• Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?
  • 27 Тамыз, 2024

Жоспары – құпия, мақсаты – үлкен

Биыл 10-сыныпқа көшкен оқушысы Бақмұхаммед Жамұров бала кезінен ғылымға қызығады. Ғылыми зерттеулер жасау, олимпиадаларға қатысу – оның сүйікті ісі. Смартфонға телміріп, әлеуметтік желіні айналдыра беретін жеткіншектердің арасынан білім алуға деген ұмтылысы бар жасты көрген кезде біз де қуанып, олармен сөйлесуге асығамыз.

– Бастауыш сыныптардан бастап ғылымға бейім болдым және түрлі олимпиадалар мен ғылыми жұмыстарға қатыстым. 4-сыныпта «Зерде» байқауына қатысып, химия және биология секциялары бойынша қалалық, облыстық және республикалық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болдым. Бұл ғылымға деген жолымның басы болды. 7-сыныпта физика бойынша ғылыми жоба қорғадым және қалалық кезеңде 3-орын алдым. Келесі кезеңге өте алмағаныма қатты өкініп, химия-биология бағытын зерттей бастадым. 8-сыныпта өзімді басқа да пәндер бойынша сынап көргім келді және олимпиадаларға көп қатыстым. Химиядан ең жоғары ұпай жинап, мұғалімім мені олимпиаданың келесі кезеңіне апарды. Олимпиадаға 10-11 сыныптың тапсырмалары келді. Өзіме өте күрделі болып көрінді, бірақ бұл жайт мені химияны тереңірек зерттеуге итермеледі. Бір аптадан кейін қалалық олимпиадада 1-орынға ие болып, келесі кезеңге өттім. Ал облыстық кезеңде 2-орын алдым. 9-сыныпта Қ.Сәтбаев атындағы республикалық олимпиадаға қатысып, орын алмадым. Бірақ бұған еш ренжігенім жоқ, керісінше, бұрынғыдан да көп еңбектене бастадым. 9-сыныпты қызыл аттестатқа бітіріп, енді 10-сыныпқа барамын. Ендігі жоспарларымды айтпаймын, құпия, – дейді Бақмұхаммедтің өзі.

Бақмұхаммед осы уақытқа дейін екі ғылыми жұмыс әзірледі. Оның бірі – бөдене жұмыртқасы қабығының адам ағзасына пайдасы туралы. Алдымен бұл жұмысын үш кезеңнен тұратын байқауда қорғаған. Алғашқысын өзі оқитын Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектепте қорғаса, сосын облыстық деңгейдегі БИЛ-да, үшінші кезеңде Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» лагерінде қорғапты. Бөдене жұмыртқасының қабында көп микроэлемент бар екені осыған дейін ғылымда дәлелденіп қойған. Алайда күнделікті өмірде адамдар бөдене жұмыртқасының қабығын үгітіп, пайдаланып жүр ме? Оның үстіне дәрумендер толтыратын биологиялық қоспалардың жарнамасы жүріп тұрғанда, табиғи өнімді тұтыну екінші орынға ысырылды. Бақмұхаммед ғылыми жұмысы арқылы бөдене жұмыртқасының қабығы басқа дәрумендерге қарағанда тиімді әрі нәтижелі екенін көрсетуге тырысқын.

«Бөдене жұмыртқасының қабығында көптеген қоректік заттар, соның ішінде дәрумендер (A, B1, B2, PP), микро және макроэлементтер (темір, фосфор, калий, кобальт, мыс, кальций), маңызды амин қышқылдары (треонин, тирозин, глицин, лизоцин және гистидин) бар. Өзім қаназдықпен көп ауырдым. Көп дәрумен ішетінмін. Бір жолы қан толтыру үшін табиғи өнім пайдалануым керек деп шештім. Осылайша зерттеуімді бастадым. Бөдене жұмыртқасының қабығын ұнтақтап, күн сайын аш қарынға ішіп жүрдім. Анам да мені қолдап, ұнтағымды қолданды. Бір жарым айдан кейін басымның ауырғаны қойып, өзімді жақсы сезіне бастадым. Ал анамның тырнақтарының сынғыштығы тыйылып, тырнақ пластинкаларының қалпына келу процесі жүрді. Бөдене жұмыртқасы – табиғи өнім және оның қабығы да табиғи, сондықтан ешқандай зияны жоқ. Егер оны ұнтақ түрінде қолдану ыңғайсыз болса, онда ұнтақтың дәмі сезілмеуі үшін бал қосуға болады. Басқа дәрумендерден ерекшелігі сол – бөдене жұмыртқасының қабығы ағзаға оңай сіңеді», – дейді Бақмұхаммед.

Химия, биология пәнін қатты қызығып оқитын Бақмұхаммедтің тағы бір ғылыми жұмысы «ферромагниттік сұйықтықтың қасиеті» деп аталады. «Бұл – физикадағы ғылыми жұмыс. Осы сұйықтықтың суда және құрлықта қандай қасиеттері бар екенін көрсеттім», – дейді жас ғалым. Әрине, бәріміз мұның не екенін түсіне бермеуіміз мүмкін. Мектепте оқығанымыздай, ферромагнитті сұйықтық үйкелісті азайтуға қабілетті. Бақмұхаммедтің айтуынша, ферромагниттік сұйықтық машина жасауда, аэроғарыш өнеркәсібінде және МРТ құрылғыларында қолданылады екен. «Ферромагниттік сұйықтықтар – әдетте органикалық еріткіш немесе су секілді тасымалдаушы сұйықтықта ілінген ферромагниттік немесе ферромагниттік нанометр өлшемді бөлшектерден тұратын коллоидты жүйелер. Неодим сияқты әлемдегі ең күшті магниттің тегіс бетте сырғуына мүмкіндік береді. Магнит сұйықтыққа жақындағанда, сұйықтық оған тартылады», – деп түсіндірді ол.

Жақсы мақсатта жүзеге асқан ғылыми жұмыстың адамзатқа тигізер пайдасы көп. Бақмұхаммедтің ғылыми жұмыстары осыған дейін дәлелденіп қойған болса да, күнделікті айналыста деуге де әлі ертерек. «Химия қиын ғой, шаршап кетпейсің бе?» деген сұрағымызға «неғұрлым күрделі болса, соғұрлым жақсы, маған қиындықты жеңген ұнайды» деп жауап берген жас ғалымның талабына сүйсініп, неге қолдамасқа? Айтпақшы, Бақмұхаммед болашақта микробиология саласын таңдайтынын айтты. Ендеше, Бақмұхаммедтің өзі құпия деп айтпай отырған жоспары микробиологиямен байланысты болмақ деп топшыладық.

Дайындаған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024

612 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы