• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 30 Тамыз, 2024

Баланы буллингтен қалай қорғаймыз?

Әлімжеттік, зорлық-зомбылық, буллинг туралы қоғамда сан айтылып, баспасөзде сан жазылып, талқыланып келеді. Айтылған мәселе шешімін тапса керек-ті. Шешімі сол – «бәріміздің басымыздан өткен дүние» деп жылы жауып, қалыпты жайтқа балап қоймай, ізгілік әлеміне жақындай түсуіміз қажет. Рас, жиі кездесетін жайт: өзін күшті санайтын бала мінезі жұмсақ, мейірімді немесе тұйық, әлсіз балаға өктемдік жасап, сөзбен кемсітеді, келемеждейді, тіпті күш көрсетеді. Бұл – нағыз буллинг. Әлімжеттік. Көп жағдайда біреудің біреуге қоқан-лоққы көрсетуін, қудалауын буллинг деп атаса, бір адамға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді. Қазір қоғамда буллинг те, моббинг те кездеседі. Балалар көбінде буллингке ұшырағанын ешкімге айтпауға тырысады. Намыстанады. Психологтардың пікірінше, буллинг құрбандары көбіне кездескен қиындығын күресіп, өзі жеңемін деген ойда болады. Балалар мен жасөспірімдер арасында буллингке ұшырағанын түсінбей кеткендер де кездеседі. Біз сұқбаттасқан Айна да (есімі кейіпкеріміздің өтініші бойынша өзгертілді) өзін мектепте сыныптастарының кемсітіп, қорлағанын буллинг деп ойламағанын айтады. Айна – бүгінде үш баланың анасы, жоғары білімді, маман, жетістікке қол жеткізген, іскер әйел.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек».

(Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінен)

«БУЛЛИНГКЕ ҰШЫРАҒАНЫМДЫ БІЛМЕДІМ...»

– Мектепте өте жақсы оқыдым. Кітапты көп оқитын едім. Содан ба, өзімді сыныптастарыма қарағанда ертерек есейген сияқты сезінетінмін. Ата-анам кішкентай кезімнен мұнтаздай қылып киіндіріп, тап-таза жүруге тәрбиеледі. Мінезім де ашық болды. Мектепте өтетін шараларға белсене қатысып жүрдім. Республикалық газет-журналдарға мақала, әңгіме, өлең де жолдап, аратұра шағын шығармаларым жарияланып та жататын. Ұстаздарым үнемі мақтап, жарияланған өлеңдерім мен мектеп өмірінен жазған мақалаларымды көрнекті жерге іліп, өзгелерге үлгі ететін. Бірақ мені сыныптағы жақсы оқитын бір топ сыныптас қыз жақтырмады. Өздері бөлек жүріп, мені сынап-мінеп, апта сайын қыздар арасында өтетін жиналыста менің мәселемді қарап, жылататын. Ол 7-сынып оқитын жасөспірім кезіміз болатын. Қазіргідей смартфон жоқ. Жоғары сынып балалары бір жапырақ қағазға сезімдері туралы жазып, сыныптас балалардан беріп жібере салады. Оны балалар басқалардың көзінше әкеліп қолыңа береді. Алмаймын деп қанша қашқалақтасаң да, құтылмайсың, «хатты» қуып жүріп, сөмкеңе сүңгіте салады. Сондай бір оқиғаны көрген әлгі мені ұнатпайтын қыздар бірде жиналыста ортаға тұрғызып қойып: «Сен бұзылған қызсың. Неге ұлдардан хат аласың? Неге саған хат жазады? Мысалы, маған немесе мына Айгүлге неге жазбайды? Осы сұрағымызға жауап бер!» – деп көздері шатынап, қоршап алып бәрі сұрақтың астына алғанда өзімді кінәлі сезініп, тек жылай беріппін… Ұстазымызға, атаанама айту ойыма келмеген бе, әлде осылай болуы қалыпты нәрсе деп ойладым ба екен, ешкімге тіс жармай, іштей жанымды жеген қорлықпен бір өзім бетпе-бет қалыппын. Бір есімде қалғаны, жиналыстан шыққан соң, күнде сабақтан бірге қайтатын көрші сыныптас қыздар да менің жаныма жақындауға ықпалды қыздардан сескеніп, жоламай, басқа жолмен қайтқаны... Осыған ұқсас нәрселер жиі қайталана бастады кейін де. Мен жалғыздан-жалғыз үйге дейін үнсіз жылап келуші едім. Бұл азаптан құтылудың жолы суицид шығар деп ойлаған кездерім де болған... Мені ондай жаман ойлардан құтқарған кітап болды. Жалғыз сырлас досым кітап еді. Кітап оқығанның арқасында болар, психологиялық соққыларға төтеп беріп, сабағымды оқып, алға қарай ұмтыла беріппін. Әлі күнге «неге сол кездерде анама айтып көмек сұрамадым екен?» деген өкініш кеудемді тырналайды. Қазір қыздарым менің күйімді кешпесе екен деп алаңдап, күн сайын сөйлесем. Мектептеріне барып, ұстаздарымен де пікірлесіп тұрамын. Қыздарым сыр жасырмайды. Соған қуанам. Сол психологиялық қысымнан 8-сыныпта ауылдан қалаға кетіп барып құтылдым. Бірақ сол сәттер есімнен шықпайды. Қазір де сыныптастарыммен кездесуге барсам, есіме түседі. Кейде түсімде жиналыстарда қойған сұрақтарына жауап беріп жатамын… «Жасөспірім шақта неге сонша дәрменсіз болдым екен?» деген өкініш өзегімді өртейді. Мектепті де, университетті де үздік бітірдім. Мамандығымды жақсы көрем. Сүйікті кәсібім де бар. Отбасыммен бақытты өмір сүріп жатырмын. Бірақ албырт, аңғал, бейкүнә бала кезімде көрген қағажулар есіме түссе, жаным ауырады. Буллингке ұшырағанымды сол кезде сезбеппін. Тұйық, сабақты нашар немесе орташа оқитын балалар ғана емес, жақсы оқитын, мінезі ашық-жарқын балалар да буллингтің құрбаны болатынын басқалар білсе деймін, – дейді Айна.

Кейіпкеріміз әрбір ата-ана балаларымен ашық әрі жиі сөйлесіп тұруы әлімжеттіктің, агрессияның алдын алар еді деген ойын айтты. Бүгінде буллинг тақырыбын терең зерттеп жүрген білікті психолог Лимана Қойшиева біздің кейіпкерімізге былай деп кеңес берді: Қанша уақыт өтсе де еске түсіп тұратын бала кездегі психологиялық жарақаттардан, жанды ауыртатын ойлардан құтылудың жолы бар. Ол – жан дертін қағазға түсіру, ақтарыла сыр ғып шерту. Бұл – нағыз терапия. Бұлай жазып арылмаса, іште қалып қойған реніш кейін қандай жетістікке қол жеткізсе де, өмір жолында бір көрініс береді. Немесе буллингке ұшыраған балалар жанжалдасуға бейім болады. Өзі байқамай, бұрынғы қалып қойған өшін, кегін, реніш сезімін кейін есейген уақытта себепсізден-себепсіз өзге адамдарға шығаруы мүмкін. Іште қалып қойған сезімдер адамды кейде мазасыз күйге түсіреді. Сондықтан оны айтуы, ең болмаса күнделік ретінде болса да жазып, сыртқа шығаруы керек. Л.Қойшиева осындай буллингке ұшырағанын сезбейтін, «осылай болуға тиіс шығар» деп ойлайтын балалар мен жасөспірімдер бар екенін, оларға дер кезінде көмек қолын созу керек екенін айтады.

БУЛЛИНГКЕ ҰШЫРАҒАН БАЛА НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

Біріншіден, үндемей қалмауы керек. Мен буллингке ұшырадым, оны ешкім көрмесін, білмесін деп намыстанып, айтпай қалу үлкен қате. Бірден «маған қысым көрсетіліп жатыр» деп дабыл қағу керек. Екіншіден, сынып жетекшіден, психологтан, мектептегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарынан көмек сұрау керек. Тіпті өмірге қауіп төнетіндей жағдай болып жатса, құқық қорғау орындарына хабарлау керек. Менің тәжірибемде болған оқиғаны айта кеткім келіп тұр. Астанадағы бір колледждің жасөспірім қыздары бір қызға психологиялық қысым көрсеткен. Оған ата-анасы да, қыз да мән бермей жүре берген. Бірақ қыздар жүйелі түрде қорлауға көшіп, соңыра қыздан ақша талап ете бастайды. Ал қыз сұраған ақшаны тауып бере алмай, ақырында оны бірнеше қыз жабылып ұрып, буллингке ұшыраған қыз мүгедек болып қалды. Бір өкініштісі, жәбір көрген қыз осы оқиғаның барлығы өткен соң келді маған. Жәбірленген қыздың әкесі біліп қалып, құқық қорғау органына хабарлап, арнайы адвокат жалдап, оқиғаның мән-жайына үңілген кезде, ол қыздардың бүкіл колледж қыздарынан ақша жинап жүргені анықталған. Бұл оқиға сотқа жеткеннен кейін буллинг жасап жүрген қыздардың ата-анасы жылап, қыздарына кешірім беруін өтінеді. Буллингке ұшыраған қыз: «Мен іштей кешірген жоқпын, бірақ ата-анасы жылап тұрып кешірім сұраған соң жаным ашып, кешірім бердім. Себебі, ол қыздардың барлығы да әлеуметтік жағдайы қиын отбасынан шыққан, біреуінің ата-анасы мүгедек болса, екеуі көпбалалы асыраушысынан айырылған отбасының қыздары болып шықты. Олар отбасындағы балалардың үлкені болғандықтан ата-анасына қолғабыс болып жүрген қыздар екен. Мен кешірім берген соң іс сотқа жеткен жоқ», – дейді. Егер іс сотқа жетсе, буллинг жасаған қыздардың өздеріне ғана емес, отбасына да оңай болмасы анық еді. Сол оқиғадан соң буллингке ұшыраған қыз басқа колледжге ауысты. Буллингті солай тоқтатты. Менің айтқым келгені, буллингті бұлайша ушықтырып алмай дер кезінде тоқтату үшін, әрбір бала психологиялық тұрғыда қысымды сезген сәтте дереу үлкендерге хабарлау керек.

Лимана Қойшиеваның кеңестері

ЗӘБІР КӨРГЕН БАЛАНЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

Ең бірінші, баланың мінезі өзгереді. Мектепке ешқандай себепсіз барғысы келмейді. Тіпті, далаға шығудан бас тартады. Ұйықтаған кезде шошу, кейде тершеңдік пайда болуы мүмкін және мазасыздық, алаңдау, үнемі қауіп төніп тұрғандай қорқыныш сезімі болады. Еш нәрсеге қызығушылығы болмай, айналасындағы адамдармен сөйлесуден қашқақтай бастайды. Бұрын ата-анасына қалауын айтып, жақсы көретін заттарын сатып алып бер дейтін болса, әлімжеттік құрбаны болған кезде ештеңеге қызықпай, өзіменөзі тұйықталып қалуы байқалады. Жүргенде еңсесін төмен салып, аяғының ұшымен жүретінін, көзінде қорқыныш, үрей пайда болғанын байқауға болады. Бұрын ашықжарқын күліп жүретін болса, кенет дауысы да бәсеңдеп, жасқаншақ, тартыншақ бола бастайды. Сөйлеу мәнері де өзгереді.

ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАМЫЗ?

Буллинг белгілері байқалған сынып оқушыларымен психолог та, ұстаздары да, арнайы тренерлерді әкеліп бірге жұмыс жүргізіп, дәріс оқуы керек. Бірлесе, ұжымдаса атқарылар іс бұл. Мысалы, сыныптағы 30 баланың бүгін біреуі буллингке ұшыраса, ертең ол бала шеттетілгеннен кейін екінші бала, одан кейін үшінші, төртінші, бесінші, солай барлығы да ұшырауы мүмкін. Сондықтан осы жағдайды балаларға түсіндіріп, жеткізу керек. Еш уақытта бір адамды ренжіткен жағдайда бейтарап қалуға болмайды. Бір баланы ұрып жатса, қорлап жатса, онда басқа балалар жәбірленген балаға көмектесуі керектігін ұғындыру қажет. Тағы қайталап айтам, буллингке ұшыраған бала қысым көріп жатқанын үлкендерге, өзі сенім артатын қамқор адамға айтып, хабар беруі керек.

БАЛА МЕН АТА-АНА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?

Көбіне ата-ана балаға: «Біреу әлімжеттік жасағанда неге жауап бермейсің, таяқ жеп қарап тұрасың ба?» – деп намысына тиіп, ұрсып жатады. Ол дұрыс емес. Керісінше, баланы тыңдап, оның ішкі сезімін шығаруына көмектесу керек. «Не болды? Менімен сөйлескің келе ме? Менімен сөйлесуге дайынсың ба?» деп баланы ашық сөйлесуге дайындау керек. Егер «сөйлесуге дайынмын» десе, эмоцияға берілмей, сабырмен тыңдай білген жөн. Егер «мына бала мені шалып құлатады», «бас киімімді алып бір-біріне лақтырып ойнайды», «басқа балаларға Дамирмен ойнамаңдар, сөйлеспеңдер деп мені үнемі шеттетеді. Менің топқа кіріп ойнауыма мүмкіндік бермейді», «еш себепсіз келіп ұрып кетті, байлап кетті» деген сияқты басынан өткен оқиғаларды айтса, әрі қарай: «Бір жерің ауырып тұр ма? Сені не мазалайды? Қандай күйдесің? Қазір сені не мазалап тұр? Намыстанып тұрсың ба? Басқалардың алдында ұятқа қалдырды, ұялып тұрмын, масқара болдым деп тұрсың ба? Мен саған сенемін. Мен сені жақсы көремін және енді мұндай жайт қайталанбас үшін барлығын істеймін» – деп ашық сөйлесіп, баланың шынайы ішкі сезімін айтуға мүмкіндік тудыру керек. Ішіндегісін айтса, балаға әлдеқайда жеңіл. Бізде ата-ана көбіне баланың ішкі сезімін, эмоциясын шығаруға мүмкіндік бермейді. Өздері жорамал жасап, әлгі сұрақтарға өздері жауап беріп тастайды. Сонан соң буллинг жасаған баланың ата-анасына, мұғалімге қысым көрсете бастайды. Жанжалдасып, істі күрделендіреді. Бұл үлкен қателік. Өйткені мұндай әрекет ешқандай мәселені шешпейді. Керісінше, ушықтырып жібереді. Біз балалардың игі қадамдарға өзі баруына мүмкіндік беруіміз керек.

Ата-ана, мектеп психологына айтып, түсіндіріп, не істеу керегін кеңескені абзал. Психолог сыныппен топтық жұмыс істеп, егер 5-6-7-сынып оқушылары болса, буллингті тоқтатуға болады. Олар ренжісіп, қайта табысуы мүмкін. Әдетте, сыныптағы көшбасшы бала «мына баламен ойнама» деп бойкот жариялап, қалғандары солай жасайды. Өйткені қорқады. Міне, осы жағдайда, бұйрық беріп тұрған баланың айтқанын орындамай, керісінше, топтық ойындар, топтық терапия жүргізіп, қарым-қатынастарын түзеп жіберу керек. Маман ретінде бір мектепте қыздар арасында болған буллингке осындай бірнеше ойын ойнату арқылы бір-бірімен қарым-қатынасын түзедік. Өз тәжірибемнен мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тағы бір мән беретін жағдай, буллингтен жапа шеккен бала «мектепке, үйірмелерге бармаймын, барғым келмейді» десе, көп ата-ана баланы басқа мектепке ауыстыру арқылы мәселені шешкісі келеді. Бұл да қате түсінік. Өз ортасымен табыса алмаса, өз құқығын қорғай алмаса, бала келесі мектепте де сол қарым-қатынасты реттей алмауы мүмкін. Кей балалар 4-5 мектеп ауыстырып жатады. Осы жағдайда ата-ана баламен сөйлесіп, жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Бастауыш сынып пен 5-6-7-сынып балалары арасындағы әлімжеттік, кемсіту сынды теріс әрекеттерді осындай түрлі тәсілдермен тыюға болады. Ал жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің проблемалары да, шешу жолдары да басқаша.

ТҮЙІН СӨЗ

Психолог маманның айтуынша, буллингтің кез келген түрі қауіпті. Психологиялық қысым да, физикалық күш көрсету де әлі ақыл-ойы толысып, буыны бекімеген жасөспірімдер үшін ауыр. Сондықтан абзалы – буллингтің алдын алу. Бұл ретте психолог мамандар әрбір ата-анаға өз баласымен ашық әңгімелесуді, өзі немесе басқа бала қысымға ұшыраса не істеу қажет екенін түсіндіруге кеңес береді. Сондай-ақ баланың өзі де өзгеге қысым жасамас үшін әр ата-ана бала бойына мейірім, құрмет, ізгілік сезімдерін сіңіруді назарда ұстауы тиіс. «Кең болсаң, кем болмайсың» демеп пе еді халқымыз?

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2024

655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы