйрік ат – ер жігіттің қанаты, қыран бүркіт – қуаты, құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі, мылтығы – қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы – әдіс-айласы, кездігі сұсы деп пәлсапалық ой қорытып жатады. Үшінші нұсқа тағы бар. Оған күн, аспан (ауа), жер, бұлт (су), жел, ай, кітап (Құран) кіреді. Төртінші нұсқа тағы бар. Осы нәрселердің бәрін қосып, кестеге түсіріп көрелік.

Осы нұсқалар ішіндегі үшінші нұсқадан бірден бас тартуға болады. Бұл беріде, исламның дендеуімен қалыптасқан, танымдық негізі жоқ нұсқа. Әрине, бұл нәрселерді қазына емес деуге болмайды. Бірақ қазақы қазынада иттің бары ақиқат. Өйткені басқа ешбір затқа «жеті қазынаның бірі» деген тіркес көп қолданылмайды. Тек ит туралы ғана айтылғанда қазақ «ит – жеті қазынаның бірі» деп айшықтайды. Төртінші нұсқаға келейік. Рас, қазақ қасиет тұтатын нәрсенің бәрі бар. Бірақ бұлардың бәрі дерлік күнделікті тіршілікте қолданылатын нәрселер болмаса керек. Сонымен қатар қазына деген көбіне заттық нәрселерге қолданылатын дүние болғандықтан, төртінші нұсқадағы көңіл, ақыл-білім, денсаулық деген сияқты нәрселерге байланысты күмән бар. Оның үстіне бұл мәселелерге байланысты қазақта «байлық түсінігі» қолданылады. «Бірінші байлық – денсаулық, Екінші байлық – ақ жаулық, Үшінші байлық – он саулық» деген сөз бәрімізге таныс шығар. Яғни денсаулық, ақ жаулық (жар, әйел), он саулық (мал-мүлік) үшеуі – ер жігіттің байлығы. Осы тұрғыдан келгенде бірінші нұсқаға да күмәнмен қарауға болады.

Біздің ойымызша, бірінші нұсқадағы жеті қазына кейіннен қолдан құрастырылғандай көрінеді. Яғни бұл ер жігіттің басына құралған қазыналар емес, халықтық қазыналары есепті арнайы жасақталған. Олай дейтініміз, кейінгі үш нұсқада да ер-жігіт кездеспейді. Бұдан біз қазынаның тек жігіт басына байланысты құралған нәрсе екенін анық ұғамыз. Ал бірінші нұсқадағы ер мен әйел, ақыл-ойдың қосылауы тұтас халыққа универсал қазына жасау негізінен шыққанға ұқсайды. Идеологиялық тұрғыда өте жақсы бастама болғанмен, тұрмыстық тұрғыда отырықшы халықтың көңіліне тиердей. Өйткені ит жүгіртіп, құс салу көшпенділікке тән. Яғни бірінші нұсқада отырықшы мәдениетке тән құралдар жоқ.

Ер жігіттің басына құралған нағыз қазына деп екінші нұсқаны атауға болады. Яғни тек бұл нұсқада ау мен қақпанды біріктіру керек. Өйткені осы екі заттың қолданылу амалы бірдей. Екеуі де амалдап қажетті жемтігін құрыққа түсіруге арналған. Оның орнына сұлу жарды қою керек. Яғни бұл азаматтың тіршілігіне, жақсы өмір сүруіне қажетті бар қазына.

Жеті қазына ұғымы қайдан шыққан?

Бұл туралы турасын айтатын миф немесе аңыз кездеспейді қазақта. Жалпы жеті қазынаны айғақтайтын қазақта жалғыз сөз – жоғарыда айтып өткен итке байланысты ғана. Өзге халықтың мифтерінің ізімен жасалған бір аңыз бар. Онда қария жеті түрлі қасиетке ие тасын жоғалтып, соны іздеп жолға шығады. Сол жолда оған қажетті болған құралдар кейіннен жеті қазынаға айналғандай. Бірақ қазақта «қасиетке ие тас» (философия тасы) деген ұғым болған емес. Сондықтан бұл аңызды назарға алудың қажеті жоқ. Біздіңше, жеті қазына жиынтығы ежелгі жерлеу рәсімдерімен байланысты дүниеге келген. Яғни ислам дінінен ары, тым тереңде жатыр. Өздеріңізге белгілі, ежелгі халықтар адамды жеке заттарымен қоса жерлеген. Бұл сөзімізге ежелгі қорымдардың бәрі дәлел. Қазақстанның шығысынан оңтүстігіне дейін созылған обалардың бәрінде адаммен бірге заттары жерленеді. Мұндай обалардан көп табылатын нәрселер: ат, сауыт-сайман, қару-жарақ, жебе ұштары. Яғни адамға арғы дүниеде керек болады деген түсінікпен барлық қажетті затын қоса жерлейді. Тіпті кейбір обалардан әйелі мен ерінің қатар жатқан мүрделері табылып жатыр. Ері қайтқанда әйелін өлтіріп бірге жерлеуі мүмкін бе? Әбден мүмкін. Ғұндарда патшаларымен құлқұтандарын да бірге жерлейтін ғұрып болғаны тарихқа белгілі. Ал ит ше? Итімен бірге жерленген мүрде бар ма? Бұл жағы белгісіз. Бірақ Құрық қорғанынан қыран құсымен бірге жерленген мүрде табылғанын ұмытпауымыз керек. Ал итті құрбан ретінде пайдалануы ықтимал. Олай дейтініміз, Әлкей Марғұлан «қола дәуірінен кейінгі кезеңдерде қой мен сиырдан бөлек иттің де құрбандыққа шалынатынын» атап көрсетті.

Түркіге монотеистік дін келіп, жерден биік жүретін жануарлар қасиетке ие болған, тотемге айналған кезеңдер болған. Арқар, таутеке... Берел қорымынан табылған аттарға алтыннан таутекенікіндей мүйіздер орнатылып жерленген. Көк Тәңірге жақын деп танып, аттарын соларға ұқсатқан ғой. Яғни олар өлген адамды Тәңірге алып баруы керек-ті.

Әйелге тән жеті қазына

Сонымен, жеті қазынаны адаммен бірге жерленетін жеті түрлі зат дедік. Олар – бір замандарда әйел, ат, ит, қыран құс, сауыт, қару (қылыш, кездік, садақ), қақпан. Кейіннен діннің келуімен өзгеріске ұшырай берді. Содан кейін ұлттық идеологияның құралына айналып, ер жігіттің ғана емес, тұтас халықтың жеті қазынасы деген мағынаға ие болды. Бірақ қазақ халқы кейінгі кезеңдерге дейін бұл заттарды адамның өмірден озуымен байланысты ғұрыптарға қосып жүрген. Мысалы, бірге жерленетін аты иесі өлгеннен кейін тұлданып, асында сойылатын. Ал марқұмның жеке заттары асы берілгенше әр көште осы тұл атына салынып жүретін болған. Бұл көріністі М.Әуезов «Абай жолында» қаралы көшті суреттеу кезінде ерекше бейнелеген.

Жеті қазына бір замандарда тек ерге тән құралдар болды дедік ғой. Ол адамның тіршілік ету ортасына қарай өзгере де береді. Мысалы, екінші нұсқадағы майланғыш аудың қосылуы – балықшылықпен айналысатын халыққа тән. Отырықшы, егінші елдердің жеті қазынасы ретінде егінге керекті құралдар болуы да ғажап емес. Тек біз елдің оңтүстігіндегі аздаған отырықшылықты елемей, көшпендінің ұрпағы саналғандықтан, осы мәдениетке тән ұғымдарды көбірек сақтадық. Егіншілік фольклоры көп зерттеусіз қалды. Осы тұста ерге тән жеті қазына сияқты, әйелге де тән жеті қазынаның болуы мүмкін ғой деген ой келеді. Олар не болуы ықтимал? Біздіңше, бұл заттар арасында міндетті түрде ер-азамат, жүйрік ат пен ит бар. Ер-азаматы түсінікті. Ал ат пен ит қай-қай қазақ үшін (әйел-ер деп бөлінбей) қасиетті. Оның үстіне біреуі – қозғалыс құралы. Ер атқа мініп, әйел жаяу жүрді немесе еріне мінгесе жүрді деген сөз жоқ. Ал иттің әйелге, шаңыраққа қорғаушы екеніне дау жоқ-ты. Одан кейінгі заттарды ошақ (қазан), ине, ұршық және әшекей бұйымдар деуге болатын шығар.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024

721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы